Әбдірәшит Бәкір. Рушылдық – у
04.02.2020
700
1

Жуырда «Abai.kz» ақпараттық порталында әл-Фараби атындағы Ұлттық университеттің философия кафедрасының аға оқытушысы, публицист Әбдірашит Бәкірұлының (суретте) ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Н.Нығматуллин мен Сенат төрайымы Д.Назарбаеваның атына жазған ашық хаты жарияланды. Философ-публицисттің ашық хатында рушылдық мәселесі айтылады. Ата тек, қауымдық қоғам, ру жайының ежелгі қазақ қоғамында атқарған миссиясына терең талдау жасай келіп автор бүгінгі рушылдық ұлттық мемлекеттік тұтастығымызға кері ықпал етіп тұрғанын, қара бас құрт – коррупцияның түп тамырында рушылдықтың, оның аржағында кландық мүдделердің жатқанын баяндайды. Сөйтіп, осы бір кертартпа келеңсіз жайттан шығудың төмендегідей жолдарын ұсынады.
Үн қосып, пікір білдіремін десеңіз, мархабат, құрметті оқырман!

Рушылдықтың пайда болуының объективті және субъективті факторлары:

– Өте ертеден-ақ қазақ даласы Ресей үшін Орталық Азия мен Үнді мұхитына баратын қақпа, ал, Қытай үшін «Ұлы жібек жолының» маңызды бөлігі саналды. Сондықтан, бұл далаға «көз тігу» сол заманнан басталған. Әрине, оның ең оңай жолы қазақтарды қалайда ықпалына қарату еді. Оның неше түрлі жобаларын Ресей де, Қытай да жасап жатты. Соның бірі − солтүстіктегі көршіміздің қазақтың әскери мағынадағы жүздік құрылымын және елдік мағынадағы рулық құрылымын өзінің төл мағынасынан ажыратып, оны «жүзшілдік» пен «рушылдық» бағытына ауыстыруды көздегенін атап айтамыз (бұл процесс әлі жалғасып жатыр). Мысалы, соңғы онжылдық көлемінде ресейлік саясаткерлер, баяғы әдет бойынша, қазақтың рулық жүйесін «рушылдық» ретінде көрсетуге тырысып, соның шоғын үрлеумен келеді. Ол аз болып, енді оған «қазақта мемлекет болмаған, шекара болмаған» деген сөздерді қосты. Әрине, мұның астарында әлсіз билік пен халықтың арасына от жағу, сөйтіп, әр руды билікке таластырып қою әрекеті жатқаны анық. Бұл жағдай сыртқы күштің әсерінен туындайтындықтан, оны – рушылдықты қоздырудың сыртқы себебі дейміз. Бұл, негізі, шындықтан алшақ жатқан субъективті пікір болып табылады.

Енді, рушылдықты өз ішімізден туындататын себептерге тоқталайық:

Оның объективті себебін түсіну үшін, біздегі құрылған мемлекеттік жүйенің қандай сипатта екенін біліп алу маңызды. Қазақстан 2019 жылғы көрсеткіште «коррупцияға бейімділік» жағынан 34 балл алып, 113 орынға тұрақтады. (0 балл – коррупциядан таза) . Ал мұндай коррупциялық көрсеткішпен ешқандай нарықтық экономика құру мүмкін емес. Коррупциялық ортада нарықтық экономика және басқа заңдарды сыбайластық қатынастар алмастырады. Бұл жерде: сыбайластықпен ұштасатын рушылдықты (оған ілеспе – жағымпаздық, екіжүзділік, сатқындық, ұрлық, рейдерлік және т.т.) ерекше атап өткіміз келеді. Яғни, мұнда коррупциялық мемлекеттік басқару жүйесі – сыбайластықты һәм рушылдықты тудыратын объективті фактор. Оны түбегейлі іске асырушылар – дүние, билік, ықпал бөлінісіне қол жеткізген топ өкілдері. Біздің (қазақстандық) жағдайда бұл «кланаралық» пен «руаралық» (рушылдық) арқылы көрініс тауып отыр. Бірақ «клан» мен «рушылдық» арасында елеулі айырмашылық бар. Мәселен, кең мағынасында, «кланаралық» дегеніміз − байлық пен билікті бөлісу кезінде өршитін қатынас түрі. Кландар өз мақсаты үшін қажет болса «рушылдықты» сырғыта салады. Сондықтан, оған рушылдықтың әсері жанама түрде болуы мүмкін. Ал, кей жағдайда, «қазақ рушылдығы» «кланаралық» қатынасқа кедергі болып шығады. Бүгінде «оңтүстік», «солтүстік» және т.т. бөлінетін кландардың географиялық атаулары шартты түрде ғана. Олардың іс-әрекеті рулық негізде емес, экономикалық-саяси негізде түзелетіндіктен – олар бүкіл мемлекет ауқымын қамтиды. Әрине, бастапқы детонатор ретінде рушылдық белгілі бір міндетін атқарады. Бірақ, одан әрі қарай кландар өз бетімен «өмір сүруін» жалғастырады.

Рушылдықтың ұлт тұтастығына төндірер қауіптері туралы

– Оның пайдасын азғана топ көреді, зардабын халық тартады.

– Демографиялық өзгерістер Қазақстанды унитарлы мемлекеттер қатарына қосты. Бұл − елдің тарихи егесі саналатын ұлттың (бізде – қазақ ұлты) ұлт ретінде толыққанды қалыптасып, азаматтық-құқықтық қоғам құру жолына қадам басуын талап етеді. Бірақ, жоғарыдан тарайтын сыбайластық пен рушылдық бұған жол бермейді. Өйткені «мемлекетшілдік» бағыттағы халық талабы мен «жеке пайданы көздейтін» рушылдық (сыбайластық (мүмкін – туыстық)) талабы ешқашан бірікпейді.

– Нәтижесінде, мемлекет пен қоғам өмірінің іргесі сөгіле бастайды. Мемлекеттік қауіпсіздік толығымен регрессивті субъективтік факторларға тәуелді болып қалады. Соның салдарынан қоғам тұрақсыздық күйге түсіп, күйзеліске ұшырайды.

– Осы аталған факторлардың себебінен рухани-мәдени тоқырауға ұшыраған халықтың өзін-өзі (мемлекеттілікті) қорғау иммунитеті әлсіреп − рушылдық біртіндеп бұқаралық сипатқа көшіп, қоғамға тарай бастайды. Бұл – осы кеселдің соңғы стадияға, яғни, ұлттық ыдырауға көшкенінен хабар беретін белгі!

Рушылдықтан арылудың жолдары қандай?

Бүгінде мұның дайын рецепті жоқ болғандықтан – рушылдықтан арылу жолдарын дөп басып айту мүмкін емес. Дегенмен, бастапқы кезеңде бірнеше батыл қадамдар жасау керектігі айқындалып келеді.

  1. (Маңызды) Ел болып барлық саладағы коррупцияға қарсы тұру, барлық деңгейде оған төзімсіздік таныту;
  2. Заңдардың толығымен өз мағынасында қолданылуын талап ету, сот жүйесіндегі кездесетін «біреуге – киіз, біреуге − мүйіз» принципті толығымен жоюға ұмтылу;
  3. Ұлттық тәрбие жүйесінде рулық бөлінуге жол бермеу. Оны түгелімен ұлт тұтастығы (мемлекеттік) принциптермен алмастыру, сөйтіп, қоғамды «рушылдық синдромынан» тазарту;
  4. Ұлттық мемлекеттігімізді күшейтуші экономикалық реформаларды жүзеге асыру. — Жастарды кәсіпкерлікке тарту, білім сапасына көңіл бөлу;
  5. Билікте «Мәке-Сәке», «аға-көке» дегеннен арылып, жауапкершілікті күшейту арқылы билікке мемлекетшіл әрі білімді-білікті жастардың тартылуын қамтамасыз ету. Билік жүйесін ықшамдау.
  6. Отандық ірі кәсіпорындардың, олигархтардың, ірі бизнесмендердің нақты ауылдарды өз қомқорлығына алып, оны көтеру, дамыту бастамасын іске асыру.
  7. Барлық деңгейде қазақ тілінің мәртебесін арттыру.

Сөз соңында айтарым, бұл ұсыныстар экспромт ойға келгендері ғана. Ал, аталған мәселенің қазір ушыққаны соншалық, тіптен, осы мәселе бойынша ұлттық референдум өткізетін жағдайға жетіп қалғандаймыз…

Мүмкін, референдум өткізу қажет те шығар…

ПІКІРЛЕР1
Аноним 05.02.2020 | 21:02

Мұнда мен қазақ руларын құрметтей отырып, оның ел тұтастығы тетігі екенін айта отырып, алайда, билікке, байлыққа, ықпалға таласқанардың (халықтың азғана тобы) кесірінен бұқара халық арасында жалған намысты рушылдық кесірі жайлай бастағанын, оны тия алмасақ — тұтас халық (қазақ) болып қалыптасуымыз кешеуілдейді, сөйтіп, санамызда отандық сезім әлсірейді деп айтып отырсам — түкке түсінбейтін біреулер «Қонақ» деген атпен «Қазақ әдебиеті» электр. сайтында «руда нең бар, к—ті қысып тиыш отыр» деп жазып қойыпты.
Шынында да, мұны руын ғана емес, бүкіл Қазақты сүйген адам емес, тек халқына қаны қас «ҚОНАҚ» қана айта алуы мүмкін…
Негізі, осы мәселеде бүкілхалықтық референдум өткізу идеям, әрине, артық сөз шығар. Бірақ, біз қалайда ұлт ретінде ортақ бір мәмілеге келуіміз керек!..
Әйтпесе, «бөлінгенді бөрі жейді» деген мықты сөзіміз бар емес пе — соның ізімен кетуіміз бек мүмкін!
Ендігі жерде Тәуелсіз мемлекетіміздің кем-кетігін халқымыз болып түгендейтін жағдайда тұрмыз!
Олай ете алмасақ — қауіп сырттан да, іштен де бар екені анық.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір