Алесь Бадак. Ар жақтағы кескін
04.02.2020
1160
0

Менің ағам Юзик  есінен ауысқан адам еді. Әдетте ел ондайлармен туыстығын айтудан қашқақтайды. Егер әлемдегі осындай есінен ауысқандарды жинаса, бір мемлекеттің халқындай болар. Егер мұндай жағдай орын алса, адамзат тарихындағы ұмытылған жалпылама үндестіктің ең жақсы үлгісі болар ма еді, кім білсін! Шынын айту керек, ағамның күтпеген жерден өз-өзіне келіп, ақыл-есін жинайтын күндері де болатын. Бейнебір көктегі бұлттардың найзағайдан кейін қайта түнеретіні секілді. Ондай жағдай Янки Купала көшесінде орналасқан үйіміздің қасындағы Свислочи жағалауында серуендеп жүргенімізде жиі қайталанатын. Сол кезде ағам алыс-жақын туыстар жайлы жиі әңгімелейтін. Көзі тірі туыстар да, өмірден өткендерін де еске түсіретін. Тіпті, кейбір хикаялары сене қоятындай әсер етпесе де, ағамды тыңдағанда, өз-өзіме: «Құдай кейде адамға даналық беріп, есесіне оның ақыл-есін алып қояды екен-ау», – деп жиі қайталайтын едім.

Ағамыз менімен, болмаса басқа біреумен Свислочи жағалауына күнде серуенге шығып, соңғы соғыста неміс авиациясы бомбалаған үйін таппай абыржитын. Өмірден озғанына он тоғыз жыл өтсе де, күні бүгінге дейін сол бір хикаясы ғана есімде қалыпты.

Юзик ағамыздың бір әкеден тағы бір туған бауыры болған. Василь – Опанас Матусевич пен Мария Загорскаяның балаларының арасындағы ең үлкені. Василь Матусевичтің 1908 жылы туғаны менің жадымда өмір бойы сақталып қалды. Өйткені тап сол жылы Минскідегі алты қабатты «Европа» қонақ үйінде бірінші лифт орнатылды. Ал атамның қаладағы сол маңызды оқиғаға тікелей қатысы болды. Астананың лифтілік жүйесіне қазір менің де біршама қатысым бар. Минскінің лифтқұрылысының тарихын білудің еш зияны жоқ.

Жалпы, біздің әулетіміздегі Васильден басқа барлық еркектің де не техникаға, не құрылысқа қатысы болған. Ал Василь болса, өлең жазған. Қала тұрғындары большевиктік ұрандарға енді-енді үйренісе бастағанын олардың қызыл плакаттардағы жазу сияқты беттеріне  лыпып шыға келетін қызыл арайдан анық байқауға болатын еді. «Бірақ Минскідегі билік қалалық Советтегі шаруалар мен солдат депутаттардың қолына өтті» деген жарияланымнан кейін төрт айға жетпей-ақ, 1918 жылдың 18-інен 19-ына қараған түнде большевиктер қаланы тастап шығуға  мәжбүр болды. Ал екі күннен кейін мұнда немістер кірді. Германияның Атлантаның алдындағы капитуляциясынан және оның жаулап алған аумақтарынан әскерлерін алып кетуінен кейін, он сегізінші жылдың қантарында большевиктер Минскіге қайтып оралып, тамыз айының 8-інде поляктарға қалдырып қайтадан кетеді. Алайда бір айдан соң поляктар қаланы большевиктерге қайтып береді. Бірақ 1920 жылдың 15 қантарында қалалықтардың тағы да есін шығарып, тура бір аптаға басып кіреді. Міне, осындай әскери және саяси былықтардың қала тұрғындарының есін жиғызғаннан гөрі ауыстырғаны жеңіл болды. Кейбіреулерге қалыптан тыс басқаша көрінгені де рас (шын мәнінде, ол ұлттың қалпына келуінің куәлігіндей болды). Жиырмасыншы жылдары Минскіде өзін-өзі жариялаған ақындар көбейді. Таңғалғыш Купаланың алдында ғана торығып, үмітін үзіп: «Беларусьтарда ешкім жоқ», – деп жазғаны кезекті жаңа талант шыққанын айғақтап, толқытты, қуаныштан көзге жас алғызды. Шыны керек, ақындардың көбі шет аймақтардан, ауылдардан келгендер еді. Олардың соншалықты көп болып, жазушы деген халыққа айналуына беларусьтарға ғана тән бір нәрсе кедергі болады. Ол – үлкен қала тұрғындарының беларусь тілін нашар білетіндері еді. Сол жағдай, туа біткен қарапайымдылық Василь Матусевичке, шынында да, газет, журналдарда жариялануына мүмкіндік бермеді. Редакциялардың бірінде өлеңдеріне қатты сын айтылып, содан ол тіпті өлеңдерін қағаз бетіне түсіруін тоқтатып, тек ойында сақтауға тырысты. Аяқталмаған бөлек-бөлек шумақтар туа сала өліп жатты. Желді күнгі аспандай, кейбірінің мағынасы өзгерген соң мәнсіздікке ұшырайтын. Оның ойынан туған  поэтикалық кейіптен (образдан)  қияли және шынайы әлемі бір-бірімен араласып шатасып кететін. Сондықтан ойларының қай әлемде туғаны көбіне түсініксіз болатын. Мынандай сөздері, расында, түрлі ойға жетелейді:

– Мен бүгін екі тілі бар адамды көрдім. Бір тілімен ол жолдастарымен бірге өзі өртеп, жоқ қылған костёлдің қалдық­тарынан от жағып, екінші тілімен анасын жұбатып жатты.

Өлеңдерін уақыт өткен сайын қағаз бетіне түсіріп, құтылу керек екенін, әйтпесе олар басында ұйлығып, өзін басқарып кететінін Василь білмеген. Ақыры солай болып шықты.

«Ол – жиырма үш жаста, ал оны әйелдер тіпті де қызықтырмайды», – деп наразылық білдіретін әкесі. Біреудің жүрегінің сырын тілінің ұшында емес, үстелінің тартпасынан табуы жеңіл екенін түсінген ол, бір күні баласының үстелінің тартпасын ашты, бірақ оның ішінен газеттердің кесіндісі тола папкалар мен Купаланың үлкен портретінен басқа ештеңе табылған жоқ. Ол кесінділер – ақынның өлеңдері мен мақалалары, кей кісілермен сұхбаттары, қай жерде қашан сөз сөйлегені туралы қысқа баяндамалар еді. Ал сол бумалардың астында дәптер жатқан, бірінші парағында мынадай жазу бар екен:

 «26.04.30.

«Мен өз өзімді ұстап, күнделік жазудан бас тартып жүрдім. Бірақ басқалармен бірге Оның үйінің заттарын тасқын судан сақтау үшін көмектескенімде айтқандарын қанша күн болды, екіқабат әйелдей жүрегімде сақтап жүрмін. Ол: «Рақмет, сүйікті досым!» – деді. Сонда мен толқып кетіп, икемсіз еріндеріммен: «Мен Сізді сондай жақсы көрем», – деп сыбырладым. Ол мені құшақтап тұрып: «Рахмет, сүйікті досым, рақмет!» – деп қайталады.

Сол көктемде Свислочи Минскіде қала тұрғындарына өз қиқарлығын, асаулығын көрсетіп, көп үйлерді, соның ішінде Октябрь көшесіндегі Купаланың да үйін су басқан. Ақынның уақытша эвакуациялануға (көбіне бар мүлкі шатырдың астына апарылып үйілетін еді) құмарлар жеткілікті еді (әсіресе жас ақындардың арасында).

Васильге әкесі үстелдің тартпасынан табылған папка мен күнделік туралы айтқан жоқ, ал баласымен оның жеке өмірі туралы сөйлесу әрекеттерінен ештеңе шықпады. Василь одан сайын оңашаланып, іштей тынып, тек қана бір рет Юзикке шынын айтты:

– Кей кездері менің екі жүрегім бар сияқты болып көрінеді. Біреуі – өңімде, ал екіншісі – түсімде. Екеуінің қайсысы шын екенін өзім де білмеймін. Бар білетінім, мен түсімде мүлде басқамын. Тіпті сырттай өзімді ешқашан көрмесем де осыны сеземін. Мүмкіндік болып, мен сол жаққа айна алып бара алсам…»

Көп ұзамай ол базардан бұрынғы қожайындарының талай буындарын есіне сақтаған үлкен айна сатып алып, төсегінің тұсына іліп қойды, бірақ та көретін түсіне өзімен бірге алып кіре алмады.

1930 жылдың 20 қарашасында қорқынышты хабар кең таралып кетті: Купала өзін-өзі өлтірем деп бәкі сілтеген. Үрейленіп қорыққан Василь бүкіл кеш бойы төсектен тұрмады. Әрі жылап жатты. Ал түнде түсіне Свислочидағы су тасқыны кірді. Тұншыға жүріп ол Купаланың су басуға таяп қалған үйіне жүгіріп келді. Таңғаларлық нәрсе: Купала жалғыз өзі екен, әйелі де, Влади тәте де жоқ болып шықты. Ол  өзеннің тасып жатқанына мән бермей, немқұрайлы қарап, жараланған жерін жасырып, ешкім көрмесін дегендей, сол қолымен ішін ұстап жатты. Василь түсінде де, өңінде де: «Су тасқыны!» – деп айқайлайтын, Юзикті оятып жіберіп.

– Иван Доминикович, Сіздің үйіңізді су басып кетеді! Заттарды шығару керек! – деп айқайлайтын.

– Жақсы, – деді сабырлы кейіппен Купала, – шығарғың келсе, шығар.

Бос қолымен ол қабырғада тұрған бір нәрсені алды да, Васильге ұсынды. Василь екі қолымен сол затты ұстағанда ғана Купаланың не бергенін білді. Айна екен. Сол айнадан ол өзін көрді.

Тап сол түнді сол түсінен арыла алмай Василь өмірден озды.

Өзім сене қоймаған сол хикаяның шындығын дәлелдеп сұрау әрі анығын талап ету маған ұят секілді болып көрінді. Сондықтан түсініксіздеу қалыпта:

– Бұл таңғаларлықтай уақиға екен, әркім сене қоймас, – дедім.

Ағамыз көп уақыт үнсіз отырып, содан соң барып:

– Табытты үйге кіргізердің алдында анам қоңыр орамалмен айнаның бетін жапты. Ал мен түнде шыдамай сол орамалдың шетін қайырдым. Сөйтіп, мен айнадан тірі Васильді көрдім. Тек оның бет-әлпеті өзіне ұқсамады. Егер де қарындасымыз бірге болғанда, оны маған қарап тұрған шығар деп ойлар едім. Бірақ мені таңғалдырғаны – Василь онда қуанышты көрінді. Күлімсіреп тұрған жоқ, ол жарқырап, сәулеленіп тұрды. Мен ыршып түстім, содан соң айна бетінен орамалды алып тастағанша жолаған жоқпын.

Ағамыз тағы сәл үндемей қалып отырды да:

– Мен де бір кездері түсімде өзімді айнадан көргенмін. Сол жақта мәңгі қалған сияқтымын. Түсімде де, айнада да тап солай өмір сүріп жүрмін.

Мен оның қай кезде болғанын білгенмін. 1953 жылдың 5 наурызы, Сталиннің қайтыс болған күні, ағамыз да жылаған. Ал ертеңіне Москваға жол жүрді, сол кезде Трубный алаңына түскен әр адам ол жақтан басқа адам болып кететініне күдіктенбеді. Сол жерлену барысында кептелістің ортасына түсіп жүздеген адам қайтыс болды. Қайғыдан және таңғалудан есі шыққан жамағат оны бұл дүниенің тазартуынан алып шықты. Бір аптадан соң ол үйіне қайтқанда, пейіштің құпиясы ашылғандай, көздері жуасып, бойсұнып, сәулеленіп тұрды,

Жатын бөлмемнің қабырғасында казір ілулі тұрған, сол кезеңді өткерген айнаның ағаш жақтауында пайда болған әр жаңа жолақ оған тек қана көркемдік қосатын. Сол айнамен байланысты хикаяларға бүгін сене қоймайтынымды айтуым керек. Сонда да болса, ұйықтар кезімде бір ой жүрегімді қаттылау соқтыра бастайды: түсіңде кімді болса да көруге болады, ол айнадан тек өзіңді көре алмайсың. Сондықтан шығар, әлдебір қиындықты бастан кешкендей жылап жіберетін сияқтымын…

Тәржімалаған

Үміт ТӘЖКЕН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір