Ержан Алаштуған. Жылдарда – мұң, жырларда нұр тұрғанда…
04.02.2020
4867
2

Ержан Алаштуған. Бұл есім әдеби ортаға тоқсаныншы жылдардың басында танылды. Көп мақталды. Айналасы да оны өзгелерден ерек көрді. Алайда сол ақын біраз жылдан бері хат-хабарсыз кетті. Әдеби орта ғана емес, қоғамдық ортадан да көрінбей қалды. Неге? Біз ақынмен осы және өзге де сұрақтар төңірегінде шағын сұхбат құрып, сиясы кеппеген өлеңдерін көпшілік назарына ұсындық.

Ғұмырымның дені – ғапілдікпен өткен ғаріп күндер болды…

Әдеби ортаға тым ерте танылдыңыз, мақталдыңыз. Мұның шығармашылық ізде­ніске пайдасы немесе кері әсері болды ма?

– Сонау тоқсаныншы жылдардың басында қазақ әдебиетіне қаламгер жастар лек-легімен келіп жатты. Толағай толқын ішінде Абай университетінің студенттері – Бақыт Беделханұлы екеуіміз де болдық. Екеулеп жүріп «Махабхарата», «Рамаянадан» – Мұса Жәлел, Роберт Рожденственскийге, Гомерден – Гарсия Лоркаға дейінгі әлем әдебиетінің жауһарларының, Асан қайғыдан – Абайға, Жолды Тегіннен Жұматайға дейінгі төл әдебиетіміздің асылдарының тасқа, қышқа, қағазға таңбаланып түскен қазыналарын танып-білуге талпыныс жасадық. Ізденістеріміз қалай болғанда да шығармашылығымыздан бой көрсетпей қойған жоқ деген ойдамын.

Сізді көзі қарақты оқырман біраз уақыт жоғалтып алды. Өлеңді қойып, басқа салаға ауыстыңыз ба, әлде өзге себептері бар ма?

– Себеп біреу ғана… Аласапыран уақытта адасып, өз отыма өзім өртендім. Өмірімнің ширегін темір торда өткіздім…

Ер жігіттің басына не келіп, не кетпейді. Ең бастысы, ол жақта оқуға, жазуға мүмкіндік болды ма?

– Әрине, әредік болса да, оқуға я жазуға мүмкіндік туындаған сәттерді дұрыс пайдалануға тырыстым. Абақтыдағы ағайын еркіндіктегі елден көп оқымаса, аз оқымайды. Төңірегімдегілер тұрмыс­қа қажетін қолқалап жатса, мен жанашыр­ларымнан кітап, қағаз, қалам жеткізуін сұрайтын едім.

Қазір сізде 124 мың кітап бар дейді. Бұл аз дүние емес. Соның қаншасын оқып үлгердіңіз?

– Қазір азайды… Отыз мыңнан астам кітапты мектептерге, басқа да қажетсінген оқу орындарына таратып бердік. Жалпы, кітапты бала күнімнен жинадым ғой. Бір жылдары кітапханалар жаппай жабылып жатқанда жетімсіреп қалған томдарға ие болғаным бар. Үш ай бұрын ертеректе дүниеден озған белгілі қаламгердің кітапханасын ұлы мен келіні қоқысқа тастағалы жатқан жерінен алып қалғанмын. Тұрақты қолданыстағы кітап саны он мыңнан асып жығылады. Бәрін емес, әрине, біразын түгестім. Анығы, көп оқыған сайын көп білмейтініме көз жеткізудемін. Осы кітаптардың болашақ тағдырына қатысты бір мақсат бар… ауданымыздың халқына тегін қызмет көрсететін қоғамдық кітапхана, болмаса, оқу орталығын ашу.

Өткен күнге өкінішіңіз бар ма?

– Алланың маңдайыма жазғаны осы болар… Жанталасып жүріп ең жақындарымнан айырылып қалғаным жаным­ды жейді. Тіпті ата-анамның басына бір уыс топырақ та сала алмадым. Одан да озбыр тұсы… ғұмы­рымның дені – ғапілдікпен өткен ғаріп күндер екен!

                                          Сұхбаттасқан Қанағат Әбілқайыр

 

МАҚПАЛҚАРА

Атажұрт, айналайын, Арғынатым,

Аруақты Арқадағы жалқыратым,

Ардагер арғымақты сенен көрдім,

Адамды көрген естен тандыратын!

 

Жылқының сырын ұғып, күйін білер,

Ордада аузын баққан дүйім бір ел.

Бөкейде отыз үш жыл атбаз болған

Шоқайдың өзін, сірә, сүйіндірер!

 

«Жүйріктің шоқтығы шың,

жоны майда»,

Атсейіс түсін солай жорымай ма?!

Сынымен сені, білем, сүріндірмес,

Қу баспен тілдесетін Толыбай да!

 

Сұлтаны сәйгүліктің Мақпалқара,

Лайықсың шапқанға да, мақтанға да!

Бақталас болар саған сұлулықтан,

Арайлы, алтын шапақ ақ таң ғана!

 

Жануар, неге сонша аласұрдың?!

Атбегің бабың тауып, таң асырды.

Арда емген төл сойына қойған аты

Елдегі Сал Дүйсенбай нағашымның.

 

Кермеде әдеті екен күрсінетін,

Бой жиып, бөгде көрсе, түршігетін.

Асылзат алысады ауыздықпен,

Бұлқынып, ойнатады бұлшық етін.

 

Тұқымы Шымқараның, төркіні – зор!

Естім-ау, төрт түліктің еркіні бол!

Қаңтарда қарт жылқышы

қарлатып жүр,

Сіңірлі сәйгүлікті серпіні мол.

 

Жарқабақ тергеуменен жемін жеген,

Даланың отсуынан жерінбеген.

Пысқырып, азық көрмес арпаңды да,

Текті мал теріскейде тебіндеген.

 

Ат емес, арғымағымайғыр еді,

Бәссізақ беретұғын бәйгіні елі!

Ішінде жүйріктердің жетеқабыл

Шығыста Шерәлінің Шәйкүреңі

 

Жаратқан хас тұлпарды жалды қылар,

Қылқұйрық жалықтырмас жанды құмар.

Сәрсенбай көкем келіп тұқым алса,

Айғырдың алмауыты малды қылар.

 

Қара айғырмал біткеннің кіндіктісі,

Сұсты өңі, алмас тісісұмдық тұсы!

Шығармай, шидем шығын үйіреді

Жылқының кіл мықтысын бір құттысы.

 

Жарықтық, бекзада ғой заты бөлек,

Арқаға жетіп едік, атын елеп.

Киесін келешекке жеткізбекке

Сыншының Күреңбайдай хаты керек.

 

Бұл қыста Мақпалқара арыды тым,

 Малсақтың мақтамай көр малықұтын!

Кең танау, қоян тірсек, бөкен тұмсық,

Дәстүрлі дәріптеудің бәрі бүтін.

 

Торыны әрең салдым орға, жонға,

Серігім келеді ілбіп ол да зорға.

Құйындай өте шықты қара пері,

Желтұяқ «жондажүйрік, жолдажорға

 

Білмеймін,

Келер жылы ақпанда ма,

Мамырдың мамық таңы атқанда ма,

Алаш боп аламанға шапқанда ма,

Келемін,

Келем қайта,

Мақпалқара!

05.01.2020 ж.

Тау пейзажы

(Қаңтар кеші)

Қаңтар кеші. Қарағайлы.

Тауға қарай бет түзедік.

Күннің батар шағы арайлы,

Орман ішін кетті кезіп.

 

Қалың ағаш қар қымтақта,

Өзенге әлі мұз қатпаған.

Мың бояулы тарғыл тақта

Су айдыны сыздақтаған.

 

Тау тынышын біз ұрладық,

Тылсым уақыт тоқтап қалып.

Қалың қарды бұзып, жарып,

Кеттік жаңа соқпақ салып.

 

Пәк суретті көруге кеп,

Тыңдауға кеп құс дауысын,

Жансыз темір болу керек

Қиялыңда ұшпау үшін!

 

Беру керек қиялға ерік,

Шарлай берсін шексіздікті!

Неткен сұлу, ұяң көрік,

Біздің жүріс епсіз тіпті

Ебедейсіз бізді көріп,

Мазақ етті тиін күліп.

Сырғыды қар түзді көміп,

Самырсынды иілдіріп.

 

Суық кеште бір ыстықты

Шығарып ек, еленбеді.

Тыңдап тірі тыныштықты,

Елік қана елеңдеді.

 

Байғұс аңның жүрегін ап,

Көлеңкесі көжектің де.

Аналықтан күрең лақ

Үрікпейтін, өжет мүлде!

 

Бұзған таудың шекарасын,

Ұзатып сап арқар көшін,

Қалай қиып кете аласың,

Бұл бейкүнә қаңтар кешін?!

04.01.2020 ж.

 

Санасыздық

Отқа оранып бүтін құрлық,

Жалмады алаутүтін, күл ғып!

Жалын құшып желбезегін,

ЖерАнаны жұтындырдық!

 

Өзі өртеген өз анасын,

Адам қайтер көз аласын?!

Жаратқанға жауап сайла,

Сын сағатта сөз аласың!

 

Жанжануар ыңыранған,

Жасыл орманкүлі қалған.

Жер де ғаріп, сен де ғаріп,

Қос өкпесін жұлып алған!

 

Сол алапат қырғындағы

Жанған жердің тұлдыр бәрі!

Құлағыңда тұрады енді

Аң мен құстың шыңғырғаны!

 

Бұл сорлаған жерді ескере,

Басқа нәубет төнбес деме

Білемісің, болмайтынын

Бұрынғыдай енді ештеңе?!

 

Арттаармандар, аты қалған,

Қарсы алады лапыл алдан!

«Сақинаның емі бар ма,

Сау басыңа сатып алған?!»

 

Бар тіріні панасыз ғып,

Шектеп қойды шарасыздық.

Ей, саналы адам ұлы,

Сенің сорыңСАНАСЫЗДЫҚ!

09.01.2020 ж.

Белгі

«Дәл осылай болатынын сезгем мен

                                                            Есенғали

 

Тура солай болатынынкүткенмін,

Әу бастан!

Қудым. Қаштым. Еңсе жидым.

 Бүктелдім.

Әуен бағзы… жауласқан!

 

Үміт күтіп келер күннен керемет,

Жын үйіріп жүргенбіз.

Жылдар соңы – жылау ғана… не керек?!

Білгенбіз!

 

Құлқын-қоғам айналдырып құрбанға,

Тыншымақ!

Жылдарда – мұң, жырларда –

нұр тұрғанда,

Қалмаған ба бір шырақ?!

 

Қандағы құн, алдағы күн, алдадың,

Сырт айналып, сыр бердің!

Азбан аймақ, орындалды арманың,

Саған қалсын бір белгім!

 

Патшаға дат: бір парақта – мың талап,

Елең қылар деймісің?!

 Аңыраған анау қауым – қылтамақ,

Құлдың қамын жеймісің?

 

Опа берер ұл тумайтын ұлысқа

қай мықтың?!

Ұждан жырын ұлықтайтын ұрыста,

Жүрек, неге шайлықтың?

 

Тура солай болатынын… білгенмін!

Сорлы көніл, шер көніл!

Тағдыр маған артын ашып – күлген күн –

Өлді Өмір!

Тәубе

Барлығы да бұрыннан,

Құдіретпен құрылған…

Жан алқымға келгенде,

Жынның жүзін көргенде,

Шықпай қалды шыбын жан,

Қол үзбедім ғұмырдан,

Таймай қалдым тұғырдан –

Алла, сенің нұрыңнан!

 

«Жарлы емес ем, зарлы едім»,

Батпан күнәм бар менің…

Тәннен таяқ өткенде,

Жан құрдымға кеткенде,

Таусылмады әл-демім,

Арға жетті дәрменім,

Татар дәмім бар менің –

Алла, сенің пәрменің!

 

Сауал

О, Алла! Құдіретіңе құлдық ұрдым,

Пендеңе мейір төгіп, нұрлы қылдың!

Бейбақ ем ықыласы жоқ, күнәсі көп,

Бірді білдім, содан соң сырды ұғындым!

 

О, Алла! Құдіретіңе құлдық ұрдым,

Бұл жолда жүз сүрініп, мың жығылдым.

Өз зары – өз басымен, көз жасымен,

Өксумен өткені ме бір ғұмырдың?!

 

* * *

Сүйіншілерін семіз байлаған,

Сонау бір елде теңіз жайлаған,

Семсер, сүңгісін егіз қайраған

Серігім қалды, мінсіз ұратын!

 

Секем – ойымда, түнек – ісімде,

Сергелдең күндер жүрек үшін бе?!

Сайранды салған түбек ішінде

Сенімім қалды, мұңсыз мұратым!

 

Ерке де бұла ұялған шақта,

Ессізбін оны қия алған жатқа.

Елі мінезді қияндар жақта

Елігім қалды, тілсіз ұғатын!

 

Өңір ол бағзы, Қастардан жеткен,

Өркені биік Аспаннан, Көктен!

Өлкеде сол бір шашқан да төккен,

Өмірім қалды… құнсыз тұратын!

Нұрсыз бір ақын…

 

Шамшырақ

Торда тұрсың, шамшырақМен де торды,

Мекендеп, жан сарайым шерге толды!

Айнымас қапастағы серік едің,

Сағынар күн туар ма сеніменің?!

Жаны жоқ жолдас едің, жарығыңбар,

Абақтытұрағымыз, кәрі мұңдар!

Қызылға бой ұсынып, бүгілмесем,

Ендігі «айым да сен, күнім де сен

Білмеймін не күтерін басқа алапта,

Тұтқын күн өтіп жатыр тас қамақта.

Талықсып, қан құсқанда, шамшырағым,

Сен ғана сәуле төгіп, хал сұрадың!

Сен ғана жанға айта алмас жайды көрген,

Жұбатқан, жас шыққанда қайғылы ерден!

… Дабыл ма? Әкетуші еді кіл бейуақта,

Шырағым, дос бол енді бір бейбаққа!

2008 ж.

Айдардың жарымен қоштасуы

Аңсар-ай, көніліңді көктем етер

Кез еді, жайым жоқ-ты өкпелетер.

Мен болдым өрім елес, өмір қуған,

Көз жасын, адай қызы, төкпе бекер!

Мен – мұңдар, тәнім – торда, жаным – түзде,

Бір болу бұйырмапты, жаным, бізге.

«Сәмбі тал, сәнің — күзде»… әнің еді,

Аңсарым, ақылға кел, бағыңды ізде…

Онсыз да бір шырағым өшкен еді,

Өмір де өр мінезге өш келеді.

Шамасы, бұл сапардан оралмаспын,

Ошағың қайта тұтат, кеш те мені!

2007 ж.

 

ПІКІРЛЕР2
Аноним 12.04.2020 | 02:35

Мойыма, Ержан, жастықтың бір ессіздігі болар. Тұлпар сүрінгенмен, қайта тұрғанда, жабыдан алысқа шабады. Адасқан адам қапастан соң, Алласын табады.

Аноним 03.12.2023 | 18:14

Керемет жігіт, бүгін сұхбатын тыңдап, өлеңін оқып риза болып отырмын. Қазір өмірбаянын іздеймін. Аман, жасы ұзақ болсын.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір