Айбын
04.02.2020
710
0

Несіпбек ДӘУТАЙҰЛЫ, жазушы,
«Жамбыл» журналының
бас редакторы

Сонау жылдар ғой. «Құдірет пен қасырет» дейтін роман жазып, сол шығарма баспадан әне жарық көреді, міне жарық көреді деп елеңдеп жүргенде арада 7-8 жыл өте шыққан. Қадір білетін, сыйлас азамат Мереке Құлкеновпен сол жайлы әңгіме болып қалғанда, ол: «Жүз бетін біздің «Таңшолпан» журналына берсеңші», – деген-ді. Сірә, «Таңшолпанда» жарияланған үзінді көзіне түскен болу керек, Одаққа бір барып қалғанымда астыңғы қабаттың дәлізімен өте бере, ашық тұрған есіктен іште отырған Мұқаңды – Мұхтар Мағауин ағамызды көріп қалып, ішке кіріп сәлем бердім. Біраз әңгіменің басы қайрылды. Елдік, азаматтық, мәрттік һәм ұсақ-түйектік жайлы да. Ағамыздың кісілігін көрген, кезінде балағынан қапқандары айтылды. «Тірісінде тік тұрып, тік жүре алмайтындар өмірдің қиралаңын туғызып, кез келгенге кесірін тигізеді, – деген Мұқаң – Осындай кесапаттан аулақ болыңдар. Адал сүт емген мінез керек қазаққа, жазушысына да», – деп түйіндеді ойын.

Тұруға жиналғанда Мұқаң: «Басылмай жатқан романың қай баспада? Маған қолжазбаңды дереу әкел», – деді.

Роман «Жұлдыз» журналының 3 санында жарияланды. Әрине, Мұқаңның пәрменімен. Маған жасалған шапағатымен. Соның арқасында кейінірек романым арнайы жарияланған «Ең үздік роман» конкурсында жүлде алды. Кітап болып шықты.

Мен М.Мағауиннің жерлесі емеспін, қасында жүріп, қабағына қараған, қолына су құйып құрақ ұшқан жерім жоқ. Бірақ оның айбатты болмысы, жазуындағы ақиқатты айтудағы «жан алып, жан беретін» жанкешті жаратылысы, тепсе темір үзетін тегеурінді текті мінезі тереңімде тебіреніс тудыратын.

Қайсыбір жылы Мемлекет басшысы әдеттегідей бір топ жазушыны қабылдап жатты. Көгілдір экраннан көріп отырмыз. Елпеңдегендер бірінен-бірі асып сөйлеп, тіпті араларында өлеңдетіп жібергендер де болды. Айтылуға тиіс ел жайы, халық қамы, әдебиет мәселесі жайына қалды. Сонда Мұқаң өңі мұздап, мұрты қайқайып мізбақпай, қаққан қазықтай қалпы үнсіз отырды да қойды. Жан-дүниемде: «Еркек!» деген сөз самғап шыға келген.

Алматыдан іс-сапармен барып, қайтып келе жатқам. Меркенің тұсына келгенде қалтателефоным қоңыраулады. Мұқаң! Бірден айтқаны: «Мен «Жармақ» деген жаңа роман жаздым, журналыңа басамысың?» «Оған сөз бар ма?» – деймін. «Анау-мынаудың батылы бара бермейді, бауырым». «Құдай берген жанды, Құдай алмай ма?» – дедім. «Онда жіберемін». «Жармақты» жарияладым. Роман өлген-тірілгеніңді өзің біл дейтін өткірдің жүзі. Мағауиннен басқа ешкім батып айта алмайтын жанайқай. Япыр-айлап отырып, амалсыз бірді-екілі жерін қайтсек екенмен телефон шалып едім. Қайран Мұқаң: «Редакторсың. Қайсын алып, қайсын қоясың, ол – өз еркің. Тек сөйлемдеріме өзіңнен сөз қоспа», – деді. Өктемдігі жоқ, өр мінез.

Айтпақшы, Қазақстанды әлемге тұңғыш танытқан Жамбыл деп айтқан да, жазған да – осы Мұқаң.

Тәңірінің қазаққа Мұхтар Мағауиндей перзентті бергеніне шүкір деу керек. Бір ғасырда бір келетін түркі әлеміндегі бір ұлы тұлға. Ғұлама ғалымдығымен де, жазу­шы­лығымен де – керексіз деп тапқа­нымен ешуақытта келісімге келе бермейтін ұлтымыздың да, әдебиетіміздің де айбыны.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір