«Ол Гамлетке ұқсайды…»
29.01.2020
773
0

…Бек лыпыған күлгін-жасыл жүзінде қас дұшпанның арам қаны алабөтен ырши безектеген ақ берендей Ақберендік сұмдық өткір күйзеліс!

…Жан дүниенің ондайлық сұрапыл динамикасы аузымыздан ақ жалын сөз болып және ақтарыла жөнелу үшін төсіміз ішінде – көзі тостағандай Көңіл, төбемізде – кемел ақылға лайық көсем Рух болуы қажет.

Ал Ақберен – жазмыш дариясын жалпағынан кешіп, «қайран жиырма бесін» қамыға жырлайтын қапері толық қартаң жаста емес, әлі балғын азамат. Алайда белгілі бір мөлшерде Ақберенде көпті көрген көсемдарларға ғана тән, әрі кез келген уақытта шағылыса кетуі бек мүмкін әлгіндей «өзара параллель» екі алапат та бар болып шықты.

Тыныштықбек ӘБДІКӘКІМҰЛЫ,

 ақын,

«Қазақ әдебиеті» газеті, №11

10.11.2006

***

Ақбереннің өлеңдерінен озған заманнан әлдеқалай жеткен, кім біледі, дүниеге ақын болып жаратылуы тиіс, бірақ жаратылмаған күйінде кеткен, өзіне лайықты тағдыр ақын жүректі тапқанымен, бұл жолы да «мұратыма жете алмаймын-ау, кесімді күнім келгенде осы ақын жүрекпен бірге тағы да бақиға кетемін-ау» деп апта мен күн, айды санамалап жылап тұрған әлдебір рухтың бейнесі көз алдыңызға келгенде қайран қаласыз.

Ақынның жас басына лайық келмейтін озық рухани тәжірибесіне емес, мүлдем басқа нәрсеге таңдай қағасыз. Себебі бұл жерде өткен заманның өнер мұраты бізді тағы бір рет іздеп келіп тұр. Бірақ біз әлжуаз ұрпақ сол өнер мұратын кенересіне жеткізе алмай тағы да қор болмақпыз. Міне, бұл жерде ақынның бойын билеген озған заман мүддесі алдындағы жауапкершілік пен ұят сезіміне бас иесіз.

Таласбек ӘСЕМҚҰЛОВ,

жазушы, сыншы,

«Алматы ақшамы» газеті,

11 мамыр, 2011 жыл

 

***

Елгезектің шығармашылығы қандай да болса бір тұжырымға сия қоймайтын, тарам-тарам бағыты бар күрделі дүние. Бірақ бұл сан-салалы сұрақтардың бәрін ол бір сұраққа бағындырған: мен кіммін, мен шынымен менмін бе, әлде жүрген құр сұлбамын ба, әлде өзге біреудің елесімін бе? Мына айнадан қарап тұрған бейне тым алдамшы емес пе? Әлде бір негізі бар ма? Негізі болса ол қай негіз? Ең қызығы, ол бір белгілі субъект болуға да қанағаттанбайды, ол субъектіліктен бұрынғы Жер мен Көкке тең болған космологиялық санаға бойлағысы келеді және ол аздай қазіргі түрлі интерфейс арқылы түрлі жүйеге қосыла беретін постсубъектілік сананың құбыжыққа толы елестерін салмақтап көргісі келеді.

…Ақберен Елгезек оның көтерген тақырыптары мен эстетикасына қарасақ, осы буынға бағыт сілтеуші, жаңа құндылықтар ұсынушы. Солардың ішіндегі ең бастысы — Ақберен қарадүрсін ойдан, келте шешімнен, үйреншікті дағдылы әрекеттен сақтандырады. Бұл жағынан ол кәдімгі Шекспир сомдап кеткен Гамлетке ұқсайды.

Әуезхан Қодар,

мәдениеттанушы, жазушы һәм аудармашы

«Азаттық радиосы».

2015 жыл. 30 қазан

 

***

Ақын Ақбереннің лирикасы – зиялы қоғамның, интеллектуалды ой мезгілінің ағымы. Дәстүрлі өлеңнен гөрі заманауи, тосын әрі тың ойлардың ақындық лабораториясынан өткен көркем де парасат-пайымға бөленген, әсем де әсерлі әлем.

 

Нұрғали ҚАДЫРБАЕВ,

Сырдария университетінің профессоры,

Оңтүстік Қазақстан облысы,

2011 жыл

***

Ақберен Елгезек – потенциалы, ақындық танымы ерекше ақын. Ол ғарышты, көк әлемді, мыңжылдықтар мен адамзат дәуірлерін періште қиял һәм адами құсамен көре алуға бейім.

…Ақберен – ауылда қозы-лақтың шекесінен сипап өскен қазақтың баласы. Алайда ол ұлттық шеңберде шектеліп қалмайды, әлемдік кеңістікті, адамзаттың ортақ тарихын тануды шет көрмейді.

 

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА,

жазушы,

«Алтын тамыр» журналы, № 3 (4),

Мамыр-маусым, 2009 жыл

 

***

Қазіргі оқырманға сезіммен қатар интеллектуалды талшық керек. Сіз оның парасатын жаулап алу арқылы жүрегіне жол табасыз.

Ақберен Елгезек поэзиясы осы талапқа сай келіп тұр. Оның өлеңдерін оқып отырып, автордың эзотерикалық, діни, әдеби білімінен хабардар боласыз. Философиялық түйін шеберлігіне, аз сөзбенен үлкен кеңістікті, ұлы мағыналарды қамту мүмкіншілігіне тәнті боласыз.

…ақынның өлеңдерінен ғасырлар бойы адамзат санасына корғасын болып құйылып, мәңгі мазалап келе жатқан ғаламдық сауалдарды оқисыз, сонымен қатар Ақберен ол сауалдарға жауап тапқандай әсерде қаласыз. Автордың әйтеуір бір керемет кұпияның сырын білетінін аңғарасыз. Бұл, әрине, магнитше арбайды, авторлық харизманы күшейтеді.

 

Мәдина ОМАРОВА, жазушы,

«Жас қазақ» газеті, №18 (174),

8 мамыр, 2008 жыл

***

…Ақбереннің «Мен арқылы білдірер Өз сезімін Тәңірі» деуі кезінде дүйім мұсылман қауымы қабылдай алмаған Мансұр Халлаждың «Әннәл Хақымен», яғни «Мен – Ақиқатпын!» деуімен пара-пар тұр.

Алла «Мен сені сүйемін» деу үшін неге Ақберенді қажет етіп тұр? Өзі айта алмай ма? Иә, айта алады. Айтты да. Рас, айтқан ақын. Бұлай ойлау материалистік көзқарас. Өкінішке қарай, ол көзқарас ешқашан өзгермейді. Шынтуайтына келгенде, айтқан ақын емес, Алла. Біздің Ақберенді Мансұр Халлажбен қабат қоюымыз сондықтан.

Құдияр БІЛӘЛ,

жазушы,

«Abai.kz» порталы,

2014 жыл

***

Әдебиет есігін жаңа ғасырмен жарыса ашқан Ақберен қазақ поэзиясына өзінің үр жаңа үнімен, өзгеше қалпымен, бөлек болмысымен келді. Ақын «еліктеу мен солықтаудың» ауылына көп ат шалдырмай, тез өсіп, жылдам жетілді.

Ақберен ақын әлдекімдерше «модернизм», «постмодернизм» деп, қазақ рухына, қазақы дүниетанымға жат, біздің елде тек-тамыры жоқ елесті қуып кетпейді. Оқып отырсаң, кәдімгі қазақтың ақыны, қазақтың өлеңі екені менмұндалап тұрады. Бірақ «шекпені» жаңа. Яғни өлеңге жапқан «шекпеннен» Ақберендік өң-түс, үлгі-пошым, ою-өрнекті бірден тануға болады.

Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ,

ақын, аудармашы,

Филология ғылымдарының докторы, профессор,

«Жас қаламгер» журналы, 2010 жыл

***

Қазақ поэзиясы әлеміне ерекше өрнек, бөлек ой алып келген ақынның бірі — Ақберен Елгезек. Ақбереннің поэзиясын жаңашылдығымен, өзіндік дүниетанымымен, стилімен өзгеше деп айтуға әбден болады.

Ақберен – қазақ поэзиясының ақбоз тұлпарын мінген ақын.

 

Айгүл Омарова,

әдебиеттанушы

***

…Ақбереннің көзімен карасақ, аспанның арғы жағындағы өмірдің сыры терең. Ақын оны түс арқылы, элегия арқылы, фантазия арқылы әсерлі бере біледі. Ақынның өмірден кейінгі өмір туралы философиялық ойлары, жұмақ, тозақ жайлы жырлары адам жанын селт еткізері даусыз.

Ақберен кейде мистикаға да кетіп қалады. Жер мен көктің арасын еркін шарлайды. Ойына, қиялына қанат бітіретін әсерлерін ой көрігінде суарып, жүрекке жететіндей таза сезімге малындырып, ақ қағаздың бетіне әдемі кестелейді.

Динара МӘЛІК, ақын,

«Жұлдыз» журналы,

2009 жыл

 

***

Бір қазақ әдебиетінде ғана емес, әлем әдебиетінде өзіндік қағидатын философиялық немесе теологиялық толғаулы өлеңмен бекемдеуге аз ғана ақынның бел шешкенін білеміз. Ақберен қазіргі қазақ әдебиетіндегі осы бір қиын да азапты жолды таңдап алуымен ерекшеленеді.

…Ақберенді тек оның көз­қара­сын сана түпкірімен аңдай білгенде ғана ұғына аласың.

…Иә, Ақбереннің өзгеге мүл­­дем ұқсамайтын өзіндік әле­мі бар. Бірде ол пайғамбар кейпінде, бірде ол пенде кейпінде полярлықпен алмасып отырады. Енді бірде осы қос ұғым тұтасып та кетеді.

 

Әбіл-Серік ӘБІЛҚАСЫМҰЛЫ,

ғалым, сыншы,

«Аbai.кz» порталы, 2013 жыл

***

…Ақберен өлеңіндегі кеңістік те басқаша. Не жерде, не көкте тұрағы жоқ, беймекенді кезіп жүреді. Өзін-өзі жатсынған, өз ішінен өзі екіге жарылған. Ақын мүлде басқа әлем іздейді. Түбі бір мәңгілікке баратынына сенеді. Мүмкін көңілге медеу жалғыз үміт осы ғана шығар.

 

Сәруар ҚАСЫМ,

«Jaqsy.kz» порталы, 2012 жыл

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір