Сөз сұраймын
25.10.2015
1950
0
575079_243111049_____________1935 жылғы 10 қарашада жарық дүниеге бір жағынан келіп қалыппын. Сүрініп-қабынып содан бері жүріп келемін. Өмірбаяным өлеңмен де, қара сөзбен де қағазға түсті. Іс-тірлігімді тындырғанымша тындырдым, тынбағаны қарбалас өмірдің қайырлыс-қапталында қалды. Қателіктер де кетті.
Үмбетбай Уайдин
Иә, солай

Қателік кетті көптеген,
/Қателік кетті кө-ө-п менен!/,
Тұсымнан өтті қаншама
Быттиған беттер өкпемен.

Қателік кетті көптеген,
Сарт-сұрт та болды күтпеген.
Ал… енді бар ғой өзімді
Түсінбей қойдым тіпте мен…

Жағдайлар болды күтпеген.
«Сарт-сұрттан» әлі от денем.
Балалық? Жастық? Аңғалдық?
Түсінбей қойдым түкке мен.

Түсіндім сосын, түсіндім.
/Қол сілтеп күлдім, күрсіндім/.
Шындыққа қарап шыңғырдым:
«Сен осы қайда жүрсің?!» – деп.

…Шыңғырсам шындық, сен үшін,
Жындансам шындық, сен үшін.
«Қателеспейтін кім бар?» – деп,
Сөйлесей ар-гүр мен үшін.

Сөз сұраймын

Жолға шықсам жаяу, не атқа мініп,
Қақ бөлініп қайтамын, қақ бөлініп…
Сөз сұраймын, Парламент, сөз сұраймын
Қылмыс қаптап барады қап-қара бет!

Тіктеп маған қараңыз, Сіз, шырағым,
Бақырайған не дейді көз – шырағым? –
Қатты дамып барады мақтау-мадақ,
Сөз сұраймын, әлеумет, сөз сұраймын.

Сөз сұраймын, адамдар, сөз сұраймын.
Сөз сұраушы басқа емес, өз адамың.
«Мынау ішіп алған ба?» – десең, деңдер,
Ішсем іштім. Ішсем не… өз арағым!

Бақыт көрсем көзінен жас адамның,
Ішпей-ақ та мен өзім мас адаммын.
Мастан бетер боламын, кінәсізге
Пышақ алып жүгірсе тасадан кім!

Сөз сұраймын, Уақыт, сөз сұраймын.
Сөз сұраймын – өзіңді көп сынаймын!
Біреулерге, мысалы, құлайсың да
Біреулерге бір жылы жоқ шырайың!

Көп күндерін көп судай төккені үшін
Уақыт мені жазала!
/Өйткені шын!/
Қорбаңдатып қуа бер өле-өлгенше,
Соныңменен ұлысың өйткені сен!

Жанымды жеп келеді бір ұзақ жыр…
Жанымды іліп және де бір тұзақ жүр…
О, құдірет-уақыт, тұзағымды үз!
Мендік өмір көп болса бір жүз-ақ жыл.

Көп, өзіңе, алайда ұсынысым:
Зұлымдықтың, мысалы, ішіне ұр сен!
Ұрлықшының қайырып қолын байла!
/Ұрлықшының өзі де, ісі құрысын!/.

Жауыздардың жан алғыш жағына ұр сен –
Шалажансар кім жатса – жаны кірсін.
Күштімсінген күштінің тісін ауырт,
Күштіден де күштінің барын білсін!

Алаяқтың, жылмақай, сөзі майда
Тәубесіне келгенше көзін байла!
Жағымпаздың уақытша тілін байла!
Жанаярдың жанын же осындайда!

Егер, кімдер, ақ нанды менсінбейді? –
Обалы жоқ,
Онда аштан өлсін мейлі!
Кім жасырса жарықтан жақсылықты –
Ай мен күні оның да сөнсін мейлі!

Алғысым көп, Уақыт, Нанға менің.
Қарғысым көп Нан тепкен жанға менің.
Айтарым көп.
О, ақ Нан, қуатыңмен
Ғасырларға алдағы жалға мені!

Сөз сұраймын Нан – Елім,
Сөз аламын.
Сөз сұраушы – өзге емес,
Өз адамың!
Аман жүрсем жер басып, мен әйтеуір
Өле-өлгенше өзің деп қозғаламын!

Сұқ саусақ

Үмбетбай деген атым бар,
«Үндемес» деген атым бар.
Балақай, байқа,
Ішімде
Томпайып жатқан атом бар!

Үмбетбай деген атым бар,
«Үндемес» деген атым бар.
Жетпістен асқан адаммын –
«Ты» деуге қандай қақың бар?!

Діліммен жазған хатым бар,
Дініме жақын атым бар.
Ашынсам – ащы дауысым,
«Әй» деуге қандай қақың бар?!

Мақтасаң, мейлің, мақтай бер –
Мақтауға емен жат пенде!
Құлығың болса,
қасыма
Ақ тер де, көк тер жақпен кел!

Даттасаң, мейлің, даттай бер –
Таныспын сормен, бақпен де.
Шайқасқың келсе,
қасыма
Шыңғырған шындық жақпен кел!

Тасқайрақ. Шалғы, шалғышы

«Аһх!» – дедің мына ай, ана айда,
«Оһх!» – дедің мына ай, ана айда.
Не пайда тағлым болмаса
Сол «аһх» пен «оһх-тан» алайда.

Байқаңыз, қалқам, байқаңыз,
Байқаңыз, иа ма, байқаңыз.
/Айналып соға береміз
Бұл жайға неге қайта біз?/.
Байқаңыз, бауырым, байқаңыз,
Байқаңыз, иа ма, байқаңыз.
Қарайсыз шаршап неге Сіз –
Азайтып айттық қайта біз.

Байқаңыз, балдыз, байқаңыз.
Байқаңыз, қызым, байқаңыз.
/Айналып соғып тағы айттық,
Бірдеме біліп айтамыз/.

Абайла, інім, абайла.
Абайла, иа ма, абайла.
Ақыл-жіп тұтын мақалдан,
Жібек жіп суыр Абайдан.

Бұл өмір асау қара тай,
Бұл өмір асау ала тай.
Үркесің неге асаудан
Ыржаңдап күліп балақай?

…Бақытты көрдік асау-қан,
Бақытсыз көрдік басы ауған.
Құлама бала, есектен,
Құласаң құла асаудан!

Абайла, балам, абайла.
Абайла, иа ма, абайла.
Төбеңді ұстап қос қолдап,
Қорбаңдап қашсаң алайда –
Бар, айда!

Уһі-і!..

…Шындықты жылпылдатпай
Көзге айтпаймыз дәл неге?
Мәтін сайын: «жа-ным», «жа-не-ем»
Немесе
Су татиды қазіргі көп ән неге?
Уһі-і, а, неге?
Жылап тұрып ең болмаса
«Ақ баянды» еске алмайды әй, неге?!

Ет кірмейтін тіс
/Замандастарға қаратпа қалжың/

Ә-ә,
Сен де келдің жетпіске,
Біз де келдік жетпіске.
Мына бар ғой, жетпісте
Кірмейді екен ет тіске.

Сен де келдің жетпіске,
Мен де келдім жетпіске.
Ана бар ғой, жетпісте
Кірмейді екен ет тіске.

Сен де келдің жетпіске,
Мен де келдім жетпіске.
Кірмейді екен жетпісте
Сонда қалай ет тіске?

Сен де келдің жетпіске,
Мен де келдім жетпіске.
Тістейтін тіс қалмаса,
Қайтіп кірмек ет тіске?

Мен де келдім жетпіске,
Сен де келдің жетпіске.
Протезің дайын ба –
Қазан толы ет пісті.

Ұят. Ұйқы. Ұлт. т.б.

Ақыл озбай алға сәл,
Іс-тірлігің далбаса.
Талқысына тағдырдың
Қатысып көр нанбасаң.

Ақыл шықпай алға сәл,
Әдемі сөз – далбаса.
Нанасың ба, жоқ па әлде
Жып-жылтыр бет алдаса?..

Ақыл шықпай алға сәл,
Ант-су ішу далбаса.
/Неге быт-шыт көп маңдай
Ұйқылары қанбаса?!/.

…Жағар-жақпас жұртқа аса,
Леп шығарсам сыртқа сәл:
Ұйқым ұйи қоймайды
Итсілікпем шықпаса.

Қайсыбірін айтайын,
Қайсыбірін айтайын:
Өлең түртіп,
төсектен
Атып тұрам қайта мен.

Қайсыбірін айтайын,
Қайсыбірін айтайын:
Ұят шымшып,
төсектен
Атып тұрам қайта мен.

Қайсыбірін айтайын,
Қайсыбірін айтайын:
Үркіп қашқан ұйқымды
Болмас, іздеп қайтайын.
…Ұят, ұйқы, ұлт жайын
Қайтып келіп айтайын…

Өмір сахнасы

Сыра ішіп ол көңілді,
Бұл ішпей де көңілді.
Қайда барсаң әне, сол –
Қайшылығы өмірдің!

Айқыш-ұйқыш жол – әне,
Тағдыр деген сол – әне.
Оның дауыл, бораны
Оқтын-оқтын соғады.

Той қамтығы азды-күн
Шаршатқан жұрт мәз бүгін.
Той қызығы – әңгіме,
Сөз тигендер мәз бүкіл.

Салт-дәстүрдің жолымен,
Өтті бұл той сонымен.
Сөз тимеген әлдекім,
Атты көздің сұғымен.

Қайсыбірін айтайық,
Қайсыбірін айтайық –
Бет-ауызы быттиып,
Өкпе кетті қайқайып.

Қайсыбірін айтайық,
Қайсыбірін айтайық.
Аш бүйірін таянып,
Айқай тұрды қайқайып.

Ауа райы тымырсық,
Үйдің іші – тымырсық.
Жатыр түпкі бөлмеде
«Хан» қатыны ыңырсып.

Қайсыбірін айтайық,
Қайсыбірін айтайық:
Екі иығын жұлып жеп:
Ашу келді.
/Байқайық!/.

Жолайрықтың көбін-ай,
Дос-жаранның көңілі-ай…
Жеңіс, жеңіс, жеңіліс –
Алыс-жұлыс өмір-ай!..

Кел, замандас, сөйле

Күйгелектеу боп кеттік,
Күйбеңіміз көбейіп.
Күйіп-жанған жоқ түк те
Тек көкала көне иық…

Ой, уайым жоқ емес,
Ойланбай да болмайды.
Ойбай салу жөн емес,
Ойдан шығар ондайды.

Оқтын-оқтын болмайды,
Күліп-күліп алмай да.
Онсыз өмір оңбайды,
Онсыз өлең-ән қайда?

Қаңқу-шаншу аз емес,
Қорғанбасақ болмайды.
Денсаулық па?
Мәз емес,
Қолға алмасақ болмайды.

Уақыт қуып келеді
Үлгірмесек болмайды.
Ұрпақ қуып келеді,
Жүгірмесек болмайды!

…Күйіп-пісу деген не?
«Ойбай, белім» екен ғой.
Күйбең дейміз,
Күйбеңдеу –
Өмірбақи екен ғой!


 

Ақы-пұлсыз ақыл-кеңес

…Ақыл-кеңеске ақыл-есі дұрыс адам құлақ түреді.
Ақыл есі кеміс адам…
Ауызын қисайтып, мұрынын бұрап күледі.

* * *

Жаман сөздер жамыраса, жақсы сөздер жайына қалады.

* * *

Ашу ұзарған сайын, ақыл қысқара түседі.

 * * *

Әйел – үйдің ауа райы: жылытатын да – сол, суытатын да – сол.
Шаңдатса шаң жұтқызатын да – сол.

* * *

Қауіп-қатер қайдан дерің бар.
Біз білетін бір қауіп-қатер ойсыздықтан.
Біз білетін тағы бір қауіп-қатер тойымсыздықтан.

 * * *

Адам нанды аузымен, гүлді көзімен жейді.

* * *

Адам күнге ұзағырақ қараса – қызарады.
Гүлге ұзағырақ қараса – тазарады.

 * * *

Көп мақтаған жерде көп тұрма.


 

Сексен. Сексен /80/ !/

Сексенбісіз?
Ассалаумағалейкүм!
Уһ-і, Сізбісіз?
Ассалаумағалейкүм!
«Сақалы жоқ, мұрты жоқ бұ қай шал» деп,
Біртүрлілеу қарарсыз маған бәлкім.

«Үш» пен «төрттің» арасы ақыл-ойым.
/Таратайын, қозғадым ақыр оны/:
Сақал-мұртты қаулату қиын емес,
Абыройын айтсайшы, абыройын…

Уағыздары ақылға қонбағасын,
Айтылып жүр қазір кей молдаға сын.
Сақал-мұрттың мәні не, расында
Батагөй қарт, не абыз болмағасын.

Сексенбісіз?
Ассалаумағалейкүм!
Шын Сізбісіз?
Ассалаумағалейкүм!
Қызық-қызық әңгіме Сіз жайында
Айтып еді әр кезде маған әркім.

Өзімнің де аз емес айтатыным.
Білесіз бе, көп құлап қайта тұрдым.
Нанасыз ба, жеткенше Сізге дейін
Өліп-өшіп, шарылдап қайта тудым.

Құдіреттің маған бір қарасқаны –
Көп түнерген ашылды қара аспаным.
Тек… ұзындық өлшемім бір метр де
Елу алты см.-дан ары аспады.

Құдіреттің тағы бір қарасқаны –
Қанағатым қарнымнан ары аспады.
/Жалмауызды көргенде қанағатсыз –
Тісі ауырған адамдай жақ ұстадым/.

Орташа жас бүгінгі сексен дер ем.
Шынымды айтсам, тағы бір сексен дәмем.
Содан кейін көз қысып кемпірлерге
Бір жағына шалқалап кетсем деп ем.

                    Өткен шақ. Сағыныш…
/Желпініс/
Әнес Сараевқа
Бір дос бар – қия беткейге шейін,
Бір дос бар – қияметке шейін.
/Халық/.

Жастық шақты әр қалай айтамыз ғой әдетте,
Біздің жастық шағымыз /студенттік/ мәнді өтті.
Қарнымызды ап-арық пәк күлкіге толтырып,
Бағдаршамнан көк-жасыл көз айырмай әндеттік.

Біздің жастық шағымыз /студенттік/ мәнді өтті.
Оны оқуға болады әрбір көзден, әр беттен.
Бірге аттандық жауға да… /ойбай-ойбай мүлт кеттім/,
Тыңға аттандық.
Сондағы
Күн, түндер-ай әндеткен!

Балалық шақ, жастық шақ талайларға – сағыныш.
Сағыныштан шам жанса – қап-қараңғы жарық іш.
Қалың альбом өткен шақ, әр суреті – шежіре:
Бақытты сәт біреуі, ал… біреуі – жарылыс!..

Болған жоқ деп болдыны кейде өтірік айтамыз.
Болғанды айтсақ күштірек болмаймыз ба қайта біз:
Күжірейіп көп шықты біздің курс күреске,
Жеңіс. Жеңіс. Жеңістер.
/Сіз күлесіз…
Байқаңыз!/.

Жасырмаймыз, мас болдық – ән-шараптан көп іштік.
Күрсінген де күн болды – дос қайғысын бөлістік.
Алыс-жұлыс, тартыста қолды сілтеп кетсек те,
Қайта айналып /артынша/ арсалаңдап көрістік.

Кім бар, кім жоқ альбомда?
Қарайықшы, кәнекей?
Қоңыр дауыс, сабырлы, о-о, Сараев Әнекең!
Астанаға телефон шалайық та достар-ау,
Туған күні екен ғой Әнекеңнің дәл ертең.
/21.11.2007ж/.

Амансың ба, Әнеке, а-ал, Жетпісің не дейді?
Аз-маз кеңес берейін ол жайынан мен енді.
Бір жақ ұшын жүйкенің сабырыңа малып қой
Денсаулықтың мойыны былқ-сылқ етсе егерде.

Жетпіс келді сонымен, сүйек-саяқ не дейді?
Қатайтып қой болттарың босап кетсе егерде.
Құдай берген сабырың жетелейді әлі алға,
Қалт-құлт етпей жүр қанша жүз жасаған ел-елде.

Мына бар ғой, Әнеке, сенбе мейлің, сен мейлің –
Тоққа қосып қоямын сағынышты кейде мен.
Қыз намысын қорғаған есіңде ме, сартта-сұрт?
/Білмейді оны, әрине, Тәуелсіздік, Егемен/.

Әрман қарай созайын сағынышты әлде де.
/Ойды бөле береді қай-қайдағы әрнеме/.
Есіңде ме, Әнеке, қырық үшінші бөлмеде
Түн ортасы ауғанша таусылмайтын әңгіме?

Мына бар ғой, Әнеке-ау, сенбе мейлің, сен мейлің.
Тоққа қосып қоямын өткен шақты кейде мен.
Жастық шаққа шегініп барып қайтсам қиялмен,
Атып шығам балконға шолақ дамбал, жейдемен.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір