«Сіздің Эркюль Пуароңыз…»
Құрметті оқырман! Газетіміздің «Кім ол?» атты жаңа айдарының аясында белгілі шығармалардың бас кейіпкерлері туралы әңгіме етпекпіз. Ол кейіпкер өмірде болған ба, болмаған ба? Прототипі кім? Осы тектес сұрақтарға жауап іздейміз. Айдарымыздың алғашқы кейіпкері – «детектив патшайымы» атанған әйгілі ағылшын жазушысы Агата Кристидің Эркюль Пуаросы.

Эркюль Пуаро
Эркюль Пуаро – жазушының 1920-1975 жылдар аралығында жарық көрген 33 роман, 54 әңгіме және 1 пьесасының бас қаһарманы. Олардың қай-қайсысының да қызықты сюжеті фильмдерге, телехикаяларға, театр және радио қойылымдарына арқау болған.
Пуаро оқырманға Кристидің тұңғыш романы – «Стайлздегі жұмбақ оқиға» арқылы бірден танылды. Неге десеңіз, ол – сөз арасында өзінің ұлы адам екенін айтып қалғанды жақсы көретін өте ақылды із кесуші ғана емес. Автор кейіпкеріне алғаш танысқаннан күле қабылдайтындай ерекше бет-бейне де берген. Егер сіздің зәре-құтыңызды қашырған қылмыстық оқиғаны зерттеуге бәкене бойлы, толық денелі, басы жұмыртқа пішіндес, қара шашын үнемі бояп жүретін, көзі мысықтыкі секілді жап-жасыл, жылтыр былғары аяқ киімді және екі ұшын жоғарыға қарай ширата қайырған қара мұрты бар адам кіріссе, қуаныңыз. Өйткені бұл – мемлекеттік деңгейдегі күрделі қылмыстық істерді ашуда да алдына жан салмайтын, бүкіл Англияға даңқы жайылған әйгілі Эркюль Пуароның нақ өзі немесе өзі жиі айтатындай, «сіздің Эркюль Пуароңыз».
Пуароның шектен тыс ұқыптылығы да назарыңыздан тыс қалмайды. Киімі қашанда мұнтаздай таза. Үйінен де сол жинақылықты байқайсыз. Барлық заты өз орнында тұрады. Кешігуді ұнатпайды. Сол себепті жанынан қалта сағатын тастамайды. Оның дәл осы қасиеттері қылмыскерді табуда өз көмегін тигізеді.
Ол Бельгияда туып-өскен. Ал Англияға қалайша тап болғанын «Үш актілі трагедия» романында былайша түсіндіріп өтеді: «…Мен жас кезімде кедейлікті бастан кештім. Аға-қарындастарым да көп болатын. Біраз уақыт Бельгия полициясы болып қызмет еткенмін. Соғыстың (Бірінші дүниежүзілік соғыс) бастапқы кезеңінде жарақат алғандықтан мені емдеуге Англияға жіберді. Кейін сол жақта қалып қойдым».
Пуаро ағылшын тілінде жақсы сөйлейді. Алайда кейде күнделікті қолданыстағы жеңіл сөздердің өзін ұмытып қалып, акцентпен сөйлейтіні бар. Мұның себебін «Үш актілі трагедиядан» біле аласыз: ағылшын тілін жетік білмейтін оны көп адам қарапайым жатжерлік ретінде қабылдап, аса мән бермейді. Бұл оған қылмыскерде сезік тудырмай, тырп еткізбей ұстап алуға септігін тигізеді.
Біздің Пуаро саяхаттағанды ұнатады. Ешқашан үйленбеген. Жас кезінде бір қызға ғашық болғанымен, махаббат хикаясы сәтсіз аяқталған.

Агата Кристи
Ал осынау біртуар талант иесінің прототипі кім екен? Агата Кристи «Өмірбаянында» өзі тұрған Торки қаласында бельгиялық эмигранттардың көп болғанын айта келе былай дейді: «Неге менің тыңшым бельгиялық бола алмайды? Қашқындардың арасында кімдер болмады дейсіз? Олардың ішінде бұрынғы полиция офицері болуы да әбден мүмкін ғой. Аса жас емес. Бірақ мен осы арада қателік жібердім. Өйткені қазір менің Пуаромның жасы жүзден асып кетті».
Пуароның прототипі – көптеген әдебиетші ғалымдардың сүйікті тақырыбы. Бүгінде ағылшын зерттеушілері шын өмірдегі Пуаро – Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Англияға қашып келген бельгиялық жандарм Жак-Жозеф Амуар дегенді айтады. Бойжеткен Агата онымен 1915 жылы бельгиялық қашқындарға арналған қайырымдылық кешінде танысқан. Болашақ жазушы сол кеште фортепианода ойнап өнер көрсеткен. Сондай-ақ Амуар Кристидің үйіне жақын маңда тұрыпты.
Автор шығармаларында кейіпкерінің жас шамасы қаншада екенін айтпайды. Тек оның егде жастағы кәсіби жеке із кесуші екенін аңдатып өтеді.
Пуаро Кристиден бір жыл бұрын, 1975 жылы жарық көрген «Шымылдық» романында дүниеден өтеді. Сол уақытта «Нью-Йорк Таймс» газеті ойдан шығарылған кейіпкерге алғаш рет айрықша құрмет танытып, бірінші бетіне «1975 жылдың 6 тамызы. Бельгиялық белгілі із кесуші Эркюль Пуаро дүниеден өтті» деп қазанама берген.
Ал Бельгияның Эльзель атты қыстағында атақты тыңшыға ескерткіш орнатылған. Қыстақ тұрғындары Эльзельді Пуароның Отаны санайды. Дегенмен, бұл жайында жазушының өзі еш жерде ештеңе айтпаған.
Ең қызығы, Кристи бастапқыда Пуароны «мінезі адам шыдағысыз, жексұрын, паң, өзімшіл» деп ұнатпаған. Әйтсе де, ә дегеннен оқырманның сүйіктісіне айналып үлгерген кейіпкерін «шығарма төрінен алыстатпауды» басты парызы санапты.
Әдебиет зерттеушілерінің айтуынша, «Эркюль» сөзі антикалық дәуір қаһарманы Геркулестің (Геракл) есімінен алынған. Оның басты ерекшелігі – байқампаздығында. Сосын куәгер сөзіндегі ұсақ детальдарға дейін назарынан тыс қалдырмайды. Соның бәрінен тұтас картина құрастырады. Пуаро қандай істі қолға алса да, оны театр элементтеріне бай драмалық көрініспен аяқтайды. Ол өзінің ой түйіндерін жанында жүретін көмекшісі – капитан Гастингске де, инспектор Джеппке де айтпайды. Мән-жайға түсініктеме беруді және кезекті жұмбақтың шешуін жария етуді үнемі «соңғы актіге» қалдырады.
Пуаро психологиялық тәжірибелер өткізгенді ұнатады. Сол арқылы қылмыскерді жаңылмай табады. Өзі бір сөзінде: «Ең маңыздысы – қылмыскердің психологиясын тани білу», – дейді. Қайғыға душар болған жандарға шын көңілімен жанашырлық танытып, әділдік салтанат құрмайынша тыным таппайтын күрескер Пуаро таңғалдырарлық тапқырлығының сыры – «мидың сұр жасушаларында» екенін жиі айтады.
Расымен, миымыздың сұр жасушаларын іске қоса білмегендіктен, тіпті, қосуға талпынбайтындықтан қаншамыз көздеген мақсатымызға жете алмай келеміз. Оның себебін тағдыр ісінен көруге не қандай да бір сылтау табуға етіміз өліп кеткен. «Ойланбаған ми саситынын» неге ойламаймыз осы?
Мәдина СЕРІКҚЫЗЫ