Батырхан Сәрсенхан. MEMENTO
30.12.2019
1019
0

Батырхан

MEMENTO

Бір сұлу туыпты

туғандай ай беті,

туғандай аспанның самала шырағы.

Әлбетте, туғанда болмады көйлегі,

болмады өмірге сұрағы.

Нуларды кешіпті,

кешкендей тау гүлін,

Көнерген жазбаның сүйгендей сөйлемін.

Он беске толғанда

сезіпті барлығын,

барлығын нәп-нәзік махаббат дегеннің.

Беймәлім келері,

беймәлім өткені,

бүлдіршін бұлттардай гүлдерге жаумаған.

Туғанда оңынан он сегіз көктемі,

Жолықты

жолықты

жолықты ол маған.

Неге ерте,

Неге кеш,

Неге күн,

Неге түн,

Неге ойдың көре алмас көздер бар салмағын.

Мен оны он екі жасында білмедім,

Он жаста жыласа жұбата алмадым.

Секем бе,

Күдік пе,

Сейіл ме,

Сенім бе,

бойыма жұқтырар күрделі келісім.

Ол үшін қуанып көрмегем өмірде,

Жұбана білмегем және де ол үшін.

Жолықты,

Жолықты,

жолыққан күн жайлы,

ешбір жан тебіреніп жаза алмас роман.

күн болса қанқызыл саусағын бұлғайды,

ай болса ескіше орнында тұр аман.

Кеттік біз

екіге

жарылған жолдармен,

сабылған жолдармен сүйретіп үмітті.

Сан ғасыр дауысы қарылған жолдармен,

сүйретіп үмітін сансыз жан жүріпті.

Біз емес,

біз басқа,

біз болмас

ешкім де,

бұршақ та үзе алмас сезімдер сабағын.

Жамандық көрмеші жұмыр жер үстінде,

Жақсы бол. Сол кезде мен жақсы боламын.

***
 Хадишаға

Сен жоқта

адамзат неше рет өзгерді,

неше рет көктемгі ұлудай түледі.

неше рет қараған қойқоңыр көздерге

неше рет толқытқан арудың білегі

әкеңді сезіне білсең ғой бүгіндей

сен жоқта ежелгі Шумерлер тілінде

Гилгамеш туралы жазбалар табылды.

және де Византия елдері бірінде

дабылдар қағылды.

адамдар алғаш рет от жағып үйренді

алғаш рет тайпалық одақтар құрылды,

үйренді бақсылар аса алып билеуді

садақшы сарбаздың иығы жырылды.

және де

Пифагор мектебі ашылды,

Эфклид ұстаздық жасады ғасырға.

неше рет жауындар төпелеп, басылды,

неше рет үрейге бөледі жасындар.

сен жоқта Пайғамбар дүниеге келген-ді,

ілімін таратып жалқаулау жаһанға,

кезіпті, кезіпті алуан шөлдерді,

ғаламға мәуесін, сәулесін шашарда.

және де

бермудқа кемелер жұтылды

жұтылған секілді ескілер жаңаға,

күн қанша күңіренді,

ай неше тұтылды,

әрбірі сиясын бояды санаға.

сен жоқта ер Данте елі үшін жан берді

байрағы бейдауа бөгелек кезеңнің.

Бруно өртелді,

Коперник сенделді,

адамзат алқызыл түстерге безенді.

жер құшты қаншама, қаншама жас сәби,

жас сұлу тым ерте ілінді құрыққа.

және де туылды Ахмет Иассауи

ол менің ұстазым екенін ұмытпа.

сен жоқта Мәулана мәснави қалдырды,

жүрегі өртеніп ышықтың отына

өр Хафиз,

мені естен, мені естен тандырды

сен оны сүйе біл, сен оны бақыла.

және де Мәжнүннің, қарашы, зарына

ол үнсіз әуендер оқиды кереңге.

назар сал әр бұта, әр саусақ табына,

хақиқат әрқашан, әрқашан тереңде!

сен жоқта жүрдім мен жолдармен не түрлі,

аламан жастықтың бағында теңселіп,

ол күндер паравоз түтіні секілді

бәріне сүйініп, бәрін де еңсеріп

келемін. Қызым, сен, өзге бол менен де,

шалдықпай салғырттық аталар індетке.

еш әуес болмағын жазу мен өлеңге

содан соң

өзіңді сүйгенді құрметте.

 

Бір ару Алматыда
жүреді екен…

Бір ару Алматыда жүреді екен…

жан сырын өзі ғана біледі екен,

оңаша өзі ғана күлер екен,

күн бетін кірпігімен түреді екен.

Таң атса көркем әнін айтар екен,

Күн батса күңіреніп қайтар екен,

Өмірі шұбырмалы елес екен,

көңілі көктемедей байтақ екен.

Әр сөзін әлдекімге арнар екен,

Әр үнін жұлдыздармен жалғар екен,

Мұңдасы түндер екен, төзім екен,

сырласы шөптер екен, талдар екен.

Жоғары, тек жоғары қарар екен,

Жоғалған үміттерін санар екен,

Желді де жүрегімен өбер екен,

жоқты да жазмышына балар екен.

Бір жанды сүйген екен, сенген екен,

Сенімін тереңіне көмген екен,

Көп сөзді ақтарылып айтқан екен,

көп сырды бұрынырақ білген екен.

Жауында жайнар екен, толқыр екен,

жаңбыр да сезімшілге салқын екен,

көктемге көктем деген бөтен екен,

сұлуға сұлу деген артық екен.

Жел даусын, жеке даусын естір екен,

көзінде толқын екен, көшкін екен

Күрсінсе, көк жүзіне жетер екен,

Тәңірдің шебер құйған кескіні екен.

Аумаған құлын ба екен, бала ма екен,

Айнаға күн ауғанда қарар екен,

айнала сыланғанда қарар екен,

шұғыла сезімдерін тарар екен.

…Бір өзі Алматыда жүреді екен,

күн бетін кірпігімен түреді екен,

Оңаша өзі ғана жылар екен,

Оңаша өзі ғана күледі екен.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір