Мәдина СЕЙІТМАҒАМБЕТОВА. МЕН – ШҰҒЫНЫҚ ГҮЛ ЕМ…
30.12.2019
1312
3

 

Мәдина

***

Көктен бүгін қар жауып тұр, ақ сәулесін себелеп,

Ақ қардайын аппақ ойлар алды-дағы жетелеп,

Тысқа шықсам… Ақ қанат қар қонып жатқан жай ғана,

Дала… Ауа… Бәрі-бәрі неге сондай керемет?!

 

Ақ ұлпадан алқа тағып, бой түзесе мәз терек,

Тынши қалған шулы дүние өңіндегі наз ерек.

Жақсылықтар жасағың кеп жаңғыратын шақтарда,

Аппақ әлем үнсіз шертер таңғажайып саз керек.

 

Өз сыңарын іздеп өтер, күтіп те өтер дегбірсіз,

Адам түгіл табиғат та жаралмапты-ау серіксіз.

Күн-бозбала қар-сұлуды өпкен кезде аймалап,

Сансыз жұлдыз жымың етіп, көз тайдырдым еріксіз.

 

Сылқым сәтті сыйға тартқан риза болып таңына,

Дала, шіркін, жатыр балқып, нұр сіңіріп жанына.

Қардан да аппақ адалдықты құлай сүйген жүрекпен,

Аштым мен де құшағымды, тылсым күшке табына.

 

«Ақшақардан аумай қалған мына тұрған сен бе?» – деп,

Өзімді-өзім әзіл сөзбен шымшыладым еркелеп.

Тоңазығыш көңілімді сезімге орап жып-жылы,

Көктен, әне, қар жауып тұр, ақ сәулесін себелеп.

***

Елік-ару, жаудыраған жанары,

Жанарында – ғаламы,

Аппақ ары – Самарқанның қамалы.

Үр бейнесін сыйғыза алмай өлеңге,

Сорлы ақынның тосылады қаламы.

 

Күндей көркем, айдай сұлу жамалы –

Шайырлардың ғазалы.

Құсни көңіл масаң әрі мазалы,

Сарқығанда бар қуатын жүректің,

Келер анық ажалы.

 

Дүр жігіттер болған жауға мазары,

Үгіп іштей тағдырының мазағы –

Күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айрылып,

Ғашықтықтың дерті батып, азады.

Өз-өзіне көрін солай қазады.

 

Раушан гүлім, болмысы асыл, әз аты,

Сенің жүзің – көзімнің нұр, ләззаты

һәм шабыттың қанаты.

Сен мұңайсаң – мұңаяды әлем де,

Сенің күлкің – сезімдердің науаты.

 

Перизат қыз тілді байлар ажары –

Күншілдердің құтын алар азабы.

Беу, сұлулық,

Дүниенің көктем-күйі, жаз-әні,

Басымды идім, Тәңірінің ғажабы!

***

Бейуақта елегзітіп, есімімді атап шақырған кім,

Жер-жаhаннан бір мені іздеп, сабылумен шарқ ұрған кім?

 

Сағыныш жасын төбемнен нөсердейін төгіп өткен кім,

Жалғызсырағанда күн боп кеп, мұң көбесін сөгіп, өпкен кім?

 

Сенің елесің бе, өшпестейін ой-сарайыма кіріп алған,

Әз мұңым сен бе ең, түндерде оятып, жүрегімді бүріп алған?

 

Сенің жанарың ба, от жарқылы адастырмас шырағым болған,

Арманым сен бе ең, ақ бұлттарға жеткізер пырағым болған?

 

Кімсің сен?

Аңсар әнін құлағыма сыбырлай айтар самал желсің бе,

Әлде… соңында тұлдыр өкініш қалар, тұрағы жоқ селсің бе?

 

Мен шұғынық гүл ем, иесін күткен жападан-жалғыз елсізде,

Өзің кеп үзіп алғайсың, бұйыртпай сезімсіз ессізге.

 

ПІКІРЛЕР3
Аноним 16.01.2020 | 19:02

Қаламыңыз ұштала берсін…

Аноним 16.01.2020 | 19:07

Мадинажан,жазарың таусылмасын.Қыл-қаламың ұштала берсін.Біз оқудан жалықпаймыз

Аноним 16.01.2020 | 21:08

Көп рақмет!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір