Тимур Көпбаев. Телқоңыр
10.01.2020
1307
1

Олар қазақ поэзиясының телқоңыры еді. Бірінің есімі айтылса, міндетті түрде екіншісінің есімі тілге оралады. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін күйреген, күйзелген жадты бірі нәзік лирикасымен емдесе, екіншісі ой орманына жетелеп, халықты кемелдікке, білімдарлыққа үндеді. Поэзияның қуаты қасаң ойлардан, ауыр пәлсапалардан өткір болатындығы осы екі ақынды жаттап, әнге қосып, бір-біріне ынтық сезімдерін ақын жырларымен жеткізген жастардың ұлт рухын түлетудегі еңбектерінен байқауға болар. Әрине, оны анықтаудың нақты параметрі жоқ. Ол екі ақын – түйдей құрдас, әзілі жарасқан, бірі – жомарт күз болса, екіншісі – шуақты көктемге ұқсайтын ұлт поэзиясының қос шынары Қадыр Мырза-Әлі мен Тұманбай Молдағалиев. Тірі болғанда биыл екеуі де 85 жасқа аяқ басар еді. Біз ақын Темірғали Көпбаевтың телқоңыр жайында жазылған мақаласын оқырман назарына ұсынып отырмыз.


ЕҢ СОҢҒЫ КЕЗДЕСУ

Қайран Қадыр аға! Қазақтың Қадыры! Оның табан астында тауып айтатын қисынды қалжыңдарына баладай мәз бо­лып, дастархан басында күлкіден езу жия алмай жадырап отыратынымыз естен кетпейді. Қара шаңырақ ҚазҰУ-дың студенттері мен ұстаздарының алдында қызықты естеліктер айтып, тебірене өлең оқып тұрғаны да көз алдымызда.

Енді, міне, қарапайым данышпан туралы естелік айтумен ғана шектелеміз. Жазмыштың ісіне амал жоқ екен. Айт­пақ­шы, сол туралы «Жазмыш» деген кіта­бында өзі де тәптіштеп-ақ айтқан еді-ау. «Өмірдің түйініне тоқталғанда қазақтың «жазмыштан озмыш жоқ» деген мәтеліне жетер сөз таппадым» деп жазған болатын. Жазмыштың жазуынан Қадыр ағам да айналып өте алмағаны ғой. Жұмыр басты пенденің қолынан келмейтін бір нәрсе осы екен.

Ағамды ең соңғы рет көргенім есіме түседі. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультетінде қызықты өткен кездесуден қайтып келе жаттық. Көңіліміз көтеріңкі. Машинада екеуміз ғана. Қадыр ағам әдеті бойынша әлем әдебиетінің марқасқаларын түгендеп келеді. Өңкей таңғажайып эпизодтар көз алдымнан кинолентадай тізіліп өтіп жатыр.

Ол кісі сәл тыным алған бір сәтте:

– Аға, кездесуде сөйлеп тұрып, неге көзіңізге жас алдыңыз?– деп сұрадым.

– Осыған өзім де таң қаламын,– деді ол бар денесімен маған бұрылып,– Сенесің бе? Соңғы кезде осылай жылайтынды шығардым. Неге екенін өзім де түсінбеймін. Көңілім босап кетеді.

– Студенттерді көріп, жас кезіңіз есі­ңіз­ге түскен болар? Мүмкін өзіңіз дәріс берген факультетті сағынған шығарсыз?

– Ол да бар. Бірақ мен жылауық болып алдым. Халықтың алдына шықсам, өзінен-өзі көзіме жас келеді. Өткенде бір ортада өзімді әрең ұстадым. Үйге келген соң, ешкімге көрсетпей, бала құсап жылап алдым. Жылап алып едім, кәдімгідей жеңілденіп қалдым.

– Сонда не деп жыладыңыз? – дедім әңгімесіне қызығып.

– Осы күндер енді қайтып оралмайды-ау деп жыладым. Біраз жасқа келдік. Өмір­дің көбі кетіп, азы қалғаны – удай шындық. Көкірегімізді құр сүйретіп жүрміз ғой. Енді қанша қалды дейсің?

– Қойыңызшы, аға! Сіздің жасыңызға жетіп, осылай жүгіріп жүрсек, не арман бар? Әлі сексенге, тоқсанға толғаныңызды да тойлаймыз. Аман болыңыз! – дедім. Айтарын айтсам да, сол сәтте «Ағам қарттықты қатты уайымдайды екен-ау. Қаупі күшті сияқты» деген ой санамды сызып өтті. – Сіз бақытты адамсыз ғой, – дедім сөзімді әрі қарай жалғап,– ұрпақ өсіріп, немере сүйдіңіз. Өмір бойы өлеңге адал болдыңыз. Ха­лыққа адал қызмет еттіңіз. Құрметке ерте бөлендіңіз. Сыйлықтан да құралақан болмадыңыз. 32 томдық бай мұраңыз бар. Халықтың жүрегінде, әдебиеттің тарихында мәңгі қалдыңыз. Бұл екінің біріне бұйырмайтын бақыт деп ойлаймын.

– Оның рас,– деді Қадыр аға жымиып,– Бәлкім сол бақытты қимай жылайтын шығармын.

– Бұл енді басқа әңгіме!

Екеуміз қосыла күлдік. Әңгімемен Қадыр ағаның үйінің алдына келіп қалға­ны­мызды да байқамаппыз. Көліктен түсіп, таза ауада тағы біраз тұрдық. Ол кісінің әңгімесін тыңдаған сайын тыңдай бергің келеді. Таусылмайтын қазына дерсің. Дүниеге көзің ашылып, жан сара­йың кеңіп қалады.Әлден соң:

– Хабарласып тұрармыз. Мен енді қай­тайын аға,– дедім. Ол жүзіме мейірлене қарап, құшақтап, арқамнан қақты.

– Жарайды. Рақмет! Жыласақ, тек бақыттан жылайық!– деді сұқ саусағын шошайтып. Машинаны бұрып, айнадан артыма қарасам, Қадыр ағам қақпаны жауып жатыр екен.

ҚАЛЖЫҢЫ МЫҚТЫ ҚҰРДАСТАР

Қазақ поэзиясының шынайы дүлдүл­дері Тұманбай Молдағалиев пен Қадыр Мырза Әлінің құрдастық қалжыңдары туралы айтар әңгіме көп. Жаны жайсаң ағаларымыздың қасында біраз жылдар бірге жүріп, көңіл сырларын өз ауыздарынан талай тыңдаған бізде де арман жоқ шығар. Өз басым олардың көзін көріп, тірлікте жылы сөзін көп естігенімді мақтанышпен еске аламын, тағдырымның ерекше сыйы ретінде бағалаймын. Менің «Жаңғырық», «Кие» атты жыр кітаптарыма Қадағаң мен Тұмағаң сияқты ғажайып сөз зергерлерінің өз тілектері бойынша алғысөз жазып бергенін шығармашылық жолымдағы ең бақытты оқиға деп санаймын.

Қос алыппен жақын танысып, қоян-қолтық араласуыма өзім басқаратын «Қазығұрт» баспасы себепші болды.

2001 жылдың қоңыр күзі еді. Қызмет телефоным шырылдады. Тұтқаны көтерген біздің баспаның Бас редакторы Ұлан Оспанбай маған қарап:

– Темке, сені сұрайды, – деді.

– Кім екен?

– Тұманбай Молдағалиев.

– Тұмағаңның өзі ме? Әкел, – деп тұтқаны алдым.

– Темірғали батырсың ба, ей?! – Ол кісі басалқалы дауысымен көтеріңкі сөйледі.

– Иә, мен аға. Сәлеметсіз бе? Тыңдап тұрмын.

– Амансың ба, қарағым? Мен өзіңе жолықсам деп едім. Кеңсең қай жерде? Қашан барғаным дұрыс? Жұмыста боласың ба?

– Қазір келе беріңіз, аға, – деп, мекен-жайымызды айттым. Сүт пісірім уақыт өткен соң халқымыздың мақтанышына айналған алып ақынды кеңседе отырып күткенім ыңғайсыз болар деген оймен есіктің алдына шықтым. Тұмағаңның қандай мәселемен келе жатқанын ішім сезеді. «Қадырдың көптомдығы шыққан баспадан мен де кітаптарымды шығарамын», – деп жүргенін естігенмін. Қадыр ағаның өзі де айтқан.

Тұмағаң келді. Мені бауырына басып:

– Бәсе, телефондағы дауысыңа қарап-ақ бас терісі келіскен жігіт қой деп едім. Мен де адам танимын ғой, – деді жылы жымиып, – Менің Қадыр құрдасымнан үйренетін нәрсе көп. Ол өліп кетсе де жаман адамды жағаламайды. Сенің мықты екеніңді содан-ақ білгенмін.

 – Көңіліңізге рақмет, аға! – дедім, оның алғаусыз ақ пейіліне риза болып.

Әйгілі ақынды ішке ертіп кірдім. Сырт киімін іліп, алдына шәй әкелдірдім. Екеуміз ұзақ-сонар әңгімеге кірістік. Тұмағаң баладай аңқылдақ, ақкөңіл адам екен. Өзінің өлеңдері сияқты көңілі мөлдіреп тұр. Бала құсап, желпініп, мақтанып та қояды. «Қалай дейсің?», «Солай емес пе?» деп, өзінің сөзін құптатып отырады. Бар сырын баласына айтқандай ақтарып жатыр.

– Қадыр маған көптомдығын сыйлады, – деді бір кезде. – Ғажап шыққан екен! Тамсанып, қарай бердім. Пішіні де, безендірілуі де келіскен, сұлу дүние болып шығыпты. Кітап деген осындай болу керек! Қадырдың өзі сияқты, ешкінің асығындай екен.

– Пішінін Қадыр ағаның өзі таңдаған. Есениннің форматы дейді. Есенин өзінің кітаптарын үнемі осы пішінмен шығарған көрінеді. Нағыз поэзиялық пішін емес пе? – дедім, Тұмағаңның қолына айтылып отырған кітаптың бір данасын ұстатып.

– Есенинді қайдам, нағыз Қадырға лайық формат екен, – деді ол кітапты аударып қарап. – Маған мұндай формат келмейді. Менің кітаптарым үлкен форматта болуы керек. Талай дүнием бар. Қадырдыкі он екі томмен бітті ме?

– Жоқ аға, ол кісінің жазғаны отыз томнан асады.

– Қазіргісі он екі ғой?

– Иә. Он екі том.

– Менікі он төрт том болады. Үлкен форматпен. Мен де Қадырдан аз жазбағам. Әзірге он том етіп шығарып берсең, қалғанын кейін қоса береміз. Құрдасымен бәсекелесті демессің. Бірақ Қадырдан қалғым келмейтіні рас.

Тұмағаңның он төрт томын бес мың дана таралыммен шығаратын болып келістік. Қаражатын екеуміз бірлесіп қарастыратын болдық. Тәуекел!

– Мен саған Қадыр емеспін, – деді ол кетерінде тағы да құрдасын алға тартып, – Әлі-ақ өзіңе ат мінгіземін. Менің әкем соғыста кеткен. Ақшадан өлген жоқ. Сондықтан қаламақы бер деп сені мазаламаймын. Керегі жоқ. Тек көзім тіріде томдарымның толық шыққанын көріп кетсем болғаны.

– Аға, Алла жазса, бәрі де шығады. «Әрекет түбі – берекет» деген бар. Әрекетке кірісейік, – деп шығарып салдым.

Екі данышпан. Екеуі құрдас. Араларында сыйластықтың шегінен шықпайтын әдемі қалжың жүреді. Ұлы адамдардың қалжыңы да ұлы болады. Бірде:

– Тұманбайды бір жолы қатырдым, – деді Қадыр аға күліп, – Оның менен үш ай кішілігі бар. 50-ге толғанда да, 60-қа толғанда да мерейтойларымызды тойладық. Тұманбай маған қарап отырады. «Қадыр не істер екен?» дейді. Содан кейін тура менің істегенімді айнытпай қайталайды. Мен де оны біліп алғам. 1995 жылы алпысқа толдық. Тұманбай әдетінше маған қарап отыр. Алматыда да, туған өңірім Оралда да той өтті. Жымпиты ауданында жиын болып, өскен жерімдегі өзім оқыған орта мектепке менің атым берілді. Елге рақмет! Сый-сияпаттан кем қылмады. Алматыға оралған соң Тұманбай іздеп келді. «Ал, не болды?» – деді. Бәрін тәптіштеп айтып бердім. Бірақ мектепке менің атымды бергенін бүгіп қалдым. Әдейі айтпадым. Жазға қарай Тұманбай да тойға кірісті. Құдды менің айтқанымдай қылды. Айнытпай жасады.

Арада екі-үш жыл өткен. Бір жиында Тұмаш екеуміз оңаша сөйлесіп отыр едік, сөздің орайы келгенде:

– Қадеке, осы сен қай мектепте оқы­ғансың? – деп сұрады ол.

– Мен ауылда, өзімнің атымдағы мектепте оқығанмын, – дедім мақтана сөйлеп. Тұмаштың аузы ашылып қалыпты.

– А-а! Қалайша? Қашан беріп еді атыңды? – деп көздері шарасынан шығып бара жатыр.

– Тұмаш! – дедім арқасынан қағып қойып, – алпысқа толғанымда өзім оқыған мектепке менің атымды берген.

– Сен, сен… Айтпадың ғой, – деді ол қипақтап.

– Есіңде болсын, нағыз ұстаз шәкір­тінен әрқашан бір құпияны жасырын ұстайды. Мен сенің әрі ағаң, әрі ұстазың емеспін бе? – деп едім, ол күйіп-пісті.

– Әй, Қадыр-ай, қусың ғой. Бұл жолы сен мені қатырдың, – деді күліп.

Негізі, оның да мені сөзден ұтқан кезі көп. Жастау күнімізде бір өлең жаздым. «Хулиганский» өлең еді. Ең соңғы түйіні «Абай менен екеуміздің арамызда бала жоқ» деп бітетін. Абайдан кейінгі мықтың – менмін деген сөз ғой. Ол өлең газетке де шықты. Тұманбай құрдасым не дер екен деп жүр­дім. Ол ештеңе бай­қа­мағандай, үн­де­меді. Арада бір­аз уақыт өтті. Бір кү­ні ол:

– Қа­д­ыр, сен жалпы сол өлеңде өте дұрыс айт­қансың, – деді. Оның бірдеңе айтатынын сезіп, ішім қылп ете қалды.

– Қай өлеңді айтасың? – дедім түк білмегенсіп.

– «Абай менен екеуміздің арамызда бала жоқ» дегеніңді айтам. Дұрыс. Мен сенен үш ай кішімін ғой. Сондықтан мен ол тізімге кірмеймін. Демек, менің сенен де мықты екенімді мойындағаның ғой, – деді ыржиып. Сол жолы мен жеңілдім.

Қадыр аға Тұмағаң құрдасы туралы көп айтатын. Қалжыңмен сойып отырғанмен, оны баладай жақсы көреді. «Қысыр сөз күлмекке жақсы» деп қойып, сөзінің арасына Тұмағаңды қыстырып жібереді.

Бірде Тұмағаң да Қадыр құрдасы туралы қызық әңгіме айтты.

– Мына Қадыр кіп-кішкентай болып алып, үнемі менің алдымда жүреді, – деді ол. – Үнемі солай. Менен үш ай ғана үлкендігі бар. «Маған «аға» деп сөйле. Сен менің өкшемді басып келе жатқан інімсің ғой, – деп күледі. Ол менен бір жыл бұрын Ленин комсомолы сыйлығын алды. Менен бір жыл бұрын Мемлекеттік сыйлықты алды. Енді, міне, көрмейсің бе, менен бір жыл бұрын көптомдығын шығарып тастады, – деп Тұмағаң күлімсіреп маған көзін қысып қойды. Содан соң дауысын бәсеңдетіп, қулана сыбырлағандай болды, – мен енді ойлап жүрмін, біз де 95-96 жасқа келеміз ғой. Сол кезде бұл Қадыр ана жаққа да менен бір жыл бұрын кететін шығар деймін.

Мен Тұмағаңның бұл сөзіне күліп жібердім. Ол өзі де алақанымен аузын басып, рахаттана күліп алды. Әлден соң ғана қалтасынан беторамалын алып, жасаураған көздерін сүртіп жатып:

– Жоқ, олай болмайды екен, – деді ол көкірегін кере дем алып. – Зиратының басында мен еңкілдеп жылап тұрсам, Қадырға одан асқан бақыт жоқ қой. Жоқ, болмайды екен. Мен бірінші кетуім керек.

– Қойыңызшы, Тұмаға, жаман сөз айтпаңыз, – дедім күліп.

– Жаман сөз айтқан жоқпын ғой. Сона-а-ау 95-96 жасқа барған соң дей­мін. Соған жетейік. Әй, бірақ Қадыр онда да менің алдыма түсіп кетеді-ау. Өйткені оның алда жүруі табиғи заңдылыққа айналып кеткен.

Қазір ойланып отырсам, Тұмағаңның сол сөзі көп жыл бұрын айтылған зілсіз әзіл болғанмен, негізсіз емес екен. Олар 95-ке жетпеді демесеңіз, Қадыр аға бұл жолы да құрдасының алдын орап кетті. Қадырмен қоштасқан қаралы митингте сөйлеген сөзінде Тұмағаң нағыз ақын ретінде ішкі сезімін іркіп қала алмады. Қоштасу өлеңін оқыды. «Үш ай ғана үлкен болсаң да «аға деп айт», – деуші едің, енді сендей ағаны қайдан табамын?» – деп егілді. «Бақұл бол, асыл ағам!» – деп жылады. «Сенсіз енді не қызық бар?» – деп шерленді. Қадыр ағаның зиратының басында тұрып, қабырғасы қайыса еңкілдеді. «Ағасы» ана жақта жалғызсырайды деді ме екен, артынша өзі де аттанды. Құрдастықтың қадір-қасиетін терең танытқан, қайран, қазақтың асыл текті данышпандары-ай! Олар өздерімен бірге қазақ поэзиясының тұтас бір дәуірін ала кетті.

 

ПІКІРЛЕР1
Аноним 13.01.2020 | 23:11

Керемет екеуі де менің сүйікті ақындарым. Әсерлі әңгімеңіз үшін үлкен рақмет!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір