Роллан соқпағы
Көрнекті жазушы Роллан Сейсенбаевтың шығармашылығы туралы ой толғаған өзге ұлт қаламгерлері баршылық. Мұндай игі дәстүр бұл күндері тамырын үзіп бара жатқандай. Осы жайды ескере отырып, төмендегі екі жазушының Роллан жайлы жүрекжарды сөздерін жариялап отырмыз.
Герольд БЕЛЬГЕР
«Роллан Сейсенбаев» деген есімді, ұмытпасам, өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Алматыда өткен жас жазушылардың кеңесінде естідім. Сол кеңесте оның өткір сөздері де жадымда қалыпты. Жап-жас жазушыға сөз берген Олжас Сүлейменов болатын.
«А-а, – дедім Олжастың арнайы сөз бергеніне қарағанда бұл жас жігіт көп оқыған талантты жігіт болды». Бұл сөзімді Асқар Сүлейменов те растады. Қазақтың марқасқа қос Сүлейменовы сенім артып, үміттей үкілеген жас жігіттің тегін адам болмайтындығын ішім сезген.
Роллан Сейсенбаев сол жас жігіт кезінен-ақ ақыл-парасаты биік болатын. Әдебиеттегі тағдырын тым ерте айқындап алып, тұрғыластары шетте қара жерді таптаурын қылып жүргенде, ол үзеңгілестерінен үзіліп шығып, еркін һәм сенімді қалпында өз соқпағын айқындап кете барған.
Қазақ елінің қуатты әдебиетінде ол бүтіндей бөлек, оқшау құбылыс еді. Роллан өзі ғана ұмтылған асау соқпақты таңдап жалғыз кеткен; тіптен көңіл алаңдатқан қызыққа, ұсақ атақ-абыройға, далаңбай Даңққа назар да салмаған; үйткені оның ұмтылысы нағыз жазушы болуды, нағыз суреткер болуды, Дешті-Қыпшақ мәдениетінің нағыз иесі болуды, қазақ елінің нағыз Азаматы болуды көксеген. Сол үшін арын да, жанын да салған.
Ол бізге осы жанқиярлығымен қымбат. Қазақ әдебиетінде ол ешкімге ұқсамайды.
Үйірінен үзіліп бөлек оқшау жүрер, еркін мінезді жылқыны қазақтар саяқ дейді.
Маған Роллан Сейсенбаев қазақ әдебиетіндегі саяқ арғымақ болып елестейді де тұрады.
Үйткені, неге болса да оның өз көзқарасы, өз ой қатынасы бар, ол әлемді өзінше қабылдайды, оның рухани діңгегі берік, адамгерлік ұстанымы – Абай, Махамбет, Шаһкәрім, ол қай ортада болса да, қайда жүрсе де руының, ұлтының, халқының намысын ардақтайды, һәм қорғайды. Ол заманның ұсақ-түйек күйбең тіршілігіне пысқырып та қарамайды, оның өз тақырыбы, өз танымы, өз көру қабілеті, өз жазу тәсілі, өз стилі, ең бастысы, оның адамгершілік қабілет-қасиеті, тәрбие-тағлым аясы терең әм биік.
Ол өзін де, өз творчествосын да, өзінің әдеби, редакторлық, баспагерлік миссиясын да, кең даладағы аласа қорғанның төбесінен емес, әлемдік цивилизациясының биігінен көріп тануға дағдыланған, соған ұмтылған.
Менің сөзіме шүбә келтірсеңіз, оның прозасын, пьесаларын, өткір публицистикасын, өміршең эсселерін оқыңыздар, әлем мінбелерінен сөйлеген отты ойларына, нағыз Азамат Тұлғаға айналған еркіндігіне назар салыңыздар.
Қазақ мәдениетінің алтын сөресіне, өз елінде жапа-жалғыз, үй-күйсіз жүріп-ақ әлем әдебиетінің 200 томдық кітаптарын қазақ халқының алдына тізіп қойды. Екі жүзінші томды Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ақыл-парасат» кітабына берді. Сол кітапқа аса терең ойлы сөз жазды. Ол қазақ елінің Президентін де, кемеңгер адамның сөзін де, Қазақ мемлекетінің қайыспас қайсарлығын да терең танып, терең ой айтады. Біздің ортада сирек туар адал ойлар, оқшау пайымдар.
Әлемдік мәні мен мағынасы бар «Аманаттай» әдеби журнал шығарды. Роллан 15 жыл бойы үкілеп шығарған «Аманат» – қазақ халқының болашақ ұрпағына бағышталған концептуалды ой-толғауы. Арманды ой аманаты.
Қазақ жазушысы Роллан Сейсенбаевтың дәл бүгін Қазақстан Республикасының мектептеріне, колледждеріне, университеттеріне лайықтап әзірлеген әлем әдебиетінің 100 кітабы мәдени өміріміздегі ең бір айтулы құбылыс екені айқын.
Бұл үшін біз қуануымыз керек-ақ.
Роллан Сейсенбаевты мен осылай көрем. Осылай ұғам.
Менің білетінім: Ролланның тындырған жұмыстарының айтары шексіз.
Менің білетінім: ол кемел суреткер. Қазақ әдебиетіне ғана емес әлем әдебиетіне сіңірген еңбегі өлшеусіз.
Менің білетінім: оны қазақтардың терең танымайтындығы. Кітаптарын оқымағандығы, көзге ілгісі келмейтіндігі.
Менің таңқалатыным: соның біріне де Ролланның кейімейтіндігі, өкпе айтпайтындығы. Атақ-даңққа кеуде керіп жүгірмейтіндігі. Байлыққа қызықпайтындығы.
Өзінің творчествосында, редакторлық жұмысында ол кең ауқымды, жаһанды тебіренткен сұрақтарға терең жауап береді. Оның ой айдынынан ата-бабаларының адамгершілік қағидалары бой көтереді.
«Атаның баласы болма, адамның баласы бол» деген Абай бабасының ғұлама сөзі Роллан Сейсенбаевтың өмірінің де, өнерінің де асыл қазығы болып табылады. Ол өзінің қазақ өлкесіне әлемдік рухани биіктен қарайды.
Он жеті жасында жазған «Намыс» повесіндегі мына сөздерге зер сал оқырман. Роллан бауырым жан сырын ашып ой толғайды.
Мен аңыраған ақ жазықтың төсінде, иесіз қалған биік тас қорғанның түбінде тұрмын! Бұл мола кімдікі? Әулиенікі ме? Батырдікі ме? Ақындікі ме? Қай ғасырдың еншісі?..
Жауап жоқ.
Дел-сал дала үнсіз.
Кеудесімен көк тіреген тәкаппар таулар үнсіз.
Алып Аспан үнсіз.
Балтық жағалауындағы сұрғылт орман қойнындағы, Қара теңіз аймағындағы, Мадьяр даласындағы, Пуштадағы, Кавказ бен Қырымдағы, Парсы мен Месопотамиядағы алып қорғандар да үнсіз қалған. Бабаларымның қара тері сіңіп, қызыл қаны жүгірген ұлан-ғайыр кеңістік үнсіз.
Қара Жерді қоныстаған халықтардың тағдыры бөлек, ал өжет, асыл ұлдарының тағдыры бір.
Менің халқымның тарихы – жаңбырлы күздің жарқылындай еміс-еміс тас түнекті жарып шығар қым-қуыт сәуле. Мен сол сәуленің елесін болса да көз алдыма елестеткім келеді.
Менің даламның тарихы – өмір бойы толғақ қысқан әйелдей жанталасқан арпалыс тағдыр. Сол тағдырды ұқсам деп ем.
Керенау далам, өз күйіңді өзің шертсейші!
Айтшы, селеуі теңселген сары жазығым не дейді?
Оймақтай көгілдір көлдерім не дейді?
Қазақ даласында өмірге келіп, өмірден өткен бабаларымның тағдыры туралы жыр толғатсайшы! Қолтығымнан жебе, туған жер!.. Алтын бесік асыл далам қолда мені!..
Керенау далам, өз күйіңді енді өзің шерт. Сөйле дала!.. Сөйле дала… Сөйле… Дала… Сөйле…
Аңыраған ақ жазықтың төсінде иесіз қалған тас қорғанның түбінде тұрмын. Көк аспанды тіліп өткен реактивті самолет, сол көк аспанда аппақ із тастап талмай зымырап әуелей ұшып барады.
Отан, Дешті-Қыпшақ даласы, ұлы бабалар, тарих һәм бүгінгі тіршілік, Отан алдындағы адамдық борыш, сол Отанның рухани түлеуі, әлемнің мәдениеті биік өркениетті еліне айналуын аңсауы, сол үшін ауруы, сол Атамекен үшін қуануы осының барлығы Қазақстанның мәдени аспанында айрықша құбылыс болып көтерілген әм жарық жұлдыздай жанып тұрған Роллан Сейсенбаев екенін ендігі жерде айтпауымыз кінә де, күнә де болар деген ойға берілетінім бар.
Айтпағым да осы еді.
Ақырзаманның еркін шапқыншысы
Тимур ЗУЛЬФИКАРОВ
Роллан Сейсенбаевтың оттай ыстық шығармалары туралы ой-толғауымды қағазға түсіру көптен ойда жүрген. Оның үстіне екеуміздің ұзақ жылдық қимас қадырлы достығымызды бізге Тәңірдің өзі сыйға тартқан; сонан да балдай тәтті ынтымақты тілегіміз, қайта құру белесінен, орыс Империясының күйреуінен, инфаркт-инсульттен, есік қаққан қарттықтан, әм алыста болса да біздің жаққа көз салып қойып жүрген кемпір-өлімнен қаймықпайтын. Тіптен олармен шаруасы да жоқ еді.
Роллан менің есімде өрекпіген жас, қолы ашық Хан қалпында қалыпты. Оны қашан да күндей күлімдеп, тал шыбықтай бұралған, үлбіреген сұлу қыздар мен аздап шарап ішіп, көңілдерін асқақтатқан талантты ақындар қоршап жүретін.
Нағыз жазушы той ғой!
Олардың ұзақ көңілді күлкі мен қалжыңға толы орталарында шараптан қуаттанып, күлім қағып мен де талай рахаттанып отырушы едім-ау.
Роллан қашан да қуаныш жанартауы болатын!
Кейін сол таусылмас өмірлік қайратты Роллан тірі жазушы сөзіне ілестіріп жүре берді…
Данышпан Георгий Гачев оның «Құм кезген өліктер» романы туралы ғажайып эссе жазды. Онан артық жазу мүмкін емес.
Арыстан өткен жерден құмырсқа не тапсын?..
Бірақ Ролланның қарасөзбен жазған алып поэмаларының пәлсафалық әм көркемдік өрнегі туралы бірер ойларымды айтуға өзімді қақылы санадым.
Әрине, оның романдары эпикалық поэмалар…
Поэма сөз өнерінің асқақ жанры. Сол жанрдың биік шыңы десек болады.
Одан биік тек қана пайғамбарлық көріпкелдік пен ойшылдардың оқтай жылдам түйсігі ғана.
Ал біздің эпик ақынымыздың — Ролланның шығармалары өмірлік ақыл мен жан түршігерлік сырға толы. Бұл ақынның көріпкел болжамы. Әлем туралы ойы. Ана-Жердің төсінде қан жылап жатқан сұмдықтар туралы ойы, ақырзаман белгілері атойлаған кесепаттар туралы ойы.
Бәлкім, бұл шығарма қазақтың «Тынық Доны» болар.
Кеңдік, таным, уақыт ой ауқымы соны танытады! Қайран, аласұрған құйын дауылды Дешті-Қыпшақ даласы!..
Ақырзаманның шапқыншылары арғымақтарын аспанға секіртіп, даланы дүр сілкіндірді. Олардың өз тақырып-мәтіндері бар.
Солардың қақ ортасында жазушы Роллан Сейсенбаев…
Құмға тұншыққан Аралдың үстімен ұшқанда – бала кезімде «Сталинабад–Москва» поезының вагонынан ыстық құмға секіріп түсіп, «Арал» станциясының алтын балыққа толы базарына, ылғи ақ адал күлімсіреп тұратын балықшыларына таңырқай қараушы едім – мен ылғи да «Құм кезген өліктер» романын есіме аламын.
Тағы да есіме алатыным, құмға тұншыққан Аралдай болған Кеңестер Державасы болатын.
Арал судан қаталап өлген жоқ, оны қинап, қорлап өлтірдік.
XX ғасыр ұлттарды… мемлекеттерді… теңіздерді ойланбастан құрбандыққа қия беретін.
О!.. Қайдасыңдар қайран, майлы алтын балықтарым!
Қайдасыңдар, ылғи күліп қана тұратын ақ адал Арал балықшылары?
Арал қайда?
Кеңес Одағы қайда?..
Оларды өлтірген қаныпезерлер қайда?
…Романның финалында бас қаһарман балықшы Насыр шал Тәңірдің өзімен жекпе-жекке шығады. Кәрі балықшы айтады:
«О Құдай, мен өлімнен де, тозақ отынан да қорықпаймын. Сен менің тентіреген байғұс халқыма көмек жасасайшы, а?.. Көк теңізіміз өлді. Енді Балхаш өлім халінде, ертең Зайсан өледі. Кәрі Ертіс те суалып болды деседі. Дешті-Қыпшақ даласының тең жарымы шөлді әм шөлейт құмға айналды. Ертең Ана-Жер мен Адамның өзі де құрып бітеді. Саған керегі сол ма?!
О, қымбатты Роллан!
Аралдың қарт балықшысының жалбарынған өксік үні Адамзат баласының басына қайта төнді…
Он мың Атом бомбасы өз сағатын тосып дайын жатыр!..
Ақырзаман Сағатын!..
Сонда бүкіл Қара жер Семей полигонына айналады. Сен соны болдырмаймын деп талмай жаздың, жан даусыңмен ышқына айғайладың.
Егер жазушылар мен пайғамбарлар айғайлап, сес көрсетпесе, – үндемесең Құдайды сатқандығың емес пе? – онда он мың атом бомбасы өз сөзін сөйлейді, ол кезде ұйықтап жатқан, жеп жатқан, ішіп жатқан, үнсіз күн кешкен Адамзат баласының төбесінде он мың атом бомбасы соңғы Салтанатты салют ашады.
Қадірлі жазушы, ақын, пайғамбар Роллан Сейсенбаев!
Сенде ұйқы жоқ!..
Сен жан даусыңмен айғай салудасың!.. Жан салып азан шақырудасың!..
Сен ұйықтап жатқан немкетті адамдарды оятудан бір таймадың. Бұл көзсіз ерлік, дұрысы Рухани ерлік еді.
Сен сағымдай Даңқтың соңына түсіп жүгірген жоқсың, көңілсіз Байлыққа да қызықпадың!..
Сонан да сенің жүрегіңе екі операция жасалды, жеті жамау (шунт) тігілді, сенің қайғың көктемде құлпырған Дешті-Қыпшақ даласындай, жанашырлыққа толы.
Адамды ұлылық тұғырына пәк адамгершілік, ұлы жанашырлық, теңдессіз имандылық қана көтере алады.
Сенің азаматтық ерлігіңе басымды ием!
Сені қашан да мерейлі күлкілері езулерінен кетпейтін сұлу әйелдер қоршап, қолдап, әлпештеп жүрсін!..
Сенің қасыңда шараппен қандарын қыздырған жайдары ақындар да бірге болсын.
Көне ойшылдар да!..
Әулиелер де!..
Сөздері найзағайдай жарқылдаған Пайғамбарлар да!..
Бар бол, Роллан!..
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.