Баяғының батырларындай күй кештік
11.12.2019
824
0

Ой іздеген оқырмандар, кең тыныстап керемет демалғысы келгендер, әдебиеттің          аужай­ына қызыққан әлеумет «Қазақ әдебиетінің» әр санын асыға күтетін. Бұқараны ынтықтырған бұл басылым саябақ сияқты. Қатар-қатар бой түзеген қарағайларды аралап жүріп, емендерді көргенде еміренесің. Көк шыршасы көздің жауын алады. Қызылды-жасылды гүлзардың иісі мұрын жарады. Тыныстайсың. Ләззат аласың. Сергисің. Серпілесің. Солай әсерленетінбіз.

Сынадай қағылған сын мақала мен рецензия жарияланғанда «Қазақ әдебиеті» құдды бір кәсіпқой боксшылардың шаршы алаңына айналып, өзі бас төрешідей ерек көрінетін.

Ұмытпасам, 1982 жылдың көктемінде ақын ағамыз Ғафу Қайырбековтің қызын ұзату тойына бардым. Үзіліс кезінде елу жасты еңсере қоймаған Шерхан Мұртаза ағама сәлем беріп ем:

– Сен қазір қайда істеп жүрсің? – деп, қабырғадан қатаңдау сұрақ қойды. «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болып тұрған кезі.

– Ғылыми-техникалық «Білім және еңбек» журналында, – дедім қысқаша.

– Онда кімсің?

– Жауапты хатшы.

– Жаныңа да, жанрыңа да келмейтін жұмысқа басыңды қатырып қайтесің! – деді Шерағаң. – Мансап қуған – мал қораның маңынан шықпайтын адаммен бірдей, айналайын. Неғыласың оны? Бізге кел, «сатира және юмор» бөлімінің меңгерушісі боласың. Келесің бе?

– Келем!

Бітті шаруа! Ертесінен бастап «Қазақ әдебиеті» газетінің «Қожанасыр қоржыны» атты әзіл-сықақ бетін даярлауға кірістім. Сын-сықақ, мысал-мысқыл, әзіл-әжуа, шым­шыма, шаншыма, пародия, эпиграмма, фельетондарымыз соңғы бетке сыймай, тасыған өзендей жайылып, ішкі 14-15 беттерге жарияланып жатты. Атағынан ат үркетін ақын-жазушыларды аяған жоқпыз. Әдеби шығармаларындағы әлжуаз тұстарын әзіл-күлкімен сынап-мінедік. Шымшыманың шебе­рі Шона Смаханұлы ағамыз бір жазғанын қайталап, қырман басқан аттай шыр айналып шиырлап жүргенін эпиграмманың елегінен өткіздік:

«Тақырып табылмаса тым шырайлы, Шымшыған санын қайтып шымшылайды».

Бұған Шөкең ренжіген жоқ. Редакцияға келіп, «Дұрыс!» – деді. Сөйтіп, жаңа жазылған жатыпатарларын ұсынғанын білем.

Аты-жөні аңызға іліне қоймаған, өзіндік стилі біліне қоймаған ауыл-аймақтардағы жас сықақшыларды «Қожанасыр қоржынына» тарту үшін «Сарыауыз сатирик» деген айдар аштық. Қожанасыр аузына түкіріп, бата беріп, суреттерімен таныстыру үрдіске айналды. Ол кезде «Қазақ әдебиетіне» шығудың өзі шыңды бағындырумен бірдей немесе жарты патшалықтай мәртебе болатын.

Келесі жылы «қоржынымызды» қойып, заманға сай «Сатира стадионында» деп өзгерттік. Неге? Жаңалық болсын дедік. Жа­сыл алаңда түсірілген неше алуан футбол­шылардың басының орнына сықақ­шылардың фотосын қиып салып жариялай бастадық. Әзілмен көмкерілген шарж секілді әсерлі болды. Азын-аулақ сықақ­шыла­рымыз­дың атын атап, түсін түстегендей езу тартар эпиграмма жарияладық.

Сатира стадионында

Асқар Тоқмағамбетов, Қазақ ССР сатира «федерациясының» председателі.

«Сатира» командасының негізгі құрамы:

Садықбек Адамбеков

Қорғаушылар:

Балғабек Қыдырбекұлы

Сақтапберген Әлжіков

Жүсіп Алтайбаев (капитан)

Сейіт Кенжеахметов

Жартылай қорғаушылар:

Ғаббас Қабышев

Есенжол Домбаев

Оспанәлі Иманәлиев

Орталық шабуылдаушылар:

Шона Смаханұлы

Үмбетбай Уайдин

Оспанхан Әубәкіров

«Запаста»:

Әбдірахман Асылбеков.

(Негізгі топта ойнайтын шамасы бар,

Бірақ ептеп жылайтын «баласы» бар.)

Аға жаттықтырушы:

Темірбек Қожакеев

Бұларды жұрт қашанда

Құрметпен қарсы ап жүр.

Мыналар ғой:

Мыңбай Рәшев

Қойшығара Салғарин

Қажытай Ілиясов.

«Командаға» бір келіп,

Бір кетумен шаршап жүр.

Е-е оқырманым, елең ете қалдыңыз ба? «Мемлекеттік сыйлықтың иегері, атақты жазушы-тарихшы Қойшығара Салғарин күллі сықақшының ішінде неғып жүр?» дейсіз бе?

Қазақ прозасының іргетасын құймаса да, қабырғасын қалап, қарқынды өсуіне қара терін төккен Әбіш Кекілбайұлы, Оразбек Сәрсенбай, Қабдеш Жұмаділ, Дүкенбай Досжан ағаларымыз әу баста әдебиеттің табалдырығын өлеңдетіп аттағаны әмбеге аян. Бұ кісілердің алғашқы кітаптары лирикалық өлеңдер болатын. Сол сияқты Қойшекең де ақын еді, тұңғыш жинағының аты – «Ілгешек». Лирика емес, сатиралық өлеңдер топтамасы. Келе-келе прозаға ауысты.

Сатираның төсегі

Жайлы емесін білді ме?

Үнсіз кетті, тым-тырыс,

«Ілгешегін» ілді де! –

деп, қалжыңбастар қауымының атынан іздеу салғанбыз. Мәнісі – сол. Қазір қарап отырсам, о, заман-ай, «Сатира» командасының сол кездегі құрамынан көзі тірі үш-ақ кісі қалыпты-ау… Шерағаң тұсындағы «Қазақ әдебиетінде» ағалап алдыңнан шығып, «ініңмін» деп ізет білдіретін Әбірәш Жәмішев, Оразбек Сәрсенбаев, Қоғабай Сәрсекеев, Оралхан Бөкей, Сайлаубек Жұмабе­ков, Кеңшілік Мырзабеков, Төлеген Тоқбер­генов, фото тілші Әуез Бейсебаев, Сайлау Пернебеков, Берсінбек Сәрсеновтер бүгін­де бақилық. Жүзі жоқ, сайрап жатқан ізі бар. Міне, «Қазақ әдебиеті» тарихының бір тарауы. Отқа түстік – күймедік, суға салды – батпадық. Баяғының батырларындай күй кештік.

Бас редактордың орынбасары Әбірәш Жәмішев кабинетіне шақырып:

– Асқар Тоқмағамбетовті көрдің бе? – деді.

– Көрген емеспін.

– Қызылордаға бар, көріп қайт, – деді, – Асекеңнің кәрі қойдың жасындай жасы қалды. Ұмытылып барады. Көңілін көтеретіндей мақала жазып кел.

– Мақұл, аға!

Асекеңе арнайы барып, азаннан кешке дейін әңгімелестім. Қажымұқан, Күләш Байсейітова, «Мың бір түннің» төрт томын аударған Қалмахан Әбдіқадыров туралы естеліктерін оқыды. Әзіл-сықақ жөнінде де сыр шертістік. «Қожанасырдың үрім-бұтағымен сұхбат» атты мақалам бір бетке жарияланды. Бір өкініштісі,  Асқар ағамен суретке түспеппін. Қазір айтсаң, адам сенбейді. Бас редактор Шерағаң: «Сәтті түсірілген фото бір повестің жүгін арқалайды», – дейтін. Бірге түскен суретіміз болмаса да, көп дүние көз алдымда.

Шерағаның шекпенінен шығып, саяси-сатиралық «Ара» журналына ауыстым. Қайта айналып қазығын тапқан ат секілді «Қазақ әдебиетіне» қайта оралдым. «Қашан? Қай жылы?» дейсіз бе?

Ғасыр мен ғасыр тоғысында Ұлықбек Есдәулет досым «Қазақ әдебиеті» газетіне бас редакторлыққа тағайындалғасын:

– Маған орынбасар боласың ба? – деп қолқа салды.

– Бола алмаймын.

– Е, неге?

– Ұлаш-ау, мен – құйрығым жер иіскемейтін адаммын. Анда-мұнда баруым керек, жүріс-тұрысым көп. Сен одан да сатира бөлімін бер, зырылдатып жүргізейін.

– Жарайды, – деді Ұлықбек, – зырылдатсаң зырылдат. Бірақ атақты ақын-жазушылар мен өнер адамдарынан сұхбат алып отырасың. Сенің қолыңнан келеді.

– Бұрын-соңды айналыспаған ісім еді…

– Нар тәуекел! Алғашқы сұхбатты Заманбек Нұрқаділовпен жүргіз. Тырнақалды сұхбатыңды жуамыз.

– Мақұл!

Екінші тынысым ашылғандай болды. Айқара беттерге алуан-алуан сұхбаттарым жарияланып жатты. «Қазақ әдебиетіндегі» сан-салалы «әңгіме-дүкендерім» үшін 2004 жылы журналистика саласы бойынша Президент сыйлығын иелендім.

«Ештеңені ертеңге қалдырма. Дәл бүгін істеген сәтті тірлігің ертеңгі күнгі бақытқа апаратын баспалдақ» дейді көне көз қариялар. «Қазақ әдебиеті» – қаламыма қанат бітіріп, қадамыма сәттілік тілеген баспалдақ.

Көпен Әмірбек

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір