Осыдан 30 жыл бұрын…
10.12.2019
895
0

«Қазақ әдебиетіне» 1989 жылдың 4 сәуірінде республикалық жастар газетінен ауысып келдім. Алты жылдан аса қызмет істедім. Қызықты да, шыжықты да көп көрдік. Мені әдеби апталыққа шақырған бөлім меңгерушісі, белгілі журналист-жазушы Дидахмет Әшімханов еді. Әрине, өз ортасында беделі зор ағамыз шақырғанымен, әдебиеттің небір марғасқалары мен саңлақтары төріне берік жайғасып алған қара шаңырақтың босағасынан аттау оңай болған жоқ. Бас редактордың орынбасары Оралхан Бөкеевтен бастап, газет басшысы Шерхан Мұртазаның өзіне дейін төрт-бес адамның сынағынан өттім-ау деймін. Абырой болғанда, жауапты хатшы Тұтқабай Иманбеков кезінде журналистика факультетінде бізге дәріс оқып, жазу-сызу жағынан белсендірек болғанымызды көңіліне сақтап қалыпты. Редакция алқасының мүшелері түгел жиналып отырған бір сәтте, соны есіне алды. «Ал, онда, Тұқа, мықты шәкіртің болса, қарсылық жоқ. Іске сәт дейміз»,– деп, қабағын сәл ашқан Шерағаң гүр ете түсті. Қабылдандық.

«Енді өзіңді көрсетуің керек», – деп, далаға шыққан соң, менен бұрын қуанған сол Ди-ағаң болды. Содан көптен ойымда жүрген бір-екі тақырыпты ұсынып, командировкаға сұрандым. Ол кезде бүгінгідей емес, журналистерге іссапарға шығуға, ізденуге мүмкіндік мол еді. Үш күндей Балқаш жаққа барып келіп, «Картада жоқ қала» деген алғашқы мақаламды әзірлеп әкелдім. Бұл, шынында да, ел тарихындағы тосын жаңалық еді. Балқаш көлінің күнбатыс жағалауында қаншама жыл бойы, ың-шыңсыз, «Үлкен» атты құпия қаланың салынып жатқанын қалың оқырман алғаш рет «Қазақ әдебиеті» арқылы естіді. Бірден айтайын, тікелей Мәскеуге бағынатын жабық қалаға кіру де оңай болған жоқ. Әйтеуір, Күрті аудандық партия комитетіндегі таныс жігіттердің көмегімен «балықшылар» қатарына қосылып, бір күн армансыз араладық. Бес, тоғыз қабатты үйлер, түп-түзу көшелер, жарқыраған алаңдар, гүлзар бақтарды былай қойғанда, Қазақстанның басқа елдімекендерінде кездеспейтін ет-май, қант-кәмпит, азық-түлікке сықа толған дүкендерді көргенде, аузымыз ашылып қалғанымыз есімде. Заттардың бағасы да арзан. Соған қатысты келтірілген біраз цифрлар мен деректерді мақала жарияланарда «Лито» дейтін баспасөздегі құпиялықты қадағалайтын бөлім алдырып тастады. Соның өзінде де, жұрт арасында едәуір алаңдаушылық тудырған тосын материал болды. (Байқап отырсам, бүгінгі күні де сол қауіп бұлты қайтадан қоюлана бастаған сияқты. Өз мүддесін қашанда бірінші кезекке қоятын Мәскеу «Үлкен» қаласын қайтадан жаңғыртып, атом электр станциясын салуды көздеп отыр).

«Қазақ әдебиетінде» біз сияқты жастарға шығармашылық ізденіске кеңінен жол ашылды, арқасүйер ағаларымыз болған соң, біз де қаламды еркін сілтедік. КазГУ-дің атшаптырым аумағында жоғалған студент қыздар туралы жазылған «Хабарсыз кетті демеңіз…» деген мақаламнан кейін, тақырып ауқымы да көбейді. Бұл кезде жариялылықтың екпінімен Балтық елдерінде, Әзірбайжан мен Грузияда, біздің Жаңаөзенде үлкенді-кішілі толқулар жүріп жатқан еді. Соларды көріп, «Осы демократиялық сілкіністің бастауында тұрған, тоталитарлық жүйенің тоңын жібіткен Желтоқсан тақырыбын неге көтермеске?» деген ой түсті. Оның үстіне, Мұхтар Шахановтың ықпалымен құрылған Желтоқсан көтерілісін зерттейтін Парламенттік комиссияның сарапшылар тобының құрамына шақырылдым. Бұған қоса, Қазақстан Жазушылар одағы жанынан құрылған Қоғамдық комиссияда (төрағасы – белгілі жазушы Тұрсын Жұртбаев) жауапты хатшы болып қабылдандым. Аяқ астынан қайнаған істің ортасынан бір-ақ шықтым. Ақиқат іздеп сабылған жұрт Үкімет үйіне орналасқан Парламенттік комиссиядан гөрі жазушылардың осы қара шаңырағына көп келуші еді. Оның себебі белгілі де – алаш рухы сақталған жалғыз рухани орта Жазушылар одағы болса, үні – «Қазақ әдебиеті» еді. Праволық комиссияның қызметі мен қаламгерлердің белсенділігі туралы Т.Жұртбаев «Жұлдыз» журналында «Оларды да ұмытпайық…» деген эссесінде толық жазғандықтан, көп тоқталмаймын. Тек, барлық ақпараттар мен материалдардың қолымызда болғанын ғана айтайын.

Сонымен, куәлардың көрсетуімен жинақталған алуан түрлі деректердің негізінде «Желтоқсан жаңғырықтары» атты зерттеу мақаламызды әзірлеп, қазан айында «Қазақ әдебиеті» газетінің басшылығына ұсындық. Материалмен редакция алқасы жеке-жеке танысып, жариялауға келісімін берді. Дегенмен Шерағаң сақтық танытып, еліміздің Сыртқы істер министрі Михаил Есенәлиевке бір көрсетіп алу керек деп шешті. Өйткені Есенәлиев те осы тақырыпқа бір мақала жариялаған еді. Шерағаң кабинетіндегі «кремлевка» дейтін телефонмен әлдекімге қоңырау шалды. «Ертең сағат 12-00-де Есенәлиев күтетін болды. Мақаланың бір данасын ала барыңыз», – деді сосын. Министр келісілген уақытында қабылдады. Сол жерде оқып шығып, «Саяси қате жоқ, бірақ тым ащылау жазылыпты», – дей отырып, «таныстым», – деп жазды да, сыртқы бетіне қол қойып берді.

Қазақ жастарының Мәс­кеу саясатына, тоталитар­лық жүйеге, темір құрсанған қалың әскерге жалаңаш қолмен қарсы шығуы – расымен, теңдессіз ерлік еді. Замандастарымның сол бір көзсіз ерлігін, Желтоқсандағы ащы дауысын, арманы мен өкінішін қағазға боямасыз түсіруге тырыстым. Үш күнгі дүрбелеңде уақытша қамау орындарына 8 мыңдай адам әкелінді. Бұл ресми тіркелгені ғана. Ал комиссия жинақтаған деректерге жүгінсек, үш күнде 60 мыңдай адам алаңға шығыпты. Оның 8 мыңы әртүрлі мерзімге қамауға алынды, 99-ы сотталды,1500 адам әкімшілік-тәртіптік жазаға тартылды. Мыңдаған қазақ студенттері оқудан шығарылды, жұмысшы жастар қызметтен қуылды. Қайрат Рысқұлбеков пен Мырзағұл Әбдіқұлов ату жазасына кесілді. Ербол Сыпатаев, Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова сынды жас өркендер шейіт болды. Дерек-дәйегі осы күнге дейін белгісіз, хабарсыз кеткендер қаншама!

Желтоқсаннан кейінгі екі жылда облыс­тық комитеттердiң 64, қалалық және аудандық партия комитеттерiнiң 630, бастауыш партия ұйымдарының 1836 хат­шысы алмастырылды. Республика жоғарғы оқу орындарының 12 ректоры қызметiнен алынды. Iшкi iстер министрлiгi жүйесiнен 1200 қызметкер қуылды. Екi облыс жабылып, 14 министрлiк пен комитет қысқартылды, 33 мың маман жұмыссыз қалды. Олардың барлығы да қазақ ұлтынан еді…

Оларды қорғау – ұлтшылдықты қорғау екенін мақалаға қол қойған қаламгер ағаларымыз іштей жақсы сезінді деп ойлаймын. Жауапкершіліктің осыншалықты ауырлығына қарамастан, ұлттық мүдде үшін күш біріктіріп, тұншығып жатқан шындықты халыққа жеткізуге батылдықпен қолдау көрсетті. Сөйтіп, «Желтоқсан жаңғырықтары» 1989 жылдың 10 қарашасында жарық көрді. Іле-шала белгілі журналист Ақас Тәжутовтың аударуымен орыс тілінде жарияланды. Одан кейін ақын Ұлықбек Есдәулетов өзінің Әдебиет институтында бірге оқыған достары арқылы латыш, саха, әзірбайжан, түрік сияқты (барлығы 12 тілге) аударылуына күш салды.

Биыл, міне, сол дүбірлі мақалаға 30 жыл толып отыр! Оның тарихи маңызы мен мәні – ақиқаттың қоғамға дер кезінде жеткізілуінде еді. Өйткені дәл осы күндері Жоғарғы Кеңесте депутат Мұхтар Шахановтың Желтоқсан комиссиясы негізінде даярланған баяндамасы жабық жағдайда тыңдалғанын, баспасөзде жариялауға тиым салынғанын көпшілік білмейтін. «ҚӘ»-нің сойқан мақаласы сол билік үшін ашық күнгі найзағайдай болды! Тұғыры шайқалып тұрса да, тегеуріні әлі қатты Орталық Комитет пен қалалық партия ұйымдары ұлардай шулап қоя берді. «Авторы коммунист болса, жауапкершілігі қатаң қаралсын, партиядан шығарылсын» деген нұсқау да келіп түсіті. Олардың сорына қарай, мен партияда жоқ боп шықтым. Алайда қуғындау мұнымен тоқтаған жоқ. Қылмыстық іс қозғалды. Жалғыз мен емес, Прокуратура мен КГБ газеттің барлық қызметкері ұзақ уақыт бойы бақылауда ұсталды. Бас редакторымыз шұғыл түрде «Егемен Қазақстанға» ауыстырылды, газетке Орталық Комитеттен жаңа басшы келді. Жаңа тәртіп орнады. Ол енді бөлек әңгіменің жүлгесі.

Қысқаша айтқанда, жан-жақтан көрсетілген осындай зор қысымға қарамастан, «Қазақ әдебиеті» газеті Алаш арыстарынан қалған ұлттық рухтың қорғанышы бола білді. Сол үшін де желтоқсандық жастардың ұлт газетіне деген ықыласы осы күнге дейін бөлек!

Қайым-Мұнар Табеев

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір