Қонаевтың «Қаһарды» қорғауы
10.12.2019
1480
1

Дінмұхамед Қонаевтың дана адам екенін ерте біліп, оған «Ақылбек» деп ат қойып, керемет кітап жазған Ілияс Есенберлиннің ерекше еңбегін күні бүгінге дейін ешкім білмейді. Жетпісінші жылдары цензура «қауіпті кітап» деп атаған – партия қайраткері Ақылбек (Д.Қонаев) туралы және өзін Айбол (І.Есенберлин) деп шартты атаған қаламгердің «Мұхиттан өткен қайық» атты ғұмырнамалық эссесінің жолы болмады. Кітап отыз жыл баспада сарғайып жатып, 2001 жылы Олжас Сүлейменовтің алғы сөзімен «Жедел басу баспаханасынан» басылып шықты. Тарихи тақырыпта алғаш қалам тербеген Есенберлинді қаламдастары «мұзжарғыш» десе, ал СОКП үшін неліктен ол «сұрқылтай» болғаны дәлелдеуді қажет етпесе керек. Қазақ әдебиетінің қаһарман қаламгері Ілияс Есенберлинің ерлігін Қазақстан Жазушылар одағының 85 жылдығына орай еске алуды жөн көріп, жазушы Ораз Қауғабайдың «Қонаевтың «Қаһарды» қорғауы атты мақаласын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Алдымен цензура кітапқа мынадай айып таққан екен: автор партиялық және мемлекеттік құпияны ашады; Алашорда туралы әңгіме қозғайды; романда мемлекет қайраткерлерінің рухани өмірлері бұрмаланып көрсетіледі; Ахмет Байтұрсынов пен Мағжан Жұмабаевты ақтау жөнінде мәселе көтереді және т.б. осы сияқты айыптаулар көп. КСРО-да үлкен лауазымды партия және мемлекет қайраткерлері жөнінде алғаш қалам тербеген І.Есенберлин болса керек. Ол кітабында «А.Светлов» деп Л.Брежневтің бейнесін жасап, еңбегіне біраз тоқталады. Сондай-ақ романда Н.Хрущевтің да бейнесі қылаң береді. Партияның ақымақ көсемдерінің мінездерін мінеп, теріс қылықтарын әшкерелеген мұндай кітаптың жарыққа шығуы былай тұрсын, цензураның қолжазбаны өртеп жібермегеніне қуанасыз. Өйткені аталған шала сауатты партия көсемдерінің ол кезде көздері тірі болатын. Қызметтен кеткенмен, олар партия ардагерлері саналатын. Ілекеңнің кітабы сол кезде жарыққа шыққанда, үстінен «бүкіл СОКП-ны қаралаған» деп іс қозғалып, ауыр жазалануы да мүмкін еді. Жалпы, жетпісінші жылдары Кремльдегі партия басшыларына Ілекеңді «ұлтшыл» деп айыптап, үстінен «бір вагон арыз» жазылғаны аңызға айналып кеткен болатын.

Ахаңды ауызға алып, Алашорда жөнінде айтудың өзі қауіпті, тіпті, бас кететін саясаттағы құпияны әшкерелеп, кітап жазу ол кезде өзін құрбандыққа шалумен бірдей еді. Қазір жазушы жайында ойласаң, нағыз көзсіз батыр, «қаламгер қаһарман» Ілияс Есенберлин әруағына бас ұрасыз.

Автор атынан баяндалатын «Мұхиттан өткен қайық» романында партия қайраткері Ақылбек пен жазушы Айболдың арасындағы достық және ізгі-имани қарым-қатынас жайлы сөз болады. Өнер адамдарына деген сүйіспеншілігі ерекше Ақылбек оған барынша қамқорлық жасайды. Автор өзінің атышулы «Қаһар» романы кедергілер мен зор тосқауылдарға тап болып, тіпті, басына қауіп төнгенде оны қорғап, кітабының жарыққа шығуына нұсқау берген партия қайраткері Ақылбектің батылдығын, көрегендігі мен кемеңгерлігін, ұлтын сүйген ұлылығын ұлықтайды.

Адамзат тарихында ХІХ ғасырдың ортасында Қазақ хандығы мемлекетінде өзінен жүз есе артық жауға қарсы шыққан бір қаһарман ханның есімі әлемге әйгілі еді. Ол Абылай ханның ержүрек ұрпағы Кенесары хан болатын. Ұлы империямен оншақты жыл алысып, соңғы демі қалғанша беріспеген Кенесары өз ұлтының қаһармандық және ерлік қасиетін әлемге паш етті. Бұл ханның ерлік күресін зерттеген, жазған және оған табынған шежіреші, ақын, тарихшылар жетіп-артылады. Ол ерліктің мәңгілік тақырыбына айналды. Уақыт өткен сайын Кенесарының теңдесі жоқ ерлігі әр қырынан танылып жатады. Кенесары көтерілісін ұлт ұраншысы Мағжан мадақтап жырлады, Мұхтар Әуезов ерлігіне бас ұрып, трагедиялық шығарма жазды, ал ғалым Ермұхан Бекмаханов бүге-шігесіне дейін қалдырмай зерттеді. Соңында осылардың бәріне «ұлтшыл» деген ауыр айып тағылып, бірі атылды, бірі айдалды, бірі қудаланды. Сөйтіп, «Кенесары хан» тақырыбына қалам тарту тозақты елестетіп, соңында тоқтады. Көктен түсіп, ғайыптан келген, Құдайдың құдіреті қолдаған адам болмаса, кім хан Кене жолында өлімге басын тігеді? Алла Тағала ажалды елемейтін, өлімнен қорықпайтын пенделерді жаратып, өзі оларды желеп-жебейді екен. Солардың бірі – Ілияс Пайғамбармен аттас Ілияс есімді ер еді. Мұхаммед Пайғамбармен аттас Дінмұхамедтің досы еді. Арманда кеткен ақырғы ханның әруағын аунатып, рухын тірілту үшін ойламаған жерден Ілияс Есенберлин атты беймәлім ержүрек қазақ қаламгері қаһарға мініп, майдан бастады. Өміріне төнетін қауіпті, бас кететін істі біле тұра, Кене хан жайында қатал саясатқа қарсы қалам тербеді.

Кенесары хан Ресеймен әскер, сардар, батырларымен тізе қосып соғысса, жүрегі түкті Ілекең шовинизммен қаһармандық рухы арқылы шайқасты. Ол ұлтты кемсітетін сорақы саясат майданына жалғыз шықты. Аз да болса, өзі сияқты қаламдас інілері болды. Ілекеңнің тарихи романдарындағы Шыңғыс хан, Әз Тәуке, Жәнібек, Керей және Абылай хандар тіріліп келгендей қазаққа рух, жігер беріп, намысын оятып, ұлттық санасын көтерді. Әсіресе, жастардың ұлт жөніндегі еркіндігі мен тәуелсіздік туралы сана-сезімі пісіп-жетіліп, әлемге әйгілі Желтоқсан көтерілісін әкелді. Ілекеңнің әр жылдары шығып жататын тарихи романдары болашақта болатын Тәуелсіздіктің елең-алаң тылсымын елестетті.

Үстемдік саясаттың мылтықсыз майда­нында қаламгерлік күрес, жазушылық рух арқылы айқасқан Ілекеңнің «қамал алу» кітабы – «Қаһардың» жарыққа шығуы қиын әрі қауіпті болды. Баспаханада алпыс мың таралыммен басылып, енді дүкендерге түсейін деп тұрған кітапты баспа комитетінің цензурасы аяқастынан тоқтатты. Айыбы – автор «Кенесары ханды ақтап, ұлттық идеяны ту етіп көтереді» деген саяси көзқарас еді. «Кенесары көкесіндей жігіттерді де көрге кіргізген. Ол да солардың артынан кетеді» деген үрейлі қауесет тарады. Баспаның кітап қоймасынан бірде-бір кітаптың сыртқа шығарылмауы қатаң бақыланды. Жазушыны көре алмайтын күншілдер неше түрлі ерсі сөз айтып, табалауға дейін барады.

Жазушы «Қаһарға» қатысты қиянатқа тап болып, есінен тана жаздап, есеңгірегенін күнделігінде былай жазады: «Міне, менің тыныш күндерім бітті, тағдыр деген жалғыз желкенім дауылға кеп ұрынды.

…Алғашқы асау бұрқасын – баспасөз комитетінің председателі типографияға телефон соғып, менің басылып біткен жаңа кітабымды тоқтатуды бастады». Одан әрі қарай тағдырының не болатынын ойлаған, сезген қаламгер біреулерге жалынбайды. Әйелі ғана оған дем беріп, қанаттандырады. «Мен саған осы кітапты жазба», – деп едім. Ал енді болары болды, шегінбе! Мұндай кітапты тек сен секілді жүрегі адал, өз басы үшін қорықпайтын адамдар ғана жазады. Тек енді қорғана біл!» – деп жұбайы қиын сәтте қаламгерге сүйеу болады.

Келе-келе іс тіптен насырға шауып, Орталық Комитетке біреулер шағымданып, гу-гу әңгіме тарайды.

 «Айболдың (Ілияс) досы Ақылбек (Қонаев) бұл жолы оған қанша жанашыр болса да, оны қорғай алмайды», – деп мысықтілеулілер қуанады.

Димекең қаламгер досының «Қаһар» кітабына байланысты төтенше шараны, дау-жанжалды, шаш ал десе бас алатын ақымақтардың іс-әрекетін нұсқаушылары арқылы біліп, бәріне әбден көзі жетеді. «Қаһарды» біреулер арқылы алдырып, бір қолы бос кезінде оқып шығады. Әрине, мұны қаламгер білмейді.

Бір күні көптен бері кездеспеген досына кіріп, кітабының тағдыры жайында айтып, қандай ақыл-кеңес сұрауды ойлап, өзі белгілеген уақытты күтеді. «Осы түбінде мен таяқ жейтін шығармын» деген жаман ой жазушыны мазалайды.

Берген өтініші бойынша Димекең үш күннен кейін Ілиясты қабылдайды. Бәрін біліп отырған Димекең аман-саулықтан кейін негізгі нәрсеге көшеді:

«Кейбір қателерін жөндеп жіберсең, кітабың – біркелкі шыққан кітап. Міне, бұл сенің шығармашылық шын табысың! Әрине, әріптес жолдастарың кітабыңнан менен гөрі көбірек қате табар. Бірақ маған олардың тапқан кемшіліктері емес, сенің осындай кітапты жазып шыққаның керек. Бас табысың – Кенесарының мінез-құлқын, кейпін бере алғансың. Сөз жоқ, ол қатігез, жігерлі, сан қырлы, қулық-сұмдығы терең адам болған. Толып жатқан қайшылығымен қатар, бойына біткен жақсылығымен, жамандығымен бірге, ол өз басының жеке қасиеттерімен, ерлігімен соңына ерген адамдарына әсер еткен.

…Осындай жұртты өзіне тарта білген қасиеттері болмаса, кім соңынан ерер еді?! Ал Кенесары, сөз жоқ, жұртты өзіне тарта білген», – деп, кітап жайында біраз әңгімелеп, сол кездің саясаты бойынша, «ол хандық құруды көкседі» деп большевиктер ұстанымын еске алады. Соңында Кенесарының құрбандыққа барған ерлігін меңзеп, «ерлігі, табандылығы халық арасында аңызға айналған адам», – деп, тіпті, оны жақтайды. Өткен заманды кінәлап, жауып қою – тарихқа қиянат екенін дәлелдейді. Түйіп айтқанда, Димекең «Қаһар» кітабының өте құнды, ел сүйіп оқитын шығарма екенін меңзеп, авторға: «Енді бұдан да жақсы кітап жазуыңа тілектеспін!» – деп, орнынан тұрып, қолын алады.

Үлкен басшы, әйгілі тұлғадан кітабы жөнінде мақтау естіп, рухы көтеріліп, жаны жадыраған жазушы қуанғаннан көзіне ыстық жас келіп, сөйлей алмай, бір сәт дағдарып қалады.

Димекеңнің жазушыны қолдап, «Қаһар» кітабын қорғап, Кенесарыны жазған қаламгерге қамқорлық жасағаны – әдебиет­тегі айтуға тіл жетпейтін құбылыс.

Димекең тиісті адамдарға нұсқау берген соң, Орталық Комитеттің бір қызметкері телефон соғады. Ол жазушыға кітаптың барлық тараулары қоймадан шығарылып, дүкендерге таратылатыны жөнінде айтады.

Дүкендерге түскен кітап бір апта өтпей сатылып кетеді. Жазушы көшеде кітапты таласып алып жатқан оқырмандарын көреді.

«Қаһар» кітабының көп кедергілерге тап болып, соңында Димекеңнің қолдауымен жарыққа шыққаны жазушы жүрегінде ұмытылмайтын оқиға болып қалады. Қаламгер аталған кітабына байланысты Қонаевтан бата алғанын күнделігінде шабыттана жазады. Ол кезде «бата» деген сөз айтылмайтын. Жазушы «кемеңгер тілек тілеп, қолымды алды», – деп қайырады. «Қаһар» оқиғасын соңында түйіндейді. Ғұмырнамалық кітаптың Кенесарыға қатысты тарауында көркем шындық пен өмірдегі шынайы ақиқат әдемі үйлескен.

 Жалпы, кітапта тарихи шынайы деректер мен оқиғалар, автор толғаныстары, өмірдегі шын кейіпкерлердің бейнесі және қаламгердің қоспасыз «күнделік-баяндаулары» кітаптың өзіне тән ерекшелігін айқындайды. Тартымды ғұмырнамалық шығарманың құндылығы мен әсерге бөлеуі – өз алдына әңгіме.

Ғұмырнамалық кітапта «Қаһарға» байла­нысты қаламгердің айтқанынан қайтпайтын бірбеткейлігі көрініп тұрады. Осы кітапты шығаруға рұқсат берген Орталық Комитетті және оның басшысы Д.Қонаевты «тап ұран­шысы», «советтік сөз зергері» атақты жазу­шының қалай сынағаны кезінде айтылды. Тіпті, Кенесары туралы СОКП Орталық Ко­ми­тетінде «Қазақстанда ұлтшылдық үдеді» деген сыңайлы айып тағылғанын қазіргі ұрпақ білмейді.

Жазушы кітабын «жұлдызы жанған Ақылбектің мерейі бәрінен биік, ол мәңгілік жарқырап тұрады» деген ой-толғауымен аяқтайды.

Аталған кітапқа байланысты дау-жанжал тоқтамаған соң және бас кейіпкері өзі екенін білетін Димекең бірде «Менің көзімнің тірісінде бұл кітап жарыққа шықпасын» деп тиісті адамдарға нұсқау берсе керек. Өзі жайында мақтауды жөн көрмеген. Сөйтіп, атышулы, қауіпті, тағдыры тәлкекке түскен кітап 2001 жылы Қонаев өмірден өткеннен кейін жарыққа шықты. Димекең естелігінде аталған кітап қолжазбасын оқығанын айтады. Кезінде неге жарыққа шықпағанын меңзейді. Қаламгерге қатысты Димекең: «Мен Ілекеңді сабырлы және барлық мәселелерде орнықты адам ретінде баяғыдан білемін… Мен әркез оның ішкі мәдениеті мен жандүниесінің тазалығына басымды идім», – деп тебіреніп еске алады. Ал шығармаларының мәңгілік екеніне күмән келтірмейді.

 

ПІКІРЛЕР1
Аноним 04.03.2020 | 12:02

👍

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір