Сағидың сағынышы
27.11.2019
1537
0

Ақтөбеде Қазақстан Жазушылар одағының құрылғанына 85 жыл толуына орай «Әдебиет. Рух. Қоғам» атты республикалық әдеби форум өтті. Жер-жерден келген қаламгерлердің басын қосқан әдебиеттің тойында осы рухани әлемде өшпейтін, өлмейтін шығармаларымен аты қалған қазақтың мықты ақын-жазушылары Ізтай Мәмбетовті, Тобық Жармағамбетов пен Сағи Жиенбаевтарды еске алу шаралары ұйымдастырылды. Жиынға қаламгерлердің туыстары, бауырлары мен ұрпақтары да қатысты.

Алматыдан арнайы келген Сағи Жиенбаевтың зайыбы Уәзипа Жиенбаева ақынның сағынышы болған Ақтөбеге алғысын білдірді. Осыдан бір-екі жыл бұрын кезде­сіп, сұхбаттасқанымда ақын өмі­рінің кейбір кездері туралы ақтарыла сыр айтқан Уәзипа апайдың әңгімесі есіме түсті. Ол сұхбаттан ақынның туған жерге деген сартапты сағынышын һәм ақын өмірінің аяқталар тұсындағы әлдеқандай бір өкінішті сездім…

Туған жерге, әкеге деген сағынышы қасіретті дертіндей болды

– … Ол алпысқа толған күні — өзінің туған күнінде көз жұмды. Соның алдында ғана ағасы дүниеден өткен еді, ағасының жаназасына барып келе жатқанда ұлымыз көлік апатына ұшырады. Соның барлығын көтеру оңай болмады-ау деймін, қан қысымы көтеріліп, ауруханаға жатып шықты. «Бала ауырып жатқанда үйге кіргім келмейді», — дейтін.

Алпысқа толатын күні саяжай­дағы көршіміз қонаққа шақырды. Мен баланың қасында қалдым, Сағи қонаққа өзі кетті. «Үйге келемін, қазы асып қоярсың» деп маған тапсырма беріп кетіп еді. Сол кеткеннен оралмады ғой…

Ең үлкен өкінішім — Сағидың аяқ астынан көз жұмғаны. Жа­қын адамыңның айтарын айтып, бақұлдасып кеткені де жақсы екен ғой… Аяқ астынан қай­тыс болғанын естігенде қатты есең­гіреп, не істерімізді білмей қалдық…

Моральдық, материалдық қолдау көрсеткен, демеу болған Ақтөбенің азаматтарына алғысым шексіз. Кейін ұлымыз да ақтөбелік азаматтардың көмегімен Израильге барып, емделіп келді.

Сағи елуге толғанда бүкіл ғұмырына жететін сағынышына айналған Ақтөбесіне қатты барғысы келді. Бұған бәріміз қуандық. Толқып барды. Еркелеп барды…

Ақтөбеге бізбен бірге Сырбай Мәуленов, Сәкен Жүнісов, Дүйсенбек Қанатбаев, Қажығали Мұхамбетқалиевтер ере жүрді. Үш жастағы ұлымызды ертіп жолға шықтық. Ол бұл сапарға қатты дайындалды, қатты толқыды. Жерлестері бізді төрге оздырып, құрмет көрсетті. Ауданға, ауылға Абай кеңшарына бардық. «Ауыл бала кездегідей екен», – деп мәз болды. Жастай кетіп, 50 жасына дейін ат ізін салмаған туған жерге, есін білмеген кезде айырылып қалған туған әкеге деген сағынышы қасіретті дерті болды ғой деймін…

Жасы алпысқа толарда туған жеріне баратын шығар деп ойлағанмын. Тоқсаныншы жыл­дар­дың алғашқы кезі, елде жағдай ауыр болатын. «Бірдеңе дәметкендей болмайық, бармай-ақ қоялық» деп өзі бас тартты. Дәл алпысқа толатын күні Ақтөбеге емес, мәңгілікке аттанып кете барды ғой…

Туғанына 70 жыл толғанын Алматыда атап өттік. Ал 80 жылдығында Мейірхан Ақдәулетұлы, Ертай Ашықбаев, Бауыржан Бабажанұлының ұйтқы болуымен Ақтөбеде мағыналы шаралар өткізілді. Ризамын бәріне…

– Сағи ағаны алғаш көрген кезіңіз есіңізде ме?

– Күні кешегідей көз алдымда. Мен Қызылордадағы Мәншүк Мәметова атындағы педагогикалық училищеде оқып жүргенде Сағи да сол қалада білім алып жүрген. Студент кезде Сағидың өлеңдерін газет-журналдардан оқып тұратынмын. Жастар Асқар Тоқмағамбетовтің шығармаларын да іздеп жүріп оқитын. Сағи үнемі Асқар Тоқмағамбетовпен бірге жүрді, біздің училищеге екеуі жиі келіп тұрушы еді. 1953 жылы Сағи біздің оқу орнына еңбек тәжірибесінен өтуге келді, сол уақытта танысып, екі жылдан кейін отбасын құрдық. 1994 жылы ағаларың қайтыс болғанға дейін сол ошақтың отын бірге жақтық.

…Сағи екеумізді таныстырып, табыстырған – Қызылорда. Ол 1951 жылы Байғанин ауданында мектеп бітіргеннен кейін, Алматыға баруға қаражат таппай, оқуға Қызылордаға барған екен. Марқұм апам киіз басып, соны сатып, қаражатын Сағидың жол-пұлына беріпті. Бірінші курсты тәмамдағаннан кейін қаржыдан қатты қиналып, әрі қарай білімін жалғастыруға жағдайы болмаған соң, оқуды тастап, ауылда мұғалім болып жұмыс істеген. Үш-төрт айдан кейін оқу орнынан хабарласып, орны сақталғанын, стипендия беріп, жағдай жасайтынын айтқаннан кейін Қызылордаға қайтадан барады. Оқу орнындағы басшылар Сағидың ізденімпаздығын ескеріп, оқуын жалғастыруға мүмкіндік жасапты.

–«…Жас кеттім туған үйімнен,

Көп кездім қала жатағын,

Әйтеуір бала күнімнен

Басталды менің сапарым…» – деген өлеңі есімде. Сағи Жиенбаевтың сапары осылай басталған екен ғой?

– Сағи ауылдан, туған жерден ерте кеткенін үнемі айтып отыратын, қатты сағынатын. Елден үнемі хабар алып, елеңдеп отыратын.

«Самалдап, сағымданып

         туған аймақ,

Тамызда тұрушы еді жылда

         жайнап…

Ішіне шыт көйлектің жел

         толтырып,

Жүруші ек кілең «батыр»

         қырман айдап», – деп бала кезде жүрген жерлерін аңсайтын…

Ақтөбені, Байғанинді, ауылын қатты сағынатын. Елден біреу келсе, ауылдағы әр адамды сұрап отыратын еді. Жұмыс істеп жүргенде Ақтөбеге бір-екі рет іссапарға барып келді. «Ауылға бардың ба?» десем: «Онда менің бас тіреп баратын ешкімім жоқ», — дейтін. Ауылға қанша барғысы келіп тұрса да, жасы елуге келгенше ат ізін салмады.

Қызылордада оқып жүрген кезде де Ақтөбеге жиі барды деп айта алмаймын.

Себебі, ол кезде тек Сағидың отбасының ғана емес, жалпы елдегі жағдай қиын болды ғой. Апасы текеметін, киізін сатып, Сағиға ақша салып жібереді. Ағасы Аташ техникум бітіріп, Байғанинге барған кезде «сенің әкең халық жауы» деп, оны еш жерге жұмысқа алмаған. Содан кейін Сағи да Байғанинге ат ізін салмай кеткен.

Осындай жағдайлардан кейін Сағидың анасы, ағасы мен қарындасы Қарақалпақстанда тұратын туыстарын сағалап, көшіп кетеді. Сағи бұған қатты қапаланды, әсіресе, қарындасын қимады. Оның елде қалып, білім алғанын қалады, себебі «Қарақалпақстанда қыздардың білім алуына аса мән бермейтін, қара жұмыс істеп жүріп қалатын болды» деп қатты қиналды. Қарындасын елде оқытқысы келіп, талай шақырды да, бірақ қарындасы келгісі келмеді, бұл да Сағидың ішінде кеткен бір өкініші болатын.

Екеуміз үйленгеннен кейін Жезқазған қаласында тұрдық. Қалада кен орындары жаңадан ашылып, дүркі­реп тұрған кезі, жас мамандарға, соның ішінде педагогтарға деген сұраныс жоғары еді. Сағи Жезқазған қаласындағы №10 мектепке география пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасты, мен математика пәнінен сабақ бердім. Сол кездері газет-журналдарға Сағидың өлеңдері жиі басылды.

1956 жылы наурыз айында Сағи Алматыға барып: «Тахауи Ахтанов, Қуандық Шаңғытбаев, Ізтай Мәмбетовтермен таныстым», — деп қуанып келді. Сол жылы жазда оқу жылын аяқтап, Алматыға қоныс аудардық. Астанаға келгенмен 5-6 жыл бойы пәтерден пәтерге көшіп жүргеніміз есімде. Ол кезде Тахауи ағаның ғана үйі болатын. Қуандық аға, Ізтай ағалар да пәтерде тұрды.

Бес-алты жылдан кейін Жазушылар одағы бізге баспананың кілтін берді. Бұрынғы Калинин мен Карл Маркс көшелерінің (қазіргі Қабанбай батыр – Қонаев) қиылысындағы үйден үш бөлмелі пәтерге қолымыз жетті. Осы жерде 26 жыл тұрдық, балаларымыз — үш қызымыз, ұлымыз өмірге келді. Үлкен қызымыз Қазақ ұлттық университетінің филология факультетінде оқыды, екіншісі технологиялық институтты тәмамдады. Кіші қызымыз бен ұлымыз екеуі де «заңгер боламыз» дегенде әкесі онша ұната қоймады. «Сот пен прокурорды жек көремін» деп отырушы еді. Әкесі 1937 жылы «халық жауы» деген желеумен ұсталып кеткеннен кейін осы салаға сенімсіздікпен қарап өтті. Бірақ балалары бәрібір осы саланың мамандары болып шықты.

Ішкі сезімін сыртқа жая бермейтін

– Әкесінен ерте айырылды дедіңіз…

– Сағи ол кезде үш жаста екен. Ағасы Аташтың жасы 6-да, кішкентай қарындасының туғанына бір апта ғана болған. Атамды ұстап әкетіп, үйдегі заттарды тәркілеген. Апамыз уайымнан жүре алмай, еңбектеп қалған…

Сағи әкесі туралы тіс жарып ештеңе айтпайтын. Алайда, сырттай білдірмегенімен, іштей әкесін сағынып, іздеп өтті.

«Ерте көрдім, ерте көрдім барлығын,

«Ерте көр» деп ерте берді тағдырым

Жия бердім, сыя берді ішіме,

Сездірмедім көкіректің                                          тарлығын…» – дейді. Шынында, ішкі сезімін сыртқа жая бермейтін, соншалықты тұйық кісі еді. Сезімін тек өлеңінде ғана ашатын.

 «… Оралды бір күн… Даланың

Сіңіріп жалын, аптабын,

Сабылып майдан алабын

Сарғайып жеткен

         хаттарым», –

дейді.

«…Оған да жиырма жыл өтті,

Көкешім әлі келген жоқ,

Қаумалап келіп ешкім де

Қаралы хабар айтқан жоқ…»

Болмаса:

«… мен де оны мынау

         жер-көктен

30 жыл бойы сұрағам», –

 дейді.

Сағи әкесінің ақталғанын ести алмай кетті. Өмір бойы әкесін іштей іздеумен өтті. «Іздейік, тым болмаса, құжаттарын тауып алайық», — десем, «Қажеті жоқ» деп бұл тақырыпты қозғамайтын. Мінезі жайлы кісі еді, тамағын ішіп алып, өлеңін жазып, кітабын оқып, теледидар қарап жата беретін.

Әкесі туралы көп айтпайтын. Ол туралы дерек іздеп, еш жерге де бармады.

…Сағи екеуміз Қарақал­пақстанға бір-екі рет барғаны­мызбен, жерсініп тұра алма­дық. Апам «Қарақал­пақстанға келіп тұрыңдар» деп талай шақырды, Сағи бармады.

Сағи өзінің еті тірілігімен азамат болды. Әйтпесе, Ақтөбеден 500 шақырым жердегі қара құм­ның ішінен шығып, Алматыдай алып қалаға келіп, қатарға ілігіп кету оңай емес еді. 1957 жылы «Қарлығаш» атты тұңғыш кітабы баспадан шықты. Қатты қуанып, достарымызды жинап, атап өткеніміз күні кешегідей көз алдымда. Ізтәй Мәмбетовтің отбасымен жақын араластық. Тұманбай Молдағалиев, Шәміл Мұхамеджановтардың отбасымен жақын тұрдық, аралас-құралас жүрдік. Ақындар жарысып өлең жазатын. Ол кезде үстел деген атымен жоқ, киіздің үстіне кітап, журнал қойып, соның үстіне қағаздарын қойып жазатын. Алматыға келгеннен кейін үш жыл өткен соң ғана жиһаз алуға қолымыз жетті. Сағи ең алдымен қызына фортепиано алып берді, содан кейін жазу үстелін сатып алдық. Алғаш келген жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің әдебиет бөлімінде жұмыс істеді. Кейін «Қазақстан пионері», «Мәдениет және тұрмыста» қызмет атқарды. «Жазушы» баспасында 25 жыл еңбек етті. 50-ге келгеннен кейін жұмысты қойып, бірыңғай шығармашылықпен айналысуға ден қойды.

Жағымпаздыққа жаны қас еді

– Сағи ағаның мінезі қандай еді?

– Өте сабырлы-тұғын. Ағасы Аташ Сағидан да өткен сабырлы, аз сөзді адам еді. Апам: «Кісілер келгенде сөйлесіп, хал-жай сұрасып отырмайсыңдар ма?» деп кейитін. Балаға өте мейірімді болды, артық сөз айтпайтын. Өте мәдениетті еді. Біреудің алдына барып, жағдай айтып, көмек сұрау дегенді білмей өтті. Шығармашылықпен еркін айналысты. Шығармашылығы барынша бағаланды. Мемлекеттік сыйлыққа Сағимен бірге ақындығы шамалы біреу ұсынылып, ақыры сол алып кетті ғой. Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған кезде комиссия мүшелеріне барып, алдынан өтуі керек екен, бірақ Сағи ешқайда бармады…

Тұманбай Молдағалиевтің үйінде қонақта болғанымызда Серік Қирабаев: «Жұрттар мемле­кеттік сыйлыққа ұсынылса, комиссия мүшелеріне кітаптарын әкеліп, келіп-кетіп жатады. Сағи қызық қой, бір де бір рет келмеді, тіпті маған да келмеді», — дегені бар. Сағи ренжігенін сыртқа шығармады. Келер жылы өзі барып Иранбекті ұсынып келді.

Сағи жұрттың дауыс көтеріп ұрысқанын жақтырмайтын. Ондай жерлерден қашып жүруші еді. Кешке әдетте жұмыстан кейін саяжайға баратын едік. Бірде саяжайдағы екі көрші бір-бірімен ұрысып жатты. Соны көріп, Сағи: «Ана кісілер тынышталсын, ұялып қалар», — деп тоқтай қалды. Екеуміз әлгі кісілер әбден тоқтағанша далада күтіп тұрдық.

Бірде тағы қызық болды: Сағидың көлігі оталмай, жолда тұрып қалыпты. Танымайтын екі-үш жігіт келіп, Сағиға көмектеспек болады. Көлікті оталдыра алмағаннан кейін Сағи сол балаларға кілтті тастап, жүре берген. Бір күн өтті, екі, үш күн өтті — көлік жоқ. Төртінші күні Сағи балалар берген мекен-жай бойынша көлігін өзі іздеп барады. Барса, жігіттер жоқ, үйде басқа адамдар отыр екен дейді. Біраздан соң әлгі жігіттер келіп, көлігін қайтарыпты, әйтеуір.

Көршілеріміз Сағидың осындай аңқаулығына таң қалып: «Олар бұл көлікпен Шымкентке екі-үш рет барып келген шығар», — деп одан сайын күйдіргені бар.

Өте аңғал, баладай сенгіш болатын. Көп оқитын. Нашар өлең көрсе, күйіп-пісетін, шығармашылыққа келгенде әділетсіздікті, жағымпаз­дықты көтере алмайтын. Үйде газет-журналдан көп зат жоқ еді. Қашан көрсең, қағазға үңіліп отыратын. Абайдың, Шәкәрімнің шығармаларын жиі оқитын. «Шәкәрім Абайдан кем емес», – дейтін. Әбділдә Тәжібаев, Хамит Ерғалиев, Қайыржан Бекқожин, Ғали Орманов, Ілияс Жансүгіровтердің өлеңдерін жатқа білетін.

Мені өмірінің соңына дейін Уәзікен деп өтті. Әлденеге келіспей қалсақ, үнсіз кабинетіне кетіп қалатын. Қарсы сөз айтпаушы еді. Сондайда балалар: «Әкеме бірдеңе айттыңыз ба, кабинетінен шықпай қалды», – деп, маған өкпелейтін. «Балаларға ешқашан жаман сөз айтпа», – деп отыратын. Содан кейін балаларға ренжігенде Сағидың көңіліне келмесін деп «бар болғырлар» деп қана айта алушы едім…

Шығармаларының барлығы дерлік жарық көрді ғой. Өлеңдері де, операсы да, аудармалары да шықты. Зейнолла Серікқалиев шығарды, Ақтөбеде Сағидың туғанына 80 жыл толуына орай Мейірхан Ақдәулетовтер кітабын шығарды, кейін біраз қолжазбасын «Ағайдың кітабын шығарамын» деп өзі арнайы іздеп келгесін Мереке Құлкеновке бердім… Қысқасы, Сағидың жазған дүниелерінің жарық көрмей жатып қалғаны жоқ. Ол өзінің рухани әлемінде баянды ғұмыр кешті.

Сұхбаттасқан
Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір