Ырыстың бұлағы, бақыттың шырағы…
«Өздерiңiзге мәлiм, Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтiк жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты тұжырымдамасы қоғамда үлкен серпiлiс туғызып, ел дамуының ұзақ мерзiмдi бағдарын айқындады. Елбасы бұл еңбегiнде Қазақстанда әлеуметтiк жаңғыртуды жүзеге асыруға жол ашатын жаңа әлеуметтiк саясатты қалыптастыруды, баршаға Ортақ Еңбек Қоғамын құруды ұсынғаны белгiлi.
ҚР Президентi Н.Назарбаев: «Әрбiр қазақстандықтың лайықты, адал және кәсiби еңбек етуi – Қазақстанның ұлы мақсаты, әлемдегi дамыған 30 елдiң қатарына кiруiнiң кепiлi», – деген болатын. Ал, еңбек қауiпсiздiгiн қамтамасыз етiп, жұмысшыларға уақтылы және лайықты жалақы төлеу – жұмыс берушiнiң басты мiндетi. Өйткенi, әр қызметкердiң артында отбасы мүшелерi тұр. Жұмыс берушi тарапынан жалақыны дер кезiнде төлемеу еңбек дауларына ұласатыны анық. Сондықтан бұл мәселе жергiлiктi атқарушы органның басты назарында.
Елбасы жариялаған «Қазақстан–2050» стратегиясының басым бағыттарының әрқайсысы өмiрлiк маңызы бар мәселелер. Олар бiздiң болашақ табыстарымыздың бағдары. Бұл стратегиялық бағдарлама алыс болашаққа көз тiккен Қазақстан қоғаының адастырмас темiрқазығы сияқты. Ендiгi мiндет – ырыстың бұлағы, бақыттың шырағы – еңбекке жұмылу. Барлық құндылықтар мен байлықтар адамның еңбегiмен жасалатыны белгiлi. Халқымыз еңбектiң қадiрiн өте жақсы бiлген. «Еңбекпен тапқан нан тәттi», «Бақыт кiлтi – еңбекте» немесе «Еңбек қылмай ер оңбас, бiрлiк қылмай ел оңбас» деген сөздер тегiн айтылмаған. Бұған «Берекенi көктен тiлеме, еткен еңбектен тiле» деген М.Әуезовтiң сөзiн қосыңыз.
Еңбек әрқашан адам өмiрiнiң мәнi болып қала бермек. Жер бетiнде жақсылық атты ұғым барда шынайы бақыт, еңбек бақыты да қоғамның бiр құндылығы ретiнде сақталатыны анық. Облысымызда отбасылық құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа жеткiзiп, жоғары кәсiби мамандар әзiрлеуге үлкен үлес қосып отырған еңбеккер әулеттер жетерлiк. Бүгiнде өңiрде тынымсыз еңбектiң арқасында есiмдерi ел тарихына алтын әрiптермен жазылған 10 Социалистiк Еңбек Ерi мен бiр Қазақстанның Еңбек Ерi тұрады.
Барлығымыз «Мәңгiлiк Ел» болуға бет түзеген Отанымыздың болашағы үшiн аянбай еңбек етуiмiз қажет. Осы жолда бiрлесе еңбек етуге шақырамын».
Елбасының Жарлығымен Қазақстанда қыркүйек айының соңғы жексенбiсi «Еңбек күнi» мерекесi болып белгiленіп, елiмiздiң болашағы үшiн аянбай еңбек еткен азаматтарды құрметтеу, жастар арасында жұмысшы кәсiбiн насихаттау мақсатында биыл екiншi рет аталып өткен іс-шараға байланысты Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов ақпарат құралдары арқылы халыққа жүрекжарды лебізін арнағанда осындай ой-пікірін ортаға салды. Өңір басшысы Б.Бәкірұлы айтулы датаға орай Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда ұйымдастырылған «Еңбек күнi» мерекесiне арналған салтанатты жиынға қатысып, әр алуан саланың саңлақтарын «Еңбек ардагерi» медалiмен марапаттады. Бірқатар еңбек үздіктеріне облыс әкiмiнiң грамотасы, алғыс хаты тапсырылды. Облыстық мәслихаттың хатшысы Құдайберген Ержан мен Кәсiподақтар кеңесiнiң осы өңірдегі төрағасы Досыбай Шерiмқұлов та еңбегі еленген жандарға төсбелгi тағып, «Құрмет грамотасын» табыстады. Өз кезегінде Социалистiк Еңбек Ерi Төле Ағабеков пен еңбек династиясының өкiлi Любовь Почивалова еңбектiң адамға күш беретiнiн, оның әдiл бағалануы қанат бiтiретiнiн алға тартып, марапат ұсынушыларға ризашылықтарын білдірді. Еңбек инспекциясы жөнiндегi басқарма басшысы, облыстың бас мемлекеттік еңбек инспекторы Бастарбек Есқараев алқалы жиында «Жұмысшылардың еңбек жағдайларын жақсартудағы инновация жобалары» бойынша жарияланған конкурстың қорытындысын хабарлады. Конкурста топ жарған екі маман енді «Шымкентцемент» АҚ, «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС, «Досхан-ЛТД» ЖШС бөлген демеушілік қаржыға Болгарияда бiлiмiн жетiлдiріп қайтпақ.
Сол күні ҚР Президентi жанындағы орталық коммуникациялар қызметi ОҚО филиалында Еңбек инспекциясы жөнiндегi басқарманың 2015 жылдың 8 айында атқарған жұмысы да сүзгіден өтті. Брифингте облыстың Бас мемлекеттiк еңбек инспекторы Бастарбек Есқараев жыл басынан берi мекемелер мен кәсiпорындарға 617 тексеру тағайындалып, 1659 заңбұзушылық фактiсі әшкереленгені туралы әңгіме қозғады. Оларға басқарма тарапынан 614 нұсқама берiлiп, жалпы сомасы 11 356 860 теңге көлемiнде 229 айыппұл салынған. 1468 заңбұзушылық әрекеттер жойылыпты. Мемлекеттiк еңбек инспекторларының талабына сәйкес еңбек заңнамасын бұзған 21 адам тәртiптiк жауапкершілікке тартылып, құқық қорғау органдарына 69 даулы істің құжаты шара көру үшiн жолданған.
– Жалпы, еңбек атаулыны түнгi кезекшiлiктегi, вахталы, балалар еңбегi сияқты бiрнеше түрге бөлiп қарастыруға болады. Соның iшiнде әйелдердiң еңбегi заңмен ерекше қорғалады. Айталық, еңбек қатынастарының не екенiн көп адам бiле бермейдi. Ол – жұмыс берушi мен жұмысшының арасында болатын қарым-қатынас. Соңғы кезде еңбек қатынасына кірмейтін жаңа байланыстар үрдiске айналып барады. Бұл – жалға алу әдiсi. Мәселен, жұмыскер бiр нысанды жалға алса, ол жерде тапсырыс берушi мен жұмыскердiң арасында еңбек қатынасы емес, азаматтық-құқықтық қатынас туындайды, – дейдi брифингте ағынан жарылған Бастарбек Әуелханұлы.
Облыстың бас еңбек инспекторының сөзіне сүйенсек, балалар еңбегiн қадағалау бизнес субъектiлерiн тексеруге мораторий жариялануына байланысты көбіне тасада қалып келеді. Солай дей тұрғанмен дәмхана, асхана секiлдi қоғамдық тамақтану орындарында балалар еңбегiн пайдалану жиі ұшырасатыны жасырын емес. Еңбек инспекциясының таяу арада балалардың құқығын қорғау инспекциясымен, көшi-қон полициясы және прокуратура өкiлдерiмен бiрлескен түрде арнайы рейд ұйымдастыруды жоспарлап қойғаны осыдан. Сондай-ақ, Бастарбек Әуелханұлы жиi кездесетін еңбек дауларына жұмыс берушi мен жұмыскердiң арасында еңбек шартының түзiлмеуi негiзгi себеп болатынын атап айтты. Мәселен, зейнеткерлiкке шығуға аз қалған әйелдердi қысқартуға жiберу мәселесiн тек жұмыс берушi мен жұмыскерлер тарапынан құралған арнайы комиссия шешетіні ескеріле бермейді. Дәлірегі 55 жастан асқан әйелдердi жұмыс берушi өз еркiмен жұмыстан қысқартуға құқығы жоқ. 53 жасында зейнеткер атанса, 5 перзенті болса ондай қызметкерді де мектеп басшылары жұмыстан босата алмайды. «Өйткенi, Қазақстан Республикасының зейнеткерлiк туралы заңына сәйкес әйелдердiң зейнеткерлiкке шығу мерзiмi 58 жас деп көрсетiлген», – дейдi облыстың бас мемлекеттiк инспекторы Б.Есқараев.
Облыстың мемлекеттік еңбек инспекторлары тарапынан 2015 жылдың 8 айындағы тексерулер барысында жалпы 37 мекемеде 2819 жұмысшы алдында 204211 016 теңге жалақы қарызы анықталып, оның бүгінгі таңға дейін 35 мекемедегі 2678 жұмысшыға тиесілі 198272216 теңгесі төленіпті. 2 мекемеде 18 жұмысшының 5938 800 теңге жалақы қарызы қалып отыр. Бүгінгі күнге жалақыдан қарыз мекемелер: «ЭнергоСтройСервис-2010» ЖШС (Шымкент) — 2 жұмысшыға 1 329 474 теңге, «Қазсушар» РМК «Таза су» МКК (Шымкент) — 16 жұмысшыға 4 609326 теңге екен. Мекемелердің қаржылық қиын жағдайда қалуы және олардың арасында қаржылық өзара есеп айырысудың уақытылы жүргізілмеуі жалақыны уақытылы төлемеудің негізгі себептері болып табылады. Жалақы қарызы мәселесі облыстық үш жақты әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі комиссиясында ай сайын талқыланып келеді. Облыстық дағдарысқа қарсы штаб отырысында бұл мәселе жыл басынан бері екі рет қаралды. Жалақыны уақтылы төлемеу түріндегі еңбек заңнамасын бұзғаны үшін аталған заң бұзушылық орын алған кәсіпорындар мен мекемелерге мемлекеттік еңбек инспекциясы тарапынан 37 орындалуы міндетті нұсқама беріліп, 3,64 млн. теңге көлемінде 37 әкімшілік айыппұл салынған. Бүгінгі таңда бұл айыппұлдардың басым көпшілігі өндіріп алынған.
2015 жылдың 1 қыркүйегіне дейінгі мәліметке жүгінсек, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша шетелден жұмыс күшін тартуға рұқсаты бар 63 мекеме тіркелген. Бұл мекемелерде 23254 Қазақстан Республикасының азаматтары және 1548 шетел мамандары жұмыс істеуде. Шетел мамандары қатысуы тіркелген мекемелерде азаматтардың арызы бойынша 16 тексеру жүргізіліп, 50 заң бұзушылық фактілері анықталған.
Мемлекеттік еңбек инспекторлары жүргізген алдын алу шараларына қарамастан облыс кәсіпорындарында 2015 жылдың 8 айында 69 жазатайым оқиға орын алды. Осының салдарынан 76 адам зардап шегіп, оның 14-і қайтыс болды. 6 топтық жазатайым оқиға орын алып, 13 адам зардап шекті. Өндірістегі жазатайым оқиғалардың негізгі себептері ретінде қауіпсіз еңбек тәсілдеріне жеткілікті үйретпеу, жұмыстарды қанағаттанғысыз дәрежеде ұйымдастыру, өндірістік және еңбек тәртібінің бұзылуы, жоғары қауіптілік жағдайында жұмыстарды қауіпсіз жүргізуге қадағалаудың болмауы, ақаулы машиналарды пайдалану, техника қауіпсіздігі бойынша нұсқаулықтың өткізілмеуі, зардап шегушінің өрескел абайсыздығы секілді тағы басқа себептерін айтуға болады.
«Еңбек күні» мерекесі өңірдегі әрбір аудан, қалада кеңінен аталып өтті. Соның бірі Мақтаарал ауданында. Мақтаарал ауданы әкiмi аппараты ұйымдастыру инспекторлық бөлiмiнiң бас инспекторы Кәмира Өмірбаеваның да осынау мерекеде өз айтары бар. «Жыл сайын қыркүйектiң соңғы жексенбiсiнде атап өтiлетiн «Еңбек күнi» мерекесiнiң маңызы ерекше. Елбасы «Қазақстанның әлеуметтiк жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты еңбегiнде баршамызды ел игiлiгi жолында қажырлы қайратпен еңбек етуге шақырып, өнiмдi еңбек еткендердi әрдайым қолдап, жұмысшы әулеттерiнiң көпжылдық дәстүрлерiн нығайту, жастар арасында жұмысшы кәсiптерiн насихаттау қажеттiгiн атап көрсеттi.
Бiздiң қасиеттi Мырзашөл халқы да еңбектiң қадiрiн жақсы бiледi. Сонау Кеңес дәуiрiнен берi «ақ алтынды» өңiрден қаншама еңбек озаттары шықты. Өзiнiң адал еңбегiмен маңдай терiн төгiп, топ жарған асыл ағалар мен апаларымыздың есiмдерi көпке үлгi-өнеге. Тынымсыз еңбектiң арқасында аймағымыздан 33 Социалистiк Еңбек Ерi, бiрнеше Жоғарғы және республикалық Кеңестердiң депутаттары шыққанын мақтан етемiз. Мақтааралдың бұл даңқты перзенттерiнiң есiмдерi аудан тарихында алтын әрiптермен мәңгiлiкке жазылып қалды.
Еңбектiң ерен үлгiсiн көрсетiп, «Мақта өсiрудiң академиктерi» атанған Шаблан Дiлдәбеков, Жолдасбай Ералиев, Жұмагүл Сәуiрбаева, Дiнәсiлбек Бөртбеков, Әжiхан Есқараев, Жолбарыс Қалшораев, Қыстаубай Аманов, тағы басқаларын ел ешқашан да ұмытпайды.
Ауданымызда ата кәсiптерiн жалғастырып, алтын арқауды үзбей келе жатқан әулеттер аз емес. Жақында осы «Еңбек күнi» мерекесiне орай «Шаңырақ» отбасы клубының ұйымдастыруымен «Еңбеккердiң мерейiн асыратын мереке» деген тақырыпта өткен кешке әулетiмен еңбексүйгiш отбасыларды арнайы шақырып, жастармен кездесу өткiздiк. Осы iс-шарада Қазыбек би ауыл округiнде тұратын Еркiн Ботабековтiң отбасы «Еңбек әулетi» деген атаққа ие болды. Бұл жиынға ұлттық қолөнер бұйымдарын жасаумен айналысатын ерлi-зайыпты Аюбхан, Злиха Әбдiрахмановтар отбасы да шақырылып, олар өздерiнiң ата кәсiптерi жайлы әңгiмеледi.
Халқымыз «Еңбек қылмай ер оңбас, бiрлiк қылмай ел оңбас» деп бекер айтпаса керек. Адал, қажырлы еңбек қана адамды үлкен абырой-беделге, құрметке бөлейдi. Ерiнбей еңбек ету арқылы тұрмысың түзелiп, бай, қуатты боласың. «Елдi ел ететiн–еңбек, еңбек бәрiн де жеңбек» деген қағида осыған байланысты айтылған ғой деп ойлаймыз», – дейді ол.
«Еңбек күнi» мерекесiне орай сот саласы қызметiнiң ардагерлерi мен бiрқатар судьялардың қатысуымен Оңтүстiк Қазақстан облыстық сотында «Дөңгелек үстел» мәжiлiсi ұйымдастырылды.
– Шындығында, бұл мереке еңбек адамының қоғамдағы мәртебесiн арттыруға, қазақстандық патриоттық пен кәсiптiк мақтанышты дәрiптеу мен көпжылдық еңбек дәстүрлерiн нығайтуға және өндiрiстiк қызметтердi ынталандыру, сондай-ақ, жұмысшы мамандықтарын насихаттауға бағытталған. Ежелден берi еңбек – адам өмiрiнiң мәнi болып келдi және болашақта да осылай қала беретiнi ақиқат. Жер бетiнде жақсылық атты ұғым барда шынайы бақыт, еңбек бақыты да қоғамның бiр құндылығы ретiнде сақталатыны анық… Бiлiм, мәдениет, денсаулық сақтау салаларындағыдай сотта да ұзақ жыл абыроймен еңбек еткен судьялар бiздiң өңiрде жүздеп саналады, – дедi мәжіліс тізгінін ұстаған облыстық соттың төрағасы Нұрсерiк Шәрiпов.
«Қоғамдағы еңбектiң ролi» тақырыбында ОҚО сотының жанындағы қоғамдық кеңестiң төрайымы, «Құрмет» орденiнiң иегерi, отставкадағы судья Гүлбану Ағадiлова, «Еңбек туралы» кодекстiң жаңа жобасы» бойынша ОҚО сотының судьясы Серiк Дзюлиев бұл басқосуда есте қаларлық баяндамалар оқыды. Басқосуда сот саласы қызметiндегi әулеттiк жалғастықтар мен судьялық ұстаздық мәселелер де әңгіме арқауына айналды.
«Еңбек күнi» мерекесiне орай сот саласының ардагерлерi Лариса Ермакова Жоғарғы сот төрағасының қаулысымен «Сот iсiнiң ардагерi» медалiмен, Людмила Стаценко, Гүлзада Байғабылова, Мейiрхан Әмiров және тағы басқалар ОҚО соты төрағасының Алғыс хатымен марапатталды.
Ал жақында «Қазақстан Республикасы мүгедектерінің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2012-2018 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының» екінші кезеңі 2014-2015 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысында орындалу барысы туралы әкімдікте кезекті мәжіліс өтті. Мемлекетіміздің мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны қабылдағандығы мүгедектерге қатысты дискриминацияға жол бермеу үшін халықаралық нормалар мен стандарттардың сақталуына тиісті шаралар қабылдауға дайын екендігін көрсетті. Қазақстан Республикасы конвенцияға қатысушы мемлекет ретінде 2012-2018 жылдарға үш кезеңнен тұратын (2012-2013, 2014-2015, 2016-2018 ж.ж.) «Мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сапасын жақсарту» бойынша ұзақ мерзімді Ұлттық іс-қимыл жоспарын дайындап, оларды іске асыруға бағытталған қаулылар бекітті. Аталған іс-шаралар жоспары облыс деңгейінде де қабылданып, бүгінгі таңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес облыс әкімдігінің 2015 жылғы 9 шілдедегі №215 қаулысымен жүзеге асырылуда.
Бүгінде облыста 108 923 мүгедек азаматтар есепте тұрады, бұл көрсеткіш республикадағы мүгедектердің 17,4 пайызын (627,2 мың адам), облыстың жалпы тұрғындарының 3,9 пайызын (2 813,6 адам) құрайды.
Мүмкіндігі шектеулі мұндай жандар үшін бірінші кезекте мемлекет тарапынан оңалту құралдармен және әлеуметтік қызметпен қамтамасыз ету мәселесі маңызды. Осы мақсатта 2012 жылы 1,5 миллиард теңге бөлінсе, биыл 3,1 миллиард теңге бөлінген, яғни соңғы үш жылдың ішінде қаралған қаражат көлемі екі есеге артты деген сөз. Алайда, мұнымен мүгедектердің мұң-мұқтажы толық шешіліп отыр деп біржақты айтуға болмайды. Аталған қаражаттың арқасында биыл 11 254 адамға оңалту құралдары сатып алынып, мүгедектерге толығымен жеткізілген. Ал, әлеуметтік қызметпен жыл соңына дейін 19 мыңнан астам мүгедек қамтылады деген жоспар бар. Бұл туралы мәжілісте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева өз баяндамасында мәлім етті.
Әсия Құралқызының айтуынша, бүгінге дейін жоспарланған сурдотехникалық құралдардың 80,6, қоларбалардың 82 пайызы мұқтаж мүгедектерге жеткізіліп берілген. Мүгедектер мұңы көтерілген жерде олардың қолжетімділігін қамтамасыз ететін бірден-бір қажеттілік – пантус мәселесі екені түсінікті. Өйткені, біздің қоғамда мүгедектердің төрт мүшесі түгел азаматтармен бірдей деңгейде қажетті жеріне барып, керек мекемесінің табалдырығын аттауға, яғни қолжетімді орта қалыптастыруға жағдай толыққанды жасалуы тиіс. Дерекке жүгінер болсақ, облыс бойынша 4083 әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының 81,2 пайызына, яғни 3316-сының пантусын бейімдеуден өткізу қажеттігі белгілі болған. «Нұр Отан» партиясы «Кедергісіз келешек» бағдарламасы бойынша 2014 жылы 198 нысанның пантусының мүгедектер үшін қаншалық қолайлы екенін тексеріп шығуы да бекер емес.
Жоғарыда аталған 108 923 мүгедектің 27740-ы еңбек жасындағы, жұмыс істеуге қабілетті есептеледі. Бірақ бұлардың 64 пайызының бүгінгі таңда мүлдем мамандығы жоқ. Бұл олардың жылдам және тұрақты жұмысқа орналасуына кедергісін келтіреді. «Мүгедек жандардың көпшілігінің мамандығы жоқтығын, орта білімді екенін ескерсек, қысқа мерзімде біліктілігін арттыру жұмысын жандандыруымыз керек. Өз тарапымыздан қашықтықтан оқыту жобасын дайындап отырмыз», – дейді баяндамашы. Мүмкіндігі шектеулі жандардың арасында табысы жеткілікті, бала күтімінде отырған немесе жұмыстан бас тартқан азаматтарды қоспағанда жұмыс істеуге ынталы 5269 азаматты 3 жылдың ішінде жұмыспен қамту қажеттігі анықталып, үш кезеңге бөлінген меже жасалған. Осы меже аясында 2014 жылы 2221 азамат жұмыспен қамтылды. Ал, 2015 жылы 2267 адамды жұмыспен қамту жоспарланып, 8 айда жұмысқа нақты орналасқаны – 1424. Бұл – 63 пайызды құрайды. Облыстық деңгейде меже орындалып келе жатқанымен, кейбір аудан-қалалар – Бәйдібек, Ордабасы, Созақ, Шардара, Кентау, Түркістанда бұл мәселе қатаң бақылауды қажет етеді. Айта кеткен жөн, мүгедектерді жұмыспен қамтуда жыл сайын ұйымдастырылатын бос жұмыс орындарына арналған жәрмеңкенің көп жәрдемі тиіп отыр екен. Айталық, 2014 жылы облыс бойынша 35 жәрмеңке ұйымдастырылып, 542 мүгедек жұмыспен қамтылса, биыл өткізілген 16 жәрмеңкеге қатысқан 557 мүмкіндігі шектеулі жанның 40 пайызы екі қолға бір күрек тапты.
Регламент бойынша негізгі баяндамашыға берілген 15-20 минуттың ішінде мүгедектердің мұңы осылайша баяндалды. Мұны облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов бірден «шикарный баяндама» деп бас бармағымен бағалады. «Әп-сәтте әр адамның басына түсуі немесе әр отбасының бір мүшесі жолығуы мүмкін мүгедектік мәселесіне, оларға жағдай жасауда жүрекпен жұмыс істеу керек, бүгінгі айтылып отырған мәселеде формализм жүрмейді. Сол себепті, мүгедектердің мұңын шешуге қатысты кез келген ұсыныстарыңызды талқылауға, шешімдеріңізді қолдауға дайынмын. Бай-бағландармен байланыстарыңыз жақсы, Сіздер мүгедектермен де байланысты күшейтіңіздер, олардың қалай өмір сүретінін назарға алыңыздар, оларға қандай қиын екенін көріңіздер. Алдағы уақытта мүгедектер мәселесін әрқайсыңыздан жеке-жеке сұрайтын боламын», – деді жиында облыс әкімі Бейбіт Бәкірұлы. Өңір Басшысы жиынды қорытындылай келе, еңбек заңнамасын сақтауды, оның ішінде жалақы қарыздарын болдырмау жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Еліміздің әлеуметтік жаңғыртылуы ең әуелі әрбір азаматтың санасын өзгерту қажеттігін білдіреді. Яғни кешегі масылдықтан, жатыпішерліктен бас тартып, белсенді өмір позициясына ауысу уақыт талабына айналды. Осы тұрғыда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты идеясы қысқа мерзім ішінде өзінің өміршеңдігін көрсеткені талас тудырмайды. Мемлекет басшысы ұсынған Ұлт жоспары қоғам өмірінің шешуші салаларын жаңғыртуға бағытталғандықтан, бұл елімізді әлемнің ең үздік әрі дамыған елдерінің қатарына жетелейтін бірден-бір идеологияға айналғаны сөзсіз.
Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құру туралы идея қатардағы бастама емес, мемлекеттік және қоғамдық құрылымдар, әр Қазақстан азаматы үшін ұлттық тренд болып табылады. Осы стратегиялық құжат еңбек, білім, жастар саясаты, денсаулық сақтау, тұрғын үй сияқты қоғамның маңызды және өзекті жақтарын қамтиды. Түптеп келгенде, Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы – бұл Қазақстанның жаһандық дағдарысқа берген жауабы.
Айнұр Оңғарбаева.
Оңтүстік Қазақстан облысы.