Бар мен жоқ
Қазақтың аса қадірлейтін, аяғы сау, басы аман болса бармай қалмайтын екі жағдайы баяғыдан бар. Ол – торқалы той мен топырақты өлім. Ел іші болған соң той-томалақ та, қазаға жиналған намаз да болмай тұрмайды. Өмір заңдылығы. Біреу қуанады, енді біреу жылайды. Тойға шақырылсаң барасың, мүмкін бармассың, ол өз еркіңде, уақытыңа, көңіл-күйіңе, қалтаңа да қатысты. Ал қазаның жөні бөлек. «Бет көріп амандасып қалайық», «намазына қатысайық», «бір уыс топырақ салайық» деген имани жүрекпен, адами көңілмен жердің шалғайлығына да қарамай барып жататын халықтың нөпірі азайған емес. «Е, уақыт-ай деген!», «қара нардай еді қайыспайтын пәленшекең де өтті-ау бұл өмірден» деп іштей күрсініп, сырттай сыбырласып, уақыт деген ұлы күштің алдында пенде біткенннің әлсіздігін тағы да бір рет еріксіз мойындағандай боласың.
Осыдан екі жыл бұрын шамасында сондай қазаға жиналған топтың ортасында болғанымыз бар еді. Сұрастыра келсең қасыңдағы әйелің қарын бөлең болып шығатын ілік-шатысты қазақпыз ғой. Жақсы араласатын досымыздың немере ағасының қартайған әкесі о дүниелік болып, соған көңіл айта барғанбыз. Немере ағасы деп отырғанымыз, білдей бір ауданның әкімі, елге танымал азамат. Арғы тегінен бері қарай сырмақ шетінде келе жатқан белді, беделді адамдар. Зират басында қара нөпір халық. Иін тіресіп жүр. Жасы келсе де әкенің аты әке ғой. Әкім баласы қара көзілдірік киіп амандасқандардың қолын сүлесоқ алып, қабыр басында шалқайыңқырап тұрды. Марқұмға топырақ салу – мұсылманның парызы. Қадамы сауаптан болады. Ол туралы қасиетті Құранда да, пайғамбардың Хадис шарифінде де айтылған ғой. Кім болса да марқұмның жамбасы жерге тиіп, беті жабылысымен жапа-тармағай топырақ салу басталады. Айналасы төрт күрекке әр жақтан төніп, қол созып жатқандармен иық қағыстыра сен де мұсылмандық қарызыңды өтейсің… Бір адам келді. Кетті. Бар болғаны сол ғана сияқты. Жұртқа қарасаң асығулы сыңайлы.
Жерге тасталған күректің сабына қолымды соза бергенім сол еді, оң жағымнан ентелей кимелеген біреудің қолы менен бұрын жармасты. Қарасам – Сол. Иә, сол! Ыржиып жылаған не күлген сықпытты езуін жиырды. Көздерінде қуақылықтың өлеусіреген оты жылт-жылт етеді. Қысқа күртесінің жеңінен арық білектері сорайып шығып тұр. Қимылы да әбжіл. Күректі нығарлай ұстап едел-жедел топырақты тастап та жіберді. Жарайды, кімнің кімде не шаруасы бар. Мен де «міндетімді» атқарып, кейін ығыстым. Арт жағымда әлгінің жақын танысымен ұшырастым. Сөйтсем ол Әлгіні сырттай бақылап тұр екен. Ол ақырын ыммен қабір жақты нұсқады да, – Ананы көрдің бе? Ол осымен төртінші рет топырақ салып жатыр деп ытырына тіл қатты. Бақсам, иә Сол екен. Қара көзілдірікті әкімннің тап танауының астында мықшыңдап жатыр. Мені көрдің бе? – дегендей, әкімге жалтақ-жалтақ қарап қоятын секілді. Сөйтсек, ол қызметте өскісі келіп жүрген қу екен. Кейіннен Сол, – Әкесі өлгенде әкімнің көзіне ақыры түстім ғой деп мақтаныпты. Естуім. Өлім үстінде, қабыр топырағын басып тұрып өзінің бақай есебін жасап үлгерген Сол сұмырайдың әрекеті, сықпыты көп уақыт көңілімнен кетпей жүрді. Мүмкін бейшараға керек те болған шығар деп те қоямын. Бірақ қанша ақтағым келсе де санама симай қойды. Қазір осы тақылеттес оқиғалар аз ба? Біз осындай аяр, жеккөрінішті жағымпаздыққа қалай жеттік? Қызмет үшін, мансап үшін, атақ үшін талай жағдайға барғандарды естідік. Осылардың артында жалбағай жағымпаздық тұр. Жоғарғы жақтан үлкен сый-орден күткен біреу некелі әйелін де бір дөкейдің ойнасы болуға көндіріпті деген де бар. Бұл бұрынырақта. «Арсыз болмай атақ жоқ, алдамшы болмай бақ қайда?» – дегенді Абай біліп айтқан-ау дейсің. Ал қазіргі жастардың да амбициясы өте жоғары. Қайтсем абырой-атаққа кенеле қалам, қайтсем атым жер жарып шығады деген өлермендік өрттей қаулап алды. Әрине, ол үшін көбінесе жағына білу һәм паралай білу керек. Ләппай тақсыршылап құлдық ұру, өзінен зорға жайылып төсек, жастанып жастық болу, жіліктің майлы басын ұстағандарды жер-көкке сыйғызбай мақтау – жалпы қоғамдық сипатқа айналып бара жатқандай. Кімнің тарысы көп болса соның тауығы бола салуға бейімділік, одан арланбау, қысылмау, керек кезінде оны да сатып кете салу, тайғанақтық, тиянақсыздық! Әсіресе, қазақы ортадағы мұндай былық пен шылық сұмдық жиіркеніштілік туғызады. Иіліп тұру, итшілеп жүру, ит аяғын жалау. Ұяласың. Арланасың. Осындай әлеуметтік-психологиялық сырқаттың қоздырғыш вирусы жершілдікке, рушылдыққа әкеліп соқтыратынын несіне жасырамыз.
Қалай айтқанмен де қазақ рушыл, жершіл. Ұрандап шығуға ұмтылып тұрамыз. Бір қолдың бес саласындай жұмыла қалуға да бейілміз. Ол жақсы-ақ! Алайда, мұның керек кезінде ұлттық бір тұтастыққа кері әсері де жоқ емес. Әсіресе, сый-сияпат, сыбағалы табақ тартуға келгенде рушылдығымыз бен жершілдігіміз ұстай қалатыны да рас. Осы кеселді қоздырушылар негізінен қазақтың оқыған-тоқығандары, сырмақ шетінде жүргендері. Өз басым жеме-жемге келгенде «ол – өзіміздің жігіт қой» дегендерді талай естідім. География мен биография туралы әңгіме тегін айтылды дейсіз бе? Кезінде Ғабең, Ғабит Мүсірепов айтты дейтін «Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін» деген аталы сөз ашынғандықтан болар. Қазақтың өз ішінен жүзге, руға бөлінуі орыс отаршылдары үшін жақсы көзір болды. Кеңес кезеңінде де солай. «Бөлінгенді бөрі жейді» деген баба қазақ. Қазақтың кең даласында тарыдай шашыраған аз қазақтың іштен іруі кімге болса да керек. Ғабең демекші, «Қыз Жібек» кинофильмінде Төлеген айтатын мына бір ащы шындық бар: «Мына далаға сен де сиясың, мен де сиямын. Сыймай жүргеміз жоқ, сиыса алмай жүрміз ғой!». Шеттен келген қандас бауырларымызды «қытай», «мұңғұл», «қарақалпақ» деп атауға құлақ та үйренді. Қазақ жат бауыр емес еді ғой, осы қайдан келген?! – дейсің де қоясың. «Ағайынның аты озғанша ауылдастың тайы озсын» деген аталы сөз қайда қалды? «Өзіміз шыққан төбе биік болсын» дейтін іштарлық, көреалмаушылық, қызғаныш, надандық осы қазақтың етегіне қашанғы кәріқыздай жабыса береді? Тегіңді таны, жеті атаңды біл, бірақ өзгеден өзіңді артық қойма. Рас, қазақ жүзге, руға бөлінбейді, ол жүзден, рудан құралады. Мұндай әлеуметтік-тектік институт Әз Тәукелердің заманында керек болды. Рушылдық пен жершілдік биліктің жоғарғы буынына дейін дендеп кетсе кімге не өкпе артарсың. Қазақтың жүзге, руға бөлінуі – қанына сіңген қасиет емес. Ол мысықтілеулі біреулер үшін ғана керек. Тегінде Абай «Атаның баласы емес, адамның баласы бол» дегенде осыны меңзесе керек. Маған сіздің атаңыздың кім болғандығы емес, қаны бір, жаны бір, арманы, мақсаты ортақ қазақтығыңыз керек.
Тәуелсіздікпен бірге қасиетті дініміз ислам қайта оралды. Мұсылманшылдыққа, имани ілімге, діни құндылықтарға бой ұра бастадық. Қаншама мешіттер салынды. Әсіресе, жастардың жан дүниесінде ізгі ислам бүр жарып, ізгілік пен қайырымдылық қанат жайып келеді. Ең аяғы арақ-шарапсыз той өткізетін болдық. Қуаныш па? Қуаныш! Алайда, дін атын жамылған радикалды бұзық ойлы секталар да ашық қоғамның есік-терезесінен ентелеп еніп алды. Құлшылығы бөтен жат діндерді айтпағанда, қырық пышақ болған исламның содырлы, сойқан жат ағымдары жастардың санасын улап бара жатқандығы бізді алаңдатуға тиіс. Ұлтын сүймейтін, ата-анасын қадірлемейтін, тілін, тарихын, салт-дәстүрін түбегейлі мансұқ ететін, шариғатты басқаша түсіндіретін, соны айналасынан талап ететін, өмір тіршілікке тек өлім үкімімен қарайтын фундаменталист қазақ жастарының күн санап көбеюі ұлт үшін өте қауіпті. Мынандай бір оқиғаның куәсі болдым. Жақын туысымыз қайтыс болып, жерлеуге бардық. Марқұмның балалары, жиендері исламның басқа ағымында екенін білетінбіз. Қабір басында ауыл ақсақалы марқұмның жетісі, қырқы, жылдығы берілмейтінін айтты. Жиналған жұрт абыр-гүбір болып қалды. Туыс біздікі, ағалық жолымыз да бар. Сол себепті бұрынғының дәстүріне сай болу керектігін ескерттік. Марқұмның жетісін, қырқын белгіледік. Бірақ артынан естуімізше балалары өз білгендерін істепті. Ол-ол ма, бір ауылда мезгілсіз қайтыс болған келіншектің қазасын көрші ауылда отырған төркін жұрағатына да естіртпей таң асыра апарып ешкімге көрсетпей көміп тастаған да жағдайлар болған. Қазақ ауылында. Қаладағы бір тойда «Келіннің бетін ашу деген болмайды! Ол – Аллаға серік қосумен бірдей!» деп лаң салғандар да болған. Ата салтыңа, баба дәстүріңе балта шабатын бұл қандай дін? Аз жылдың аумағында бұл қазақ қалай ауып, басқа арнаға төңкеріліп кетті?! Қоғамның енді бір бұрышында гейлерді, гомосексуалистерді ашықтан-ашық насихаттайтын, солардың құқын қорғайтын топтар шыға бастады. Қазіргі жастардың бірі әсіре діншіл-радикал, енді бірі шайтани ілімнің шырмауында жүрген батысшыл.
Ауылдық жерлердің өзінде де дәстүрлі қазақы тәрбие осалданып кетті. Үлкенді сыйлау, құрметтеу, ибалық, кісілік таныту секілді ізгі қасиеттерден айырылып барамыз. Қайда да тайраңдаған тантықтық. Төске шауып, басқа өрлеу. Кішімін деп именбейді, қымсынбайды. Айыл жыймайтын антұрғандық. Ойсыздық, санасыздық! Менің бір досым былай айтып еді: «Былтыр отбасыммен шалғайдағы ауылға бардық. Қара шаңырақ деп әкемнің үйінде жаттық. Әке-шешемнің о дүниелік болғанына да біраз жыл болған. Шаңырақта кенже інім отыр. Амандасып, келіп-кетуші көрші-қолаң, ағайын-туыс баршылық. Жасы жетпісті желкелеп қалған жақсы көретін бір жеңешем келді. Отырғандарымыз қопарыла тұрып орын беріп жатырмыз ғой. Сонда әлгі жеңешем: «Қарағайдай қайын ағам мен қайран тәтем отырған үлкен үйдің бір бұрышы да маған жарайды. Мен келінмін ғой, жоғары шықпаймын!» – деп төрден озбай отыра кеткенде менің де ішім жылып, ата салтқа әлі де құрметпен қарап келе жатқан асыл жеңешеме еріксіз елжіредім. Және сол жерде басқа келіндерге үлгі етіп айттым». Осындай қазақы сыйластық пен берекенің ауылы неге алыстап кетті? Біз көрген жеңешелеріміз, келіндер үлкендердің атын тергеп, түп-тұқиянын былшылдатып отырмаушы еді. Бұл ғажап дәстүр Қытайдағы, Моңғолиядағы қандастарымызда әлі күнге дейін жақсы сақталған. «Тәрбие – отбасынан» деп қанша айтқанымызбен, өзі қазақылықты қош көрмеген ата-анадан қандай бала өсіп шығады?
Білім нәрсіз, оқулық сапасыз, мұғалім қағазбасты, ата-ана қолбайлаулы. М.Әуезовтің бір әңгімесін оқымаған қыз-жігіттер университеттің филология факультетінде, Тұрар Рысқұловты білмейтін студент тарих факультетінде оқып, соны «жап-жақсы» бағамен бітіріп шықса таңқалмаңыз. Қазақ баласының қолындағы оқулықтағы «Қамбар батыр» жырында арақ-шарап, темекі насихатталып жатса оған кім жауапты? Әрине, оқулықты жазған авторлар, Білім министрлігі! Қазақтың ежелгі тәрбиелік дәстүрін, өмірлік ұстанымын, философиялық көзқарасын атам заманғы ырым-тыйым деңгейінде қалдырып, оған мән бермеушіліктің ақыры осыған әкеліп отыр. Мұхтар Әуезов «Ел боламын десең, бесігіңді түзе!» дегенде осыны біліп айтқан болар. Бесігінен түзелмеген елдің ертеңі бұлдыр. Ұлттың рухани тұтастығы әуелі осыдан бастау алса керек. Сіз не дейсіз?
Қалада баласы оқитын ауыл қазағы ұялы телефонмен сөйлескен сайын, «балам, шешең екеуіміз сені сағындық!» десе керек. Сонда баласы: «Сағыну-мағыну деген ол не нәрсе, онанша ақша салмайсыңдар ма!» деп дүрсе қоя берсе керек. Былай қарасаңыз жай ғана нәрсе сияқты. Алайда, адам бойындағы сағыныш, аңсау, таңқалу секілді табиғи сезімдердің жұтаңданып бара жатқанын аңдатпай ма? Тіршілігіне мәттақым бір ағам айтқандай мына өмір арпалыс!
Айналаң жанталас. Қапы қалмайын деген қарбалас. Алас-күлес. Таңның атысы, күннің батысы тырбаң-тырбаң әрекет, тық-тық жүріс. Не үшін? Ақша табу керек! Ақша – тіршіліктің кілті, байлығыңның көзі, алаңсыз өмір сүруіңнің кепілі! Не қылсаң да ақша тап! Сенің қалай тапқаныңда ешкімннің шаруасы жоқ. Ұрла. Жымқыр. Ебін тап, екі аса! Ақшасыз құның бес тиын, күнің қараң. Ешкім бөліп бермейді. Тірнектеп тапқаныңды өзің де иттей қорисың. Мына заманда ақша – бедел, абырой, сыйластықтың жөн-жоралғысы. Ақшасы жоқ адамды ешкім сыйламайды. Ақша таппасаң отбасыңа да қадірің жоқ. Ақша – қаруың. Онымен қорқытасың, әлімжеттік етесің. Ақшалы болсаң ешкімнен қорықпайсың. Керек болса сатып, паралап аласың. Ақша – абыройың! Қайда барсаң да басыңа емес, байлығыңа қарайды. Соған сай сый-сияпат қылады. Ақшадан құнды нәрсе жоқ. Ақша – би, сен – құл. Ақша болса… бәрі болады! Осындай психология мамыражай қазақтың мінезіне дерт болып жабысты. Бесіктегі баладан бастап ақшаны жақсы көретін болды. Ақыл сұрамайды, кеңес тыңдамайды. Тек ақша сұрайды, ақша алғысы келеді. Ақшаң болмаса ағайының да алпыс шақырым алыс жүретін болды. «Кедей бай боламын, бай құдай боламын» деген зауал заман ұлттық мінезімізге салқындық, немқұрайлылық, өзімшілдік секілді жат пиғылдарды сіңіре бастады. Анау жылдары осы қазақ бір-біріне келіп-кеткіш, сәлем-сауқат сұрағыш, барын бөліскіш, жоғын түгендегіш, көпшіл секілді еді. Шақырусыз шапқылап бара беретін, бұлданбай, тұлданбай келе беретін. Барың да жоғың да бірдей. Жылы қабағың, кең пейілің, бар мәзірмен дастарханның жиналмай тұрса болды. Сағынып табысып, қимай қоштасып өмірдің бір сәтінен риясыз көңіл-күй жасайтын-ды. Ал қазір ше? Айналасы он-он бес жылдың ішінде мүлдем өзгеріп сала берді. Шақырмаса бармайсың. Кел демесе кірмейсің. Оның өзінде таңдап, талғап. Әншейін көңілжықпастыққа. Әншейін бір міндетті атқару секілді. Борыштан құтылу сыңайлы. Сен де албырап бармайсың, олар да жалбырап қарсы ала қоймайды. Астыңа мінген көлігіңе, қызметіңе, киген киіміңе, атақ-абыройыңа қарай. Сылыңғыр, сұлу, сыпайы сыйластық. Әншейін сіз бен біз. Өзімсіну атымен жоқ. Жақыныңа да жатсың. Баяғыдай еркін емессің. Қаладағыларды қойып, ауылдағы қазақ та баяғыдай кіріп-шығып мидай араласып жатпайды. Томаға-тұйық. Тоң-торыс… Бұрын осы қазақ жақсыға да, жаманға да елең ете түсуші еді. Жақсысына қуанып, жаманшылығына кейіп. Қазір селт етпейді. «Е-е, солай болып па?» деп те ерін жыбырлататындар аз. Жандары сірі, іштері мұздай, жүректері тастай. Еш нәрсеге шімірікпейді. Құлағының еті өлген. Жүрек еті берішке айналған. Қайыңның безінен қатты. Бұрындары «сағыну», «аңсау» деген жақсы көңіл-күй болушы еді. Осы қазір адамды адам сағынбайтындай көрінеді. Керісінше, жалыққан сыңайлы. Сағынышты сәлем хаттарды айтсайшы! Әппақ параққа жылы жүрегіңнен, ыстық көңіліңнен мөлдіреп, тізіліп түсетін сол маржандай сөздерге толы хаттар расында «Сағынышты сәлем хат» деп басталушы еді ғой. Сол хаттарды апталап, айлап күтесің. Он қайтара оқисың. Жүрегіңннің сыртына басасың, жастанып жатасың, қылау тигізбей сақтайсың. Сол сағыныштарды материалдық байлықты мақсат тұтқан мына қоғам мен технократтық үрдіс сағымға айналдырып жіберді. Құрттай жеп бітті. Ақпарат пен телекоммуникациялық байланыс қаншалықты жақындаған сайын, жиілеген сайын адамдардың жан дүниесі соншалықты алыстап барады. Сағыныш тек көркем әдебиеттегі кейіпкерлерде ғана қалғандай сезіледі! Сіз кімді сағынып жүрсіз?! Сізді біреу сағына ма?
Әне, анау көшемен бір қазақ кетіп барады. Иіні түсіңкі. Киімі жұпынылау. Жүрісі сылбыр. Бойы еңкіш. Шаршаңқы. Жүзі сынық. Ұрты суалыңқы. Көзіндегі от әлсіз. Бәлкім, мына тіршілік титықтатқан. Бәлкім…
Қалай айтқанмен де бүгінгі қазақтың іші алай-дүлей, сырты ала-шұбар.
Ерболат Баятұлы,
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер
институтының ғылыми қызметкері,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.