Сүлеймен Мәмет. Қос өрім өрнектері
29.10.2019
1818
0

Мирас пен Жадыра… Адам табиғатын, ішкі мезгілдерін зерттеуші екі терең түйсік иесі. Екі ерек құбылыс, бөлек таным. Бүгінде есімдері елге жайылған, оқырман көзайымына айналған қос ақынның бір отбасыда ғұмыр кешуі тіпті қызық дүние. Өмірді өлеңше, өлеңді өмірше жырлайтын талант иелері жайлы жазбаны назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

Мирас пен Жадыра

Дара дарын иесі, болмысы бөлек қаламгер Тәкен Әлімқұлов «Қоңыр дәптеріне» жазып қалдырған қысқа қайырымдарында: «Табиғаты тайыз ақында шеберліктің шеңбері тар, сипаты жалқы», – депті. Шынында, ет пен терінің арасындағы желік секілді желпінген өлең, «өлең» деген қасиетті ұғымның іргесін кеңейте алмайды. Ол уақытша мақтауларға желі тартқанмен, өмір толқыны бір күндері жаңқадай жағаға лақтырып жіберері күмәнсіз. Өзін-өзі ғана танитын шырылдауық шегірткедей өлеңшінің бедел-биігі кейін жоғалып кетіп жатады. Ондайлардың мықты деген тұғыры тұқыл болып қалады. Халық таныған, бағалаған, артында қалған асылын түсінген жұрт – нағыз ақынға кішіпейіл. Оған «Ей, тәкәппар дүние! Маған да бір қарашы, Танисың ба сен мені? Мен қазақтың баласы!» – деп үн қатқан Қасым (Аманжолов), «…Махаңдар жоқ, Махаңдардың сарқыты – Мұқағали Мақатаев бар мұнда!» – дейтін Мұқағали – қос дүлдүлдің жұмбаққа толы тіршіліктегі тірлігі мен бұралаң бұлтарысы, қағаберісі, яғни құпиясы көп мына өмірден өткеннен кейін қырандай түлеп шығуы дәлел деп білеміз. Қазақпен бірге жасаған өлең өрімі, сөз мәні, ой ұшқыны небір өрен жүйріктердің бағын ашып, Алаш аспанында жұлдыздай жарқыратып, жыр өзенін сарқыратып-ақ келеді. Арыға бармай, өткен ғасырдан тізгін тартып, жоғарыдағы екі ақынды жар салып айтсақ, бар екенімізді меңзегеніміз. Сол тұлпар текті айбындарымыздың ақ семсердей жырын, ашық үнін жалғап жүрген жаңа ғасыр жастары да аз емес. Бір шоғырдың екпіні ерен, байламдары терең. Тіпті атам қазақтан қалған «Құл тумадым, ұл тудым, Түн тумадым, күн тудым», – дегізерлік. Тек, оларға «Сүйенерім де – ұлым, сыйынарым да – ұлым», – деп күншілдікпен күңкілдемей, кемдік көрсетпей, кеңдік танытсақ, талант танылып, төрт аяғын тең басып, темір қанат болары айдай анық.

Біз бұл ойларды үлкенді де сүйсінтіп, уіл­деген сәбиді де жұбатар үш өлең жинағын қақ қалдырмай оқыған соң айтып отырмыз. Алғашқы екі кітап – «Бекзат» (2012 ж.), «Сүйесің, жүрек, сүйесің» (2018 ж.) деп аталады. Авторы – «Өлең деген менің бүкіл тағдырым», «Кеңістік кеудем, күркіреп демім, Жырларым жауын бүркіп өткенім… Ақ алмас арым, асқар тау – еңсем, Арманымды асыл арғымақ қылып… мен келдім!» – деп қаршығадай қанат қаққан Мирас АСАН. «Қағаз жүрек» (2017 ж.) деген үшінші жинақ авторы – «Мен осы Өлеңмен жазылған тағдырмын, Оқығың келе ме?» – деп сұрақ қойып, «Балалық-ай! Жолың кәні? Балғын иіс, бұрым-шақ. Ойыншық не қолымдағы, Ол кезде өзім – қуыршақ», – деп әр адамның бей­күнә сәтін көз алдыңа әкелген Жадыра БАЙБҰЛАНОВА.

***

Мен Мирастың өзінен бұрын өлеңімен таныстым. «Бекзат» деген өлеңінде ол: «Маң­дайым­ды ерке самалға сүйгізіп, Төбемді жеті қат Көкке тигізіп, Жұлдыздың бәрін жолыма төсеп, Жүрегіме бүкіл Әлемді сыйғызып! Қап-қара түнді қақ жарып, Сенің һас маңғаздығыңа малданып, Даламды түгел думанға бөлеп, Көк­тем көркіңе тағы бір таңданып… мен келдім!», – деп жан дүниесін жайып салған ақынның айтпағы – адалдық. Сөз саптауында баяғы бабалардың таза үлгісі, сөз астарында тұнған иірім бар. Қолтаңбасы да бөлек. Байлам-пайы­мы да өзіне тән, өресі биік, өрісі кең екен де­гізеді. Соқталы ойларды солқылдатып, жыр жолына түсіргенде, таңдайынан шаң шығады, кей тұста көне жырауларды еске түсіріп, кейінгі сөз ұстаған саңлақтарды санаңа салады. Әр өлеңіндегі оралымды ойлар, терең түйіндер селт еткізер тіркестер, оның құлын-тайдан өтіп, құрықты оңайда салдыра қоймайтын шу асау шабыт иесі екенін де аңғартады.

Жыр тұлпарына шын талант мінсе, бағы ашылады. Қайсар қазақ Асқар Сүлейменов айтқан «кем талант» жалына жармасса, шаң жұтады. Пысылдап, пырылдап қалады. Біз бұл байламға Мирастың алда айтқан жыр жинақтарын парақтап шыққан соң келіп отырмыз. Қадалып оқығанда атына қарай заты да бөлек, ұлтқа мирас болар ойлы шумақтарға ой тоқтатқанда – бәрекелді демеске шараң жоқ. Бір замандары Қасым ақын: «Поэзия – асыл жар, Тек өзіңе тең болсам; Менде қандай арман бар, Мәңгі бірге сен болсаң!» – десе, Мирас ақын: «Ай қабақ, ақ наз, гүл ерін, Сен үшін өмір сүремін, Жер бетін тербеп тұрады, жерленбей менің жүрегім», – дейді.

Бұл арада екі ақын да өлеңнің өміршеңдігін айтып отыр. Мұны ұрпақтардың үндесуі, үкілі өлеңнің жаңғыруы, жүрек-жырдың ешқашан жерленбейтіні десек жарасар.

Таныта алсақ, талант аз ба, көрсете алсақ, кемеңгеріміз кем бе?! Зұлмат запыран құстырған заманда да жұртымыздың алтын арқауы үзілмеген. Бүгінгі толқын-толқын ұрпағынан да тепсінген тегеурінді тектілер, әлем ақыны шықпайды деп кім айта алады. Әлем ақындарын оқып жүрміз ғой. Мәселе, жетеліні жеткізе алуда болып тұр. Бабына келтіріп баулысақ, шөміштен қағып, табанын шөңгеге тілдірмесек, өсекке еріп, күңкілдемесек, шабысы шамалы пысықайларды үкілеп, ұтылып қалмасақ, ұлтпен қатар аталар ұлт ұланы болмай қоймайды. Ондай өрен-жүйрік ортамыздан табыларына сене білсек екен. Соны аңсаған ақын бар қазақты қайрап әлем ақыны қазақтан да табылатынын шын ниетімен айтып отыр. Жақсы сөз – ырыс, жаман сөз – бұрыс.

Заманның сөзін, халықтың қам-қарекетін бүкпесіз айтқан ақын қай заманда да болған. Бүгінгі ақындар да бірде сүйініп, бірде күйініп айтудан кенде емес. Кейде соны еститін құлаққа жеткізе алмай жатады. Әттең, ақынның айтқаны тиісті жерге жете, шешімін тауып жатса ғой. Бұрынғының сөз ұстаған асыл­дары аузын ашса – хан да, қара да жалт қарап, ай­наласы есін жиып, ақи­қатқа көз жет­кі­зіп, мығыммын деген мықтың да оларға тығын бола алмай, ат­шапан ай­ып тө­леп, ке­шірім сұрап құ­тылған. Сөзге тоқтау дегеніміз сол еді ғой. Бұл күн­де ондай салт-санаға сыз­ат түсіп, тіпті үсік шалды десе де болады. Атқан оқ тиіп жатады, сөз құлақтан ас­ып кетеді. Бұл – салт-санасынан жаңыл­ған ұлттың соры.

Ия, қазақ ақыны қазақ сөзін сөйлемей қайтсін. Мирас та «Қазақ» деген өлеңінде қазақ қалыбын: өткені мен бүгінін салыстыра отырып, Құлагерге балта сілтеген Батыраш та қазақ болғанын айтып, әлі де өсе қоймағанымызды айта келіп: «Әлихандардың арманындағы астана, Оли­гархтардың қармағындағы астана!..», – дейді.

Мұны өтірік дей аламыз ба? Әрине, жақ­сымыз бар, бірақ тапшылықты да айтқанның кемістігі жоқ деп білеміз. Ахмет Байтұрсынұлы меңзегендей, жоғын іздеген ұлттың өкіліміз ғой. Жоғымызды жалтақтамай, ашық айтып түгендесек, барымыздың ажары ашыла түспек. Ақын сөзін жат сөзіне балап тіксінбесек, құйрық жалы сүзіліп шыққан тұлпардай тірлігіміз түзеледі. Бұл – болмасын деген сөз емес, болатын іске септігім тисе деген адал ниеттің уәжі. Тізгін ұстаған өз қандастарымыз бұған мән берсе, көңіл аударса, толысар едік, толығар едік. Кейде ондай бола қоймайтыны, жүре тыңдайтынымыз, «Көш жүре түзеледіге» бой алдыратынымыз өкіндірмей қоймайды. Керуен көшіміздің азаттық жолында келе жатқанына да 30 жылға таяды. Жас мемлекет деген термин артта қалып, кемелдікке аяқ басқан тұста ондай ақиқат сөзден шошынбасақ екен.

Орынсыз шошыну – шолақтық, ертең өкіндірер – олақтық. Мұны әдемі сөйлейтіндер ескерсе ғой. Мирас Асанның бұл кітабындағы жүрек қылын тербер сезімге толы лирикалық өлеңдерінде өзіндік әрлі әуен, нәрлі ой – ақын талантының тағы бір қырын дәйектейді.

Сезімнің отын үрлеп, талшыбықтай тербеп «Ернімнен ерінің күйіп қап», – деп қабат-қабат ойды маржан сөзбен жайып салатын махаббат жырлары көңіл түкпіріндегі шоқты қоздатпай қоймайды. Әсіресе, жары Жадыраға арнаған топтама әр адамның өз жарына деген кіршіксіз ілтипатынан шашу болып шашылатын, үлбіреп ашылатын гүл қауызындай сәтті баяндайды. Жадыраның орнына әркім өз қалаулысын қойып, бұл саған деген сезім ұшқыны десе, – сенерлік. Жыр жампозы, қазақ махаббат лирикасына алғаш «төң­керіс» жасап, қасаңдықты қайы­рып тастап, адамға тән жақсы қасиет алдымен нәзік сезімнен басталатынын айтқан Тұмағаңның – Тұманбай Молдағалиевтің өлеңдерін кезінде балаң жігіттер сүйіктісіне хатпен жіберіп, талай арудың жүрегін жаулағанын білеміз. «Меңің­дей ғана жыр жазам, Мен сені сағынғанымда» дей келіп, «Толтырып жүрген Жердегі, Періштелердің санатын! Жадырам… сағыныш сағатым!» – деп сабақтайды. Бұл жолдар сезім оты өртегенде әр пенденің аузынан шығары хақ.

Мирастың бұл кітабы өзі айтқандай, рухтың ұлылығын жырласа, «Сүйесің, жүрек, сүйесің» – елдік іске, ұлттың асыл қасиеттеріне қарауылдай қарап, тереңнен тамыр тартқан тың ізденістерге ұмтылады. Заман сөзін, уақыт үнін жыр жолдарына түсіргенде іркілмейді, ірі сөйлейді, бүкпесіз ақиқаттарды көлденең қойып, «Айтып өткен ақында арман бар ма?» (М.Мұқағали) дейді.

Ақиқатты ақындар айтпағанда кім айтады? Оның қызметі осы ақиқатты айту емес пе? Алары кетсе де, айтарын айтқан ақынның өлгенін кім көріпті? Өзі өмірден өткенмен, сөзі кейінгі толқынның арасында жасарып, жаңарып жүреді. Осыны Мирас «Мағжан» деген жырында әдемі береді. «Рухы тірі – Кеше көрдім Мағжанды… Оқып берді алақандай қағаздан, Өлең емес – маңдайына жазғанды!» – дейді. Соңғы түйін жүрегіңді шымырлатады. Мағжан туралы әр алуан әңгімені еске түсіреді. Қанша арысымыздың өлген жылы, көмген жері белгісіз қалды. Оған «Бір ақиқат айтайыншы сенгісіз, Бір түсінер адамсыз ғой шерді Сіз: «Ақындардың туған жылы – белгілі, Өлген жылы – белгісіз!» – деген жолдар сөзімізге дәлел. Сұм заман осыған әкеліп тіреді. Сөйтіп, арыстарымыздан көз жаздырды. Кейінгі ұрпақтың «Бұл қалай болған?» деген сұрағын екіұшты етпей нүкте қойып, тиянақтасақ қой дейсің.

Ұлтымыздың топ жарған топшысы – болат, қолы – қанат азаматы Данияр Елеусінов туралы «Көкжал қазақ Данияр» деген жырды оқып көрейікші. «Сақ бабаның алтын бопты киімі, Ғұн бабаның алтын бопты бұйымы. Алтын бізге таңсық емес, мәселе – Сенің шыққан тұғырыңның биігі! Алтын жүрек Данияр. Бүктеп соққан оғландарды талай тік, Халқыңды алтын қойдың, тіпті зорайтып! Қойынына алтын тыққан әлем тұр, Мойыныңа алтын таққан сені айтып! Көкжал қазақ Данияр!»

Жұрт ұлының ерлігін халқымыздың дүниенің құлы болмай, тиын-тебен санаған дүние-қоңызбен керіспей, татымы жоқты қонға сүртіп кете беретін кемелдігін еске салып, бүгінгі ерлікті арғы тарихпен ұштастырып, бұл – ұрпақтар сабақтастығы екенін аңғартады. Төрт шумақта төрт жүз беттік оқиға қамтылғандай әсер қалдырады.

Ойлы ақынның ойлы өлеңдері бірінен бірі өтеді. Барды бадырайтып көрсетпейді. «Арғы жағын өзің түсін, оқырманым», дегендей, мысқалдап, астарлап айтады. Халқым дегенде ет жүрегі елжіреп, оның тағдыр-тәлейіне бей-жай қарай алмайтын Мирас «Арзуда» «Жігер – құм болды. Жүрек – күл болды… Жерім – пұл болды. Елім – құл болды… Әкім – құтырсын, Ақын – ұтылсын. Қарыз – белшеде, Арыз – кеңседе… Байлық шылқыды, Айлық – күлкілі… Тесік қалтамыз, Тесік – құлқыны», – деп көкейде жүрген көп түйткілді ашық білдіріпті. Айта отырып, бұған қашан тыйым болар екен деген Мираспен бірге ой кешіп, миың ашиды, көңілің жасиды. Мұхтар Мағауинге арнаған «Бес жебе» деген шағын өлеңнің де арғы жағында ұлттың тағдыры жатыр. «Әуексіз көкжал кетіп бара жатыр, «Сұм өмір саналыға түрме болып»… У тамды бал таматын мына тілден», – деген сөздер түнекке айналдырғандай болады.

Мирас арнап жазғанда да төгіп-төгіп жібереді. Оған «Көзін сұмдық шел басқандар бар, Көкірегін шындық шер басқандар бар, Ұлт үстінен ұпайын түгендеп, Ұялмай-қызармай жер басқандар бар! Бір кем дүние!.. Құлқын деп жеңін түргендер бар, Ұлтым деп өмір сүргендер бар. Үріп кеп ішіп, шайқап кеп төгіп, Үйіне қарсы үретіндер бар, Бір кем дүние!» – деп Шерағаң – Шерхан Мұртаза өмірден озғанда Шерағаңша тебіренсе, Ержұман Смайыл бақилық болғанда «Егемендей» кеменнің, Ескегіндей ер едің! Сұм ажалдың жебесі, Бұзды оның да беренін… Жағар жұлдыз көктегі, Бізге аманат көп тегі. Шерағаңның шекпені, Ерағаңның мектебі», – деп шындықты шертеді.

Ал «Біздің қоғамда күн, түн және елес – үш уақыт!.. Жезөзкшелерді тазалап бұрыш-бұрыштан, Бозөкпелерді шығарады жалау ұстатып!» – деген өлең жолдарында кейбір тізгін ұстап, тірлік жасап жүрміз дегендердің жалықтырған жасандылығын жалтақтамай ашып береді. «Жаны да, жанары да шуақ күлкі, Таба алсаң, табаныңда жұмақ кілті. Әлемде ең аяулы жан кім десе, Ана деп шешіледі сұрақ кілті», – деп ана құдыретіне құлдық ұрған азамат өмірге жаңа қадам басқан өз ұлына: «Тарихың бар Күлтегін тасқа жазған, Сол тарихқа ешқашан тас атпа, ұлым… Ала допты болады сәл қууға, Ала жіпті аттама мүлде бірақ… Тарыдай боп мектепке кірген саған, Таудай талап тіледім тарыдай бақ», – дейді де өмірдің осылай жалғаса беретінін жетеңе жеткізеді.

Мирас Асанның шалқар шабытынан желі тартқан «Домбыра» – поэма панорамасы оның көлемді дүниеге қалам тартқанда да көсі­ле алатынын, ұлттық құндылықты терең білетінін аңғартып, сөз қозғағанда рухани байлығымызды жасаушылар барлық өңірден шыққан деп, олардың кескін-келбетін сөз құдыретімен көз алдыңа әкеледі. Маржан жырда күй әлемінің сардарларын сапқа тізіп, күмбірін көңіл көкжиегіне көтереді. Шалқар шабыт шеңберден асып, екі ішек, отыз перне, бір тиекті сөзбен бебеулетеді. Осының бәрін ұқтырған ақын дарыны дара екен-ау дегізеді. «Домбыра сұңқар еді балдақтағы, Домбыра – тұлпар еді тұғырдағы!», – деп қазақтың төрт құбыласын түгендеп, «Сен барда байтағым кең, ұлысым бай, Қайтемін осындайда ұлысынбай! Саңқ етіп Қазыбектің көмейіндей, Жарқ етіп Қабанбайдың қылышындай», – дейді де: «Домбыра даусында Алаш үні, Көзімнің ағы да сол, қарашығы! Тиегі – тобылғының қатты діңі, Сүйегі қызыл қайың, ағашы ірі… Серінің сен көзісің, сал күлігім, Байлығым, бақыт, ырыс, мал-мүлігім! Домбыра, сенде жатыр бар ғұмырым, Жүрекке жеткізе бер ән дүбірін», – деп ұлттық мұраның қадірін қалыптайды. Қазақтың Қадыры (Мырза Әлі) «Қазақ – нағыз қазақ емес, Нағыз қазақ – домбыра», – десе, жаңа ғасырдағы оның ізбасары Мирас аға сөзін: «Таңдайға Алаш рухын тамызды азат! Домбыра, сен жайлы айтар аңыз ғажап! Төрімде тұрғай мәңгі төл аспабым, Төбеме тұттым сені, Нағыз Қазақ», – деген өрісті оймен мәртебесін биіктетеді. Бұл туындыны оқып отырғанда ақынның лирикадан эпикаға еркін баратын қабілетін айқын аңғарасың. Қай жағынан болса да, өсу үстінде екеніне көз жеткізіп, көңіл демдейсің.

«Көз қырыңды салшы маған, ізгілік, Қол-ұшыңды берші маған жақсылық», – деп ізгілік, пен жақсылық үшін жаралғанын бұйра-бұйра ой толқынынан буырқанған әлемі – оның келешегі кемел болатынын, толыса келіп, топ жаратынын аңғартады, қазірдің өзінде көпке танылып, ел аузына ілігіп, өлеңді ұққан жандардың ілти­патын естіп те, көріп те жүр.

Ең бастысы, Мирастың бойында шын ақынға тән адал мінез, адамды алаламайтын кіршіксіз ниет бар. «Мінезін бермей түлкінің, Жүрегін бердің қасқырдың», – деп Мұқағали айтпақшы, түлкі мінезден алыс қасқыр жүрекпен жүрген ақын: «…Кеудеме мына нан пісіп, Басыммен барып тасты ұрдым. Шашырады ұшып көзімнен, Бас осал екен тас мықты. Ес кіріп сонда сезгенім. Өткенін қайран жастықтың» (Мұқағали Мақа­таев) дегенді де есте ұстаса деген тілек бар. Өмір жолы бұралаң.

Біз Мирастың бар өлеңін мінсіз, ақауы жоқ деуден аулақпыз. Қазақ жастың бетін қақпай, жақсысын алдымен көрген, болсам деген баланың бетіне келмей, белін буған, барына қуанған, жоғын өзі тауып, кемін өзі бүтіндер деген. Біз де соған ден қойдық. Шабысты жүйріктің алдына бірден арқан керу де – ағаттық. Ойлы ақын орныға келіп, барын сараптағанда артық-кемін өзі-ақ түгендеп, жоғын табар деген ниеттеміз. Бірақ «Бәрі жалған, маңайым жылтыр күлкі, Ойлайтыны пенденің – құлқың құрты! Марапаттап ұсынған гүлің – тікен, Жарақаттап сөйлеген ұртың – түрпі! Біз бір адам едік қой кемедегі, Өлеңге обал емес пе өредегі. Ақымақ боп ойласың неге үнемі, Батырақ деп ойлайсың неге мені?» деп жалғандық пенде жағаласып қалады. Өмір бар жерде өлім бары анық. Дегенмен «Көздің жасы күнәмді шайып кетсін, Мен өлгенде көзіңді сүртпе күнім», «О, туған жер… Топырағың бұйырса сол бір уыс, Кеудемдегі бір уыс ет өлгенде» секілді сөзді, айтатын кез болар…

Кейінгі толқын туралы ой қозғағанда ұлы қаламгер Мұхтар Әуезовтің оларды «Жарқыраған жаңа нәсіл» деуі тегін болмаса керек. Ендеше, жаңа ғасырдың жаңа нәсіліне, қазақ нәсіліне бар айтарымыз, азат ел әдебиетінің бүгінгі жасы өсе келе басы болатынына сенім білдіру.

***

Жадыра Байбұлованың өлеңдерінен аз-кем хабарым болғанмен, ақын туралы дерекке онша қанық емес едім. «Айқын» газетінде шыққан сұхбатынан кейін толық танығандай болдым. «Өмірдің қандай тәтті екенін, менен сұраңдаршы», – депті сол сұхбатында Жадыра. Оның бұлай деуіне себеп, ауыр дертке шалдығып, азапты күндерді бастан кешіп жүргенде жігерді құм етпей, үмітін үкілеп, арманын алға жетелеп, «Ішкі сенім мен рухымның арқасында дертімді жеңіп шықтым» – деп айтқандай, ауыр дертті ауыздықтапты.

Дерттен қамықпай, қарсы тұрған рухы мық­ты қайсар қыз өлімді ойламай, өмір көшінен қалмауға, бар бақытын өлеңнен тауып, «Береке­сіз жалғанда бергенім – от, Жаным менің мөп-мөлдір жыр тамшылар!» – дейді. Оны өмірге қайта әкелген осы жыр тамшылары екені сөзсіз. Сол жыр тамшылары көңілін демемесе, сұм кесел күйік болып жабысып, жанын жаралап тынар ма еді? Өлең құдыреті деген осы болар.

Сол сұхбаттан Жадыра мен Мирастың бір шаңырақ астында өлең отын қоздатып, серіктес боп, бақыт бағында қол ұстасып жүргенін білдім. Қарлығаштың қос қанатындай болған қос ақынның бір отаудың иесі, отбасының ұйытқысы бола білу – қазақ поэзиясында бар үрдіс. Оған өлең әлемінде әдемі іздері, өнеге өрісі, шыққан биігі бар Жұматай Жақыпбаев пен Заида Елғондинова, Қайырбек Асанов пен Күләш Ахметова, өзге де ақын жұптардың жолы дәлел.

Жандүниесін жайып салған ақын: «Жанның қақпасы – жүрек, тағдыр тақтасы – қағаз… Ауыздан шыққан сөз – дұға, қағазға түскен таңба – тағдыр. Жанның қақпасы тағдыр тақтасына айналса, ол – қағаз жүрек», – деп алғашқы беті ашылатын Жадыра Байбұланованың «Қағаз жүрек» атты жыр кітабы – бастау суындай тұнық махаббат лирикасынан тұрады десек болғандай. Мысалы «Сен мені тағы, жаным, байқамадың, Өте бердің өзгемен күлімсіреп. Жүрегім «қарашы» деп айқайлады, Ал мен саған ренжідім алғаш рет», – деген алғашқы түйіндемеден екі жастың болмысын аңғарасың.

Кітапқа алғысөзді «Жадыраның жыр бағы» деген тақырыппен қазақтың айтулы ақын қызы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Күл­әш Ахметова жазып, осы күнгі жастардың өлеңдеріндегі түсініксіз тұстардың болатынын айтып, нөпір сөзде дәстүрдің жоқ екенін жеткізіп, Жадыра жырын оқығанда шын қуанғанын тілге тиек етеді. Жүректен шыққан өлеңдер «…ерке бұлқынып, бүршік жарып, көзді жаулап, көңілді баурады», – дейді. Ұлт ақынына тән шеберлігіне сүйсініп, «Таптаурын жолға түспей, жаңа сүрлеу, соны соқпақ іздеген екен. Оны таба да білген», – деп «Ол өлеңді шұбыртып, ұзақ жазбайды. Бірнеше шумақтан тұратын шығармасына сол сәттегі «көңіл күйін сынаптай үйірілтіп, сыйғыза біледі. Әр сөзі дәл, әр жолы мағыналы әрі бейнелі», – депті. Сөз түйінін «Қазақ поэзиясының аспанына тағы бір таң жұлдызы қосылған сияқты талантты қыздың біз күткен де, біз күтетіннен асып түсетін де әдемі жырларының әлі талайы жазылатынына сеніміміз мол» – деп түйіпті.

Алдыңғы толқынның кейінгі жасқа бұлай шын сүйсініп, тілек айтуы жақсылықтың нышанындай көрінді. Ондай үлгінің басында, бір кездері қазақ өлеңі абыздарының бірі – Әбілдә Тәжібаев тұрған еді. Ақыннан бата алған талай жас қазір әдебиеттің мықтыларына айналды. Соның бірі – Мұқағали болатын.

Нәзік жүрек лүпілінен туған ойлы өлең көз алдыңа тірі сурет әкеледі. «Келші, қосылып вальс билейік. Жауынның қандай жағымды әуені», – деп одан соң, «Сынсам да өзіңмен сынамын бірге, Шаттықтан кетті шұғыла ғайып. Ерегіскенде мына өмірге, Қосылып бірге күліп алайық. Келші», – дейді. Көрдіңіз бе, жауынның тырсылындағы әуенді сезіп, оны биге ұластырып, одан кейін бірге болар шынайы сезімді білдіру – бұл шын ақынның шырқау сәті десек болғандай.

(Оқи отырыңыз)

КЕРЕҒАР

«Қағаз жүректі» махаббат кітабы дедік. Бұл – көңіл үшін емес, ақиқат үшін айтылған сөз. Ақиқатты жеткізе білу де шеберлік. Сүйіс­пеншілік жырын сөзбен созбай, оқыған жөн секілді. «Бақытым қайда, біліп пе ем? Ұмытылған сайын алшақтар. Жалғанып жатқан үміттер, Үзіліп жатқан моншақтар. Сырласады үнсіз түн қара, Жүрегімдегі қу дертпен, Өткен күнімді бір ғана, Өртедім фото суретпен», «Өті­рік бәрі – қолыңды қыссам бақ тілеп, Мойныңа барып асылғысы кеп ақ білек. Кездесе қалсақ, сен де өтірік хал сұрап, Мен де өтірік жақсы деп, Алдап жүрміз. Жалғасады қашанғы? Амандық та, адалдық та жасанды», «Алға тартып барады уақыт-тізгін, Жылтыраған сырт көзге жақұт-құзбын. Жүрегіме үңілсең, жаралы аққу – Жай ғана бақытсызбын… Алыста сағымданған бұла күнім, Сөнбей-тұғын сол күннің шырағымын. Жоғалтып алғаныма көктемімді, Кешірші, кінәлімін! Жазығы жоқ жүректің сырын ұқтым – Көктем де емес, күз де емес, жылымықпын. Сезіміңмен, серігім, өмір сыйлы, Мен сенсіз тірі өлікпін! Ұйқысыз түн. Таңдарман таласамын, Күздей көңіл, жанымда – қараша мұң… Өзің ғана екенсің өткенім де. Бүгінім, болашағым», «Есімімді тағы айтшы, тағы да бір! Жүрек күйіп, өртенсін жарымағыр! Өзің жаққан үміттей бір күндері, Үзілуі мүмкін ғой Жадыра-гүл… Жадыра деп шақыр да, жалт қаратып, Жәй ғана… атыңды айтқым келді деші», «Аға, сенің алдыңда ұяттымын, Шырақ күнім барады құлап бүгін. Еркелетсең, елжіреп, есім кетіп, Құшағыңды аңсайтын сияқтымын. Дара көрем, десем де аға көрем, Жанарымнан жас болып ағады өлең. Қарындасым, дейсің сен күлімсіреп, Мен күлкіңе ғашық боп қала берем», – деген соңғы төрт жол аға мен қарындас боп жүрген жандардың арасындағы ішкі иірімді келістіре берген. «…Көзіме қарашы, мендегі махаббат, Үнсіздік тілінде сөйлеп тұр», «Дәл мендей бақытты емес, Сені үйде күткен әйел», «Мені қалай сүйесің деп сұрама, Оны сөзбен түсіндіре алмаймын», деп келетін екі жол өлеңнің өзінен сыйластықтың әдемі үлгісі аңғарылады. «Махаббатқа бас иеді Күн нұры, Өлшенбейтін жалғыз күш бар, сол – дара! Бүкіл мынау адамзаттың ғұмыры, Бір сағаттық жол ғана», – деп келетін екі жолда философиялық байлам жатыр. Шынында, лапылдап жану да, естен тану да, өкініш те – өмірді бейнелеп айтсақ, бір сағаттық жол екені рас. Атам қазақ «есік пен төрдей» дейді. Оны көбіміз аңғара бермейміз. Соны ақын тап басыпты. «Есіңде жүрсін есті жан» дейді. Иә, ақаусыз өлең өлмейді. Оны Жадыра «Мен өлген соң қайтадан тірілемін – Өлең боп соғады жүрек-уақыт» деп келтіреді.

Жадыра өмір ағысындағы көргенін өлең өрнегіне түсіргенде ақиқаттан ауытқымауға бел байлаған. «Байлық. Барлық. Тек бір жоғы – Ұят. Ұрпақ – жетесіз! Ата. Баба. Тектің соры – Сәби. Туған. Некесіз», «Алып әлем азып барады ақырын. Бәрі сауда – бәрі жаппай сатылым! Біреулерге сатылады біреулер, Сатқындықтың құрбаны етіп жақынын. Шетел асып, жәудірейді қаракөз, Даңқы асқақ сатылады дарабоз. «Алыпсатар» – адамзаттың атауы, Ақыл – ақша, жүрек – бұлдыр, сана – боз… Өмір дейтін бағасы арзан базарда, Тән саудасы – ар саудасы күйіп тұр! Сатылады: «ағасы» мен «жағасы». Шындық пенен өтірікті арасы. Қуаныштың көзі болған көк қағаз, Бақыттың да бақыр тиын бағасы. Қызылшақа құндағымда ед құт кеше, Сайтан болып кеттік – сауда бітпесе. Жат ғаламшар тұрғыны кеп бір күні: «Жер менікі! Сатып алдым! Шық!» – десе», – деп жер мәселесінің тұңғиығына көз жіберіп, адами қасиеттен айырылып қалмайық дегенді меңзейді. Теріс беттен қайтпасақ, түптің түбінде жұқара беру былай тұрсын, жабайы сауда қазақты жұтатып жібере ме деген қаупін де ашық айтады. Күліп тұрып сататын дос, жаныңды ұғам дейтін жақының жалт беретін бір заманға тап болдық па деп күдіктенгендіктен бе: «Мен енді сенбеймін достың барына – Алданам қашанғы? Бәрі кеп үңілген болады жаныңа – Барлығы жасанды», – дейді де: «Кім білген бастан қашан бақ кетерін, Ең ыстық қуанышта, мұң – алдамшы. Өмірдің қаншалықты тәтті екенін, Менен кеп сұраңдаршы», – деп отты өлеңін алдыңа тартқанда бәрі де рас, бәрі де ақиқат демеске шараң жоқ. Сол ақиқатты Жадыра жырын оқып болған соң, тәубеге келсек, кейінгі ұрпақ алдында арымыз тазарар еді. Барымыздың құнын білер едік. Осыны ұқтырам деген өмірге ғашық адамның ғұмырлы жырына құлшылық етпесек те, түсініп оқысақ екен. Өйткені «Жаным менің мөп-мөлдір жыр тамшылары», – дейді Жадыра. Бұл оның бүкпесіз шындығы. Жырдағы оның сол сырымен сырласу да бір ғанибет қой.

Ел сөзін айтатын есті адам дәрежесіне жеткенде, Мирас пен Жадыра «Ақын, ең алдымен, өз қоғамының мүшесі және мейлінше белсенді мүшесі болуға тиіс. Олай болса, шын ақын өзінің тағдыры арқылы да, өзгелердің тағдыры арқылы да, қоғамдық шындықты суреттейді» деген Тәкен Әлімқұлов сөзіне адал қадаммен келе жатыр деуге толық болады.

Сөз сардарының осы айтқаны екі ақынға әлі бағдар болары анық. Ақын қоңыр төбел тірлікте қоңыр өлеңмен ел сөзін айта алады. Ел сөзін айта алмаған ақын ел есінде қала қоймайды. Әрине, қатты айтса – жоғарыға ұнамай қалары рас. Бірақ өзімен бірге ақиқатты өлтірмеудің өзі – ақиқат. Бұл оның өмір жолындағы күрестің күштісі. Ал күнкөрістің қамында жүргендер сол тұста аты аспандап, кемел деген атқа ие болғанмен, ұлт мәресіне жете алмайды. Себебі, қоғам ауысқанда кімнің кім екенін уақыт өзі анықтап, алдыңа сыбағаңды тартады. Ол соңғы он жылдықтарда айқын байқалды.

Ел деген ақында да, күн көрсем деген ақында да мінез бар. Мінез мінсіз болмайды. Мінез Қасым мен Мұқағалида да жетіп артылатын. Аманжоловтың «Заманның жеңіл ауыз жентелмені, Білемін, мақтар едің өлсем мені», – деуі тегін болмаса керек. Қасымның кімді айтып отырғаны түсінікті. Қоғамның шындығын қазір де батыл айтатын ақын-азаматтар бар.

***

Мирас Асанның ел өміріндегі жақсылықты да, әттеген-айды да ет жүрегінен өткізетінін әркез көріп жүрміз. Оған оның мына өлең жолдары дәйек болады. «Бас жарылса – бөрік ішінде» дейді, Бөріктімнің намысын тұқыртып. «Қол сынса – жең ішінде» дейді. Жең ұшынан жалғасқан парақорларды құтыртып. Бізді басынбаған кім қалды? …Көшеде кикілжің төбелес, Кеңседе мипылжың жиналыс! Тілім кесілген… Тілерсегім қиылған… Келімсек – төрде, Көңілшек төменде», – деп ұлттың өзіне соққы боп тиер бір қасіретін намысыңды ояту үшін айтады. Әттең, осыдан намыс оянса, ұтылмас едік-ау! Бұл – елім деген ересен ақын сөзі.

***

Қазақ поэзиясына өзіндік үнімен қосылған қос ақын бұл күндері телқоңырдай тепсеңге шығып, одан ары биіктерге бет алып барады. Кешегі, бүгінгі әдебиет қайраткерлері де осы жолдан өткен. Бүгінгі шыңына жеткен. Ендеше, Әбіш Кекілбайұлы айтқан шексіз дүниеде, шекті ғасыр күн кешетін қос ақын табысына бәрекелді деп, кемеліне келіп толысқанша, кемін толтырғанша, кеңдік танытып, кемелдік тілейік.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір