Ғоламхосейн САЕДИ. ТІЛЕНШІ
18.10.2019
357
0

Бір айдың ішінде Құмға үш рет барып қайттым. Кейінгісінде жағдайдың нашарлайтыны маған ғайыптан аян берілгендей айқын сезілді.

Тағы да түн ортасында бір ескі машинамен жолға шығып, таңертең күн шықпай тұрып, Сейед Асадулланың есігінің алдында болдым. Есікті қағып ем, Азиз ханым мені көріп, селтиіп тұрып қалды, өңі бұзылып кетті. Есіктің жанынан өтіп бара жатып: «Үлкен ханым, сен кетпеп пе едің?» – деп сұрады. Сыр бермей, сәлемдесіп, ішке кірдім. Дәлізден өттім. Ұйқыдан енді оянып, ауладағы хауыз алдында беті-қолдарын жуып жатқан балалар маған қарады. Мен боқшамды тіземе қойған күйі дуалдың түбіне отыра кеттім. Азиз ханым тағы да: «Расымен, үлкен ханым, сен кетпеген бе едің?» – деді.

– О не дегенің, жаным. Кеткем, тағы келдім.

– Қайтып келетінің бар, не үшін кеттің? Осында қалмадың ба? Біз де алаңдамас едік.

– Енді қайтып келдім, еш алаңдама. Бірақ, жаным, бұл жолы жай келген жоқпын, маңызды жұмыспен келдім, – дедім күліп.

Балалар мені қоршап алды. Біртіндеп ашулана бастаған Азиз ханым бақшаның шетіне тізе бүгіп: «Басқа қандай жұмысыңі бар?» деп сұрады.

– Өзіме жер сатып алайын деп келдім. Түс көрдім, кететін сыңайлымын.

Азиз ханым: «Сен ыңыршағың шыққан кедей едің ғой? Қайтіп жер сатып алмақсың?» – деді сәл қозғалыңқырап қойып. «Ретін таптым», – деп, боқшамды нұсқадым. Азиз ханым ызбарланып: «Ақшаң бар екен, несіне мұнда келіп, Сейед бейшараны қажайсың? Сорлы таңертеңнен кешке дейін жаны шырқырап жүгіріп, балалардың қарнын тойдыруға шамасы жетпейді. Сен де оны еш жайына қалдырмайсың. Бір келіп, бір кетіп, әр жолы одан бірнәрсе аласың», – деді де, жауап қайтара ма деп, көзіме тесіле қарады. Сөзі шымбайыма батқанымен, жауап бермедім.

Азиз бұрқылдап сөйлей жүріп, баспалдақпен жоғары көтерілді. Балалар да соңынан асыға ілесті. Мен бір жамандық жасайды деп қорыққан секілді. Бірақ мен дуалдың түбінде қалай ұйықтап кеткенімді де білмеппін.

Түсімде Сейедтің дүкеннен келіп, Азизбен терек түбінде мен туралы сөйлесіп тұр­ғанын көрдім. Азиз жұлқынып, егер Сейед мені жөнге салмаса, қандай сойқан сала­тынын қайталап, қоқан-лоққы жасап тұр екен.

Ұйқыдан шошып оянсам, Сейед өңімде расымен келіпті. Дәлізден әйелі екеуінің қатты сөйлескен дауыстары естілді.

Сейед: «Енді не істейін? Не жұлып тастайтын, не өртеп жіберетін емес, «мешіттің есігі». Сен жөн сілте, не істеуге болатынын көрейін», – деді.

Азиз ханым: «Қайтетініңді білмеймін. Сырнайлатып, кернейлетіп, барша әлемге қалтасында көк тиыны жоқ екенін жар салып еді, енді кеп өзіне жер сатып алмақ! «Вади ас-Салам»[1] дегендерді менсінбейтін болар, «Фарадж»[2] жерінен алғысы келер. Сонша ақшасы болса, неге сені жайыңа қалдырмайды? Неге ана басқа балаларына бармайды? Соншама ұл-қызы бар. Себебі, сен бәрінен ақымақсың, бейшарасың. Келіп алып, мойныңа масыл болып отыр. Сейед Абдолла, Сейед Мортаза, Джавад, Сейед Али, ана біреу, Сафие, Хурия, Амине мен әлгі бай күйеу балалары… Немене, тек саған жабысып қалды?» – деді.

Сейед сәл кідіріп: «Менің шарам таусылды. Білгеніңді істе. Бірақ Құдайдың көңіліне қош келмейтін іске барма. Қанша айтқанмен шешем ғой», – деді де, дәлізден сыртқа шықты. Көзімді жұмып, ұйықтап жатқан кейіп таныттым. Сейед баспалдақпен жоғары көтеріліп, кейін дәл солай дыбыссыз төмен түсіп, үйден шықты. Боқшамнан бір үзім нан алып жеген соң сол жерге жата салып, ұйықтап қалдым. Түнде машинамен жолсоқты боп келгендіктен аяғымды басып тұра алмадым. Көзімді ашсам, қараңғы түсіп кетіпті. Бөлмеде шам жанып тұрды. 

Бірнеше рет тамағымды кенеп, хауыздың жанына барып, суды шалпылдаттым. Ешкім сыртқа шықпады. Баспалдақпен жоғары шықсам, Азиз ханым мен балалар дастархан басында кешкі ас ішіп отыр екен. Сейед әлі келмепті. Дәлізде күтіп тұрдым. Астарын ішіп болған соң басымды сұғып: «Азиз ханым, Азиз ханымжан…» – дедім.

Асадулланың үлкен қызы Маһрох орнынан атып тұрып, шыңғырып жіберді. Басқалары да өре түрегелді. Азиз ханым шамның пілтесін жоғары шығарып: «Не істеп жүрсің, албасты! Балаларымның жүрегі жарылып кетсін дедің бе?» – деді.

Шегіншектеп: «Сейед келмеп пе екен, көрейін дегем…» – дедім.

– Соқырмысың? Көрмейсің бе, келген жоқ. Бүгін мүлде келмейді!

– Қайда кетті?

Қолын сермеп: «Қай жәһәннамға кеткенін мен қайдан білем?!» – деді.

– Қай жерге жатайын?

– Менің басыма! Қайда жататыныңды мен қайдан білем?! Балаларымның мазасын алма. Қалаған жеріңе ұйықта.

Тұрған жеріме, дәлізге жата салып, ұйықтап кеттім. Таңертең тұрғанда Азиздің мені көргісі келмейтінін білгендіктен намаз оқыған соң сыртқа шығып, кесенеге бет алдым. Одан кейін кесене есігінің сыртында тізерлеп отырып, бет-жүзімді тұмшалап, зияратшыларға қарай алақан жайдым. 

Күн шақырайып түскен кезде орнымнан тұрып, ақшамды жинап, боқшамның түбіне түйдім де, жолға түстім. Балаларға «қораз» кәмпит пен «соһан»[3] алғам. Есікті қақтым. Маһрох есікті жартылай ашты. Мені көре салысымен, қайта жауып, кетіп қалды. Есікті тағы қақтым. Бөтен бір әйел ашып: «Сейед Асадулланың бұл үйден кеткеніне үш ай болды», – деді.

– Қайда кетті? Кеше кешке ғана осында болған.

– Қайда кеткенін қайдан білейін?

Есікті тарс жапты. Өтірік айтқанын білдім. Сейед Асадулла, бәлкім, бой көрсетіп қалар деп, түс ауғанша есіктің жанында отырдым. Еш хабар болмаған соң орнымнан тұрдым.

Кенет басыма дүкенге барып, Сейедті тауып алайын деген ой келді. Алайда қайда барсам да ешкім айнамен әрлеуші Сейед Асадулланы танымады. Тас қашаушылардың жанында Сейед Асадулла есімді айнамен әрлеуші бар екен. Ол басына сәлде орап, үстіне шапан жамылып отырды. Сейедтің басына ешқашан сәлде орамайтынын білем. Одан қайтқан соң, сенделіп жүрдім де қойдым. Намаз уақыты болған кезде кесенеге барып, садақа жинап, базарға келдім. Ақшам уақытында Сейедті кішкентай кезінде жоғалып кетіп, шарқ ұрғаным секілді іздемеген жерім қалмады.

Ішімнен «үйінің алдына барғаным жөн» дедім. Бірақ үрей жібермеді. Азизден, балалардан – бәрінен қорықтым. Айтуға аузым бармайды, бірақ тіпті кесенеден де қорықтым. Осындай ойлар бір кезде райымнан қайтарды. Дәл бүгін қайтқаным дұрыс деп ойладым. Машина бекетіне барған кезде қолында заты бар Сейед Асадулланың жаяу жүргіншілер жолының арғы жағынан өтіп бара жатқанын көрдім. Шақырып ем, тоқтады. Қолынан ұстап, айналып-толғанып, оған Құдайдан дұға тіледім. Аңтарылып, тұрып қалды. Сөйлеуге шамасы келмей, тілі күрмеліп, маған таңдана қарады.

– Ұлым, қорықпа. Үйіңе бармаймын. Азиз ханымның мені көргісі келмейтінін білемін. Өзіңді қатты сағындым. Бір көріп кетейін дедім.

– Шеше, сен мені әбден ұятқа қалдырдың. Түстен кейін кесенеден көрдім. Қайыр тілеп отырдың. Қасыңнан жылдам өтіп кеттім. Сенімен сөйлесе алмадым. Қартайғанда істеп жүргенің не?

Мен ештеңе демедім.

– Өзіңе жер сатып алдың ба?

– Маған қайғырма. Осы уақытқа дейін ешкімнің өлігі біреудің қолында қалған жоқ. Қайтсе де көмеді, – дедім де, қыстығып жылап жібердім. Сейед Асадулла да жылағысы келгенімен, көрсетпей:

– Неге жылайсың? – деді.

– Имамның ғаріптігіне жылаймын.

Сейед қалтасын ақтарып, бір тұман тауып алды да, маған беріп: «Анашым, бұл жерде қалғаныңның мәні жоқ. Сейед Абдолланың үйіне қайтқаның абзал. Мен сенің тұрмысыңды түзей алмаймын. Қайыр сұраған да пайдасыз. Жұрт көрсе, танып қояды. Сейед қажы Разидің әйелі садақа сұрап жүргенін білсе, әкемнің көрдегі сүйегі сықырлап, үрім-бұтағының абыройы төгіледі. Абдолланың үйіне қайт. Оның әйелінің тілі Азиз сияқты ұзын емес. Мейірім мен ынсап дегенді біледі», – деді.

Машина бекетіне жеткен кезде жүргізу­шілердің біріне: «Әке, мына кейуананы отырғызып, Шуштан түсіріп кет. Сауабын аласың», – деді. Бұрылды да, кете барды. Тіпті қоштасқан да жоқ. Қайта шақырған жоқпын. Менің шешесі екенімді білгенін қаламады.

2

Сейед Абдолланың үйіндегілер мені сағынып-ақ қалыпты. Сейед өзі әйелімен бір жаққа жол жүрген екен. Балалар үйдің астаң-кестеңін шығарып жатты. Рахшанденің толық, бадырақ көз апайы да Құдайдың құтты күніндегідей ауыз үйдің ортасында тоқыма тоқып отырды. Менің дауысымды естіген кезде келгенімді түсініп, қатты қуанды. Балалар да қуанды. Рахшанде мен Сейед Абдолла тез оралатындай емес екен. Үйлерінде нан мен тамақ мол. Балалар алысып-жұлысып, ауланың ішінде бір-бірін қуалап, су шашысып, боқшамның ішінде не бар екенін білгісі келіп, мазамды алды. Олар да үлкендер сияқты боқшамда не бар екенін сұрады. Ауыз үйдегі Рахшанденің апайы да күліп, шашын құлағының артына қайырып, балалармен жарысып: «Үлкен ханым, боқшаңда не бар? Жейтін нәрсе болса, берсеңші, жейік», – деді. «Құдай ақы, жейтін нәрсе емес, менің боқшамда ондай зат қайдан болсын?» – дедім мен. 

Сыртқа шыққанда балалар да менімен бірге бармақ болды. Мен оларды әрең алдап, көшеге кеттім. Алаңқайға ұқсас жол торабы ойпат әрі қараңғы еді. Үнемі сол жерде отыратынмын. Ол жерден адам сирек өтетіндіктен қайыр сұрағанның берекесі де болмайтын. Мен бұл істі сауап үшін істедім. Үйге келген кезде Рахшанденің апасы: «Үлкен ханым, қайда бардың? Күйеуіңнің қасына барып келдің бе?» – деп сұрады.

Содан кейін балалар айналама жиналып, әрқайсы менен әр нәрсе сұрады. Күлкім келіп, жауап бере алмадым. Бәріміз ішек-сілеміз қатқанша күліп, үйді басымызға көтердік. Рахшанденің апасы мені жақсы көретін. Қатты жақсы көретіні сондай, қуантқысы, жақсылық жасағысы келіп тұратын. Өтініп едім, дорба тігіп берді. Тігіп болған соң: «Дорба тіккен – жақсы ырым. Жақсы хабар жетеді», – деді.

Ертеңінде күн шықпай жатып, Абдолла мен Рахшанде ауылдан оралды. Рахшанде мені көзі шалысымен, сілейіп тұрып, артынша қабағын түйді. Сейед Абдолла семіріп кетіпті. Сақал қойыпты. Мазасы кетіп, маған қарай бергенімен, елемеген сыңай танытты.

«Егер мені ешкім көзіне ілмесе, кетейін. Қалғанмен пайда жоқ, мені көргеннің бәрінің көңілі бұзылады екен» дедім ішімнен. Енді балалармен сөйлесіп, арқа-жарқа болу мүмкін емес. Рахшанденің апайы да үнсіз қалды. Сейед Абдолла сәл ойланып, маған қарады да: «Шеше, неге дүдәмал күйде тұрсың?» – деп сұрады.

– Кетейін деп тұрмын.

Ол қуанып кетті:

– Кетсең, қазір кет. Бізді әкелген мына машинамен ауылға кет! – деді.

Балалар маған нан мен ірімшік алып келді. Боқшам мен Рахшанденің апайы тігіп берген дорбамды алып, Сейедтің аса орнына сыйлаған таяғын қолыма ұстап: «Қарсылығым жоқ, кетем», – дедім.

Балалардың бетінен сүйіп, олар да мені сүйген соң сыртқа шықтым. Машина есіктің алдында тұр екен, отырдым. Балалар сыртқа шығып, машинаны қоршап алды. Рахшанде мен апайы келмеді. Сейед екі тұман ақша беріп жіберіп, «қайтып келуді ойламасын» деген сәлем айтыпты. Үйдің ішінен Рахшанденің апайының жылаған даусын естідім. Рахшанденің үлкен қызы: «Ол қорқып отыр. Түнде бірнәрсе бола ма деп қорқады», – деді.

Түске қарай ауылға жеттім. Машинадан түскен кезде есігі кішкентай, төртбұрыш, өлікті жуындыратын бөлмеге апарды. Аяқ-қолым, тұла бойым түгел ауырып тұрды. Түнде нан мен «абгушт»[4] әкелді. Кешкі асымды іштім де, намаз оқиын деп тұрдым. Бөлменің есігін ашқан кезде аяғымның астында үлкен сай жатты. Оның үстінде Ай жарқырап тұр екен. Барлық жер сүттей аппақ. Өте алыстан қасқырдың ұлығаны естілді. Үйдің артынан да бір үн: «Қазір келеді де, сені жеп қояды. Қасқырлар кәрі кемпірлерді жақсы көреді», – деді. Қасқыр­дың тісін көргендей болдым. Үйдің артынан тауық сияқты бірдеме қыт-қыттаған тәрізді. «Көзіме елестеп тұрмасын» дедім ішімнен. Қорыққанға қос көрінеді емес пе?  

Сырттан қорқып, ішке ендім. Содан бастап сай мен айды, сыртты көргім келген жоқ. Мәйітханадан шықпадым. Көңілім құлазып, мұндай күйге қалай түскенім туралы толғандым. Жылап, Сафиені ойладым. Оны сағынғаныммен, күйеуінен қорықтым. Менің қайда екенімді білмесе де, бәрібір содан қорықтым. Бойымды елес пен үрей биледі. 

Ауылда бәрі жақсы болды. Бірақ мен садақа сұрай алмадым. Кешқұрым алаңқай жаққа барып, түнге дейін сол жерде отырдым. Менің ешкімде ісім болмады, ешкімнің  менде де ісі болған жоқ. Аяқ киімімді жолда жоғалтып алғам. Шіркін, Алла ризашылығы үшін маған аяқ киім сыйлайтын біреу табылғанда ғой деп ойладым. Біреуден сұрауға батылым жетпеді. Сейедтің құлағына жетіп, көңілі бұзыла ма деп қорықтым. Халім жақсы болмады. Түндерде үстімді былғап жүрдім. Ыңғайсыз түрде былғандым. Неге мұндай күйге түскенімді білмеймін. Қарайтын ешкімім жоқ…

Көңілім құлазыған бір түні ойға шомып отырғам. Тың тыңдап, алыс жерден, таулардың артынан біреудің мені шақырғанын естідім. Дауыс таныс болғанымен кімнің даусы екенін тани алмадым. Қорқынышым сейіліп, орнымнан тұрып, заттарымды жинап, жолға түстім. Жалғыз аяқты ұзақ жол екен. Ауыл жап-жарық. Жолда барлық нәрсе аяғыма жұмсақ тиді. Ылди мен еңіс кезектесіп келгендіктен шаршатпады. Мұның бәрі – көңілімнің риясыздығы үшін берілген, әулиелердің берекесімен келген сый еді.

Ауылдан шығып, шаршағанымды басайын деп жерге отырдым. Үш түйесі бар бір адам көрінді. Жоқтау айта бастадым. Ол алғашында тіксініп қалғанымен, кейін маған жаны ашып, түйеге отырғызып, өзі екіншісіне мінді. Үшінші түйе артымыздан еріп келе жатты. Көңілім бұзылып, үнсіз жыладым.

3

Джавадқа жұмыс істеп, нан табатынымды айттым. Бір адамның қарнын тойдыру қиын емес. Егер қазір садақа сұрасам, ақша үшін емес, сауабына бола сұрап жүрмін. Садақадан түскен нанның иісі мен сауабын жақсы көрем. Әр адам өз есебін өзі өтейді.

Джавад үйге кіргізбейтінін айтып, «білгеніңді істе» деп, есікті жауып алды. Сафиенің есіктің артына келгенін, Джавадтың мені ішке кіргізбегенін түсінгенін, өзін ұрып, қайғырып жылағанын білдім. Джавад бөлмесіне кетіп, баланың бесігін тербетіп, түк білмегенсіді. Оның бір сағаттан кейін базарға баратынын білдім. Қарама-қарсы жатқан көшеге барып, бір сағат күттім. Қайта айналып келіп, есікті тағы қақтым. Джавадтың өзі ашып, «Не?» деді. «Ештеңе емес» дедім де, теріс айналдым. Джавадтың соңымнан қадала қарағаны сондай, дәтім шыдамай, ол көшеден біржолата кетіп қалдым.

Бір жерге тізе бүгіп, тақуа жетекшілерді мадақтай бастадым. Бір арық әйел келіп, садақа берді де: «Қайдан келесің, қайда барасың?» – деді.

– Ауылдан келдім, жұмыс іздеп жүрмін.

– Сен мына жаста жұмыс істей аласың ба?

– Құдайдың берген қуаты мен Шаһмар­данның көмегімен тау қопарамын.

– Кір жуа аласың ба?

– Ғаріптердің имамы көмектеседі.

– Ондай болса, соңымнан ілес.

Соңынан ердім. Жүре-жүре бір тыныш көшедегі кең дәлізі бар биік үйге жеттік. Ішке кірдік. Ауласы да кең екен. Аула ортасында үлкен хауыз тұрды. Хауыздың жанындағы сәкіде беттеріне опа-далап жаққан бірнеше әйел отыр. Ауыздары жыбырлап, таусылмайтын бірнәрсе жеп отырғандай көрінді. Мені көрген кезде жабыла күлді. Бір-бірімен сыбырласып: «Бұл кір жуа алмайды, одан да есіктің артында отырсын», – десті.

Боқшамды алып, есіктің сыртында отырдым. Арық әйел «біреу Рубабені сұраса, есікті ашып, ішке кіргіз», – деді. Бірнеше сағатқа дейін есікті ешкім қақпады. Мен дұға тілеп, Құдайыммен сырласып отырдым. Тыныш жер екен. Қараңғылықтан түк қорыққан жоқпын. Ауладан қатты дыбыстар естіліп жатты. Кімнің шулап жатқанын білмеймін. Боқшамды алып, есіктің артында отырдым. Ана әйел «ешкімде шаруаң болмасын» деген. Менің ешкімде ісім болған жоқ, өзіммен- өзім отырғам. Бір кезде есікті біреу қақты. «Кімсің?» –деп едім, «Рубабе керек», –деді.

Есікті аштым. Әлжуаздау ер адам тәлтіректей басып, ішке кірді де, аулаға өтті. Ауланың ортасынан күлкі естіліп, кейін бәрі тыныштала қалды. Біртіндеп, ұйқым келді. Түсімде тағы Сафиенің үйіне барған екем. Есікті Джавад ашып: «Не керек?» – деді. «Ештеңе емес», – дедім. Бір кезде сыртқа атып шықты. Мен қашып, ол қамшымен қуалады. Осындай арпалыста есікті біреу қақты. Шошып ояндым. Қатты қорқып кеттім. Джавадтан басқа кім болуы мүмкін? «Кім?» –деп сұрап едім, Джавад «Аш!» –деді.

– Кім керек?

– Рубабе.

– Жоқ.

– Аш дедім, шайпау қатын!

Есікті қаттырақ қаға бастады. Әлгі арық әйел келіп, мән-жайды сұрады.

– Құдай үшін, құрбаның болайын… Құдай үшін… жолыңда жаным құрбан болсын! Есікті ашпа!

– Неге?

– Aшсаң оңдырмайды. Мұнда қайыр тілеу үшін келді деп ойлайды.

– Сенің жаныңды шығаратын кім екен?

– Джавад, күйеу балам.

– Бар, жасырынып қал!

Орнымнан тұрып, тығылып қалдым. Әйел есікті ашқан соң ішке кірген аяқ дыбыстарын естідім. Қомпылдап сөйлеп, аулаға қарай өтті. Ауладан қуанышты дауыс естіліп, сонсоң бәрі бұрынғыдай тыныштала қалды. Мен есікті аштым. Сыртта жарық екен. Боқшамды алып, сыртқа шықтым.

4

Сол түні садақа сұраған жоқпын. Аштан өлместің наны болған. Қолыма асамды ұстап, боқшамды жамылғымның астына қысып алдым.

Қара машина келіп, мені алып кетті. Қаладан шыққан соң тар, қараңғы көшеге түсірді. Көшенің соңынан әлсіз жарық көрінді. Бәрінің сұрқиялығынан құтылдым. Енді өзіме қарайтын уақыт келді. Көшенің соңындағы есік ашық екен. Ішке кірдім. Үлкен бақтағы кәрі ағаштардың бұтақтары бір-біріне кірігіп өсіпті. Жан-жақтан судың дыбысы естілді. Ескі, жарық қанділ[5] сырға талдың бұтағына ілініп тұрды.

Қанділдің түбіне отырып, күттім. Қамар мен Фатеме және Маһпаре келді. Төртеуіміз алдымен бір жылап алып, артынан мұңымызды шағып, сырластық. Қамар қортық әрі семіз көрінді. Фатеме жүдеп кетіпті. Құр сүлдері қалғанымен, бұрынғысынша күліп, соңында жылады. Маһпаренің қарны аш екен. Бетіндегі әжімі тыржиып, саусағын кеміріп тұрды. Не керек екенін өзі білмегенімен, қарны аш екенін мен түсіндім. Боқшамды ашып, алдына нан қойдым. Фатеме боқшасын әлі жанынан тастамай, ұстап жүрді. 

Маһпаре нан жей бастады. Жеуді ұмытып қалғандай көрінді. Ебедейсіз шайнап, қылғытып жатты. Отырып алып әңгіме-дүкен құрдық. Үшеуі келмейтінімді айтып, шағынды. Бірақ сенбеді. Кейін қайыр сұрау туралы сөйлестік. Қанша тырысқаныммен, Фатеме боқшасы туралы тіс жармады.

Хауыздың шетіне бардық. Мен оларға бәрін жайып салдым: әлемнің  жақсарғанын, халімнің жаман еместігін, садақа жинайтынымды айттым. Фатеме: «Бізге Ғасемнің жоқтауын айтып берші. Жанымыз жабығыңқы…» деді. Төртеуіміз ағаштың түбінде отырдық. Мен жоқтау айттым. Фатеме алдымен күлкісі келгенімен, артынан жылай бастады. Төртеуіміз қосыла жыладық. Бақтың ішінен де жылаған дауыс естілді.

5

Дұға оқып болған соң есіме дүние-мүлкім түсті. Бәрін буып-түйіп, Аминенің үйіне қойып кеткем. Кеш түскенде есігін қақтым. Өзі ашты. Мен қайта тіріліп келгендей абдырап қалды. Үндемедім. Немерелері келді. Қызы болмады. Қайда екенін сұрамадым. Әдеттегідей моншаға кеткенін білдім.

Амине: «Қайда жүрсің, Сейед ханым?» – деп сұрады.

– Сіздің ілтипатыңыздың арқасында.

– Жол болсын?

– Мал-мүлкімнің жағдайын білейін деп келдім.

Амине жертөлені көрсетіп: «Сейед Мортаза, Джавад пен Хурие мыналарды сұрап, бірнеше рет келді. Мен қол тигізуге рұқсат бермедім. «Әзір көзі тірі. Басы жерге тиген кезде қарсы емеспін, келіңдер де, мұраларыңды алып кетіңдер», – дедім», – деді.

Жертөледен ащы, көгерген иіс шықты. Кілемдер мен текеметтерді жертөленің дымқыл бұрышына жинап қойыпты. Пештің тұрбалары мен үлкен самауырларды, тобатайларды бірінің үстіне бірін мінгестіріпті. Бәрінің үстіне гүлді қырыққабат сияқты сары бір нәрсе қоныпты. Барлық жерден түсініксіз иіс шығып тұрды. Тыныстасаң, мұрныңа ылғалдың иісі келеді. Үш орындықты қатарластырып тізіпті. Ортасында мысықтан аумайтын үш лақ жоңышқа жеп тұр. Құйрығы ұзын, үш құлағы бар бөтен бір жануар да болды. Қайта-қайта жерді жалап, қаужаңдап тұрды. 

 Амине: «Ақшаны не істедің, Сейед ханым?» – деп сұрады.

– Қай ақша?

– Азиз сен өзіңе қабірге жер сатып алу үшін Құмға барды деп жазған.

– Сен соған сендің бе?

– Мен сене қоймағанмен бұл адамдар не айтпайды?!

– Жұрттың сөзіне сенбе.

– Қайда барып, не істеп жүрсің?

– Бармайтын жерім жоқ. Зираттарда жоқтау айтам. Мадақшыға айналдым.

Аминенің балалары күлімсірегенге көңілім көтеріліп қалды.

– Енді көңілің жайланды ма? Бар мүлкің­нің орныңда екенін, ештеңе болмағанын көрдің ғой?

– Құдай балаларыңның қызығын көр­сетсін. Мына түйіншектерімнің біреуін берші.

– Оған балаларың келіспейді. Ертең бір-бірімен ұрсысады.

– Жарайды. Риза болмаса, мен де алмай-ақ қояйын.

Сыртқа шықтым. Жолайырыққа жеткен соң жайғасып, жоқтау айта бастадым. Ер адамдар тыңдап тұрды. Мен тауқымет туралы айтып, жыладым. Олар орынсыз күлді.

6

Енді басқа ісім болған жоқ. Бар бітір­генім – көшеде сандалып жүрдім. Балалар соңымнан ілесті. Мен жоқтау айтып, кішкентай легендегі «торбат» суын саттым. Даусым қарлығып, аяғым қанап, аяғымның тырнақтары жұлынып кеткендіктен қатты ашыды. Тамағымдағы бірнәрсе даусымды шығармады. Зиратта ұйықтап жүрдім. Енді қарным да ашпайтын болды. Су, тек су ғана іштім. Кейде топырақ жегім келді. Қозылардың ортасында отырған, жерді жалайтын әлгі бір жануар сияқты.

Аузымда алақанның көлеміндей үлкен жара пайда болды. Одан қайта-қайта қан ақты. Енді садақа жинамайтын болдым. Адамдардың арасынан кейде балаларымды көріп қалғанда, көздері менің көзіммен түйіскен кезде бой тасалай қаламын. Жұма күні түнде зиратта болдым. Өлікті жуындыратын үйдің артында намаз оқыдым. Сейед Мортазаның үлкен ұлы мен Аға Моджтаба келіп, үйге шақырды. Барғым келмегенімен, күштеп машинаға отырғызып, алып кетті. Бір кезде қарасам, үлкен бақтың ішінде екенмін.

Мені ағаштың түбінде қалдырып, өздері шам жанып тұрған үлкен бөлмеге кетті. Бір кезде толық бір адаммен сыртқа шығып, маған қарап тұрды. Сейед Мортазаның ұлы мен Аға Моджтаба ағаштардың тасасынан көрінбеді. Екі адам келіп, мені қараңғы дәлізбен жетелеп, тас түнек бөлмеге жеткізген соң, ұйықтап қалдым. 

Таң атқан кезде бөлме тіленшіге толды. Олар менен нан сұрады. Сосын бізге абгушт әкелді. Бәріміз абгушт жеу үшін баққа бардық. Бірақ үлкейіп, асқынып кеткен жара аузымды толтырып, мен ештеңе жұта алмадым.

Түнде түс көрдім. Түсімде Сафие мен Хуриені көрдім. Келесі түні Сейед Абдол­ланың балаларын көрдім. Жан-жақтан ба­лағаттап, ауыздарына келгенді айтты. Сырт­қа шыққым келді. Бірақ есік алдында отырған тапал кәрі шал мен жақындаған кезде таяғын көтеріп, «Кет, кет!» – деп айғайлады.

Бір күні Сафиенің үлкен ұлы Камал мен тағы бір ұлы іздеп келді. Сафие маған күріш, нан, пияз беріп жіберіпті. Камал менің қайыршылардың үйінде екенімді бәрі білетінін айтып, солқылдап жылады. Су жолы арқылы қашып кете алатынымды айтты. Аяқ киімін бермек болғанымен ұрсады деп қорықты. Мен Джавадтан қорықтым, сырттан қорықтым, іштен қорықтым. Камалға, егер Құдай қаласа, сыртқа шығатынымды айттым.

Олар кеткен соң кәрі шал күріш пен нанның жартысын өзіне алып, қалғанын маған берді. Түнде ағаш арасына тығылып қалдым. Таң ағарып атқан кезде боқшамды құшақтап, су жолын тауып, сонымен жыландай ирелеңдеп қаштым. Төрт аяқтап бат­пақтан өттім. Сыртқа шыққан кезде күн шығып, үйлердің оттың түсіне енгенін көрдім.

7

Содан бастап жағдайым оңалмады. Аузымның ішіндегі жара үлкейіп кетті. Қолыммен қабырғаны таянып жүрдім. Басымнан темір қалбыр сияқты бірнәрсенің даңғырлаған дыбысы шықты.

Бір күні Сейед Абдолланың балаларын көрдім. Олар тәтелерінің өлгенін айтты. Мен білгем. Бәрін білгем…

Аминенің үйіне тосын жетіп бардым. Есік ашық екен. Ішке ендім. Бәрі сонда жүрді. Сейед Асадулла мен Азиз Құмнан келіпті. Аулаға жиналып алып, мал-мүлкімді бөліп жатыр екен. Ешқайсы мені көрген жоқ. Бір-бірімен ұрсысып, жұлысып, жұдырықтасып жатты. Джавад пен Сейед Абдолла кілем үшін ерегесті. Амине барлық істі өзі атқарғанымен, ештеңе бұйырмағаны үшін зарлап жылады. 

Жертөледен мені шақырған Фатеменің даусын естідім. Бір замат Камал мені көріп қалып, айғай салды. Бәрі алдымен барлай қарап, кейін ақырындап айналама жиналды. Көзі қарауытып бара жатқан Джавад: «Көрдің бе, не істеп жатқаныңды?» – деп айғайлады.

Мен аузымды ашқаныммен ештеңе айта алмадым. Джавад: «Боқшаңды аш, ішінде не бар екенін білгім келеді», – деді. Амине де: «Сейед ханым, боқшаңды ашып, көңілдерін бір жайландыршы», – деді. Джавад болса: «Өмір бойы бізді алдап келдің. Иә, Алла, тез бол!» – деді.

Боқшамды ашып, әуелі кепкен нанды шығардым. Кейін шапанымды шығарып көрсеттім. Қарады да, жүздерін бұрып әкетті. Сафиенің ұлы Камал қатты жылады.

Парсы тілінен аударған
Айнаш ҚАСЫМ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован.

Пікір