Жақсыдан шарапат
14.10.2019
513
0

Дулат Тұрсынұлы Тастекеевтің есімі бұл күнде көзі қарақты жұртқа жақсы мәлім. Қазақ өнерін, мәдениетін, салт-дәстүрін насихаттап, өркендетіп, ұлт рухының өлмеуіне бар күш-жігерін салып жүрген санаулы жанашырдың, өрелі меценаттың бірі. Ең бастысы, туған өлкесін ұмытпай, көлденең жатқан қурайына дейін сөйлеткен, әр аңызын тасқа басып жарыққа шығарған көкірегі ояу жан.

Таяуда Дулат Тұрсынұлы басқаратын «Assyltas» қоғамдық қорының ұйытқы болуымен «Тарихқа толы Тарбағатай» атты кітаптың төртінші томы және сол өлкеде соңғы үш жылда өткен халықаралық ақындар айтысы топтастырылған «Туған жерге туыңды тік» кітабы жарық көрді. Алматы қаласында өткен қос жинақтың тұсаукесеріне ақын-жазушылар, журналистер және бизнес саласының мамандары қатысты. Айтулы іс-шараға биыл 75 жасқа толып жатқан қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Әлжан Жармұхамедов арнайы шақырылып, оған сый-құрмет көрсетілді. «Жас кезімде туған күнімді асыға тосатынмын. Уақыт өткен сайын туған күніңді жек көре бастайды екенсің. Дегенмен бүгінгі шақыруға, құрметке аса ризамын. Бәріңізге көп рақмет! Қазақстан – менің отаным. Мен елімді ешқашан ұмытпаймын!» – деді даңқты спортшы. Ал Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Ұлықбек Есдәулет «Дулат Тұрсынұлының атқарып жатқан істерінің бәрімен жақсы таныспын. Енді Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесіп, әдебиет саласында да игі бастамаларды қолға алып жатыр. Соның бірі – «Жас қалам» атты әдеби жоба. Мектеп жасындағы қалам ұстаған балаларды шыңдау, ынталандыру, ақын-жазушылармен кездестіру, кітап оқуға, ойын еркін жеткізе алуға баулу мақсатында қолға алынып жатқан жоба көп ұзамай өз нәтижесін береді деп сенеміз», – деді. «Assyltas» қоғамдық қоры биылдан бастап жыл сайын беріліп тұратын арнайы төсбелгі және қаржылай сыйақы тағайындапты. Қор шешімімен алғашқы төсбелгі спорт ардагері Әлжан Жармұхамедовке, ұстаз Орынша Қарабалинаға және ақын Жүрсін Ерманға табыс етілді.

Әсел Асқарбекқызы

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір