Ел күзеткен сарбаздар
15.10.2019
1123
0

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі мен Жазушылар одағы бірлесіп, шекарашы сарбаз­дардың рухын асқақтату және ақын-жазушылар мен журналистерге ел шетінің тыныс-тіршілігін таныстыру мақсатында жаңа жобаны қолға алған. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында алғашқы сапар былтыр Алматы облысының Шонжы шекара отрядынан басталды. Ал биыл ШҚО Зайсан шекара отрядына жол түсті. Халық «қандыірің» атап кеткен Василий Кондюрин атындағы шекара заставасына Қасым Қайсеновтің есімі берілгенін көзі қарақты жұрт жақсы біледі. Ең үлкен олжамыз – осы заставаға барып, шекара қызме­тімен танысып, батыр рухына тағзым еттік.

 Бұл сапардың басты мақсаты – шекарашылардың, ел шеті, жел өтінде отырған ағайынның рухын көтеру, дем беру, ел-жұрттың тыныс-тіршілігімен танысу, жырақта жүрген талант иелерін тауып, насихаттау. Өткен жылы шекарашылар арасынан түрлі дарын иелері кездесіп, оларды газетімізде жарқырата көрсеткенбіз. «Шығыс» ӨБ 2017 әскери бөлімінде де ерекше жандар аз емес екен. Іс-шараның ойдағыдай өтуіне ҚР ҰҚК Шекара қызметі БАҚ пен жұмыс және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бастығы, полковник Қанатбек Солтанов, ҚР ҰҚК Шекара қызметі БАҚ пен жұмыс және жұртшылықпен байланыс бөлімінің консультанты, майор Наурызхан Ғазизұлы және ЖО Төрағасының орынбасары, ақын Бақыт Беделхан айырықша үлес қосты.

Қандыіріңнен құтылдық

Дарын Нұрақынұлы Кекілов,
2017 әскери бөлімі командирінің орынбасары – тәрбие әлеуметтік құқықтық және идеологиялық жұмыстары бөлімінің бастығы, подполковник:

– Биыл Зайсан шекара жаса­ғында атаулы күндер мол болды. Ақпанның 23-і күні Зайсан шекара жасағының құрылғанына 95 жыл толуын атап өттік.

ҚР Үкіметінің 2019 жылдың 18 сәуіріндегі №206 Қаулысына сәйкес, 13 тамыз күні Василий Кондюрин атындағы шекара заставасына Қасым Қайсеновтің есімі берілді. Ол  – ШҚО Ұлан ауданы Асубұлақ ауылының тумасы, Халық қаһарманы, көрнекті жазушы, әйгілі партизан, көзі тірісінде аты аңызға айналған қайталанбас тұлға. Батыр атымен аталатын шекара заставасында қызмет ету абыройы ең үздік офицерлерге, таңдаудан өткен жауынгерлерге ғана бұйырады.

Шекара қызметі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан әскери дәстүрімен құнды. Қалыптасқан дәстүр бойынша мемлекеттік шекараны күзетуге аттанарда жас сарбаздарға патриоттық тәрбие дарыту мақсатында, қаһарман рухына тағзым ретінде ескерткіш жа­нында бұйрық беріліп, олар батыр рухымен күзетке атта­на­ды. Кешкі жауынгерлік тек­серуде де бірінші Қасым Қай­сеновтің есімі айтылады. Бұл – күнделікті атқарылатын міндет.

Сарбаздардың жатын бөл­месінде жауынгерлер бұры­шы бар. Мұнда батырдың ерлі­гін, ерекше қасиеттерін, қай­сар­лығын, Отанға деген сүйіс­пен­шілігін насихаттайтын, тәр­бие­лік мәні зор естеліктер, кітаптар, суреттер, батыр қолданған заттар, формасының көшірмесі (тұпнұсқасы, басқа да заттары Өскемендегі этнография мұражайында тұр), фуражкасы қойылған. Кезекті бір ісса­парым­да Алматыда тұратын келіні Меңсұлу Хасанқызының қолынан заттарын, кітаптарын алып, аты аңызға айналған алып тұлға туралы әңгімелерге қанықтым. Көптеген суреттерін көрсетіп, шекарашыларға, сарбаздарға үлгі болар деген сенімін білдірді. Қонақ бөлмеде ілулі тұрған Қасым атамыздың портретіне көзім түсті, Меңсұлу апамнан сұрап, еліміздің атақты суретшісінің туындысы екенін білдім. Сөйтіп ойламаған жерден Ғазиз Ағзамұлымен сөйлесіп, ол кісі Қасым атамыздың суретін өз қолымен заставаға сыйға тартты.

«Ер есімі – ел есінде», «Ер елі үшін туады, елі үшін өледі» деген. Қасым Қайсенов – ұлт батыры. Қандай қиыншылық болса да Отан үшін от кешкен, ерліктің ерен үлгісін көрсеткен қайсар батырымыздың өмірі мен ерлігі кез келген жауынгер үшін үлгі! Бізге жарқын болашақ сыйлаған ерлер ешқашан ұмытылмайды!

Шекарашының жары

Ол – әжесінің еркесі, қыздың ең кенжесі. Мектепті аяқтай сала Семейдегі Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеттің ағылшын тілі факультетіне түсті. Әпкелерінің арқасында ештеңеге алаңдамай, жақсы оқып, мұғалім мамандығын алды.

Әжесінің бал қосқан сүтін, кілегейі мен құрт-майын қимаған ерке қыз «Жұмысымды туған жерімнен бастайын» деген оймен дипломын ала сала ауылға тартты. Бірақ өз ауылында орын болмай, көрші Тарбағатай ауданының Жалши орта мектебіне орналасты. Ұстаздықтың қызығы мен қиындығын көріп үлгермей, сол ауылдан өмірлік жарын тапты. Бала оқытып, аздаған тәжірибе жинақтап кері қайтам немесе үлкен қалаларға бет бұрам деген арман-мақсаты Айжанмен осылай қоштасты.

Шілікті ауылына келін болып түскен Айжан көп ұзамай тағдыр қосқан қосағымен шекара заставасына жол тартты. Туған жердің тыныштығын күзетіп жүрген шекарашы жігіт қиындығы мен жауапкершілігі мол қызметі туралы ешқандай әңгіме қозғамапты. «Талдырмаш болсаң да менімен бірге өмірдің бар жүгін көтере алатыныңа күмәнім болмады. Ең бастысы, заставаның ғана емес, ауылымның да аяулы келініне айналатыныңа сендім», – деді Жәнібек.

Олар «Комсомол» шекара заставасында отбасылық өмірлерін бастады. Айжанға бәрі таңсық еді. Айнала қоршаған асқақ таулардың, қазақтың кең даласы мен көркем табиғатының аясында мүлгіп тұрған застава. Дегенмен мұндай тыныштыққа бірден үйреніп кету оңай емес. Шекарашылар өмірінен мүлдем бейхабар жас келіншек әбігерге талай түсті, «Қайда тап болдым?» деп өкінген сәті қаншама. Қазір ғой соның бәрі тәтті естелік. «Заставаның ұжымымен бір үйдің бала­сын­дай болып, жұмыла өмір сүрдік. Біз тұрған жер аудан орталығынан алыстау, сондықтан демалыс уақытында қалаға шыққан кезде барлығын молынан сатып алып келетінбіз. Тіпті, әке-шешеммен, әпкелеріммен, әжеммен айына бір-екі рет қана тілдесіп, сағынышымды басатынмын. Көршілерімізбен өте тату болдық, біріміздің жоғымызды біріміз білдірмей, қонақ келе қалса, тіпті дастарханға салатын қант-кәмпитімізге дейін бөлісетінбіз. Мейрамдарды ерекше дайындықпен өткізетінбіз», – дейді Айжан ерекше тебіреніспен.

Айтпақшы, Айжан әжесінің бауырында өскендіктен үй тірлігіне аса араласпаған, ас та әзірлей алмайтын. Жас келіннің жарына дайындаған ең алғашқы асы макарон болыпты. «Содан бері біздің үйдің ең сүйікті тамағы макарон болып кетті», – дейді ол. «Кейіннен ас әзірлеудің түрлі әдісін, тоқыма тоқу, тігін тігуді, басқа да шаруаларды үйрететін газет-журналдар жаздырып алып, бәрін үйрендім. Өмір бәрін үйретті. Адам ниеттенсе, жүрегімен беріле ынталанса алынбас қамал болмайды екен. Әжем жиі дайындайтын сүйікті тағамдарын есіме алып, аялы алақанын сағынып, жылап та алатынмын. Сөйтіп застава өміріне мойынсұнып, үйренісіп қалғанымда Жәнібек маған тосын сый жасады. Үйге сүп-сүйкімді, топ-томпақ күшік алып келді. Атын Ақтөс деп қойдық. Сол күн мен үшін ең бақытты сәтімнің бірі болды. Ақтөс екеуміз нағыз дос болдық, бар сырымды, мұңымды, қуанышымды соған айтам. Біздің үйдің бір мүшесі боп кетті. Кейін заставадан ауысқанда ауылдағы ата-енемнің үйіне апарып тастауға тура келді. Сол кездегі Ақтөсімнің мөлие қараған көзі, қыңсылаған дауысы әлі күнге жүрегімде. Әрине, айына, аптасына үлкен үйге барып тұрамыз, сол сәтте ең алдымен сенімді серігіммен қауышамын. Әскери адаммен ғұмырымды бөліскеніме еш өкінбеймін. Тек, ата-анамның «қызымыз болашақта ұлағатты ұстаз болады» деген үмітін ақтамадым. «Қыз  – жат жұрттық» деп бекер айтпапты. Қазір мен жас келіншектерді түсінбеймін, ерлерімен бірге заставаға бармайды. Қазір ол жақта барлық жағдай жасалған, кез келген жермен қатынасу да, тілдесу де оңай. Нағыз отбасы барлық ауыртпалық пен қуанышты бірге көруі керек. Үйде береке болса, қызметтен оралғанда жары күлімсіреп қарсы алса, көңіл де тыныш, жұмыс та алға басады. Өйткені ол – ең алдымен Отанымыздың берік қалқаны ғой».

Қазір Жәнібек пен Айжанның үш баласы бар. Мемлекеттік шекара күзетінде жүрген арыстай азамат та, қаршадай ғана қазақ қызы да өмірлерінің осылай өрілгеніне риза. Әттең, мәуелі бәйтерек, отбасының тірегі болған алтын әжесінің жоқтығы ғана болмаса…

Айнұр Марқабаева,

2017 әскери бөлімі

Шай шебері

Данияр бала күні­нен спортқа, еңбек­ке бейім. Ең басты ерекшелігі – терлеп-тепшіп ішетін шай жасаудың хас шебері. 2017 әскери бөліміне ол 2006 жылы келді. Десанттық шабуыл­даушы заставасының мото-маневрлік тобының мергені болды. Кейіннен материалдық қамтамасыз ету ротасының монша, кір жуу комбинатының басшысы қызметіне ауысты. Жарынан үш ұл сүйген шекарашы қазір Зайсан қаласында тұрады.

«Емдік шөп шайын дайындау мен үшін аса қиын емес. Басты талап, оны ынтамен, ішкен адамға шипасы тисе екен деген таза ниетпен әзірлеймін. Барлығы алғыстарын айтып, тіпті дайындау әдісін сұрап жатады. Оны айтып беру оңай ғой. Бірақ дәл солай жасап шығу оңай емес. Оған бір икем, ерекше құштарлық, сосын дәрілік шөптерді тани білетін қасиет керек. Мәселен, мен жыл сайын тамыз, қазан айларында, яғни шөп піскен кезде өзімнің кіндік қаным тамған туған ауылымның таулы аймағынан шайқурай, тас жалбыз, су жалбыз, қарақат, долана, итмұрын сияқты емдік қасиеті бар өсімдіктерді жинауға шығам. Бір жылға жететіндей қылып теріп әкеліп, көлеңкеде жақсылап кептіріп, ұқыптап жинап, қапшықтарға салып қоям. Содан моншадан кейін немесе бас ауырған, қан қысымы көтерілген кезде қайнап тұрған суға 20-25 грамм мөлшерінде салып, 10-15 минуттай бұқтырып алам. Әбден буына бығып дайын болғанда іше беруге болады. Бір рет бұқтырылған шайды екінші рет қайта бұқтыруға, ішуге болмайды. Кері әсерін тигізуі мүмкін. Мұндай шайдың емдік қасиеті өте зор, қан қысымына, қан айналымының жақсаруына, асқазан-ішек жолдарын тазартуға, қызыл иекке тигізер пайдасы мол. Туған жеріміздің әр түкпірінде денсаулыққа пайдалы осындай өсімдік түрлері өте көп. Бұл – бізге табиғатымыздың берген шексіз сыйы», – дейді Данияр ағынан жарылып. Туған жерінде, елінде адал қызмет етіп жүрген сержант Оралбаевтың ерекше қасиетіне біз де тәнті болып қайттық.

Айтпақшы, сержант Данияр Ораз­бекұлы Шығыс Қазақстан облысы Зай­сан ауданы Шүршітсу ауылында туған. Үш ағайынды – бір ағасы, бір інісі бар. Әкесі совхоз уақытында су таситын көлік жүргізген, анасы ауыл клубының қызметкері болған. Қазір екеуі де зейнетте. Қара шаңырақтың түтінін түтетіп, бала-шағасының ортасында тұрып жатыр.

Шекарашы қыз

Бойына қазақ қызына тән жақсы қасиеттің бәрін жинаған сүйкімді ару мектепке барғаннан өнерге жақын болды. Ұстаздарын қуантып, кез келген іс-шараның басы-қасында жүрді. Қажет кезінде тайсалмай турасын айтатын, өсек пен өтірікке жаны қас қайсар қызды айналасы ерекше сыйлайтын. Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы Қарабұлақ ауылында туып-өскен Жазира мектептен соң Шымкенттегі музыка колледжінің вокал тобын тәмамдады. Сосын, бірден туған жеріне, қадірлі ата-анасына келді. Зайсан шекара жасағында 2004 жылдан бері қызмет етіп келеді. Ол өнер мен жауынгерлік қызметті ұштастыра білді, екеуі де жүрегіне өте жақын. Бір жағынан, әсем әндері жүректі баураса, екінші жағынан, батыр қыздарымыз Әлия мен Мәншүктей өжеттігі шекарада өте қажет еді.

Жасақ тарихы шекарашы қыздың жетістіктерімен толықты. Ол 2005 жылы Ресейдің Мәскеу қаласында ТМД елдерінің 364 үміткер шекарашысы қатысқан «Шекара әндері» байқауында бірінші орын алды. 2006 жылы «Екінші дәрежелі шекара әскерлері үздігі» атанса, 2008 жылы Семейде өткен «Жас ұлан» республикалық әскери патриоттық әндер байқауында бірінші орын алғаны үшін «Республикалық жауынгерлік әндер фестивалі» төсбелгісімен марапатталды. 2010 жылы «Шығыс» ӨБ құрамалары мен бөлімдері арасында «Әскери жылдар әуені» аталымымен бірінші орынды, 2012 жылы Алматыда өткен шекара әндерінің сегізінші фестивалінде «Эстрада жанры» бойынша тағы жеңіске жетті. Осы күнге дейін басшылық тарапынан алған мақтау қағаздары мен алғыс хаттары, кеуде белгілері де аз емес. Жазира шығармашылығымен ғана тоқтамай, бөлімнің шекарашы қыздарынан «Шекара қарлығаштары» тобын құрды. Ауданмен бірлескен шараларда, атаулы мерекелерде бәрі бірге өнер көрсетіп жүр.

Әнші қыз «Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаевамен кездескен сәтім өмірімнің ең бір биік белесі ретінде есте қалды. 2004 жылы республикалық «Қасиетті шекара күзетінде» атты әскери әндер байқауында 1-орын алдым. Концертке арнайы келген Роза апайым «Әлия» атты әніме риза болды. Гала концертте «Әлия» әнін айтпақшы болған қазақтың мақтанышы – Роза Рымбаева «Шығыс өңірінен келген Жазира қызымыздың орындауынан кейін, бұл әнді мен айтпасам, қарсы болмайсыздар ма? Мен тәнтімін, ерекше әсердемін. Өнеріне сәттілік, ақ жол тілеймін», – деп жылы лебізін білдірді», – дейді.

Содан бері зулап 15 жыл өтіпті. Сол өнер сайысынан кейін бұл ән Жазираның репертуарынан түспеді. Кез келген сәтте ерекше махаббатпен айтады. Сонау соғыс жылдарында ел үшін жанын құрбан қылған, өрімдей жас батыр қыздың бейнесін көз алдыңа айнытпай әкелетін «Әлия» әні де еш ескірмейді.

Ол тағдырына риза. Шекарашылар қатарын толықтырғанына еш өкінген емес. Жоғары басшылықтан, үлкен қалалардан қаншама шақырту болды. Бірақ ол шалғайдағы Зайсан жерінде, туған ауылында қызмет етуді ұйғарды.

Әзірлеген Қ. ӘБІЛҚАЙЫР

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір