Латын әліпбиіне көшуге дайынбыз ба?
13.10.2019
2899
4

Жуырда Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық  орталығында «Жаңа емле: құрылымы мен мазмұны» атты республикалық семинар өтті. Бұл шараға Алматы қаласындағы белгілі тіл ғалымдары, ақын-жазушылар мен журналистер  қатысып,  латын әліпбиінің мектеп бағдарламасына енгізілуі турасындағы ойларын ортаға салды.  Латын графикасы мен оған қатысты мәселелер талқыланды. Жиын барысында айтылған әрқилы көзқарастар мен пікірлер легін топтастырып ұсынуды жөн санадық.

Ербол Тілешов, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры:

Тіл емес, таңбалар жүйесі ғана ауысады

– Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру мәселесі 2017 жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы негізінде басталғанын көпшілік қауым жақсы біледі. 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиге байланысты жұмыстар жоспарлы һәм қарқынды түрде  жүре бастады. Биылғы жылы да бұл жұмыстар өз жалғасын табуда. Ендеше, 2020 жылдан бастап латын әліпбиін оқытуды жүзеге асырудың еш асығыстығы жоқ. Тіл емес, әліпби яғни таңбалар жүйесі ғана ауысады. Керісінше, әліпби ауыстыруды аса созбақтаудың қажеті жоқ. Бұл әліпби – қытай немесе санскрит жазуы емес, әлемге танымал, сауатты ересектермен қатар, бүлдіршіндердің өзі күнде көріп жүрген әліпби. 

 Қай әліпби болсын тілге шақталып жасалады. «Мемлекеттің, ұлттың әліпбиі» деген деген ұғым жоқ, бір мемлекетте бірнеше әліпбидің болуы, бір ұлттың өзі бірнеше әліпбиде жазуы мүмкін. Оған өзімізден бастап ондаған, тіпті жүздеген мысалдар келтіруге болады. Халық осыны түсініңкіремей жатқан сияқты. Біз қабылдап жатқан латын әліпбиі – орыс тілінің емес, қазақ тілінің ғана әліпбиі! Ендеше, «Орыс сыныптары қай әліпбимен оқиды?» деген сауалдың жауабы түсінікті.

Әлбетте, бұл сыныптар осы даярлық сыныбына арналған кітаппен оқиды, ол оқулықты ғалымдар мен әдіскерлер жазады. Оны жазып, дайындау жұмыстары 2018-2019 жылдар аралығындағы уақытқа белгіленген. Осы мақсатта біршама жұмыстар жасалуда. Сіздердің көкейлеріңіздегі «санаулы ғана айлар қалды ғой» деген мәндегі ойды түсініп отырмын, мұндай нәрсе жаһанға жар салып емес, тыныш, қалыпты жағдайда, жарнамасыз орындалады.

 Біз, біріншіден, мынаны ұғынғанымыз жөн: жалпы латын таңбалары қазақ тілі үшін ойлап табылған жоқ. Яғни, ол таңбалар төл әріптеріміз болмағандықтан, біз оны тіліміздің табиғатына, дыбыстық жүйесіне сай сәйкестендіреміз. Қазіргі бекітілген әліпбиде, негізінен алғанда, осындай сәйкестік бар. Дегенмен әліпбиді үйрету, оның қолданыс аясының кеңею барысында  уақыттың өзі өзгерістер әкелуі мүмкін. Ол да – қалыпты жағдай. Оған да әлемдік жазу практикасында мысал көп. Ең бастысы, халық латын әліпбиінің қажеттігін қолдады, оның енуіне әрқайсымыз үлес қоса білейік.

Әлімхан ЖҮНІСБЕК, филология ғылымдарының докторы:

  1. Бұл асығыстық емес пе?

– Ең бастысы, қазіргі әліпби – кемшіліктері бар, түзетуді қажет ететін тұстары мол тиянақсыз әліпби. Көшедегі баннерлер мен әртүрлі мекемелердің маңдайшаларына жазылып жүрген, көпшілік қолданып жүрген үлгілер осы әліпбиге негізделген. Ал сондағы жазылған жазуларға, жарнамаларға қарасақ, қырық-құрау.

Түбінде бұл әліпбиге өзгерістер енгізіледі. Емле ережесі қайта жазылады. Сондықтан қайта өңдеуді күтіп тұр. Біз соны қолға алып, айтып, түзеп жатырмыз. Оның үстіне, осы үлгіні негіз етіп оқулықтар, оқу құралдары жазылса, әліпбиге өзгеріс енгізілген соң, бәрін қайталай жазуға тура келеді. Сол үшін бұл – ойланатын, ақылдасатын шаруа. Асығыстық жасауға болмайды. Біздің ойымызша, күте тұру, сабыр ету керек. 2020 жылдан бастап  Латын әліпбиін даярлық сыныптан бастап оқыту дегенге өз басым қосылмаймын. 

Анар Салқынбай, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филология ғылымдарының докторы, профессор:

Дұрыс жазудың ұлттық жүйесін жасауымыз керек 

– Бүгінде кирилл таңбасына негізделген қазақ жазуының тағы да өзгеретіні өмір шындығына айналғаны рас.

ХХІ ғасырда егемен еліміз әлемдік өркениетте өзіндік орнын белгілеп, алдыңғы қатарға шығу үшін ұйымдасуда, ол «тарихтың темір қақпанына түспеу үшін» эволюциялық даму бағытымен, өркендей дамуды басты бағдар ретінде белгілеп, ұлттық құндылықтарды ұлықтауды қалайды.

Егемен еліміздің тарихын мәңгілік ету мақсатында бүгінгі заманауи сұранысқа сәйкес, сөйлеу тілімізге жақын келетін әріптерді латын әріптерінің негізінде қайта алмастыруды қолға алып отырмыз. Ертеңгі тарихқа енші боларлық жазу үлгісін жасауды, оған енді өзгермейтіндей етіп, КАНОН-дық сипат беруді  бүгінгі қоғам қажет етіп отырғаны анық.

Бүгінгі таңда көшедегі жарнамаларда жарыққа шығып, мекеме атауларында жазылып жүрген акут таңбалы қазақ әліпбиі зиялы қауымды толғандырмай, ғалымдарды ойландырмай, исі қазақтың көңілінен шығып отыр дей аламыз ба? «Әліпби тағы да өзгеруі мүмкін» деген көңіл алаңдығын жасыруға да болмас.

Оның үстіне, бүгінгі таңда Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы сараптамадан бірнеше рет өткізіп отырған Қазақ әліпбиінің негізгі ережелері әзірге бекіген жоқ. Бекіген күннің өзінде де, 100 жылдық тарихы бар И мен У  дауы нақты шешілмегенін былай қойғанда, бүгінгі емле қазақ тілінің ғана емес, әлемдік тіл білімінде бұрын-соңды болмаған «жаңалықтарға» белшесінен батып жатыр. Яғни екі дауыссыз дыбыстан сөз құрап, су, шу, бу, ит, қу сияқты қазақ тіліндегі толып жатқан атау сөздерді екі дауыссыз дыбыстан құрап жазатын жағдайға жеткіздік. Әлемнің ешқандай тілінде екі не үш дауыссыздан сөз құралмайды. Қазіргі емледе И, У дыбыстары дауыссыз дыбыс ретінде танылғандықтан да, сөздерді дұрыс жазу, оқу, сөзді тасымалдау да – басы ашық мәселе болып отыр. 

Осындай шикі емлесі бар, акут таңбаларынан құралған әліпбиді бірінші сыныптан бастап оқыта беру деген, білім жүйесіндегі жүйесіздікті туғызуы бек мүмкін.

Республика көлемінде бастауыш сыныптарын оқытатын мұғалімдерді латынәліпбилі қазақ жазуын оқытуға дайындап болдық па? «Оларды қай емленің негізінде оқытамыз?» деген сауалға жауап іздеу керек болады.

Біздің ойымызша, 2020 жылдан бастап бастауыш сыныпты латынәліпбилі қазақ жазуымен оқытуды бастау үшін, әліпбиімізді тиянақтап, емлемізді қазақ тілінің табиғатына біршама жақындатып, дұрыс жазудың  ұлттық жүйесін жасауымыз керек.

Акут таңбалы әліпби мен соған негізделіп жасалған, бүгінгі кемшілігі көзге ұрып тұрған емлемен жазудың сынақ алаңына бірінші сынып балаларын ертерек салып жіберуден гөрі, үлкендер, алдымен, әліпбиді А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ғалымдары айтып, жазып жүрген нұсқада түзеуге бет алса, оң болар еді.

Бижомарт ҚАПАЛБЕК, Мемлекеттік тілді дамыту институтының атқарушы директоры:

Латын әліпбиін мектепте оқытуды 2024 жылдардан бастасақ та кеш емес

– Латынға көшу екі үлкен кезеңнен тұрады: әзірлеу және енгізу. Бізде қазір латынды насихаттау, әліпбиді жетілдіру, емле ережелерін түзеу, жаңа әліпбиді оқыту жұмыстары қатар жүргізіліп жатыр. Алдыңғы үшеуі әзірлеу кезеңіне жатады да, соңғысы енгізу кезеңінің басталғандығын білдіреді. Мәселен, бастауыштың 1-сыныбы 2021 жылдан бастап әліппені латын әліпбиімен тани бастайды. Меніңше, әзірлігімізді пысықтап болмай, енгізу жұмыстарын бастау қате және бұлай асығыстық жасасақ материалдық зиян орасан болатындығы белгілі. Өйткені бір рет Парламентте талқыланып (2017 жылы 11 қыркүйекте таныстырылған диграф нұсқасындағы қазақ әліпбиі), екі рет Президент жарлығымен бекітілген (2017 жылғы 26 қазандағы апостроф нұсқасы; 2018 жылғы 19 ақпандағы акут нұсқасы) әліпбиде әлі де көп шикілік бар. Ал үкіметте мақұлданып, «болды, бітті» деп «Егемен Қазақстан» газетіне жарияланған емленің жобасы қазір түзетіле-түзетіле алғашқы мәтіні танымастай өзгерді және, меніңше, әлі талқыланып, түзетіле түсуі қажет. Яғни әліпбиіміз қотыр-қотыр, ал емлеміз қисық-қисық бола тұра, жаңа әліпбиді мектепке жаппай енгізу бассыздық. Көшу межесін 2025 жыл деп белгілеп отырмыз ғой. Яғни алты жыл уақытымыз бар. Соның, ең құрымаса, үш жылын әліпбиді жетілдіруге, емлені түзетуге, «Латын әліпбиін емес, латынша оқитын болдық» деп байбалам салып, баласын қайта орыс мектебіне сүйреп жүрген ата-анаға әліпбидің озықтығын насихаттау жұмыстарын жүргізіп барып, енгізуді 2024 жылдардан бастасақ та кеш болмас еді. Өйткені Ақаңның әліпбиіне негізделіп жазылған әліппемен бала төрт-ақ аптада хат танып кететіндігі баяғыда дәлелденген. 

 

ПІКІРЛЕР4
Аноним 14.10.2019 | 11:20

Əліппенің нашар үлгісін көріп,біліп отырып əңгіме етіп талқылай беру кімге керек?Жақсы жобалар тұр-ғой түзетуге енді кім бөгет?Бар жетістік анық дауысты и,у дыбыстарын бауыссыз деп тағайындау ма? ИИИИ,УУУУ.Қай жері дауыссыз?

Аноним 14.10.2019 | 11:45

Kazırkı latin alfabitimen dayın bolmağanınızdı aytamın. Nege kıyınşılıkka ketesizder, mesele onay ğoy.

Аноним 14.10.2019 | 20:48

Далбаса бəрі. Кирилден ештеңеден ұтылып тұрған жоқпыз. Мынау жалған, əсіре патриоттардың əуселесі.

Аноним 16.10.2019 | 20:49

Asıqpasa bolmaydı äytpese Anar apaylarıň bärin qurtadı

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір