Ұмытылмайтын Ұябаев
…Жақында Үсенбай ата Тастанбеков (соғыс және еңбек ардагері, белгілі журналист, партизан жазушы, ел мен жер тарихын жетік білетін шежіре қарт, 96 жастағы қадірменді қария) телефон шалып үйіне шақырды.
– Қарағым,– деген еді сонда ол кісі, – кәріліктің кейбір «кереметтерін» енді көбірек сезіне бастағандаймын. Құлақ нашарлап қалғандай, көз де бұрынғындай емес. Сондықтан өзіңе бір тапсырмам бар. Білетін шығарсың, қазақта Ұябаев Құрманғали атты ақын өткен. Үстіміздегі жылғы мамыр айында туғанына 95 жыл толды. Ол туралы жазсаң, айналайын, әруағы риза болсын.
Содан соң «1984 жылғы 19 желтоқсан» деп белгі қойылған орыс тіліндегі (атамыз мақаланы орыс тілінде де жаза береді) жазбасын – сарғайған бірнеше парақты қолыма ұстатты. Әрдайым қасиетті Қарасай жерінің батыр, билерін, тұғыры биік тұлғаларын, елге еңбегі сіңген азаматтарын, өнер иелерін, ақын, жазушыларын ерекше тізімдеп, ерінбей түгендеп, барлығының да мерейтойын өткізуге мұрындық болып жүретін, өнегелі өмірлері туралы әртүрлі басылымға жалықпай жариялайтын ардақты ақсақалдың айтқанын алға апарып, орнықты орындау мен үшін де, әрине, абырой.
***
Қазақтың белгілі ақынының бірі Құрманғали Ұябаев 1920 жылы 5 мамырда Шамалған ауылында дүниеге келген. Әкесі ерте қайтқан ол балалар үйінде тәрбиеленеді. 1940 жылы Қаскелеңдегі Абай атындағы мектепті бітірген. Ал оның алдында қазіргі Тұрар ауылындағы тоғызжылдық мектепте оқыпты.
«Бұл 1918 жылы бүкіл Жетісу жерінде ашылған алғашқы қазақша білім ұясының бірі еді, – дейді Үсенбай ата. – Бірінші мұғалімі, әрі директоры тамаша педагог, кейіннен Ленин, «Құрмет белгісі» ордендерімен наградталған Әбіжан Байсалбаев болған. Отызыншы жылдың басында ол тоғызжылдық шаруа-жастар мектебі ретінде қайта құрылып, жетім балаларды қамқорлыққа алған, әрі балалар үйінің, әрі интернаттың да «міндетін» атқарыпты. Бұл жерде қазақтың талай тамаша азаматтары білім биігіне беттеген.Құрманғали да жетім болғандықтан осында оқыды. 1935 жылы анам қайтыс болған (әкеміз бұрынырақ дүниеден өткен) мен де аталған мектептен бір-ақ шықтым. Сөйтіп, осы жерде екеуміздің өмір жолымыз тоғысқан еді. Қысқа қарай Шелек ауданы Қорам балалар үйінен бес бала ауысып келді. Біреуі менің немере інім Молдабек Саламатов (соғысқа дейін «Лениншіл жас» газетінде бөлім басқарған, соғыстан кейін комсомолдың Орталық Комитетінде қызмет еткен, Қаскелең аудандық газетінің редакторы болған) еді, 1929 жылы әкесі өлген соң балалар үйіне кеткен-ді. Молдабек жалындата жыр жазады екен. Оған еліктеп мен де түрте бастадым. Дәл осында Құрманғалидың да «өлең дейтін дертке» ұшырағанын білдім. Ұзын бойлы, кең маңдайлы, ақсары өңді, жүзі мұңлы, дөңгелек қара көзінен терең ойдың ұшқыны сезілетіндей жасөспірім көбіне үнсіз жүретін, жатақханада үнемі бірдемені дәптеріне жазып отыратын».
Екеуінің келесі оқыған орны – Қаскелеңдегі Абай атындағы мектеп. Мұнда олар осындағы қоғамдық істердің ішіне де іркілмей кіріп кетеді. Қабырға газетін бүтіндей өз қолдарына алады. Әр нөмірін әсемдеп шығарумен қатар, мазмұнын да мағыналы етіп байыта бастайды. Алдымен, әрине, өз өлеңдерін салады. Үсенбай ата кейіннен өлеңді қойып, таза газетші, мықты редактор атанды ғой. Ал Құрманғали үшін қабырға газеті де шыңдалу, үйрену мектебінің, шынайы поэзия әлеміне шығарар алғашқы баспалдақтың бірі болған сыңайлы. Дегенмен, 1939 жылы аудандық газетке тұңғыш рет өлеңі жарияланған, одан әрі республикалық басылымдар– «Лениншіл жасқа», «Октябрь балаларына» жиі шығып тұрған.
Құрманғали мектеп бітірісімен аудандық «Социалистік майдан» газетіне қызметке орналасады. Бірақ көп ұзамай 1940 жылы әскер қатарына алынып, ары қарай Ұлы Отан соғысының қанды қырғынына аттанған, от пен оқтың ортасында жүріп, армиялық және майдандық газеттерде істеген. Соғыста офицер дәрежесіне жетіп, жауынгерлік наградаларға ие болған. Оның әскери басылымдардағы жұмысы сонау 1950 жылға дейін созылыпты. Тіпті, Хабаровск қаласындағы «Суворовский натиск» атты майдандық газетте жауапты хатшы болыпты. Бір қызығы, дәл осы газетте қазақтың атақты ақыны Дихан Әбілевпен бірге істепті.
1947 жылғы қарашада Құрекең Қиыр Шығыстан қайтып келеді. Алайда, армиядан босатылмапты, Орта Азия әскери округінің құрамына жіберіліп, Алматыда шығатын орыс тіліндегі әскери газеттің жұмысына жегілген.
Ұзақ уақыт аралатып туған өлкесіне жетіп, туған халқы – қазақтың қалың ортасына оралу, әбден елге, жерге деген сағынышы бойын кернеген оның енді шабыты шалқып, қаламының қарымы артады, ой-санасы өрге тартып, шығармашылығының өрісі кеңейеді, жаны жаздай жадырап, көңілі көлдей толқиды. Ал жас шағынан өлеңге өмірімді арнасам деген арман-аңсармен алаңдайтын жанның жүрек толқынысынан осындай кезде жыр бұлағы ағыла түспей ме?! Соның жемісіндей болып 1949 жылы
Жеткендей аңсаған бір арманыма,
Көз тастап қыран құстай жан-жағыма,
Көңілім селдей тасып, денем балқып,
Отырмын асау Амур арнасында! –
деп жырлаған «Шығыс шыңында» деген өлең кітабы жарық көрді. Бұл оны өлең өлкесінен өз орнын табуына талмай ұмтылдырып, шынайы шығармашылық тұрғыдан қанаттандыра түседі.
КСРО Жазушылар одағы және КСРО Журналистер одағының мүшесі Қ.Ұябаев 1950 жылдан 1971 жылға дейін республикалық «Социалистік Қазақстан», (очеркші, партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі, меншікті тілші), «Қазақ әдебиеті» (жауапты хатшы) газеттерінде, «Қазақстан» баспасында, Қазақ кеңес энциклопедиясы редакцияларында жемісті қызмет атқарған.
Ақынның көзі тірісінде «Сағат» (1952), «Жырларым» (1962), «Өтеді жылдар» (1969), «Концерт жырлары» (1970), «Тағдыр туралы сөз» (1971), «Дархан» (1972) атты өлең, поэма жинақтары мен «Қырдағы қырандар» (1966), «Шақырылмаған қонақтар» (1967) деген очерк жинақтары сияқты бас-аяғы он кітабы жарық көрді. Ал дүниеден өткен соң, 1978 жылы «Жазушы» баспасынан қазақтың тамаша ақыны Сырбай Мәуленовтың алғысөзімен таңдамалы өлеңдері мен поэмаларынан тұратын кітабы шықты. Бірқатар өлең, әңгіме, очерктері орыс тілінде жарияланған. Ол ұлы А.Пушкинмен қатар В.Маяковский, А.Твардовский, А.Мицкеевич, М.Исаковский, С.Щипачев сияқты үлкен ақындарды қазақ тілінде шебер сөйлетті.
Әрине, коммунистік партияның белсенді мүшесі болған ақынның бірқатар туындылары кеңестік кезеңді, оның идеяларын, сол уақыттағы «адам бақытын» дәріптеді. Бірақ бұл үшін оны кінәлай алмаймыз. Әркім өз заманының жемісі. Көп кітабында ақын кеңес адамының жауынгерлік және еңбектегі ерлігін, Отанға деген сүйіспеншілігін жырлады. Бейбіт өмірдің өркенін өсіріп, жаңа соғыс отының тұтануына қарсы тұрды. Оның алғашқы және соңғы туындыларының арасын жылдар бөліп жатқан-ды. Бірақ бәрінде де көзқарасы тұрақты болды. Ол – бейбітшілік үшін күрес, тыныш өмір, тиянақты тірлік, береке, бірлік, елге арналған еңбек, жұртты жұмылдыратын жұмыс. Оқ бораған, отқа ораған орыннан оралған майдангердің, әрине, осы тақырыпты кеңінен қаузамауы мүмкін емес. Шығармаларының, әсіресе, жастар үшін де тәрбиелік маңызы зор еді.
Құрекеңнің бар өлеңі осылай десек қателесеміз. Оның:
Түрленіп жер пүліштей,
Күн тоғытты шуақты.
Сылдырап таза күмістей,
Қар астынан су ақты.
Төсін сүйіп жал-қырдың,
Жібек жел де еседі.
Тамшысы да жаңбырдың
Қар өкпесін теседі…
(«Көктем»)
Шағала ақ қанатын қағып биік,
Секірген сияқты тауда киік.
Төменге жоғарыдан шүйілді де
Құшақтап ақ толқынды алды сүйіп…
(«Ертіс жағасында»)
дегендей табиғат көрінісін бейнелеген өлендері де,
Нұрлы үмітпен ол кезде қараушы едім,
Қызғалдақ ең, япырмау, балауса едің.
Көз қиығын жымия тастай қойып,
Сүмбіл шашты тотыдай тараушы едің…
(«Өзің»)
дегендей махаббат лирикасы да аз емес.
Ең бастысы қарапайым, бірақ шыншыл тілімен-ақ жан-жүрегіңді қозғайтын, оқырманмен сырласып, ойымен бөлісетін өлеңдерінің көркемдік қуаты, асыл мұраты бар, сезімге әсері мол. Жалпы, Қ.Ұябаев қазақ поэзиясында өзіндік орнына ие болған, өз оқырманын тапқан нағыз ақын еді.
Берікбай ҚАДЫҚОВ,
журналист.
Алматы облысы,
Қарасай ауданы.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.