«Жеріміз шетелдіктерге сатылмайды»
08.10.2019
670
0

Жұртшылықты толғандырып жүрген жер мәселесіне арнайы тоқталғым келеді. Мемлекет басшысы ретінде тағы да мәлімдеймін: жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Оған  жол берілмейді. Бұл мәселе бойынша қауесет таратуды доғару керек. Бірақ жерді тиімді пайдалануды қамтамасыз ету – біздің міндетіміз.

Жер ресурстарын тиімсіз пайдалану мәселесі өте өзекті болып отыр. Жерге салынатын тікелей салықтар деңгейінің төмендігі жағдайды күрделендіре түсті. Мемлекеттен жерді тегін жалға алу құқығына ие болғандардың көпшілігі жерді игермей, босқа ұстап отыр. Елімізде «шөп қорыған иттің» кебін киген «латифундистер» көбейіп кетті. Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтарып алатын кез келді. Жер – біздің ортақ байлығымыз және оны кім игерсе, соған тиесілі болуы тиіс.

 (Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ Қазақстан халқына Жолдауынан)

 

Несіпбек Айтұлы, ақын

ҰЛТАРАҚТАЙ ЖЕРДІҢ ӨЗІН ҚОРҒАУ КЕРЕК

 

Кезінде жер мәсе­ле­сі көтерілді ғой, ел қоз­ғалды, сол кезде мен «Жер жаннан да қымбат» деген поэма жаздым. Бұл шығармадағы бас кейіпкер –Жұмабек Тәшенов, ал көтерілген мәселе – баяғыдағы алты облыс мәселесі еді. Біздің солтүстіктегі алты облысты Ресейге қосамыз дегенде арыстандай алысып, бермей қорғап қалған Тәшенов болатын. Себебі, бұл жер үшін ата-бабаларымыз сүйегін берген.

Мемлекеттіліктің белгісі екі-ақ нәр­­се. Алдымен жері, сонан соң тілі. Сон­дықтан ұлтарақтай  жердің өзін қызғыштай қорғауымыз керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл жолғы Жолдауындағы «Жерді шетелдіктерге сатуға болмайды», – дегеніне бәріміз разы болдық. Ол кісінің осы сөзді зор сеніммен айтқаны – мемлекеттің болашағына кепіл болып отырғаны деп сенеміз. Осыған дейін халықты алаңдатып келген өзекті мәселе турасында  Президент  өз Жолдауында салмақты сөз айтып, ел көңілін орнықтырды. Әрине, біздің жеріміз – ата-бабаларымыздың кіндік қаны тамған киелі өлке. Елдің алаңдатқан мәселе туралы өз ойын ашық айтқан Президенттің бұл Жолдауы осы үшін есімізде қалады.

Асылбек Ихсанов,жазушы, драматург

 КІНДІК ҚАНЫМЫЗ ТАМҒАН ЖЕР – БІЗГЕ МӘҢГІ ҚЫМБАТ

Даламыздың кең­дігіне, жеріміздің ұшы-қиыры жоқ шексіз болып көрінетін дархандығына таң қалмайтын қазақ жоқ шығар. Алыс жолға шыққанымда, ана шеті мен мына шетіне пойызбен үш күн жүріп, ұшақпен үш сағатта жететін жол шалғайлығы мені шаршатпайды. Терезеге жабысып, өзен-көліне, тау-тасына, ақ шағылы мен тал-терегіне көз суарып ұзақ тұрам. Айдын-көлдің еркесі – шоршыған ақ шабағы, көк аспан төрінде қалықтаған қыраны, Жер Ана төсінде жайылып жүрген келе-келе түйе, табын-табын сиыр, үйірлі жылқы, отар-отар ақ­ты­лы қой, жортқан аң, осының бәрі – өзіңнің Отаның екенін сезінгенде бойыңды ерекше қуаныш, мақтаныш кернейді! Қазақ тарихына көз салсаң – ата-бабамыздың өмірі­нің көбі жаугершілікпен өткенін көресің. Ұлы дала төсінде небір жан алысып, жан беріскен шайқастар; аты ауыздығымен  су ішіп, бар өмірі ат үстінде өткен жалаң қылыш қайран аталарың көз алдыңнан өтіп жатады. Жан-жақтан анталаған жаудан осыншама ұлан-ғайыр жерді ұрпағыма деп сақтап қалған бабалардың даналығына, ерлігіне таң қаласың! Осы сәтте жерді шетелдіктерге сатуға байланысты ел ішінде белең алып келе жатқан дүрбелең есіңе түседі. Қазақ туған жерін «кіндік қаным тамған жер» дейді. Шыр етіп мына дү­ниеге келісімен құрсағында тоғыз ай жатқан анаңмен байланыстырып тұрған кіндігің кесіледі. Қанда информация бар. Тұрған үйіңе төлқұжатыңды тіркеткен сияқты сол сәттен бастап бір тамшы қаныңмен туған жеріңе тіркелесің. Сенің кіндігің енді туған жеріңе мәңгі байланады! Көнеден үзілмей сақталып келе жатқан қастерлі ұғым бойынша, ата-бабамыз да осылай болған, біз де осылай өмір сүреміз, ұрпағымыз да осылай өмір сүруі керек! Көне гректердің батыры, табаны жерге тигенде бойына алапат күш-қуат құйылатын Посейдонның ұлы Антей сияқты әр қазақ туған жерінен күш-қуат алады. Сондықтан «жер сатылады» деген сөз мүлдем айтылмауы керек! Жерді шетелдіктерге сату, жалға беру сияқты әңгімелер тоқтатылуы керек! Мен өзім Алматыдан пәтер тигенше бала-шағамды шұбыртып тоғыз жыл үй жалдап, пәтерден пәтерге көшіп жүрдім. Үй жалдау дегеннің қандай қорлық екендігін менің кеңестік замандастарым жақсы біледі… Біз өзі, жерінің территориясы орасан,ал халқы аз, көбею жағынан көрсеткіштері тө­мен, демографиялық өсімі нашар елміз. Жерімізге қандай да бір сылтаумен шетелдіктер кіретін болса, санаулы жыл­дарда біз өз жерімізде азшылыққа ай­налып шыға келеміз. Жерге ие болу мен де­мографияның арасы тығыз байланысты. Мемлекеттің Қазақстан халқының өсуіне жағдай жасауы кезек күттірмес мәселе. (БҰҰ халқы жеріне симай, бір жағынан өз-өздерін асырай алмай отырған елдерді Қа­зақстан сияқты жері үлкен халқының саны аз елдерге көшіру туралы қарар қабылдауы мүмкін деген де суық хабар бар…)

Президент Қ.Тоқаев Жолдауында жер сатылмайды деп үзілді-кесілді уәде етті: «Мемлекет басшысы ретінде тағы да мәлімдеймін: жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Оған жол берілмейді».                                                                                                         

Ал қазақ өз жеріне өзі ие болуы үшін не істеу керек?! Мен ширек ғасыр жер шұқимын – бірнеше гектарға жеміс-жидек егемін, мал ұстаймын, құр ділмәрсу емес, бұл істе тәжірибем бар дегенім… (Мемлекеттің жұмысынан қол үзбей жүріп.) Шаруа қожалықтарына деген саясат түбегейлі қайта қаралуы қажет. Бұл саладағы қарапайым шаруа адамының жанына бататын әділетсіздіктер: мемлекет бөлетін қаржының шаруа қожалықтарына дұрыс жетпейтіні, жеңілдікпен берілуі тиіс жанар-жағармайдың өзен болып басқа жаққа ағып жатқаны; ірі, орта латифундистердің жерге бір дән тастамай-ақ мол қаражатты басып қалатыны… сияқты айтыла-айтыла жауыр болып, еш шешімін таппай келе жатқан мәселелер ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев Жолдауында айтылды: «Елімізде» шөп қорыған иттің» кебін киген «латифундистер» көбейіп кетті».

Ел ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Жолдауында айтылған мына сөздерден де ел зор үміт күтеді:

«Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруа­шы­лығы жерлерін қайтарып алатын кез келді. Жер – біздің ортақ байлығымыз және оны кім игерсе, соған тиесілі болуы тиіс».

 Халық осыдан үміт күтеді! Егін егемін, мал, құс т.б. өсіремін деген адамға мемлекет бар жағдайды жасауы тиіс. Ол жағдай дегеніміз: иесі бар, алайда осы уақытқа дейін игерусіз жатқан жерлер қайтарылып, шаруа бастаймын деген адамдарға бөліп берілуі тиіс. «Жер бердік, енді қалайда игер» деп шаруа адамына бар салмақты арта салмай, мемлекет көмектесуі тиіс: қора-қопсы салынып, су жоқ жерлерде артезиан құдығы қазылып, электр қуаты тартылып, несие берілуі тиіс. Егіннің қанша жыл өсіп, қанша өнім беретіні (мысалы алма ағашы бес жылдан кейін өнім береді), малдың жылына қанша төл беретіні, мал басы өсуі есептеліп, екі-бес жылға дейін каникул берілуі тиіс. Қуаңшылық, үсік жүруі сияқты форс-мажорлық мәселелер де ескерілуі керек. Шаруаға қажет техника – трактор, оның тіркемесі, комбайн, жер жыртатын, шөп шабатын, шөп дайындайтын құрылғылар өзімізде жасалып, шаруа қожалықтарына бірнеше жылға қарызға берілуі керек. Егін және мал өнімдерін сатуда да мемлекет көмектесуі қажет. Шет елдерде сүт, етке дотация бөлінеді. Бізде де дотация қарастырылуы керек. (Ауыл халқынан сүтті бренд сүт шығарады деп саналатын компаниялар литрін 30, әрі кетсе 50 теңгеден алады. Бұл әрине, мәжбүрлеп тонау.)  Біраз жылдардан бері жерге байланысты қордаланған мәселелер ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында анық та әділ көрсетілген. Ол мәлелелер кешікпей шешімін табарына үміттіміз.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір