Адамбаевтар әулеті
01.10.2019
1775
0

Қазақ дүниетанымында бір атадан туып, ағайынды кісілерден тараған, мәуелі бәйтеректей өсіп-өніп, берекелі ғұмыр кешкен және айналасына жақсылықтың шуағын шашқан, бауырмалдық ізгі дәстүрлері берік қалыптасқан, адамгершілік қағидаларын бекем ұстанатын, өнегесі мол, ұлағатты ісі елеулі ұрпақтар шоғырын «әулет» деп ардақ тұтатын озық үрдіс бар. Өзім білетін сондай, қадірлі ортаның бірі – Адамбаевтар әулеті.

Адамбаевтар әулеті

Осы жылы бұл әулетке жақсылықтар үйірімен келіп, үш бірдей тұлғаның мерейтойлары тоқайласыпты. Атап айтқанда, Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, ақиық ақын, майталман жазушы, ұлағатты ұстаз, қазақ шешендіктану ғылымының іргетасын қалауға ерен еңбек сіңірген бірегей зерттеуші, ғибратты ғалым Балтабай Әбдірахманұлы Адамбаевтың туғанына  –жүз жыл. Бүкіл саналы ғұмырын Жамбыл өңіріндегі ауыл шаруашылығының  әртүрлі салаларының дамуына арнаған, ел арасында «Дала академигі» атанған абзал азамат Қаратай Әбдірахманұлы Адамбаевтың туғанына – 90 жыл; Балтабай ағаның жары, бүгінде сол әулеттің аяулы Анасы атанып отырған, әдіскер-маман, жалпы білім беретін мектептерде қазақ тілін оқыту әдістемесін зерттеу бағытында 35 жылға жуық еңбек еткен ұстаз-ғалым Жаңылхан Досымбекқызы Адамбаеваның 90 жасқа толған мерейлі мерекесі қатар келіп отыр.

      Берісі оңтүстік өңіріне, арысы барша қазақ еліне аты мәшһүр төрт бірдей Азамат дүниеге келіп, тәрбиеленген бұл әулетте АНА даналығы айрықша рөл атқарған. Әкелері жас кезінде мерт болған да, тағдырдың бар ауыртпалығы болмысы нәзік, рухы биік, діңі мықты Бибіш ананың мойнына түскен. Жесірліктің ғана емес, ел басына түскен зұлмат – 30-жылдары адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған ашаршылыққа ел қаймақтарын қынадай жалмаған қырғын сынағы үстемеленген сол бір алмағайып аласапыран дәуірдің дүлей дауылы қайсар әйелдің сағын сындыра алмады. Дауыл шайқаған сайын тамырлана түсетін алып терек секілді дараланып, өмір тауқыметімен арпалыса жүріп, бауырындағы Балтабай, Спатай, Жұматай, Қаратай сынды төрт ұлын адалдыққа баулыды, адамгершілікке үйретті. Сөзбен емес, ізгі ісімен, ерлікке барабар ерен тірлігімен тәрбиеледі. Сөйтіп, арын жанынан артық қоятын кісілік тағылымымен бір отбасының емес, дүйім елдің қамын жейтін жетелі ұрпақ өсірді. Ойы ұшқыр, санасы сергек, сөзге шебер ана аузынан жазып алынған мына шумақ ол кісінің адами және аналық қасиеттерін айқын танытып тұр деуге болады:

Жетімдік, жесірліктен көзімді ашпай,

Қолымнан кетірмедің жіп пен таспа.

Терезең тең болмаса ағайынмен,

Қадірің қалмайды екен қатарласқа…

 

Қырықта жетімдермен қалдым жесір,

Көп өмір өксіп, жылап өтті-ау есіл.

Өсірдім төрт жетімді төредей ғып,

Жар іздеп, балаларға болмай кесір…

Осындай қазақ әйеліне тән қадір мен қасиетке ие Ананың ұрпақтарының басқаша болуы мүмкін де емес деп ойлаймын. Сондықтан бірімен шәкірт-Ұстаз, бірімен ел экономикасын дамыту жолында қанаттас қызмет еткен әріптес, бірімен кісілік сыйласымда етене араласқан ағайын ретінде осы тұлғалар хақында өзім көрген, білген жайттарды баяндауды жөн көрдім.

Балтабай Адамбаев

Шәкірттің бағын ашатын ұстаздар санаулы болады. Мен – сондай санаулылардың қатарындағы ерекше Тұлғаға жолығып, бағы жанған, бақытқа бөленген шәкірттің бірімін. Себебі, менің өміріме нәр берген ата-анаммен тұрғылас құдіретті ұстазым Балтабай Адамбаев болды. «Құдіретті» деген сөзді бекер айтып отырған жоқпын. Шын мәнінде, ол кісінің бойында нағыз ұстазға тән ерекше қасиеттер тоғысып жататын. Өмірге ой көзімен қарай бастаған бозбала шағымызда, мектеп бітірер алдындағы екі жылда Балтабай аға біздің мектепке мұғалім болып келді. Сол жылы бізге сынып жетекшісі болып тағайындалды. Білімі мен кісілігі, алғырлығы мен алымдылығы, пайымы мен парасаты тең түскен, жастықтың жігерімен жасындай жарқылдаған жас мұғалімге қарап ойымызды да, бойымызды да түзедік. Ол кісінің әрбір басқан қадамын – өнеге, әрбір айтқан сөзін тағылым тұттық.

Балтабай аға бізге қазақ тілі мен әдебиеті, логика, психология пәндерінен сабақ берді. Кез келген мәселені жетік білетін. Терең ойларымен, көл-көсір білімділігімен адамның жандүниесін баурап алатын. Оның үстіне, қиялы ұшқыр жас өскіндердің ойындағысын дөп басып, керегін түсіне қояр ерекше сезімталдық қабілеті бар еді ,бойында. Сондықтан да әрбір дәрісі өмір сабағына айналып кететін. Тіл мен әдебиет, логика мен психология сабақтары бір-бірімен ұштасып, өмірдің сан алуан қиырларына сапар шектіретін, өнердің құдіретіне табындыратын, талғамымызды тәрбиелеп, талабымызды ұштайтын. Сөз өнерінің бар өнердің алды саналатынын да санамызға сіңірген – ұстазымыз еді. Көркем шығармалардың мазмұнын қайталатып оқытатын таптаурын әдіс ол кісіге жат еді. Сөз құдіретінің күшін кино, опера, балет, бейнелеу өнері салаларымен сабақтастықта танытатын. Өзі де тілге шешен, ойға көсем ұстазымыздың аузынан шыққан лебіздер бізге тіл құдіретін мойындатса, шығармаларды талдауы арқылы ой өрісімізді кеңейтіп, көркем сөздің таңғажайып сырларына қанықтыратын. Қиялымыздың көкжиегін кеңейткен тағылымды әңгімелері жадымызда жатталып қалатын. Тарих қойнауында жатқан талай рухани қазыналарымыз туралы алғашқы деректерді де ұстаз аузынан естіппіз. Ұлттық құндылықтарымыздың маңызы мен мәнін де жүрегімізге орнықтырыпты. Осының барлығында да ұстазымыздың табиғи таланты мен қанына сіңген ұлтжандылық қасиеті айқын танылып тұрар еді. Қай кезде, қай ортада болсын өзінің білімпаздығымен дараланып тұратын. Әсіресе, сөз мәйегі –мақал-мәтелдерді өз ойымен жымдастырып, астастырып сөйлегенде, халықтың рухани дүниелері туралы толғағанда, томағасын сыпырған қырандай түлеп шыға келетін. Сондықтан да ол кісіге сыртынан «мақал-мәтел жинағы» деп сүйінетінбіз. Осындай шешендік қабілеті ол кісінің кейін ғылымда шешендік сөздерді тиянақтап, зерттеуіне көп ықпал еткені анық.

Әдебиет сабақтарында талданатын шығарманы жан-жақты сипаттауда оның көркемдік-эстетикалық сапасына, тілдік шеберлігіне қоса тарихына, осы шығармаға қатысты сыни пікірлерге де бірге шолу жасап отыратын. Жазушы авторлардың өмірінен қызықты деректер келтіріп, сабақты одан сайын жандандырып жіберетін. Бұл бізді әдебиетті өзге ғылымдармен тоғыстыра тануға жетелейтін. Сол арқылы қазақ дүниета­нымының ерекшелігін ұқтыратын, ұлт­тық тіл мен ділдің тұтастығын ойымызға дарытатын.

Балтабай ағамыздың ең басты қасиет­терінің бірі – тыңдау мәдениетінің жоға­рылығы. Шәкірттердің талғамын тәрбие­леуге, өзіндік ой айту әдебіне айрықша мән беретін. Әр оқушының пікірін білуге ыждағаттылық танытатын. Қазіргі педагог ғалымдар айтып жүрген оқушыны креативті ойлауға үйрету әдістерін ұстазымыз сол кезде-ақ жүзеге асырған екен. Шығарманы талдату әдістері де ерекше болды. Көркем шығарманы тануға, қабылдауға ғана емес, оны бағалауға, тіпті сын айтуға шақыратын тәсілдері бізді сабаққа одан сайын қызықтыра түсетін.

Балтабай ағамыз бізді кез келген мәселеге сын көзімен қарай алуға, өз пікірімізді орынды әрі өтімді етіп, мәдениетті түрде жеткізе білу өнеріне үйретті. Өз басым ағамыздың үлгісімен ойымды жеткізуде мақал-мәтелдерге, қанатты сөздерді қолдануға көп мән беретін болдым. Жаңа даналық сөз я мақал естісем, жазып алуды әдетке айналдырдым. Әлем халықтарының да даналық сөздері мені қызықтыра түсті. Қазірге дейін жақсы дүние көрсем я оқысам, оларды жинап жүретін әдетімнен жаңылған емеспін. Оған қоса, жаңа көркем шығармаларды іздеп тауып оқып, оны өзімше талдап, бағалап отыратыным да бар. Өзімнің көңіл-күйімді қағазға түсіріп қоямын. Ол өз пікірлерімді жинақтауға, көңілдегі ойларды тұжырымдап, түйіндеп отыруға мүмкіндік береді. Міне, бұлардың қай-қайсысы да ұстазымның өмірлік сабағы мен көрсеткен үлгісінің, берген тәрбиесінің нәтижесі екені сөзсіз.

Балтабай ағамыздың ұстаз ретіндегі есімде сақталған және өзіме де өмірлік ұстанымға айналған тағы бір ізгілікті әдістерінің бірі ­­– баланың тауын шақпай, керісінше, дем беріп, көтермелеп, алға ұмтылдыратыны. Егер материалды оқығаның, оны түсінгенің аңғарылып тұрса, бірақ жауабың мардымсыздау шықса, оны сезе қоятын да, бағаны көтермелеп қоятын. Әділдігі соншалық, оны үнсіз қоя салмайды, неге осылай бағалап жатқанын ашып түсіндіреді. Ондай кезде қай бала оқи түсуге құлшынбасын?! Келесі жолы тиянақты дайындалып, ұстаздың артқан үмітін ақтауды парыз санайтынбыз. Осылайша мұғалім өзінің ұтымды әдісімен бізге жігер беретін, үлкен жауапкершілікті сезіндіретін.

Ұстаздан алған тағы бір өнегеміз деп, адамның өзін-өзі құрметтеуінің басты бір көрсеткіші ретінде ішкі және сыртқы мәдениетті тең ұстауға үйреткенін атар едім. Ортада өзін ұстау мәнері еркін әрі соншалықты тартымды еді. Сөйлеген сөзіндегі мазмұндық тереңдікті дауыс мәнері, бет-жүз құбылыстары, қол қимылдары одан сайын әрлендіре, нәрлендіре түсетін. Жүзінде де, мінез-құлқында да бір ерекше тектілік байқалатын. Барлық сөзі мен әрекеті қалай үндесіп тұрса, мінез-құлқы мен киген киімі де биік талғампаздығын танытып, әдемі үйлесіп тұратын. Ешкімді жатырқамайтын жайдарылығы мен өзіндік берік қалыптасқан «МЕН»-і де жарасымдылық тауып, айналасындағыларды өзіне үйіре түсетін. Киімі қашан көрсең де мұнтаздай тап-таза, үнемі ақ жейдемен, галстукпен жүреді. Ерекше атап айтатын нәрсе: ол кісіде кербездік жоқ болатын, есесіне, табиғи болмысында тектілік пен бекзаттық басым еді. Сондықтан біз секілді шәкірттері үшін ұстаздың кісілік бітімі адалдықтан, әділдіктен, ізгіліктен, талғамнан жаралғандай әсер ететіні соншалық, сол кісіге еліктеп өстік, ұқсауға тырыстық…

Өз басым өмірде қаншама қиындық пен әділетсіздікті басынан өткерсе де, Балтабай ағамызды бақытты жан деп санаймын. Себебі, біріншіден, ол кісі өзінің табиғат дарытқан қабілеті мен қасиетін толық жүзеге асырды. Майданның қырғынынан аман келіп, армандаған оқу орнын тәмамдады. Сүйген мамандығын меңгеріп, ұстаздық етті. Сандаған шәкірттердің жүрегіне жол тапты, өзінің бүкіл болмысымен оларға өнеге мен тағылымның нұрын таратты. Балтабай ағадан білім алған шәкірттердің, өзімнің сыныптас достарымның арасынан тіл мен әдебиетті таңдап, сөз өнеріне қызмет ететін біраз ақын-жазушылар, журналистер, әдебиет зерттеуші ғалымдар, ұстаздар шықты. Ал өзге мамандықты таңдағандары болса, олардың арасынан да тіл мен әдебиеттің маңызын бағалай алатын ұлтжанды мамандар тәрбиеленді.

Екіншіден, өзінің бойындағы талантын жарқыратып ашқан, сөз өнерінің аса бір маңызды саласын – шешендік сөздер мен мақал-мәтелдерді құмарынан шығып, құлшына зерттеуіне жол ашқан ғылым жолы бұйырды. Біз мектеп бітіретін жылы Балтабай ағамызды ұстазы Мұхтар Әуезов облыстық партия комитеті хатшысының атына арнайы хат жазып, Әдебиет институтына шақыртып алды. Кеңестік кезеңдегі саясаттың қыспағын көрген ұлттық сөз өнерінің ең бір өзекті саласы шешендік сөздер туралы айту ол кезде ерлікпен барабар еді. Дәл осы салаға ұлы ойшылдың Адамбаевты таңдауы кездейсоқ емес. Осы таңдаудың дұрыстығын Балтабай ағамыздың шығармашылық, зерттеушілік бағыттағы еңбектері толық дәлелдеді. Әрине, шешендік өнердің теориясын терең зерттеп, зерделеген ғалым еңбегінің докторлық диссертация түрінде жазылып, аяқталып, ғылыми кеңеске ұсынылған қалпында бюрократизмнің салдарынан екі жыл кешіктірілуі, соңында әділетсіздікпен күресіп шаршаған ғалымның денсаулығына байланысты қорғалмай қалуы көңілге қаяу түсіреді. Десе де, тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда ағамыздың талай еңбегі бірнеше рет басылып шығып, халықтың рухани әлемін байытты.

Үшіншіден, Балтабай ағамыз – бойындағы талантын көркем шығармалары арқылы да танытуға мүмкіндік алған қаламгер. Ол кісінің қаламынан «Ақбөбек», «Сырларым», «Аманат», «Тұлпардың ізімен» атты жыр жинақтары, «Жауынгер», «Нәубет» сынды романдары мен повестері туды. Өзі бастан кешірген оқиғалардың шындығы ел тарихының көркем шежіресі, бірегей туынды ретінде халқының сөз қазынасын молайтты.

Төртіншіден, Балтабай ағамыз – жар таңдауда өмірде жолы болған адам. Өмірлік серігі Жаңылхан жеңгемізбен қырық жылдан аса бақытты ғұмыр кешті. Ұрпақ тәрбиеледі. Жаңылхан Досымбекқызы Адамбаеваның есімі де ғалым ретінде көпшілікке кеңінен танымал. Екі тұлға қатар жүріп, халқына адал қызмет етті. Филология ғылымдарының кандидаты Жаңылхан жеңгеміз Ыбырай Алтынсарин атындағы Қазақ Ұлттық білім академиясында отыз жылдан аса еңбек етіп, қазақ тілін оқыту, зерттеу ісіне ерен еңбек сіңірді. Елуге тарта оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар жазып, мемлекеттік тілді жас ұрпаққа үйретуге қызмет етті. Мені ең бір сүйіндіретін нәрсе – Жаңылхан жеңгеміздің Балтабай ағамызды тірісінде қалай қадірлесе, өмірден өткеннен кейінгі кезеңде оның шығармаларының халқымен қауышуына адалдықпен қызмет етіп, мұрагері, сақтаушысы, насихатшысы, таратушысы болғаны. Бұл – зиялы қазақ әйелінің, отағасына адал жардың ғана қолынан келетін іс.

Балтабай ағамыз өмірден озғалы отыз жылға жуық уақыт өтті. Осы аралықта Жаңылхан жеңгеміз ғалымның туған жеріндегі мектепке, ауыл, аудан қала көшелеріне атын беруге, өздері тұрған Назарбаев көшесіндегі тұрғын үйге ескерткіш-тақта орнатуға, мерейтойларының республика көлемінде аталып өтуіне атсалысып келеді. Биыл өзі де 90 жасқа толып отырған Жаңылхан жеңгеміздің берекелі дастарқаны да, елге сіңірген ғалымдық еңбегі де, көшелі кісілігі де қазақ қыздарына үлгі.

Бесіншіден, Балтабай ағамыздың бақытты екенінің айқын дәлелі – бір атадан туған төрт ұлдың ортасында қалыптасқан ерекше бауырлық қатынастың ұйытқысы болуы. Ағайынды Адамбаевтардың бір-бірімен сыйластығы ел арасында аңыздай айтылады. Әрине, қазақ үшін бауырмалдық қасиет аса таң дүние емес, бірақ бұл кісілердің арасындағы туыстық қатынас тіпті өзгеше. Солардың ең үлкені болғандықтан, Балтабай ағамыздың бұл бірлік пен татулықта рөлі де жоғары.

Қорыта айтқанда, өздері туып-өскен өлкенің туын көтеріп, даңқын асырған айбынды да арда тұлғалар тәрбиелеген Адамбаевтар әулетіндегі мерейтойлар шоғыры Жамбыл облысының 80 жылдық мерекесімен де орайлас келуі кездейсоқтық емес. Ұлы Абай айтқандай, «Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол». Елін, жерін сүйген, оған өлшеусіз еңбек сіңірген ардақты ағалардың артында қалған жарлары мен ұрпақтары аман болсын, әке жолын жалғап, биікте жүрсін деп тілейміз.

Көпжасар НӘРІБАЕВ,

ҚР ҰҒА академигі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір