Археолог
25.10.2015
4847
0

Айгүл Кемелбаева

(Әңгіме)

751699_1525034922_587163_568714436________________________________Бозда жүрген бұландай,
Үйде отырмас ойқастап.
  Дулат Бабатайұлы.
Шәукен ғана қорғаған Шәкәрімдей
Кетейін бе мен де осы дала кезіп…
Төлеген Жанғалиев.

Азан шақырып қойған есімі Ғабдулкә­рім. Жұмағұл молда ұлына арабы ат қой­ған. Анасы Кәкен атаған. Кәкеннің атасы туғанда ескі дәстүрмен есімін Шұлғаубай деп қоя салыпты. Өткен күнде белгі жоқ. Бұрынғы ноғай, қазақ заманда сахарада бәй­ге шапса, ат арқасына қаңбақтай жа­быс­қан шабандоз жас балалар Жылқыбай, Құлыншақ, Барақ, Қойбақ, Шонай, Байбұ­қа, Күшік, Шабан екен.
Жұмағұл молда руы тарақты ішінде қа­рашие-көгедей, 1900 жылы Ақсуаттың Кін­дікті өзені жанында, қалың сарымсақ тү­бінде жылан оралып жататын, алтын-кү­місі көп Сарыбұлақ басында туды. Кә­кен­нің анасы Бәтіш найманның тоқабайы, ота­ғасынан он жеті жас кіші, әншілік, өлең қонған. Құран аударған молда хат танитын үні әуезді біреуге түнімен қисса-дастан оқы­татын. Әкесі Кәкенді жеті жасынан шежі­реші болуға үйретті. Жұмағұл молда 68 жасында Шыңғыстауда, руы бөкенші Күнту болыс қорасында қайтыс болды.
Қарғадай Кәкен Сабыржан молда мен Абай өлеңін жатқа айтқыш Рахым молда сияқты данышпан кісілердің қасында әр сөзін қағып алып отырады. Шәкірт баулы­ған екі шал исі тобықтының жер дерегін, қай ру қай төбеге шейін мекендейді, көсем кім, батыр кім, бақталас ағайын арасы араз­дық, итжеккенге айдалған есіл ер, ес­кі оқиғадан түк қалдырмай баяндайды. Ауылда сыйлы ақсақалдарды дәмге жиі шақыратын қонақжай дәстүрмен бір шаңырақта ағаш астаумен тартылған жы­лы-жұмсақ, қазы-қарта, жал-жая, бас қойыл­са, қой құлағын жеуден алдына бір бала салмаған соң ел әзілдеп, кішкентайы­нан Кәкеншал атады.
Ахметбек Қожаханұлы ел тұтқасы Кең­гір­­бай бидің баласы Ералыдан тарайды. Кә­кеннің құлағы өзінен қырық жыл бұрын туған елгезек, естияр бала екенін сезіп, Шың­ғыстау шежіресін көкірегіне құя берді.
Тобықты ішінде әнет, жігітек, ырғызбай, жуантаяқ, бөкенші, борсақ, топай, торғай, көтібақ, үмбетей, мәмбетей, мотыш, көк­ше, құлық, жүзбенбет, мырза, мамай, наз, текебай, есім, есболат рулары туралы небір деректі жасы кішіде Кәкеннен артық білетін ешкім жоқ.
Қариялар әңгіме айтса жанын ерен қи­нап, тебірене толқиды. Кеңгірбай би жер дауы, жесір дауы, барымта-сырымтада айнала жуан ата арғын-найман, керей-уақ­пен қақтығыста аз тобықтының рулық мүддесін қызғыштай қорғаған. Билігі бұзылмаған Кеңгірбай биді кейінгі ұрпақ Би Ата атаған. Қой жылы кетіп, мешін жы­лы келерде үркер жоғары туып, ақсүйек жұт болғанда Кеңгірбай би бүкіл тобық­ты­ның малын Ташкентке айдапты.
Ел шежіре, нысаналы жер тарихына Кәкен қанық болғаны сонша, көкірегіне біреу сызғандай, жер асты суы атқылаған ұсақ шоқылық, мол жазық, күншығыс аққан су Ертіске, күнбатыс аққан су Бал­қаш­қа құятын; ен жайлауы лек-лек тұнжыр қарасу, жертас, қалың ши, сай-сала шілік, бір тауы бұлғыр, бір тауы асқақ, тырнакөз көл құрақ-қамысы шулаған, ақ өлең өскен жабайы шошқалы, қыры шоқпардай алтын бас тырналы, құстан қу мен қарқара, аңнан жолбарыс, аю тұқымы құрып, түн құстары қуыста бұғып қалған; түлкі үрсе, бөрі ұлыған, мүйізі күнге тартқан бұғы, бұ­лан қарағайлы-шыршалы көк орман си­реп өлген соң Алтын тау асқан, жақпар тасын­да таутеке, арқар ойнап, тоғайында сілеусін қышқырған жанды карта орнады. Тасқа таңба басқан тарих шындықтың көкесі. Ежелгі адамзат Күнді құдай санап табынған. Жеті қат аспаннан үздіксіз метеорит алтын нөсер жауғанда қисапсыз кен жер қыртысына сіңген есте жоқ ескі уақыт жұрнағы жартастағы күнбасты кісі бейне, аң аулау рәсімі, үңгірдегі тайпа таң­ба, шеку шимай, қашаулы ойма суреттер есін алды. Ол суық сұлулықты жаны құлай сүйген зергер сияқты жер-көктен қазына, рух іздеп, із кесті. Ізге шөп салған аңшылар жолда қалды.
Тобықты десе селдей таситын дәмдес бір ақсақал Жұмағұл молдаға: «Молдеке, бергі арғында, мен білсем, сенің мына жүр­дек балаң әлгі біздің Қиясбайшылап жер кезуге тым әуес көрінеді. Жаяу-жалпы ел адақтап, ұшарын жел, қонарын сай білген қаңбақ, кезбе атанған Қиясбай сияқ­ты», –деп күлді. Әкесі: «Кезінде Абай жарықтық жақсы көрген дуана,  домбырашы, сыбызғышы, қияли Қиясбай ма?», – десе, ақсақал даусы лезде күңгір тартты: «Ғұлама Мұхаң кітапта өшпестей таңбалай­тын Қодардан туған немере Қиясбайды айтамын. Ұлы бабамыз Рыспетек-Мұса­бай­дан тараған ұрпақ қай заманда да бол­ғанды болған деумен келеді. Қалқаман-Мамыр, Еңлік-Кебек, Қодар-Қамқа оқиға­сын тобықты сырт ағайыннан еш жасырған жоқ. Сыбырлағанды құдай естімеуші ме еді?! Әттең, соңғы сүрең сүйекке түскен қа­ра таңба, құдайдан безген азғындықты Құнекем қанмен жуып кетіргені теріс пе еді, молдеке, асылын айтыңыз?!». «Ақсақал, уыздай Қалқаман оқ байлау жазасына кесілді, Кебек ер ат құйрығына таңылды, қарт Қодар түйе қомында дарға асылды, бөтендер табаласа, садақ оғы, ат жалы, түйе қомы деп жұмбақтайтұғын шерлі шежіре. Сондықтан Шәкерім әулие үш қайғыға бірдей жыр жазуы, өз атасы Құне­кең кесімін ақтап алуы тегін деймісіз. Ол айтуы жеткен, ел есінен кетпес тірі сөз. Мы­нау тісті бақадай жабысып, сөз аңдыған қара­ғым аңыз-әңгіме, жұмбақ жер, балбал тастарға өлердей құмар. Түнде өкіретін су сиыр бар дейтұғын Сарыкөлге, тауда алып дастархан төселген Жынтасқа қона бармақ». «Молдеке, балаң аңыз, шежіре есту­ден жалықпаса, Қарауылдың басында тұратын жазушы Кәмен Оразалинге апар, өзге білмегенді бір білсе, сол біледі».
Кәкен жонды жаяу кезеді. Солтүстік Мұзды мұхитқа құятын ақ Ертістен 180 ша­­­қы­рым алшақ Шыңғыстаудың әр сүйе­мін алақандай біледі. Үш Олжай баласы мекен етіп отыр. Арқаның көкмайса, нулы-сулы биік жотасын тобықты елі жон деп атайды. Шаған өзені тобықты мен ар­ғын­ның жер бөлігі. Шағаннан шошақ бейіт­ке дейін мотыш аталығы жайлайды. Шошақ бейіттен Сарыжалға, бір шеті Шұнай тауына дейін жүзбенбет жері. Шұнай тауынан күнбаты­сын­да Қараша деген бай үш мың жылқы ұстаған, арғы бетінде есболат руынан Ақ­құл­­дың Оразбайына үш мың жылқы біткен. Оразбай 1923 жылы өлген, басына кенже баласы Медеу қызыл гранит тас қойған. Қазаннан, ағайынды Кәрімовтер баспасынан көне һаріппен арабша тас жаздырып әкелген. Оразбай ұры-қары болмаған, қажыға барған. Оразбайдың кенжесі дөң басында ойнап отырады екен. Ұзақ қар­ғалар келіп қонса, бала әкесінен үш мәрте сұрапты. «Ой, қарағым, бұл ұзақ қарға ғой, қыс хабаршысы», – депті әкесі. Оразбай бүй депті: «Балам, құдайдың қар­ғысы тигендей қыңыр сөйлейсің, сен мектеп сал, әйтпесе атың да қалмайды. Белес кетер, бел қалар, беглер кетер, ел қалар».
Құндызды өзені тобықты мен сыбан шекарасы, найман қаракерейден тараған сыбан руы керемет бай болған ел. Жел өті сырт Бұғылы-Машан тауын қоныс еткен жуантаяқ руы арғын қаракесекпен көрші. Балтабай, Шыбынтай, Таңбалы тас құлық руы жері. Тасында төре таңба қаптап тұр. Бұл елдегі төренің арғысы қожадан шыққан деседі. Тасқа төре таңба 1757 яки 1780 жылы басылған. Төре, тарақты, жалайыр, табынның рулық таңбасы бір – тарақ. Май­қы би үш жүзді құраған қырық ру таңбасын жартасқа ойдырған.
Үшқараның ащы көлі, Бөрілі, Ақшоқы, Найзашоқы, Бақанас, Ералы әулие басы, Қоңыр әулие үңгірі. Боқты көлін кейін Ос­пан көлі атады, екі кісі аты. Кәкен ер Тәу­ке­нің Қарауыл биігіне талай шықты. Аңыз­ға бергісіз атажұрт шындығын суреттеп айтуға қас шебер шежіреші Бекен Исабай­ұлы сүйектері қурап қалған Кебек пен Тәукені, Базарәліні бұл жалғанда еркек кіндіктіде ер шолпаны атаған. Нағыз өмірді бұрынғылар сүріп кеткен сияқты.
Кең далаға қараса, қарадай көзі тояды. Жеті қарақшы батпандай жеті жұлдыз­дың құйрық тұсы құдды қазаннан ас көсіп алған дәу саптыаяқтың сабы тәрізді, алмас қасықша жарқырап, Темірқазық шаншыл­ған. Бір ұры түнде елсізде ет жеп отырып, қасындағы серігіне Темірқазықты көрсетіп, бүй депті: ет тәттілігін қойса, мен ұрлығым­ды қояр едім, міне, сенбесең, көк күмбез, шаңыраққа қарашы, даяр асқа тік қасық көрі­неді. Сыбайласы айтады: – Е, бесіктегі жас бала етке жөргегін сатамын дейді екен!
Жаз туса мырза-мамайдың сабылған ұрысы мен сыбанның қос ұрысы Айпар-Жайпар жондағы тас бұлақтардан май бұлақтар ағызған.
Ай шоқ жұлдыздардан туу бері, тым жалқы телміріп жерге төнеді. Айдың тартылыс сиқыр күшін су қабылдайды. Құдіреті күшті құдай жаратқан, көз тоймайтын шексіз дүние қарашыққа қалай сыйып тұрады? Ғаламшардың темірқазық бір кіндігі балқыған алтын шырақ тотсыз Күн. Күнсіз Ай жоқ, Ай Күнге ереді. Әкесі Құран­нан айтты, Көктер әуелде тұман болған. Күн өлсе Ай жоғалар. Кәкен мылқау ай астында шоқ-шоқ мың миллион жұлдыздан күміс нұрсәуле төгілген сабаншы құс жолына кіндігі байлаулы сезінген. Көк күмбез, айқара шашу жарқыраған көк түстен мөлдіреген су тегі уыз реңді риясыз сіңіре толықсиды. Көк жерге, жер көкке мәңгі ынтызар. Қой баққан жылдары Кәкен сүт­тей ақ ай толса, байыз таппайды. Мейлі құла түз қатерлі болсын, көкірегін қаздай шулатқан сиқыр күй билеп, айлы кезең әрнеде жолы болғыш. Құдай бергенге құ­лай берер. Алты қыр астында ат дүбірі естілді. Тырналар оңаша отау қонған құс­қонақ мық жусанды бел, әзелде тұқымын қазақ қылған жыл құсы ғой.
Жылқы атасы тарпаң. Шыңғыстау пет­ро­глифтерінде тарпаңдар ені, тұрқы түгел ұзын, сирақты, аяқты. Таста салынған үйір-үйір бизон, құмай көп. Руы мотыш Әділ Ике­ұлы қорасы жаны, Шаған суы бойы жар­таста шудалы көп бизон қашалған. Алып бұқалар. Үш мың-бес мың жыл бұрын жонда бизон қаптап жүрген.
Ұлы баба сахарада жыртылып айырыл­ған құлан-тарпаңды құйрығынан тартып ұстап алып, асауды ат қылып мінді, сөйтіп, бірі құлан қыпшақ, бірі жалайыр атанған. Құла аң-құлан, тарпаңнан жиып мал қыл­ған. Азаттыққа өлердей елту, қазақ шығу ат үстінде туды. Желдей есіп шапқан қазақ қанат біткендей арқаланып, қиқу салуды төбесінде ұшқан аққу-қаз, тырнадан көз ақы алған-ау.
Тауда қонса Кәкен аян түс көргіш. Тас­тан асыл не бар. Тау-тас, елеусіз таса үңгір­ге адамзат нәсілі жаралғалы табиғи қорған ретінде тығылған. Қарахан тауда бабасы жайлаған.Таста көз бар, сұлулық қаса сұлулықты сүйеді. Тас пен ғарыш тек металл, қорғау қасиеті күшті. Қымбат тас көз қуанту, әсемдік сиқыр үшін керек. Құстар жалтырауық тастарды неліктен сүйеді? Құс екеш құс шын асылға шүйлігеді. Өлі сауыс­қан бөтегесін жарса, көп асыл тас шығады. Өте сақ көзі асыл құс кез келген жылтырақ затты тауып береді.
Тайпа басы жетімек асырап-баққан бөрі анасын еміп, оңалып, түркі баласы өсіп-өнген, бизонды бұзбай пісірген үшкіл жерошақ қазған, оттан тас балқып, темір­дің қасиетін ашқан. Күміс табақтан ас ішіп, белбеу, ер-тоқым, үзеңгісін асылдан соқ­қан. Ұстаның пірі Дәуіт. Күміс семдеп, зер термей, қошқар мүйіз төңкермей, ұласым­ды ою жараспас, көгеріс өрнек көмкермей.  Бұл өлең ауылда ел аузында жүр. Кәкен түсінде сиқырдай арбаған өте биік аппақ нұрлы тауға өрмелейді. Памир тауы деп ойлайды, құз-қия, шың-жартас, ұсақ тасына шейін саф таза күміс. Памир тауда қисап­сыз мол күміс қоры бары күмәнсіз. Ұста дүкені бар руы топай Әбдікәрім ата қорасынан өгіз бас қос күміс, қаңылтырмен қаптаған, екі басты самұрық құс Ресей империясы белгісі бар шыны шишасы сын­бай, бүлінбей ондық шам, бестік шам тап­қанына көрінген.
Өлі патшалық тас қорған  обалар. Жонда құл оба жоқ, қара оба, тас оба, қалмақ қырылған үйген тас төбелер бар. Күншы­ғыс­қа қараған балбал тастар тым атам за­манғы, жерлеу салт жорасында ел қор­ғай­тын мықты, білекті алып ерлер өлгенде басына қоятын белгі сияқты. Қырналып-қашалмаған тұрпайы бағана тастар жер қорыған қорықшыдай жазық даланың көне иесі, аруақ басына қойылар қастерлі елдік нышан. Кәкен тас мүсіндерді бір жерге үйіп, музейге өткізді. Қазба жұмы­сын­да археолог ғалым студенттерге қадай айтты: «Балбал тастар көшпенді халық­тар­дікі. Жер кіндігі сияқты оқшау тұратын бол­ған соң кіндік тас деп те аталады. Тері мен сүйектен жасалған заттар көне түр­кінікі».
Хан биігінде Ешен әулие жатыр. Ақшо­қы­­дағы зиратта Ырғызбай-Өскенбай әуле­тінен Құнанбай қажы, ұлдары Тәңірберді, Ысқақ, немерелері Мағауия, Әбдірахман жерленген. Ысқақ баласы Кәкітай іргелес жатыр. Өлі риза болмай, тірі байымайды. Ел басына түнейді. Жүзбенбет руы қоныс ет­кен Ақтанбұлақ. Мұнда жуантаяқ Нысан абыз моласын көктем, күзде су алып кетеді. 1984 жылы жазда ел құран оқытып, мүрдені қазып алып, құрғақ жерге жерлеп, басына ай қойып, мазар орнатты. Нысан абыздың зерлі тақиясы мен қобызы екі жүз жылдан соң бүтін шықты. Мемлекеттік музейден екі кісі келді. Зиратты трактормен қазғандықтан қобызды бүлдіріп тастады. Келгендер тақияны, Қазаннан шыққан 15 кітапты алып кетті. Сынған қобызды дұға оқып, молаға қайта көмді. Рух қобы­зын сындырды деп күңіренді. Баба аруағы аунады, басына қойған ай белгіні жел соққанда ұшырып, алыс лақтырып тастады. Күллі жаратылыс иесі рақымы зор, тым жұмсақ, аса жарылқаушы Алла Тағала ағат­ты кешірер, аруақ кешірмейді.
1971 жылы 8 класта оқып жүрген Кәкенді үш әріп есепке алды. 1990 жылға дейін созылды. Кәкен ит түрткіні мемле­кет­тік қауіпсіздік комитеті басшысынан көрді. Жасы 55-тегі қазақ, лақап аты Еді­рей. Сен, контра, буржуй, ескінің көзі дей­сің, ескіні неге аңсайсың? – деп баланы ұрып-соғып кетеді. Басың ауған жаққа лағып жүре беретін мәжнүнсің бе, сыған­сың ба, неге тентірей бересің, көзіңе жын көріне ме? Тегіңде шалық шалған қыдырма біреу бар ма? Әке-шешең бай болды ма, қандыбалақ банды болды ма? деп мұны жатып тергейді. Үкіметті қопарып кете ме деп қорқады. Кәкен молда әкем қисса-дас­танды жатқа соғады, ескіні іздеуді, бағы дүниені қастерлеуді өсиет етті деп айтса сенбейді. Шәкерім ақын ақталмаған кез еді. Бала «Қалқаман-Мамыр» мен «Еңлік-Кебек» жырын жатқа білді, мұнысын анау үкімет адамы болған соң жасырды. Едірей Кәкенге даладан қазына тапсаң, дереу үкіметке өткізесің деп бұйырды. Бір кіш­ке­не оқиға болса, Кәкенді ала жөнеледі. Апа­сы күйінді: – Балам, өзім жетім өстім, сорлағанда текке сотталып кетіп жүрме, жал­ғыздың үні шықпас, үкіметке қарсы болма.
Текше тауынан Кәкен тапқан бердең­кені Едірей тартып әкетті. Оның баласы бердеңкемен кісі атып, айыпты саналып, партиядан шығарып, жер аударылғанын артынан естіді. Жасөспірім ұл Едірейді аруақ атты деп ұқты. Кие де, Ие де бар. Кә­кен­нің арқасы бар. Күн жадын жұлдыз­дан болжағыш, малы ауырса емдейді. Жер сілкінерін алдын-ала сезеді. Түсі екен, Ал­жир­де үңгір арқылы жер астына түсті, қараса, от пен су дию-пері кейпінде алапат алысып жатыр. Расқа шықты.
Кәкен ержеткен соң отыз жыл мал бақ­ты. Қой мимырттап келеді, қой мамыр айда мамырлай жайылады. Жылан, мешін, тауық, доңыз жылы ауыр, сұры жаман. Жонда ақтүтек қыстан малшылар екі табын малды былқ етпей, аман алып шығатын Мейірбан қорығы бар. Теңіз орны. Қорық­та­ғы ақ тастар теңіз шөгінділері, оған қа­рап археологтар жердің жасын шығара­ды. Ақ тастар құр үйіп қойған шөп, мая сияқ­ты, жік-жігімен жарылып тұрады. Жі­гін қопарып қараса, шарт етіп құлайды. Теңіз жәндігі тасбақа, балық, құрт, қоңы­зы­на шейін қатып қалған. Тас арасынан жаңғақ жарғандай мұртшалары анық көрінеді.
Адамзаттың жер мен космоспен байланысы ертегілерде жұмбақтай айтылады. Көкек айда Көк Тәңіріден жарық сәуле түседі. Көктен қатты айқай шықса, жер кө­бесі сөгіліп, реңі жасарады. Егер аспаннан нұр тамбаса, күн суық, мамыр аяғы, құралайдың салқынына дейін тоң ерімейді. Күн күркіремей, дала өсімдіктерін, ерте қылтияр сарымсақты жеуге болмайды.
Кәкен аспаған тау, табаны баспаған ұлтарақтай жер жон Арқада жоқ. Бұжыр шағыл тастар, бетіне қына өседі, ұсақ-ұсақ қорым тастар. Теңіздің малта тасындай қой тастар. Көтібақтың ен жайлауынан керей еліне бастар ойпаңға құларда көшпелі жы­лан ордасына кезікті. Жыланды жер алтын буынан мұнар көтерген сияқты толықсып жатады.
Кәкен тоғайдан үкі ұстап алып, бір ай бақ­қан соң қоя берді. Үкі құс өн бойы жазыл­ған аят.  Қанатына аят жазылған деп ел айтады. Екі еліден, біркелкі, аумаған жазу. Қанаты жиналып тұрғанда білінбейді. Үкі өліарада түлейді, қауырсыны сауылдап түссе, ел жинап алады. Үлкендер үкі қа­сиетті құс, тірілей қауырсынын жұлып алма, обал болады деп тыйым салады.Кәкен ет пен су беріп бақты. Үкі етті кесек-кесек қылғымай жұтты. Үкі киіз үйде тұрды, саңғырығы көбейсе, тұрағы таза болмаса, өзін-өзі өлтіріп тастайды. Үкінің мойны 180 градусқа оқыс шыр айналады. Аяғын қоя береді, босатуы үшін мойнын бұрау керек. Құс асылы – байғыз, сөз асылы – аңыз. Ең қасиетті құс байғыз. Күндіз тас қуысында тығылып отырса, түнде ұшады. Үкі мен байғыз – нағашы-жиенді құс. Байғызды көрген адам не бай, не қу болады. Кәкен мырза-мамайдың жерінде байғызды тас қуысынан көрді, жақсылыққа жорыды. Ол байғыздың аяғын сипады, құс қыбыр еткен жоқ, екі көзі ғана қозғалды.
Ертеде аңшылар қу атамыз деп шығады екен. Қу қауырсын-қанаты қап-қара, аққу текті, мойыны аққудан ұзын, тұрқы ірірек. Қу Қазақстанның көл-суында тегіс болған, тұқымы тұздай құрыған. Қызға өкпелеген бозбала шығарған қара өлең: «Аспанда ұшып жүрген қарабай ма, / Жылқының жал-құйрығын тарамай ма. / Ұсақ деп сен де мені менсінбейсің, / Тоқты қошқар саулыққа жарамай ма?».
Қарабай күркетауық сияқты құс, балық, майшабақпен қоректенеді, ілез судан қағып алады. Италақаз құмай тазы туады, бір жұмыртқасы күшік. Қарға көктемде ауырады, құмырысқа илеуін қопарып жатса, құжынаған құмырсқа жабыла шағады. Қарға удан жазылып, ұшып кетеді.
Кәкен жаз туса, сегіз қиыр шартарапты адасқан қаздай жалғыз қаңғиды, несібесі тәңіріден, бағзы толықсыған ұлы көшті көруге аңсары ауғандай күй кешеді. Жер ортасы көктөбеге жетпесе де, жүргенге жөргем ілінерін Кәкен бек біледі. Ол қой­ма, қазына табарда ылғи аян түс көреді. Түсінде Би Ата Кеңгірбай мұны бір жерге жұмсаған сияқтанды. Таста екі жәшік тұр, ашса, іші толы сары май. Өңінде мол қазы­наға ауысты. Кәкен Абайдың кітап, хаттарын тапқан. Атаман Анненков үш жыл Арқат-Бұрқат тауында жатқан, бейбіт елді қойға тиген жыртқыштай қырған пулеметін тауып, мектепке өткізді.
Қарауылдан қозы көш жер Алтын есім­ді апа тұратын. Түсінде ол Кәкенге тамақ әкеп берді. Биік қар басқан үш тауға жетелеп барып, Кәкенді биік тау басына қойып, қол бұлғап кетіп қалды. Таңертең Кәкен құран оқып, Қоянбикеден тараған қаңлы­ның ұл-қыздарына бағыштап, тілеу тіледі. Алтын апаның ұлы шешесі Қоянбике, Кең­гір­бай би қызы.Үш тауға шықты, алтын тап­ты. Қоянбикенің күмбезді бейітін сал­ған­да жоңғар әскері шабуылдап, төбесі бітпей қалған. Есік маңдайшасы қаланған, әлі құламай тұр. Ескі зиратты қазақ қайта көтермейді.
Ол 1972 жылы Текше тауынан көп дү­ние тапты, ертоқым, екі қылыш, жез самауыр, алтыатар, ою-өрнекпен безендірген басы темір, сабы ағаш, құсқа ас беретін аяқ, соқа, оны Жидебай музейіндегі тоша­лаға қойды. Арабша қолжазбалар, парсы тілінде екі кітап тауып берді, бірақ жабулы күйінде жатыр. Тыққанда екі метр терең көметін мылтық оқпанына темір тоттанбасын деп ағаш күлін салып, киізбен бітеп қояды екен. Аянбайдың Әміржаны қажыға барған, ақын, молда болған, қорасынан шиті мылтық, бір сандық арабша кітап шықты. Қоймада тұр. Абай інісі Халиолла Омбыда оқып жүргенде жазысқан хаттар табылды. Руы әнет Нұрсейіт Бікеұлы қол­жаз­балары табылды. Жазуы бар күміс тоста­ған, аят жазылған күміс жалпақ та­бақ, Мұхамед с.ғ.с. пайғамбардың жары Хадиша есімі жазылған. Екі ауызды күміс торсық, шетелден әкелген слюда ыдыстар табылды. Тетігін басса жанып тұрған оттық шыққанда анталаған ел күлді. Кәкен айдалада қой бағып жүріп, қазынаны жалғыз өзі тапса да, «Тоғжан» комсомол бригадасы тапты деп жоғарыға ақбар бере салған. Кәкен Шұлғаубаев Абайдың Семейдегі үлкен музейін, Жидебайдағы музейін, Бөрлідегі Мұхтар Әуезов музейін, Абай аудан­дық орта мектеп музейін құнды экс­понат­тарға толтырды.
Бөкенші өзені бойында руы ырғызбай Мұсатай Қодықұлы қорасынан 1878 жылы Тула қару-жарақ заводынан шыққан мыл­тық тапты. Темірден жасалған ошақ мосыға күмістен бедер түсірген, ертоқым, үй мүлкі көп шықты. Меккеге екі мәрте барған руы көкше  Садырбай қажы қорасынан бір сандық кітап, көбі құран, мылтық, қақпан шықты. Ол Тақыр өзені бойынан медресе салдырған, Көкбай Жа­на­тайұлының ұстазы. Балалары Жақып пен Жақын ірі молда болған. Абайдың шәкірті Көкбай ақын мешіт-медресесі бертінге дейін тұрған.
Жеті шақырым бұлақтан  ол тіке келді. Кәкен жиені Әленге Күнту зираты қасында тосамын, жолай ауылға ала кетіңдер деген. Шошақ, төрт құлақты қалың қорым. Әй­менбет, Әзімжан, Марабай, Байту, Күнту, оның немересі Ақан, құсбегі, сері жігіт болған, бәрі бөкенші. Күн қою қара  бұлттанып, себелей жауды. Жаз күні сағат кешкі бесте дала тұттай қараңғы тұтты. Зират ішінде төрт бұрышты екі мүрде, үсті ашық, ортасы қалың көде шөп өскен, құдды төсек сияқты, ойық. Кәкен шөпке жатқан соң бойы жылынып, жаңбырдан бұйығып, алаңсыз ұйқыға шомды.
Әлен мен Бекен машина бұзылып, уәделі тұсқа түнгі сағат он екіде жетті. Кә­кен мотор гүрілін ести сала, бисмилләсын айтып, моладан далаға атып шықты. Машинаға қол бұлғай қарсы жүгірді. Машина сайға жалт бұрылды, оқыс шұңқырға түсіп, қисайып жатып қалды. Кәкен келе кабинаны ұрғылады, тым-тырыс, шыныдан үңіле қарады: – Әлен, Әлен, бұл мен ғой, Кәкенмін!
Екеуі мұны сайтан деп қалыпты. Жыраны қазып, машинаны үшеулеп зорға сүйреп шығарып, ауылға қайтқан. Қорық­қан­ға қос көрінеді. Машина жарығымен түнгі жүргінші үсті лаулай жанған от сияқ­танған. Көк түбі тесілгендей, жаңбыр төпей құйып тұрса, от пен су, сірә, үйлесе ме?! Ел бұл әнтек оқиғаны бір жыл әңгіме қылды.
Құс таранып, жер көгерді, жерде жатқан жұмыртқа айдай толды. Кең жазира көк мұнарға малынды. Кәкен қаласа атпен, кейде жаяу жүреді. Кішкене күрек, сусын, азығы қоржында. Тау ішінен қазына іздейді, әрі шөп шабады.
Жігітек Тұмырбай, Жұмырбай жері, қалың шатқалда қасқыр күшіктейді. Ит-құс көп, түнде ұлиды. Жігітектің желді қара тауында Кәкен ай жарығымен шөп шауып келе жатқан. Таудың арғы жағынан бір трактор көріне сала, қара түтінді будақ­та­тып тұра қашты. Кәкен тұра қуды, трактор жеткізбей кетті. Таңғы бесте шырт ұйқыда жатса, мылтық, шоқпар, аша, күрек ұстаған он шақты қарулы жігіт кезеніп келді. Ойлары қаңғыған аюды соғып алмақ екен. Кәкен шық кепкен соң түстікке қақтама ет жеп отырған жігіттерге әңгіме айтты.
Би Ата Кеңгірбайдың бір баласы Бор­сық­бай, одан Үркімбай, Бұғыбай, Бұланбай, қыздан Қоянбике. Киелі адамдар екенін ел біледі. Бақсы, балгерлігі аян Үркімбай шұбар жылқысын тұлпар танып, сұлы, сүт беріп асырап, кісендеп киіз үйде ұстапты.Тәуір жылқы көрсе қазақ ұрлап әкетеді. Абыралыда үш жүз ат ішінен қара үзіп, озып келіпті. Абыралы ұрылары Өкімшаб­дар жүйрікті ұрлап әкетсе, ұзамай жігітек қайта ұрлап әкеліпті. Ат әбден қартайып, алжып өліпті.
Үркімбай зираты қасынан өтсе, бір жалаңаш әйел адамдарды қуады. Түнде сол тұстан бір апаны көрдім. Қара жер ха­бар бермесін. Жарым түнде не іздеп жүр­сіз? – деп сұрасам: Бұзаулы сиыр іздеп жүрмін, – деді. Су қараңғы, түк көрінбейді, кемпірдің екі көзі шүңірек. Керемет өткір. Кеудеме тірелген көзі жауырынымнан шығып кетті. Артыма бұрылып қарасам, кемпір Үркімбай ата зиратына кіріп бара жатты.
Бұл сөзді Кәкен көпке шейін айтып жүр­ді, оның аруақ екеніне шек келтірмейді. Жер мен көк матасқан, бір-бірімен байланысты. Аспан иесі – ер адам, жер иесі – әйел адам деп үлкендер айта-тұғын. Тір­лікте неше түрлі керемет құпия бар.
Кәкен күлтөкпе қазады. Қазақ қымбат затын күлге тығады, конфескеде үкімет тар­тып алмас үшін кейін ескі жұртқа орал­сақ қазып аламыз деген үмітпен тай тұяқ алтынды күлге көміп кетеді. Күл таза нәр­се, жара, қотырға жағады. Кәкен бір қыс­тақтан бір қыстаққа жаяу жетеді. Бұ­лақ­­­тарды бес саусағындай біледі. Сілесі қатып шөлдеп келіп бұлақ суын ішкенді, беті-қолын жуғанды жаны сүйеді.
Жайлаудан ел қайтқан көшкен жұртты аралағанға құштар. Жерошақ тегістейді, ел көшкенде салақтықтан ұмыт қалған қада-қазық суыру, жер шұңқырын жамауды молда әкесі сауап деген. Шеңбер сымға шырмалған жетім тоқты маңырайды. Сенде жазық жоқ, менде азық жоқ, жеген бұйыр­ған деп сойып алды. Күзгі кемпір­шуақ, тоқты етін қарынға салып, шоққа көміп пісірді. Итарқа күрке тігіп, бір күн аял қылды. Жазда шөп лашық тігеді. Алғаны неміс қызы, мектеп бітіре сап, қой баққан бригадада комсомолдық той жасап үйлен­ген, үй шаруасы, балаларын тап-тұйнақтай ұстайды. Келіншек күйеудің жиһангездігін тыя алмады.
Сарыкөлде қорымда қола дәуірде тас­тан ойылған мүсін бар, бет әлпеті зәңгі тек­тес, ерні салпиып тұр. Мүсін астынан көп алтын шықты. Құмыра лық толы алтын тиын, шолпы, шашбау, әшекей. Камзолға та­ғатын өңір, кілең күміс бұйымдар. Ою-өр­нек, сызықсыз күміс болса көне дәуір­дікі.
1997 жылдан бергіде экспедиция келсе, археологтар Кәкенді сапарға ерте ке­теді. Жол бастаушы деген атағы бар. Оба, қазба, алтын тапқыштығы аңызға айналды. Кәкенді дипломың жоқ деп басынып, мүйіздейтін жер шұқып, қола дәуір раритеті табылды деп жалғанға жар сала жария­лауға мүдделі ғылыми атағы барлар. Қор­ған­нан табылған көне бұйымды қылшықпен аршып, таз басына жаппа ораған бүркенгіш әнеу профессор жарқанат тәрізді. Жар­қа­нат теріс қарап жатады, басы төмен салбырап тұрады. Бұл-дағы жарықты көрме­ген­сиді, қазба табуда оқымаған Кәкеннің мысы басым екенін жорта білмегенсиді. Университет ректоры жаңа экспедиция ұйымдастыру тобына біздің елге Кәкенсіз бармаңдар деп тапсырды.
– Ол академиялық білімі жоқ, жабайы, черная археологиямен айналысып жүрген әншейін біреу ғой… Ғылымда қазақбай­шы­лықты қою керек, – деп жиналыста жарқа­нат профессор жауар бұлтша түйіле, жақ­тыр­май сөйледі. – Ресей империясы шеткі аймағы саналған шығыс өлкеге Гумбольдт, Аспелин, Радлов, Потанин, Ядринцев сияқты ірі ғалымдар академиялық экспедициялар ұйымдастырған. Кунсткамераны ескілікті құндылықтарға толтырған. Ұлттық археология негізін Қанекең-Қаныш Сәт­ба­ев, Әлекең-Әлкей Марғұлан, Кемел Ақы­шев қалап кетті. Мықты археолог маман болу үшін үлкен оқу аз. Экспедициядағы жас ғалымдар, студенттер біліктілігін арттыру, инновациялық жоба керек.
– Мен тірі үшін істемеймін. Өлі аруақ, рух риза болсын деп бабалар өсиетімен жүрген қаймана қазақпын. Тірінің өтірігі мен қиянаты бітпес. Тапқан екен құлта­бан­ды, қазба іздеуге, ал, бармадым, өздері тауып ала берсін! – деп мұны естіген Кәкен өкірте бір боқтады.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір