Аманхан Әлімұлы. Реквием
14.09.2019
1028
0

 

(«Жаназа» күйі)

Мне день и ночь покоя не дает
Мой черный человек.

За мною всюду как тень он
он гонится.

Пушкин

 

Черный человек
На кровать ко мне садится,
Черный человек
Спать не дает мне всю ночь…
…«Черный человек!
Ты прескверный гость…»

Есенин

***

Қара адам келіп,
Қарап тұрмастан, қарағым,
Бітіп бір кеткен тырнады орнын жараның!
Қарадым оған, сұраулы көзбен Моцарттай,
Моцарттікіндей жанымда менің бар, ә, мұң…

«Жаназа» күйі…
Жаны азалы адам – біз деген,
Жоқ жерден өлең іздеген, –
Сырласып тұрып кіді мінезді күзбенен,
Мұңдасып тұрып күлімкөз бұла қызбенен,
Тағдырды көріп талқаны шыққан жүздеген,
Келе жатырмыз ажалға түскен ізбенен…

 

Мендегі мұң ба, мендегі мұңда бар қайғы,
Сиқырлы әлем, сиқыршы қыздай арбайды, –
Жазамын, енді, жан азасындай зар жайлы,
Жұтымдай ғана ауаны жаным қармайды…

Зары несі деме,
Зар дегенім – кеме, соғылған барып жартасқа,
Онда ма, онда қазақтың соры бар, қасқа, –
«Өмір» деп бастап, ұласқан ажал – арты асқа!
(Сонысыменен қу тіршіліктің нарқы асты, ә!)

Қызғаныш деген – қызылкөз, көптен дертті еткен,
Келді де, Моцарт, жүзіне қызыл өрт тепкен,
Қара сандықтағы қара тілді сырлы шертті еппен!

«Жаназа» күйін төкті-ай бір келіп нөсердей,
Тіршілік, шіркін, дәп сондай болып көшер кей!
Жаны азалы адам тіршілік шамы өшердей,
Моцарттың күйін Моцарттай болып кешер ме, ей?!…

Қонақтай болып келелі кештен кешіккен,
Қара адам болса, сығалап тұрып есіктен, –
«Жаназа» күйін сол жолы ол да есіткен,
Көрейін, енді, со күйдің сырын шешіп мен…

АЖАЛ

  1. ҚАБІРДЕН ШЫҚҚАН ДАУЫС

Сабыры – ұстам,
Қабірстан, –
Желді күзгі.
Елес қалар,
Кім еске алар, –
Енді, бізді?!

Мұнда қуық,
Сыртта суық, –
Емес пе екен?
Талай нала,
Қалай ғана, –
Елес, көкем?!

Ішін тартып,
Күнә артып, –
Тұр-ау жел де.
Құсты мекен,
Түсті ме екен, –
Қырау көлге?!

…Кешкі жел, ә,!

Ескі мола, –
Елес қалар,
Кім еске алар, –
Енді, бізді?!

Мына дауыстан ұққаным, болмас жайланып,
Ажал – хақ екен, өте алмас адам айналып,
«Елім-айдағы» сарындай артта ай қалып,
Күн қалып, сосын, не бір жайларды ойға алып,
Дүние тұрар, өмір-кіндігін айналып…

Ажал неменің болады екен көзі ала,
Кеудесінде не бір қайғысы қат-қат қоза ма, –
Көңілі – өткен-кеткенде, көзі – бозада,
«Елім-ай» әнін жаны азалы адам созады, ә!..

 

«Қаратаудың басынан көш келеді,

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді…»

Осындай бір суық сөз ескен еді,

Осындай бір ән салар еске нені?!

 

Қаралы жұрт кеш түсе, көшкенде, Айсыз,

Желтоқсан желі сап-салқын ескенде жайсыз, –

Жаңаөзенім бар… Келеді өшкенге қайсы із?!…

 

  1. ЖЕЛТОҚСАН, 1986

 

Қарпыған қара суық жалғанды өктем,
Ақиқат қар астында қалған деп пе ең?!
Еркіндік етек басты кезең көшті,
Өтінде тұрып желдің алған беттен.

Мезгілсіз алма үзілді, үсік шалған,
Құрыққа тай сүрінді түсіп қалған.
Қақалып бура қалды көбігіне,
Алғанда тірсегінен күшік жалған.

Жар қабақ жантақ біткен өр шеті еді,
Жарасар қозы-лағы өрсе тегі.
Қара нар келе басы қырын қарап,
Келеңсіз қылық неге көрсетеді?

Бармайтын байыбына ештеңенің,
Сұрқыңнан сұп-сұр болған сескенемін, –
Қатықсыз қара көже сияқтанған,
Желтоқсан, тесік өкпе не істегенің?!.

 

  1. ЖАҢАӨЗЕН, 2011

 

Жаз қылығы табылар қай күзіңнен,
Аңғарылып тұр мың сан жай жүзіңнен, –
О, Жаңаөзен, жаныңа көрем түскен,
«Елім-ай» әніндегі қайғы ізін мен.

Қарамай қырау шалды боз басыма,
Қоймайтын көңіл шайып, қозбасыңа, –
Тұншығып оянамын кей түндері,
Төгілген қалың қазақ көз жасына.

Мұнда бір гәп бар, білем, түс дегенмен,
Таста да дақ қалады тістегеннен.
Қыс та ұзақ жатып алды, жамбасы – мұз,
Кетпейтін адамдайын күштегенмен.

Шарпысқан от пен оқтың арасында,
Қаралы қам-жай меңдеп барасың ба?
Оқалы ана адамның, қазақтарға,
Сұмдық бір суықтық бар қарасында.

Иімей жастан төккен тұр-ау көнің,
Тағдырдың сезіне ме қырау демін? –
Жаңаөзен, шерлі жаның сияқтанып,
Жүрегім жиі қағып тұр-ау менің.

Құм мінез, қу тірлікті, жайлап оппа
Тұрғанда, тұсауға оны айла жоқ па?
Талқы емес, тағдыр да емес, адам қолы
Жіберді бозбаланы байлап оққа.

Ұқсаған өксік қысты өр теңізге,
Жан жеген жоқтау күйін шертеміз бе?
Санам да салқын тартты, сартаптанып,
Ұрынған жапырақтай ерте күзге.

Сыңсиды жел өтінде қияқ талып,
Жайына кейбір жанда ұят қалып.
Жанымды жеп бітетін шығар қайғы,
Қалыға түскен күйе сияқтанып.

 

***

«Ажал – хақ» дейміз, Алладан келсе, бар ма амал,

Жаудан келсе ше, қамалғандай болып жарға мал, –

Жер таппай ел-жұрт қарақан басын қорғалар,

Кең  дүние болып көрінер көзге тар қамал…

 

«Жаназа» күйі…
Жаны азалы адам, сыз басқан,

Жылаулы неге соншама, мына, күзгі аспан, –

Соры бес елі ел ме едік, айтшы, біз бастан,

Түлкі құйрықтанып, алдынан мың сан із қашқан…

 

«Жаназа» күйі…

Төзімді қанша тауысты,

Өрт шалғандай болып аяқтай алмай қау-істі, –

Қабір жақтан тағы есіткем, мына дауысты:

«Баладан бақыт көрмеген,

Қыздан да бақыт көрмеген,

Жардан да бақыт көрмеген,

МЕН:

Ризамын елге жерлеген»

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір