Қиянаттың қыл арқанын үзем деп… Айтақын Бұлғақов
25.10.2015
1705
0

751263_1215852496_IMG_2798ТӘУЕЛСІЗДІК

Тәуелсіздік – Тәңірім берген,

Тарихы бар тағылымды елден.

Боданда болып, бордай тозып,

Бабаларым зәбірін көрген.

 

Аңсадым сені, ғасырлар бойы,

Басымнан кетпей сойылдың сойы.

Табанға басып, тамырды қиып,

Билеп, төстеу зәлімнің ойы.

 

Ат үстінде қалғыған бабам,

Қабыландай қарғыған заман.

Қара жердің қыртысын ашсам,

Алтындаған қабірін табам.

 

Шүршіт, Қалмақ елімді шауып,

Жерімді жаулап, төндірді қауіп.

Торғайдай тозып, тобырмен жосып,

Күн көрді қазақ қайыңды сауып.

 

Жас емес, көзден қаным аққан,

Елім-айлап, аңыратқан.

Туырлығын үйдің тоқым етіп,

Бағым тайды шаңырақтан.

 

Орыстар келіп ойрандады,

Жерімді жаулап тайраңдады.

Ақ пенен қызыл арпалысып,

Көлдегі қайық қайрандады.

 

Ажалдан бұрын аштық жайлап,

Кебінсіз жатты елім жайрап.

Тоғытты торға топ бастаған,

Көсемдердің қолдарын байлап.

 

Шерлі бір жүрек шеменді едім,

Атылдым айға төмендедім.

Желтоқсанда жебеден қорықпай,

Көк етіктіге көгенделдім.

 

Көк байрақ көкте азат таңда,

Ғарышқа ұшты қазақтар да.

Әнұран асқақ, Елтаңбам бар,

Бұдан бір асқан ғажап бар ма?!

 

Көсемі шешен, топ бастаған,

Дүрдараз дұшпан от тастаған.

Қайсар елміз, қанжар сұсты,

Алмастай жүзін тот баспаған.

 

КӨКБӨРІДЕЙ КӨККЕ ҚАРАП ҰЛЫДЫМ

Ойым онға, санам санға бөлініп,

Сан сауалға қалды басым көміліп.

Жүрсем еді, бір тоға боп үндемей,

Қатығы жоқ, қара суға семіріп.

 

Қиянаттың қыл арқанын үзем деп,

Ер тұрман сап, міндім тұлпар жүгендеп.

Ертөстіктей ереуілдеп нем бар ед,

Елдің жоғын беретіндей түгендеп.

 

Адалдықтың ауылын іздеп, ақ таңнан,

Аппақ сүттей үміт күттім ақпаннан.

Ақиқатты айтамын деп айғайлап,

Екі қолым босамады қақпаннан.

 

Өтіріктің қисам егер бұрымын.

Ұлыс үшін туады деп ұлы күн.

Торға түсіп, өз аяғын шайнаған,

Көк бөрідей көкке қарап ұлыдым.

 

Торсықтайын тасқа тиді қу маңдай.

Әпендінің өзі деме бұл қандай.

Осқырындым, орнатпақ боп әділдік,

Дүниенің кілті менде тұрғандай.

 

Әңгіменің айтар болсам қысқасын,

Жалғаны жоқ, аңыз болған жұртқа шын.

Ақиқатты айтпақ болған абыздар,

Абақтының ұстап тұрған тұтқасын.

 

Шындық жатыр шым астынан шыңғырып,

Сайқал жалған құбылады мың күліп.

Ақ пен қара жатады ылғи арбасып,

Қатар жүрер бір үміт пен бір күдік.

 

ӨТІРІК

Сену қиын бір Құдайдан басқаға,

Жағу қиын жәдігөйлі қасқаға.

Ұл алдайды, қыз арбайды құбылып,

Мына қоғам қайда барад масқара.

 

Мінбелерде аузы-басы көпіріп,

Дөкейдің де айтатыны өтірік.

Елдің мұңын елеген боп, есінеп,

Ықылығы атып тұрар кекіріп.

 

Алдау-арбау пайда табу мақсаты,

Саудагердің шыққан емес, жақсы аты.

Ақиқатты ақ кебінге ораған,

Дүмшелер мен дүмбілездер шаршатты.

 

Алау оты жанған сайын өсектің,

Тұлпарды да мысы басты есектің.

Жұмыртқасын жат ұяға тастаған,

Кеудесінде аяныш жоқ көкектің.

 

Өтірікке сала алмайсың құрықты,

Лайлаған тұма бастау тұнықты.

Суайттығын ел біледі сұғанақ,

Ұрлықшыдан сайлап қойдық ұлықты.

 

Махаббатты мазақтаған есіріп,

Сүйдім-күйдім дегені де өтірік.

Сезімдерін селге ағызып серуендеп,

Тастан-тасқа секіріп жүр кекілік.

 

Өтіріктің өсіп-өніп өркені,

Желмен бірге тербеледі желкені.

Шым астында шындық жатыр шыңғырып,

Дем салғанмен табыла ма, дерт емі?!

 

***

Баланың да қабағына қарайлап,

Келіннің де қабағына қарайлап.

Не айтса да, сенікі жөн мақұл,

Өмір сүргің келеді екен абайлап.

 

Қатынның да қабағына қарайлап,

Майда сөйлеп, маңғазданып маңайлап.

Арыстандай айбатыңнан айырылып,

Ертеңгі күнді отырасың тағы ойлап.

 

Ділмәрсисың ақыл айтып балаға,

Алтын көпір салмақ болып араға.

Қайықтайын қал-құлт етіп тұрғаның,

Кеме келіп шығып қалған жағаға.

 

Томағалы қолда өсірген қырандай,

Тұғырыңда тыпырлайсың жүре алмай.

Түсі суық шаққанымен уы жоқ.

Бауырыңмен жорғалайсың жыландай.

 

Сенің хәлің қандай күйде досым-ай?

Біздің бастан өтті дәурен осылай.

«Тыныш отыр» дейді, дәйім бәйбішем,

Қармақ қапқан, шортан құсап шоршымай.

 

***

Өтер айлар, өтер жылдар, өтер күн,

Алтын уақыт қадіріңе жетер кім?

Атқан оқтай, жылдамдықпен зулаған,

Секундтармен мен де сырғып кетермін.

 

Қайран уақыт көшкен құмдай сусыған,

Көңіл бөліп, көз тоқтатар кім бұған?

Кеше ғана тал шыбық ем, ал бүгін,

Кескен томар секілденген түр-тұлғам.

 

Күнім өтіп, апта, айға ұласып,

Қабағымды қара түнек мұң басып.

Қайтқан құстай, мезгіл келсе қалықтап,

Керуен бастап, келем мен де қыр асып.

 

Дауылдайын құйындатқан дәуренім,

Жарығына арбалыппын сәуленің.

Геологтай қазына іздеп қаңғырған,

Дүниенің ақтарыппын тау-кенін.

 

Ширек ғасыр қара жолды шиырлап,

Асу асып, тау бөктерін қиырлап.

Қай шұңқырға төгерімді білмеймін,

Дүниенің күл-қоқырын жиып ап.

 

Қайран уақыт үміт қалды ақталмай,

Жырлағанмен пайда бар ма, жақ талмай.

Тарпаң тағдыр тақымында кетермін,

Тарта-тарта тулақ болған көкпардай.

 

***

Жаттанды жырдан, құлақ тұнып сарсыған,

Қайырып салсаң, қоян алмас қаршығаң.

Қабығын ардың, қара күйе аршыған,

Жаның жара, келідей түйіп жаншыған.

 

Жаттанды ұран, жаттанды айтар сөзі де,

Қисықты түзеп сала алмаған тезіне.

Шошынып қалған шоқ айнадай безі де,

Шел бітіп кеткен, маңдай асты көзіне.

 

Лайланған, қайнаған, қайнар тұнығым,

Ұрымен жолдас ұлағатты ұлығым,

Үрейлендім, ұлымның көріп былығын,

Көңілім қалды, қызымның көріп қылығын.

 

Бабалардың бақиға көміп батасын,

Қорғасын құйып, салмақтаған сақасын.

Қарттар үйіне қаракөз берді атасын,

Жетімек болған желге тастап ботасын.

 

 Дәстүрім тозып, дәуірлерге жүк болған,

 Аман өткен, «тарылған тайғақ» жұт жолдан.

Еркіндік алып шықты ма десем, құс тордан,

Сынаптай сырғып, шығып барады, күш қолдан.

 

ҚОҢЫР КҮЗ, ҚОБЫЗ МҰҢ

Қоңыр күз, қобыз мұң,

Сары көйлек киді, тал-қайың.

Қамшыға сап боп тобылғың,

Басыңда тұрмас жаз дәйім.

 

Табиғат торыққан,

Ай жүзін әжім торлаған.

Бұрымы түскен тобықтан,

Арудай жолы болмаған.

 

Сарыалтын жапырақ,

Ғұмырың келте Жаратқан.

Қараша тумай қалтырап,

Үзілген беймезгіл сабақтан.

 

Сары түске боялған,

Сарыуайымға салынып,

Не деген, шебер ой Аллам?!

Мезгіл тұр, түске малынып.

 

***

Көңілдің күйі шертілмей,

Қорғасын ойлар ертілмей.

Ішімде қалды күйік боп,

Батырдың берген сертіндей.

 

Жайыңды жанға жая алмай,

Жалғыз қалдым ой, Алла-ай.

Аяғына жем түскен,

Арғымақ аттай аяңдай.

 

Берілген арман қиялға,

Сыздаған миға сияр ма?

Қоламта ойды қоздатып,

Ән салып, кәне күй арна!

 

Жібекті түтіп, жіп етпей,

Жабағы құсап жүдетпей.

Шайырдың несі шайыр де,

Толқыған ойды түлетпей.

 

ЖАСАҒАН ЖОҚ, ЖАҚСЫЛЫҚ САҒАН АДАМ

Топырағыңнан адамзат жаралғалы,

Кімдер сенің төсіңнен нәр алмады.

Дариға-ай, дарқан далам, жәннат жерім,

Шерің де шемен болып таралмады.

 

Құрсағыңды қасірет жаралаған,

Қандыкөздер тәніңді шабалаған.

Сен жақсылық жасадың адамзатқа,

Жасаған жоқ, жақсылық саған адам.

 

Қатыгез қарғатамыр қауымыңа,

Жазылмас жара салған жауырыңа.

Тірісіне тіршілік сыйға беріп,

Өлісін де, бастың-ау, бауырыңа.

 

Жұттатуда жұрағат жұмағыңды,

Бүлдірді, бүлдірген-ді құрағыңды.

«Түлкінің қызылдығы өзіне сор»,

Бұрғы салып соруда «бұлағыңды».

 

Отады орман, дала алқабыңды,

Талапайлап, қазына талқаныңды.

Лайлап, айдынды көл, шалқарыңды,

Қырып салып, марал мен арқарыңды.

 

Қаншама қайғы түсті қабағыңа,

Тасбауыр пышақ тақап тамағыңа.

«Жер-Ана» төсіңді еміп, төре болған,

Адамдар мәңгі қарыз саған мына.

u878_6720_list_s_kaplyami

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір