Жүрсіннің қолтаңбасы
25.10.2015
2823
0
751058_892376336______________________Жүйрік аттай жүйіткиді жылдар ағып,
Өтпейді екен өмірің гүлге оранып.
Ащың менен тәттіңді тату үшін
Дүние, есігіңнен бір қарадық.
Жүрсін ЕРМАН.

Алматыдағы сол кездегі ірі оқу орында­рында дәріс тыңдап, кейін елге кетіп қал­ған, сөйтіп ұмыту мүмкін емес әсем шаһар­ды берісі бірер, әрісі біршама жылдар бойы сағынып жүрген біраз ақындарды тізім­деп шығудан оңай ештеңе жоқ. Мысалы, Есенбай Дүйсенбайұлы: «…Жапырағын төккен кеш бұл, Жалын бетін бұрып менен. Өтті он бес жыл, өтті он бес жыл, Алматысыз тұрып келем». Бұл тізімнен, әрине, әр буын өкілдерін тауып аласыз: Өтежан Нұр­ға­лиев, Ақұштап Бақтыгереева, Темірхан Медетбек, Жұматай Жақыпбаев, Өтеген Оралбаев, Мылтықбай Ерімбетов, Шәмшия Жұбатова, Қасымхан Бегманов, Қазыбек Иса, Нұрлан Әбдібеков… Кейін бұлар Ала­тау­дың баурайындағы көкжасыл әлемге қайтып оралды. Бұл ретте, айталық, Қызы­л­­ор­дада әлде инженер, әлде шенеунік болып кете жаздаған Иранбек Оразбаевты (қазіргі Иран Ғайыпты) оқып көруіңізге болады: «Болмаған соң жағдайым ерек бөлек, Келместей боп кеткен ем мен өк­пелеп. Ей, Ақбас тау, кеп тұрмын Астана­ға Құрбандыққа бір ақын керек пе деп!..».
Міне, осы тізімнің орта тұсынан, сөз жоқ, Жүрсін Ерманды (бұрынғыша Ермановты) көресіз. 1969 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Жас керуен» атты топтама жинақ негізінен сол кездегі жас ақындардың (К.Ахметова, Ж.Әбдірашев, К.Мырзабеков, Н.Оразалин, Ш.Сариев, С.Тұрғынбеков, т.б.) жырларынан құралды. Сол жинаққа алты өлеңі енген 18 жастағы бозбала Жүрсіннің «Сағыныш сазы» атты балауса туындысы былай өрбитін еді: «Бұл басым толып кетті-ау сұрақтарға, Шіркін-ай, шығар ма еді қыраттарға. Мен сонау жазираны сағынамын, Алматы толған шақ­та нұр-оттарға. Білмеймін, келер күнде бағым қанша, Өкінбен Алматы жас шағым­ды алса. Әйтеуір оралмайтын шығармын мен, Өзімді сол кең дала сағынғанша». Бас­тапқы шумақ әркімнің де көңіліне қо­нақ­тап тұратын, сондықтан тілге оңай ора­ла кететін сауатты жаттандылық болса, екінші шумақтың соңғы екі жолы біршама басқаша өріледі, өзгеше сауал қояды: біз даланы (ауылды) сағынамыз, ал дала (ауыл) бізді сағына ма? Мейлі, сағынсын, мейлі, сағынбасын, әйтеуір Жүрсін сөйтіп жүріп сонау шалғай Жезқазғанға тартып отырды. Дегенмен араға біраз жылдар салып баяғы Алматыға, әрине, енді сәл жатырқап қараған Алматыға қайтып оралды. Кейінгі өлеңдерінің бірінде ақынның:
Қара жер де көгереді,
Көгерсін.
Көгерсе де, көнерсе де көнерсің.
Пыр-пыр ұшқан көп күндерім көгершін,
Ұясына оралмаса – не дерсің?.. –
дейтіні сондай бір кейінде қалған күндерді еске түсірудің бір жүлгесі. Бірақ Жүрсін көп­шілігіміз арқау етуге жалықпайтын әлгі бір жастық дәуренді «Ырғай жыры», «Элегия», «Екі сурет», «Деуші еді бізді жас ақын» тәрізді бірер өлеңдерінде ғана болмаса, онша көп елжіреп еске ала бермейді. Еске алса, алдыңызды негізінен ащылау дәм­деуі­ш­пен уытталған қырыскөңіл қайы­рым­дар көлденеңдей береді. Оның бір себебін мына шумақ түсіндіргісі келетін секілді:
Ертеректеу ержетіппін,
Өтіп дәурен, озып ғалам.
Киіс көрген керзі етіктің
Жұлығындай тозып барам.

Рас, кез келген ақынның өзі туралы жазылған (яғни өзін лирикалық кейіпкер ре­тінде мүсіндейтін) кез келген шығар­ма­сына сене беруге болмайтынын есте ұстай­тынымыз анық. Өйткені, өлең – мөр­мен куәландырылған ресми анықтама емес, өлең – сезімнің құжатсыз өмір сүре беретін емеурін-елесі. Бұл – бір. Екіншіден, ақын, қалай болғанда да, талайына тап келген заман мен қоғамның төлі. Мағжан мен Қасымды алыңыз, әйтпесе Жұмекен мен Сағиды екшеңіз, әр жолдың болмаса да, әр өлеңнің арғы жағынан сол дәуірдің самалы соғып тұрады, сол самалға кеуде тосқан (немесе тоса алмаған) жүректің дүрсілі есті­ліп тұрады. Сол сияқты, қазақ өлеңінің қа­зір­гі мазмұны мен формасы, қазіргі қазақ ақын­дарының жүректерінің дүрсілі тап қа­зір басымызда тұрған осы заман мен осы қоғамның суреті мен сипаты екені аян.
Бұл әңгімені әлі жалғастырармыз, қайтадан Жүрсінге оралайық. «Бақытжа­мал­ға» дейтін өлеңінде ақынның «Біз балалы болғанда – өзіміз де Бала едік-ау кел­меген он сегізге» дейтіні бар. Міне, осы­лай сараптағанда Жүрсіннің жоғарыда бір шумағы келтірілген «Ертеректеу ерже­тіп­пін…» деп аталатын өлеңіндегі басқа жолдарға да («Қасатталып сезім қардай Суын­ды ерте қаным ыстық» немесе «Жүре­гімен арыстанның Қозыдайын көген­дел­дім») толықтай сенуге болады. Бұндайда замандастары Жарасқан Әбдірашевтің  ертеректеу ержеткен Қадыр Мырзалиевке арналған, сол Қадыр ағамыздың атынан жазылған деуге де болатындай «Аға сыры» атты өлеңіндегі «Ақылымның арқасынан қақпа, дос, Сипа мынау жүрегімнің маң­дайын» дейтін жолдарын да бек түсінетіні даусыз. Тағы да осылай сараптағанда Жүр­сіннің мына шумағын баяғы жастық шақты еске түсірудің жоралғысы ғана деу қиын:
Баладай ек бір туған,
Бұтадаймыз шырпылған.
Жалғанбайды үзілген,
Жамалмайды жыртылған.

Иә, солай. Кейінге бір бұрылып қарашы. Үзіл­ген жіп аз ба? Жамауға келмейтін жыр­­­тық жоқ па? Әйтпесе келесі бір шумақ­қа аялдайық:
Азайғандай аптығым,
Басылғандай ыстығым.
Шөлге айналып шаттығым,
Көңіліме түсті мұң.

Әнеу бір «аптығым» мен «шаттығым» үз­діге шақырып тұрған тағы бір танымал ұй­қас бар: «тәтті мұң». Осы эпитет қосылса, өлеңнің бүкіл мазмұны өзгерер еді. Ақын Қазыбек Иса кітабына «Тәтті шөл» деген ат беріп тамсантып қойғаны есіңізде шығар. Бірақ Жүрсін жас дәуренді бірыңғай сы­зыл­ған сағыныш әуенімен әлдилеуге онша әуес емес. Алғашқы өлеңдерінің бірін: «Уақыт, ойхой, сағыныш жырын қозғасын, Са­­ғы­ныштан ғана өлермін өл­сем өз басым» деп бастаған ақынның өт­кен шағы мен «Ештеңеге қуанбаймын, Еш­теңеге жұ­бан­баймын» дейтін осы, бү­гінгі шағының арасында, беу, қыруар  жыл­дар жатыр емес пе?! Сол жылдар ішінде әрқалай жағ­даяттар ақынның (ақындардың) өзгер­мей­тіндей көрінетін әуелгі өзекжарды әуезіне көп­теген түзе­тулер де енгізе алатыны бел­гілі. Шіркін-ай, бір-біріне мүлдем ұқсамай­тын алғашқы «Менің махаббатым» жыр жинағы мен бертіндегі «Соғыстың соңғы жа­зы» кітабы­ның арасында Өтежан Нұр­ғалиев­тің көкірегінде қандай жалын лаулап, жан-дүниесін қаншама сәуле тінтіп өткені бізге ешқандай да мәлім емес. Мұқағали да айт­пау­шы ма еді: «Бұл ғалам сенің титтей жүрегіңде Не болып жатқан­дығын қайдан білсін».
Жүрсін өлеңдерінің бір ерекшелігін осы арнадан бір аңғаруға болады. Ол үлбі­реген сезім мен аңқасы кепкен аңсардың, шексіз масаңсу мен ұдайы уылжудың жыршысы емес. Бірақ бұл Жүрсін өлеңдерінде сезім мен аңсар жоқ деген де кесімге жат­пайды. Бұндай кесім шығарыла қалған күнде де, оны ақын қаламынан түсе қалған тұтас өлеңдер ғана емес, сол өлеңдердің, мысалы, «Сағынышым, болып едің аз күн бақ…», «Сезім-сәуле лып еткенде қас қа­ғым…»,  «Махаббаттың алмасы», «Асықпа, жаным» деген тәрізді бастау жолдары мен атауларының өзі-ақ жоққа шығарар еді. Сөйт­се де Жүрсіннің өлеңдерінен тапсы­рыл­­маған (дұрысы, қабылданбаған) гүлдей әлдебір жауапсыз қалған махаббаттың өкінішін өртене өкси жырлау немесе қолға қонбай кеткен құстың алтын қауырсында­рын таусылмайтын арманға айналдыру секілді егілмелі, төгілмелі ынтықтықты таба алар ма екенсіз?! Сол сияқты, өмірдің өткен де кеткен дәмді (оралмайтын) шақта­рын қоймастан іздеу мен еш қайғысыз ертеңгі күндерге ертіп апарардай ерте­гі­лерге алдану да Жүрсін өлеңдерінің таби­ға­тына жат. Мұның кейбір жанама жөн-жосықтарын ақын «Өзімшіл өлең» деп ата­латын туындысында келтіре кетеді:
Махаббатсыз шырайы енбес үйдің,
Мені сүйген адамды мен де сүйдім.
Шөліркеген ерінім кезергенде
Мейірі бір қанбаған пендесимін.

Қай ақынның да, әрі-беріден соң, өзім­шіл өлең жазбауы мүмкін де емес сияқты. Өйткені, қағазға түсіріліп жатқан әр сөзді, әр шумақты реттеп тұратын бір қожайын бар, оның есімі, әрине, МЕН. Жо-жоқ, бұл ретте латыншадан бері таратқанда «ego – я – мен» болып келетін эгоизм мен оның шектен шыққан саяқ түрі болып саналатын эгоцентризмнің түк жазығы жоқ. Сырт жұртқа жүгінбей-ақ, өзімізден факт ізде­сек, Жұбан Молдағалиевтың «Мен – қа­зақ­пын» поэмасы мен Қасым Аман­жолов­тың «Өзім туралы» деп аталатын әйгілі өлеңін­дегі МЕН тіпті басқа өлкелердің өкіл­дері емес пе?! Оның үстіне, айталық, ма­қа­лада МЕН қажет те бола бермейтін шы­ғар, ал өлеңнің МЕН-сіз күні жоқ. Мына шумақтарға назар аударып көрелікші:
Үміт сөнбейді,
Ісім өнбейді.
Қажып жүрсем де,
Өлгім келмейді.

Жандай ұрдажық,
Жүрем зыр қағып.
Күлем сұрланып,
Кірем ұрланып.
«Дейсің: «Хал қалай?» –
деп басталатын сегіз шумақ өлеңнен осы екі шумақты ғана бөлектеп алып отырмыз. Өлеңнің өзегі, түптеп үңілсек, әрине, жеке адамның көңіл-күйі. Бірақ әсте олай емес­тігі және көрініп тұр. Анау әуелгі шу­мақты оқыған шақта жұмсақ диванда шалқалап жатқан өзің де шаршап кетесің. Өйткені, сен де қа­­жып-ақ жүрсің, соған қарамастан, міне­ки, сенің де өлгің келмейді. Өнбейтін істі сөнбейтін үмітке қарауылдатып қоясың. Сөйтесің де әрлі-берлі жүресің (зыр қағып), күлесің (сұрланып), кіресің (ұрланып). Содан соң ше?.. Бәлкім, ақын аяныш білдіріп, қайтадан жұбатып алатын шығар. Жоқ, олай емес. Ақынның түйіні тым қатал, өлең­­нің соңғы екі жолы сенімді таяныш бо­­лар­­лық сиқырлы таяққа айналып кет­пейді: «…Көрге кіргенше Тыным таппаймын!».  Автор әңгімесін әлде де әлденелерді мегзейтіндей көп нүктемен, ең болмаса, бір ғана жай нүктемен аяқтаса да бір сәрі ғой. Жоқ, өйтпейді, серейтіп леп белгісін қояды.
Сонымен бұл өлең бітті. Бұл өлеңмен көгендес басқа өлеңдер де оқылды: «Тоз-тоз қылып тонымды Тонап жатыр мені өмір» немесе «Неге келдім өмірге? Неге кетіп барамын?» әйтпесе «Ит мініп, ирек қамшылап Өмірім өтіп жатқандай»… Қайт­пек керек, не істемек ләзім? Тағы да ақын­ды тыңдайық:
Ойыма мұң мінгесуде,
Тәңірім-ау, есірке бір:
Тақуа боп күн кешуге
Тати ма екен осы ит өмір?

Соңғы екі жолды қайталайықшы:  «Тақуа боп күн кешуге Тати ма екен осы ит өмір?». Тақуа – дін қағидаларын шын пейілмен істейтін адам. Дегенмен осы сөздің арабшадағы түбірінің – «уиқаяның», яғни тақуаның тағы бір мағынасы бар: жақсылап қорғану, сақтану. Мұны мәселе­нің бергі жағы десек, сол мәселенің арғы жағын қайтпекпіз: неден қорғанбақпыз, қалай сақтанғанымыз жөн? Бұл сауалдың жауабы сан қиырға тартатыны мәлім. Ал мән-жайды кеңінен саралай бастасақ, Жүр­сін жырларындағы мұншалықты шара­сыз­дықтың түп-тамырын табуға да болады-ақ. Өзінің көптеген замандастары секілді Жүрсін де бір қоғамдық құрылыстан екінші қоғамдық құрылысқа кенеттен кіріп кетті. Жазушы Дулат Исабековтің «феодализм кезінде түткен жүнін социализм кезінде де жалғастырып, қаннен-қаперсіз отыра берген» қара кемпірі есіңізде ме? Бірақ кейінгі заманның ақындары әлгі қара кем­пір тәрізді сауатсыз емес-ті. Оның үстіне тоқсаныншы жылдары есік ашқан жаңа дәуір өзінен бұрынғы социализмнің кейбір әсіресақ қылықтарын мұраға алып қалуды мақұл көрмеді, соның бір белгісі –  қызыл тілге ерік берілді. Осылайша ішкі запыранды түгел төгу сонау Мағжан өрлеуінен бергі кезеңдегі тыйымдардан, әр түрлі ат тағылған (символизм, формализм, абст­рак­­ционизм, түршілдік, т.б.) сын-ескер­тулер­­ден құтылып, қайта қалыптасты. Жүрсіннің (басқа да көптеген ақындардың) өлеңдеріне күңіренген күйзелістер мен жатбауыр жабығушылықтардың еркін кіріп-шығуының әуелгі қисыны осында жа­тыр. Айталық, сексенінші жылдары Иран­бектің «…Шындығымды-сырымды жала­ңаштап Қоя берсем, туған ел, кешірер ме ең?!» деуі тіпті де туған елге арналған емес, саптыаяққа ас құйып, сабынан қа­рауыл қарайтын қоғамдық құрылысқа қарата айтылған сөз екенін ұқпаған еш­теңе­міз жоқ-ты. Жүрсіннің «Дилемма», «Мүйіз кесу», «Бұлантының жоқ бұланы…», «Меңдегенде сөз-індет…»», «Махамбет жә­не біз» тәрізді көптеген өлеңдері сол жа­лаңаштаудың (немесе жалаңаштанудың) амалсыз кешігіп келіп жеткен мысалдары.
Дегенмен, біздің бір түйсінетініміз, Жүр­сін­нің жырлары – сағы сынып, көкірегі тұмшаланып қалған әсіре әлсіздіктің емес, шырқай шамырқанудың, тұсаусыз маза­сыз­дықтың, азулы алаң көңілдің көшірмесі. Нөсер десеңіз, жай ғана нөсер емес, бұр­шақ аралас нөсер. Күй десеңіз, сыпайы тербелістің емес, тентек тебіреністің сойы. Бозторғайыңыз қой үстіне баршаға жетер­ліктей дәрежеде жұмыртқалай қоймаған мына дәуірдің қасіретін қаузап, намысын қайрап жүрген Жүрсіннің бір келбеті – осы.
Жарайды, ақынның туындыларына сіңген бірқатар нала-бояулардың түр-түсі осылай делік. Ал арман-аңсары ше? Мысалы, бір қарағанда атауының өзі-ақ жа­лаң ұранға бейімделген жаттанды жыр оқуға шақырып тұрғандай көрінетін «Тәуел­сіз­дік тойы» дейтін өлеңнің бірер жолдарын сіміріп көрелік:
…Сарыала сере қазыны
Келіндерім бүлк-бүлк қайнатып,
Ақындарыма
Қартаны былқ-былқ шайнатып,
Даңқымды
Дүниенің төрт бұрышына жеткізіп,
Сарыарқаны сахна еткізіп
Есік пен төрін жайнатып,
Розаны
Ертелі-кеш бұлбұл құстай сайратып,
Белуардан келер шалғынды
Тайбурылдың тұяғымен жықтырып,
Тәңірім палуандарымды мықты ғып,
Футболдан да ұттырып,
Қуаныштан кірпігіме шық тұрып, –
деп келетіндей қайырымдар басқа бір қиядан атой салмай ма?! Бұдан бұрынғы жоғарыда келтірілген немесе осы шумақ­тар­дан ақынның қаламына тән нығыз нақ­тылық­тың, әр шумақты әйтпесе әр жол­ды иесіз жібермей, тек әуелгі идеяға, әу баста көзделген мақсатқа шын жүректен қалтқысыз қызмет ететіндей тиянақты­лық­қа тәрбиелеудің тәлімі байқалып-ақ тұрған жоқ па?! Бұдан да гөрі таратыңқырай айтайықшы, Жүрсін жазған әр жолдан немесе тұтас шумақтардан мойнына еш мін­дет жүктелмеген, жұмыссыз сенделіп жүрген сөздер мен сөйлемдерді іздеп көріңізші, ай, таба алар ма екенсіз?! Міне, бұл қасиет те Жүрсін шығармашылығының ең сүбелі қабырғаларының бірі.
Осы сөзімізді аяқсыз қалдырмайық. Живописьтік бояуларға малынған өлеңдер Жүрсінде өте аз. Алайда, аз болғанымен «Күзгі жыр», «Таңға табыну», «Қыстаудағы көктем» деген атаулары бар үш өлең, автордың өзінің бір лепесімен бейнелесек, «табиғатын тапқан натюрморттардың» қатарына жатады. Буға малынған дүзген мен изен, көсік пен жидек қайырлы күзді қалай аңсатса, таған құс пен ұзақ қарға, марғаусыған кәрі төбет пен журнал шайна­ған сауатсыз бұзау көктемгі қыстау­дың сәні жетіспей жатқан салтанатын сол күйі көз алдыңа әкеледі. Алдымыздағы ағала­ры­­мыз небір көрікті колориттерді өзде­рімен бірге мәңгі алып кетпегеніне осы тұста бір қуансақ, сондағыдай сурет­терді Жүрсіннің үйлесімді жіп-бояумен кестелеп, жарасымды ою-өрнекпен әдіптегеніне, ең бастысы, табиғатты әрі шап-шағын, әрі тұп-тұтас күйінде мөлдіретіп бере қой­ға­нына екі қуанып отыратын жайымыз бар.
Жалпы, өлең шығару, соның ішінде төрт аяғын тең басқан жорға ұйқастары бар өлең шығару қолдан келмес шаруа болма­ғанымен, таңдалған тақырыпты игерудің жөні басқа. Жүрсіннің көп мақталған өлең­дерінің бірі «Ырғай жырының» бір шумағын оқылық:
Ырғай, ырғай, ырғайлы,
Ырғай мойнын ырғайды.
Баяны жоқ бұл дәурен
Басыңда көп тұрмайды.
Өкінішің өзеуреп
Өзегіңді тырнайды.
Көздің жасы кептеліп
Көмейіңде құрғайды.

Қазақ даласында тал-ағаштар мен өсімдіктердің түрлері баршылық болғаны­мен, олардың атауларын түгелдей жатқы­зып-өргізе де алмаспыз. Бірақ сол жасыл әлемнің бұрын көрсең де, көрмесең де, ескі танысыңдай етене жақын бола салатын біршама өкілдері бар. Мұндайда тілге көбірек ілінетін, айталық, қайың мен шыр­шаның, қызғалдақ пен раушанның орындары бөлек, әрине. Сонымен қатар, әндер мен өлеңдерге баяғыда кіріп алған балқу­рай («Домбыра басы балқурай, Басына қонған бозторғай») мен шеңгелге («Есік алды топ шеңгел, Топ шеңгелге келсең кел») әйтпесе Мұқағали туыстастырып кет­кен бозқарағанға («Қара судың жағасы бозқараған, Бозқараған бұтағын қозғама адам») ілтипат басқашалау болатыны және рас. Сондай жаңа жолдас-жұрағатқа айналып кеткен өсімдік-бұталарымыздың бірі осы өлеңнен соң ырғай болды. Дегенмен, бұл өлең ырғай туралы емес. Оның «Бозқараған» деген секілді «Ырғай» деп емес, «Ырғай жыры» деп аталуының себебі сол. Жоғарыда айтылған балқурай мен топ шеңгелдің белгілі халық әндерінде қосым­ша міндет атқаратындығы секілді бұл туындыда ырғай да жан-жақты зерттелген объектінің ролін орындап тұрған жоқ. «Ыр­ғай мойынын ырғайды» дегенде автор көк­тем, жазда гүл жаратын, күзде жемісі пі­сетін бұл өсімдіктің көріктілігіне қоса жел,  жаңбыр аралас суыққа шыдам­дылы­ғын да назарға алған шығар, қалай бол­ғанда да, ырғай мойнын бекерге ырғамаса керек. Осылай топшылағанда өтпелі өмір туралы өтемсіз әңгімені бізге басқа ешкім емес, өкпек жел ырғаған осы ырғай айтып тұрғандай елестейді:
Ырғай, ырғай, ырғайлы,
Ырғай мойнын ырғайды.
Ғұмырыңды қысқартып
Уақытың зырлайды.
Ызыңына пенденің
Мойнын бір сәт бұрмайды.
Ырзығыңды берген боп
Қызығыңды ұрлайды…

Бұл – айтпағымыздың бірінші бөлігі. Екіншіден ескереріміз – өлеңнің әлдебір қиыр жол үстінде қайта жолыққан көнекөз достай жылы ұшырайтындығы. Әйтеуір буыны бір рет те өзгермейтін бір ырғақпен, щұбыртпалы бір ұйқаспен жазылған осы 23 жолдық жыр жалықтырмайды. Әуелде қалай басталса, дәл солайша «Ырғай, ырғай, ырғайлы, Ырғай мойнын ырғайды…» деген жолдармен аяқталатын бұл өлеңді оқып болған соң мұндағы тартымдылықтың сыры неде екенін біраз ойланып барып табатын сияқтысың. Күйсіз күзде жаз бойғы мігірсіз тіршіліктен әбден жадап-жүдеген шаршаңқы өңді қора-қопсының ықтасынында отырып өзің талай естіген әлсіз желдің ызыңы тура ту сыртыңнан қарап тұрғандай. Иә, естіліп тұрғандай емес, қарап тұрғандай. Дәл осыған ұқсас тәсілмен жазылған «Құлжанбай құмының жұртында» деп аталатын, «Құлын, құлын, құлын күнім…» деп басталып, солайша аяқталатын 24 жолдық тағы бір өлеңді оқығанда һәм осы күй түртпектейді: «…Құ­лын, құлын, құлын күнім, Құлағыма ілін­ді үнің»; «…Құлын, құлын, құлын күнім, Жұ­лынды ма тұлым-гүлің?»; «…Құмдай қа­лың мұңым бүгін. Құлын, құлын, құлын кү­нім!». Бір қызығы, алдыңғы өлеңде ырғай жоққа жуық екендігі тәрізді екінші өлеңнен де құмды кездестіре алмайсыз. Оларды (ырғайды, құмды) көріп тұрған сіз емес, ақын. Бірақ ақын бұл жолы көзге қанық нақты жаратылысты емес, сол нақты жаратылыстан өзгермелі өз бейнесін көріп тұр. Ырғай мен құм – сыныққа сылтау іздеудің алғышарты, ал негізгі дерт – ғұ­мыр­дың зырлап өтіп бара жатқан ғаламат шапшаңдығы. Бірақ Жүрсінге бұл опынышты ахуалды басқа өлеңдеріндегі тәрізді қатқыл тілмен айтқызбай тұрған басқа емес және сол ырғай мен құм. Ырғайдың ырғалуы мен құмның суси көшуі ақынның жүрегіне сазды ырғақ құйғандықтан, ал­дың­ғы жол мен келесі жол, оның ізін бас­қан жол мен одан кейінгі жол, несін айтасыз, барша тармақ, барша жол сол қайран қайырманың арбасында ыңылдай тербеліп келе жатады. Сөйтіп, компози­торлық нота белгілерінің небір тылсым дыбыстарға айналып кететіні тәрізді Жүрсіннің мына екі өлеңіндегі үндес жолдар сезім музыкасына айналып кеткен.
Осы әңгімені жалғастырайық. Қанша құштарлансаң да қазіргі қазақ поэзиясына жаңаша түр енгізудің мүмкіндігі аз. Жо­ғарыдағы екі өлеңді көркейтіп тұрған өзгешеліктердің бірі – бірыңғай ұйқас әуелден-ақ бар. Әрі-беріден соң сан алуан ұйқастың үлгісін бізге ұлы Абайдың мұраға қалдырғанын естен шығармаймыз. Сондай байлықтарды (ұйқасқа ғана қатысты емес) тиімді (бәлкім, жаңарта, түрленте) пайдалана білу әрқилы шеберліктер жүрер жолда өзгенің емес, өз көлігіңмен кетіп бара жатудың белгісі емес пе?! Мысалы, Жүрсіннің «Тұрмағамбеттен тәржіме» деп аталатын өлеңінен адамгершілік пен ізгілікті талмай насихаттаған Тұрмағамбет Ізтілеуовтің («Адамдық іс», «Жақсы мен жаман», т.б.) тұрақты аттамалы ұйқаспен пішінделген, тақпақпен әдіптелген нақыл сөздерінің  дидактикалық кескін-өңі көрі­ніп тұрады: «Сағынтар кезі болады Сары аяз буған қыстың да… Шуылдың бәрі бір ғой деп Дауылмен бірге ысқырма…  Күбіге тиер септігі Түтіннен болған ыстың да». Ал іргелес қонған екі өлең – «Ақынның үйі немесе Қасым Аманжоловтың үйін қирату» және «Ақынның жары» алғашқы жолға көз жүгірткеннен-ақ Қасым стилін еске түсіре қояды. Әлбетте, өлеңдер Қасым ақын мен ақынның жары Сақыпжамал туралы екені түсінікті ғой. Сонда да бұл туындылардың әйгілі «Дариға, сол қыз» өлеңінде пайда­ланылған, баршаға ортақ болса да, онша көп қолданылмағаны себепті біз ең алдымен Қасымға ғана телігіміз келетін 10 буынмен жазылуы әлдебір ескі естелікті оята береді: «Дегені қайда – басылды құйын? Ақылым жетпей, ашиды миым. Виноградов көшесіндегі Қиратып жатыр Қасымның үйін» немесе «Түндердің енді серпі қанатын, Күн келді демді еркін алатын. «Келеді қай­тып, өлеңін айтып» Соғыстан тапқан дерті бар ақын». Жоғарыда үзінділер ұсынылған «Тәуелсіздік тойы» өлеңінің де қай топырақ­тан нәр алғанын және анық біліп отырсыз. Осыларға байланысты ой­мақ­тай ойымызды осымен тежеп, қысқарта айтсақ, ақын жел ырғағы мен құм сусылы тәрізді дыбыс­тық факторларды қалай сәтті тұтынса, Қа­сымның танымал жырына немесе ежел­гі жыраулар туындыларына қа­тыс­ты ыр­ғақтық, буындық өлшемдерді де солай оңтайлы қолданған. Бұларға «Қара­саз. Қара шал. Қарғыбау», «Ұлытауға бар­дың ба?..», «Экспромт» тәрізді дәмді өлең­дер­дегі аллитерациялар мен ас­со­нанстарды қоссақ, өрнектер мен айшықтар жөніндегі әңгімеміз әрі қарай жылжи бермек.
Осы тұста бір жайтқа тоқтала кеткенді жөн көріп отырмыз. Жүрсіннің «Қасымның өзі туралы» деп аталатын өлеңі бар. «Қасым­­ның монологы» деуге де болар ма еді, бірақ Жүрсіннің тақырып етіп отырғаны – Қасым ғана емес, негізінен Қасым­ның әйгілі «Өзім туралы» өлеңі. Кем-кетігі жоқ, шымыр, шырайлы өлең. Дегенмен, Қасым­ның өз монологына («Өзім туралы») қанша­ма жылдардан бері сусындап келе жатқан оқырманды оның (Қасымның) атынан жазылған мына өлең біржола үйіріп әкете алмайды. Дау жоқ, бұл өлеңде заманның қас-қабағына байланысты Қасым «Өзім туралыда» айта алмаған (жаза алмаған) ащы түйіндер, соны сыр-пернелер бар. Сонда да… Және бұл наз-тілегімізді (қол­дамауға да хұқықтарыңыз бар) Жүрсінге ғана қатысты емес, басқа да бірқатар монологтардың авторларына арнап отырмыз. Өз басымыз мұндай жағдайда Ұлықбек Есдәулеттің «Қыздардың махаббатын ұғу үшін Жаз болып жайнап, Қыс болып суу керек; Қыздардың махаббатын ұғу үшін Қыз болып туу керек!» дейтін экспромтына («Қыздардың махаббаты») бүйрегіміз бұратынын жасырғымыз келмейді. Ал еркектердің махаббатын ұғу үшін ше?! Сірә, еркектердің өлеңдерін оқу керек шығар. Міне, осы орайда Жүкеңнің қалың жұртқа танымал «Әйелге ода» атты өлеңін қайталап оқудың еш артықтығы жоқ:
Қай жерде, мейлі, қай елде
Әлемнің мәні – әйелде.
Шын мықты болсаң, оныңды
Әйелге барып дәлелде!

Әйелсіз айтпан әнді мен,
Әйелмен дәмді әңгімем.
Сүйкімді болсаң шынымен
Әйелің сүйсін алдымен!

Әйелге мәлім көп сырың,
Сүрінсең – әйел деп сүрін.
Халыққа сыйлы болмайсың
Әйелге болсаң жексұрын.

Әйелсіз қонды бақ қашан,
Әйел деп түстік отқа сан.
Әлемнің тілін таппайсың
Әйелдің тілін таппасаң!

Болмасын әйел назалы,
Болмасын әйел жазалы.
Кеудесін қаққан талайдың
Әйелден болған ажалы!

Әйелден ыстық от бар ма?
Сол үшін түстік көкпарға.
Қарғағың келсе біреуді
Әйелің өлсін деп қарға!

Әйелмен құның өлшенер,
Құдайдан кейін – сол шебер.
Бақытты сен де болмайсың
Әйелің сорлы болса егер!

Жөн емес қазақ нақылы,
Болсаң да әлем ақыны,
Жетеді билеп-төстеуге
Әйелдің қысқа ақылы.

Сырыңды соған ашасың,
Шөліңді содан басасың.
Адамның күні әйелмен,
Әйелдер мәңгі жасасын!

Фамилиялас қос ағасының – Жұбан Мол­дағалиев («Мен қазақ әйеліне қайран қалам!») пен Тұманбай Молдағалиевтің («Әйел – сенің ақылшың») өлеңдерін жарасымды жалғастырған бұл жыр жылдар үстемеленген сайын әйел туралы толғаулар тоты құстай құлпыра түсетінін дәлелдейді. Егер Жұбағаң: «Қатынның шашы ұзын, ақылы қысқа» Дегенді айттың екен қайдан бабам?» деп салмақтана сөйлесе, Жүкең: «Жөн емес қазақ нақылы, Болсаң да әлем ақыны, Жетеді билеп төстеуге Әйелдің қысқа ақылы» деп юмор шақырады, Тұмағаң: «Әйел сені құл қып алмай алдымен, Құдай қылып көтермейді жоғары» деп жақауратса, Жүкең: «Әйелмен құның өлшенер, Құдайдан кейін – сол шебер» деп шындықты басқа жағынан шыбықтайды. Жүзіңді жылытар мұндай жолдар ақынның, әсіресе, құрбы-достарына арнаған (ал Жүрсінде арнаулар мол) өлеңдерінде көбірек кездеседі. Тұрсын Жұртбаев туралы баяндама-өлеңінде «Партияға өңмендеп өтіп еді, Компартия сол жылы тарап тынды» деген жолдар жүрсе, Жұмабай Шаштай­ұлына «Мұңымызды шағамыз саған келіп, Болған соң қол жететін Шапырашты» деп сүйкенеді, «Омашевқа одасында» профессор Намазалы досын «Бәрін айт та бірін айт, Намазымыз – Тасқа салсаң таймайтын КамАЗ-ымыз» деп қолпаштайды. «Кө­пенге ақыл-кеңесі» ше? Танымал тұлға­лар­ға арнаған пародияларынан зиян шегіп жүрген досына «Қанша таяқ жедің, неге қоймайсың?» дегені жаны ашығандық болып көрінгенімен, оған ілестіре «Аз болғандай әкімдер мен ақындар Аузыңды аштың енді біздің айтысқа» дейтіні, сол өкпесінің нәтижесінде «Қасыңдағы ең соңғы дос мен едім, Көпен досым, айрыл­дың-ау менен де» деп теріс айналуы да күнделікті тірліктің бір-бір тінін тартқы­лауымен тартымды көрінеді. Қазақ тілі үшін қайыспай күресіп жатқан қазіргі шағы­мызда Жүрсін ақынның «…Құдайдың құдіретіне басын иіп, Шешеді (снимает) ақын бөркін», «…Бар өмірді бұлжытпай бейнелейтін Художник болмасаң – неткен жаман!», «…Қалт-құлт еткен ағаңның қала­мынан, Қарағым-ау, күтесің сен шедевр» деген сияқты жолдар төгілуі тіл мамандарын тіксіндіргенімен, біз тәрізді кеңқолтық оқырмандарды сәл жымитып қояды.
Көріп отырсыз, мақаламыздың соңғы бөлігіндегі Жүрсін бір басқа да, оған дейінгі келтірілген шумақтардың авторы жүдә бір бөлек тәрізді. Әр тақырыптағы өлеңдер көтеріп тұрған әрқилы жүктерді саралағанда солай да шығар. Бірақ сөз таңдау мен оны қалай қолдануды ықтияттау, өнімді сөйтіп тәуелсіз өңдеуден өткізіп барып сапа белгісімен ұсыну мәселесіне келгенде екі Жүрсін жоқ. Рас, ащы Жүрсін бар һәм тұщы Жүрсін бар. Сондай-ақ сұсты Жүрсін бар және мейірімді Жүрсін бар. Сонымен қатар, өзімшіл Жүрсін бар, оған қоса әлеуметшіл Жүрсін бар. Сонымен бірге, ұлтының кемшілігін ұялмай айта алатын Жүрсін бар, азаматтық позициясы ақиқатпен суарылған Жүрсін бар. Бірақ солардың барлығы тоқтайтын бекет біреу-ақ: ол – бір қолтаңба, бір стиль, яғни жүр­сін­дік қолтаңба, жүрсіндік стиль. Қазы­мырлана тергемекке талпынып, бұл ақынның өзінен бұрынғы әлдебір іздерді шиырламақ болғанын айыпқа бұйыруға тырысқаныңызда да арғы жақтан сол баяғы бір Жүрсін шыға келеді. Одан әрман үдей тоқтасақ, айтыңызшы, қазір шебер­лік­тері соншама шыңдалған қазақстандық айтыс ақындары осы Жүрсін Ерманның қолтаңбасы емес дей аласыз ба?!

Ертай АШЫҚБАЕВ.
Ақтөбе қаласы.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір