«Жоныпалды»
09.09.2019
1209
0

Ілия Жақанов

(Соңы. Басы өткен санда)

Нұрғазы Төлепбергенұлы

Арада жылдар өтті.
2010 жылдың қазан айының он төртінде Қарқаралыда Нұрғазы әншіні зерттеп жүріп, оның жақын туысы Сайлау Әлиұлы деген сері көңілді, сергек сезімді зерделі азаматпен жүздестім. Ол өз әулетінің арғы-бергі тарихын егжей-тегжейлі сөз етіп, көкірегіме көп сырды құйып берді. Әр сөзін ыждағатты пейілмен көкейге қонымды етіп, кең көсіліп сөйледі:
– Нұрғазының бойы сырықтай биік, шашы тып-тығыз бұйра, толқынды болып келген. Реңі қараторы. Атжақты. Көзінің аясы кең, жанары ботаның көзіндей мөлдіреп, күлімсіреп тұра­ды. Жүрісі тіп-тік. Кербез. Сұлу сыпайы киінеді. Мінезі биязы. Кісі сөзін жымиып қана тыңдайды. Сөз­ге сараң. Әңгімеге орынды жерінде кіріседі. Бағзы біреулер бір әнді бұзып айтса, не домбыраны қиқалақтатып шерте алмай, берекесін кетіріп отырса, көзіндегі жып-жылы нұр тұңғиықтанып, томсырайып қалатын-ды. Егер, мысалы, Біржан салдың Қарақаралыда Қоянды жәрменкесін әнмен ашатын әңгімесі сөз бола қалса, қасында отырған жандарды көзбен ықтырып, «ол былай» деп жайлап қана ұяң үнмен сыздықтата сөз бастайды. Сонда тыңдаған жұрт сілтідей тынып, тып-тыныш қыбыр етпей отырады. «Қоянды жәрмеңкесінде шырқалған әндердің ішінде Біржан салдың алапат күшпен айтылатын «Жоныпалдысын» кезінде өз еліміздің «екінші Біржан салы» атанған Айтбай әнші таратқан. Әкесінен Ғаббас алып қалған. Ғаб­бастан Нұрғазыға жеткен, бұл ән.
Нұрғазы көпшіл болды. Осы пейіліне орай, жан жары Шаһия шешеміз мейлінше қарапайым, жүзінен мейірім нұры төгілген сынық мінезді аяулы жан еді. Дас­тарқаны мол. Қолы кең. Дәйім кісі күтіп отыратын жан сияқты елгезектігі – Жаңаарқа жұртына аян жай. Ол кісінің руы – Алсай. Шаһия шешеміз Игілік Омаровты нағашы тұтты. Нұрғазы – әнші танитын кісі, Игілікті дәйім жанына жақын тар­тып, еркелетіп, тамылжыған ән­­дерін сүйсіне тыңдаған. Екі ән­шінің арасындағы осы рухани жақын­дықтың бір белгісі – Игілік «Жоныпалдыны» осы Нұрғазыдан үйренген. Нұрғазы жасы ұлғайып, бойы байсал тартып, үні қоңырлап, қоюлана бастағанда, айнала­сында­ғылар өзінен «Жоныпалдыны» орын­дауын сұрағанда, егер сол сәтте қасында Игілік бола қалса, өз жолын Игілікке береді екен. Игілік­тің сырлы сезімді, өткір де биік, ашық үні Нұрғазыны ләззатты сезімге бөлеген.
Нұрғазы домбыраны таңдап шертті. Өз домбырасы – жұп-жұқа, жеп-жеңіл ақсұр домбыра. Оны балаша аялап, сылап-сипап мәпелеп ұстады. Сол домбырасы өз ауылымыз Ынталыда немере туысымыз Әлімхан Нұрғалиевтың үйінде сақтаулы тұр. Бүгінде небір әншілердің өнерін ойлы көзбен сынай қарасақ, Нұрғазының әншілік болмысы, ішкі мәдениеті, талғамы, әнді түсінудегі ой-өрісінің кеңдігі, табиғат берген өзгеше дауысы елден ерек, сирек бітімді, өзгеше құбылыс екен. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің Нұрғазыдай әншіні өкіне іздеуі тегін емес қой. Нұрғазы шырқаған әр ән күні бүгінге дейін ел жүрегінен өше қоймай, аңсата сағындырып, аңыз боп шертіліп жатыр…
Сайлау Нұрғазының кісілік кел­бетін осылайша жарқыратып, өзінің ілкімді ізетімен әншінің Жәйремде тұратын Орал есімді қызын сырттай таныстырып, мені телефонмен сөйлестірді. Ал, бір күні Оралдан хат алдым. Енді Оралдың хаты сөйлесін: «Төлепбергенұлы Нұрғазының шық­қан тегі –Алтай – Қуандық – Мойын – Саңай – Байболды – Есенғұл.
Есенғұлдан – Тәнен.
Тәненнен – Қарымсақ, Машай, Сарымсақ.
Машайдан – Төлеубай, Төлеп­берген.
Төлеубайдан – Нұрғали – Әмір­қ­ұлан, Әлімхан. Төлепбергеннен – Нұрғазы, Әлхан.
Нұрғазыдан – Мұрал, қыздары – Орал, Роза.
Ұлы Мұралдан Арай,(ұл) Келбет (қыз), Нұрым (ұл).
Мұралдың қызы Келбет Нұр­ғазина Грекияда дзюдодон өткен Әлем біріншілігінде (қыздар арасында) Әлем чемпионы атанды.
Дохада (Катар) Азия чемпио­натында қола жүлдегер болған. Келбет – халықаралық дәрежедегі спорт шебері.
2009 жылы тұрмыс құрған. Қазір Қызылорда қаласында тұрады. Бір ұлы бар. Жолдасы Нұрлан – банк қызметкері.
Төлепбергеннің екінші ұлы – Әлхан.
Үлкен әкеміз Төлепберген бай болғандықтан Әлхан қуғынға ұшырап, басқа біреудің фамилиясын алып, Мәскеуде теміржол институтын бітіріп, бірнеше жыл Щучинск (Шортанды, Көкшетау облысы) станциясының бастығы болып жұмыс атқарған. Сол ағамызды біздің әкей қырық жылдан кейін жолықтырған. 1961жылдан Сортировка теміржол бастығы, кейіннен инженер болып қызмет істеген.
1996 жылы дүниеден өтті. Екі ұл, төрт қызы бар. Барлығы Қарағандыда тұрады.
Әкеміз Нұрғазы Қарағандыда жеті класс бітіріп, кейіннен Степняк қаласында мектепте сабақ берген. Бірнеше жылдардан кейін Алматыда опера театрына әнші боп кірген.
Байдың баласы болғандықтан театрдан қуылып, Қарағанды филармониясына, одан Жаңаарқада «Қызылту» артеліне директор болып келеді. Сонда біздің шешеймен қосылады.
Үлкен әкеміз Төлепберген 1929 жылы тәркілеуге ілігіп, Семейге жер аударылады. Сүйегінің қайда қалғанын білмеймін, – деп отыратын әкей. Әкейдің бірінші әйелі – Қышан. Ол кісі де байдың тұқымы болған (Шорманның Мұсасының немересі). Ол кісіден бес бала – үш ұл, екі қыз болған. Әкейді байдың тұқымы деп қамауға алғанда барлық балалары қайтыс болған. Қышан шешей 1950 жылы қайтыс болыпты.
Нұрғазы Төлепбергенұлы туралы Сапарғали Бегалиннің «Замана белестері» кітабында жазылған. Әкем «Қоянды жәрмеңкесінде екін­ші орын алғанмын, жюри мүшесі Мұхтар Әуезов болған», – деп айтып отыратын. С.Бегалинмен хат алысып тұратын. Грамота, дипломдары болатын, ешқайсысы сақталмапты.
Әкей гармоньда, мандолинада, пианинода еркін ойнайтын. Бізбен көрші болған кісілердің балалары шетінен әнші, домбырашы болды. Соның айғағы – Қайрат Байбосынов. Үйге Алматыдан, Қарағандыдан әртістер гастрольге келгенде барлығы біздікіне, яғни әкейге келмей кетпейтін. Ондай отырыс кішігірім той болатын, бүкіл жақсы-жайсаң, райком секретарьларына дейін үйге келетін.
Қали Байжанов, Жаңыл Қар­та­баева, Алтын Әлиева, Өкпенов, Жаппас Қаламбаев, Жүсіпбек Елебековтер, Завьялов деген баян тартушы, Ақатай Көпбаев біздің үйге түсетін. Көп артистердің атын ұмытыппын.
Әкей – арманда кеткен адам. Өз орындауындағы небір әсем әндерін магнитофонға жаздырған жоқ. Әкей ән салғанда «май шам өшіп қалатын» деп ауылдағы көзкөрген адамдар айтып отырады. Әкейдің даусы биік, кең иірімді, өте әдемі болатын. Ән айтқанда ұшатын құстай қанаттанып кететін. Бізді әнмен ұйықтатып, әнмен оятатын. Үйді кішігірім концерт залына ай­нал­дыратын. Сіңлім Роза да, мен де, домбыра, баян тартып, ән саламыз. Бірақ әкей бізді өнер жолына жібермеді.
Әкей туралы айтатын әңгіме көп, жүрген жерінде түстікке құлын, қонақасыға тай сойғызып, «Тай аға» атанған. Өзі де сондай жомарт кісі. Әкей жайында жазып, жарыққа шығарып беріңізші, аға! Алла разы болсын, Сізге! Құрметпен, Нұр­ғазықызы Орал қарындасыңыз…»
Орал осы хатында кезінде әкесі жайлы жазушы Сапарғали Бегалиннің мақала жазғанын келтірді. Жазушы «Замана белестері» деп аталатын кітабында: «…кезек Төлепберген әншіге тиді. Бұл бір әнді айқайға жеңдіре, зорлана айтатын жас әнші екен. Өзі айтып жүрген Иманжүсіптің «Сарыарқа» әнін және халық әні «Әупілдекті» орындады. Біздің шешім бойынша, бірінші бәйгі – Ғаббас Айтбайұлына берілді. Екінші бәйгі – жас әнші Төлепбергенге берілді. Үшінші бәйгі – Қали Байжанұлына берілді. Ынталандыру бәйгісі – Жүсіпбек Елебекұлына берілді», – деп Қоянды Жәрменкесінде болған әншілер са­йысында Нұрғазыны «Төлепберген» деп, өзінің әкесінің есімімен атап жазыпты. Ал, Жүсіпбек Елебеков сол ән сайысына қатысқан қазы­лардың ішінде Мұхтар Әуезов­тің де болғанын айтатын еді… Мұқаңның Нұрғазыдай сирек бітімді әншінің опера театрынан қалай кеткенін білмей, ол әр кез есіне түскенде іздеуінің сыры осында жатыр.

* * *

2001жылдың тамыз айында Жаңаарқаға келіп, Жеңіс ауылын­да Игілік Омаровпен тағы бір жүздестім. Сол бір күндерде өз үйін­де болған сұхбатты отырыс­та әңгіменің бір желісі Нұрғазы әншіге ауды. Нұрғазы орындайтын Біржан салдың «Жалғыз Арша», «Ләйлімшырақ», «Ләйлім», «Жанбота» әндері сала-сала әңгіме болды. Осы әндердің ішінде «Жоныпалды» бар, Игілік әр әннің сыр-сипаты жөнінде таңғалдыра, тамсанта сөз етіп, еркін көсілді. Ол орындаған «Жоныпалды» осы жолы маған Жүсіпбек Елебеков жандыра, жалындата шырқайтын «Қанатталды» сияқты сезім шарықтауы боп әсер етіп, есімді алды. «Жоныпалдының» қайыр­масында Игілік қиял сам­ғауын зор­дың күшімен иіріп, адамды тәт­ті сезімге бөлеп, елжірете, емінте тоқтайды екен. «Жоныпалдыны» кез келген әншінің орындай алмайтынын енді ғана түсінгендей болдым. Сол отырыстың соңында Игілік:
– Менің сүйікті шәкіртім Қайрат Байбосынов Нұрғазы әншіні жақсы біледі, – деді.
Кейін бір күні Қайратпен де сөйлестім. Қайрат былай деді:
– Жаңаарқада Нұрғазы әншімен көрші тұрдық. Біздің әкей (Әубәкір келе-келе Әукен атанған – І.Ж.) Нұр­ғазы екеуі бірін-бірі риясыз сыйлайтын дос-көңілдес жандар еді. Әкем қобыз тартты. Нұрғазы болса ән салды. Екеуі бірін-бірі тыңдап, бірін-бірі өбектеп, қадірлес болды. Нұрғазының әндерін бала кезімнен тыңдап өстім. Ондай ашық үнді биік тенор өмірде сирек кездеседі. Кезінде Жаңаарқаға жан-жақтан келіп-кетіп жататын өнер адамдары дүрмектеліп, Нұрғазының үйіне тоқтайтын-ды. Солардың ішінде ұстазым Жүсіпбек Елебеков те бар. Сондай бір күні Нұрғазының үйінде рақаттана жатып, оның салған ән­деріне ештеңені теңгермеді. Екеуінің дом­быра шертісі – адам қиялы жетпейтін бір бипаз шертіс. Оны тек тыңдай білу керек. Салалы саусақтары жұп-жұмсақ, домбыра шанағына тиеді-тимейді, ән өз-өзінен «сөйлеп» жатқандай болады. Нұрғазы «Сұржекейді» сүмектетіп, үзілдіріп шерткенде, кенет табан астында бітіп қалғандай иірімге әкеліп, таң-тамаша етеді. Мұндай өрнегі мол әсем шертісті ешкімнен көргем жоқ.
Ән дүниесіне ертегідей қызық­тырып жүрген Нұрғазы бір күні елін сағынды ма, 1967 жылы Қар­қаралыдағы туған ауылы Ынталыға көшіп барып, келер жылы Жаңаар­қаға қайта көшіп келді. Ол жақ, әрине, өз елі, өз жері… бірақ, ба­ла-шағасы өздері туып-өскен «Жаңаарқаға қайтамыз» деп мазалай беріпті. Және Нұрғазы білетін көзкөргендердің қатары да сирепті. Шүйіркелесіп сөйлесетін жандар жоқтың қасы. Сондай жабырқау, қамкөңіл, екіұдай сезімде мұңайып жүрген Нұрғазының жүрегінен:
Жаңаарқа, айналайын,
асып кеттім,
Жайқалтып жапырағын
басып кеттім.
Түскенде сен есіме, ей, Жаңаарқа,
Инедей отқа салған
жасып кеттім, –
деп келетін өлең шығыпты. Жаңаар­қа жұрты Нұрғазының өз орталарына қайта келгеніне қатты қуанды.
1977 жылы қыста елге келдім. Әдет­тегідей Нұрғазыға сәлем бердім. Реңі сынық, сырқат екен. Менің амандығымды сұрап, концерттерімді тыңдайтынын айтып, қасында сүйеулі тұрған домбырасын алып, шертіп жіберді де, кәдімгі сап-сау адам сияқты сілкініп, бойын жиып ала қойды. Сөйтті де:
– Мен салған әндер есіңде ме, Қайратжан? – деді үні сәл дірілдеп.
– Есімде, – деп бас изедім.
– Мына бір әнді осы күнге дейін жан баласы білмейді, ана жаққа ала кетпейін, тыңдап ал, Қайратжан, – деді.
Нұрғазы домбыраны көкірегіне құшырлана қысып:
Атым шыққан Алашқа Құлтума-ды,
Құлтумадай жалғанда
ұл тумады.
Алты қырдың
астынан ән шырқасам,
Шіркін, көмей,
сонда да былпылдады, –
деп бастады да, сәл демігін басып, екі рет қайталады. Әп-сәтте үйреніп алдым. Бұл Құлтуманың ұмытылған әндерінің бірі еді, көкірегіме қона кетті. Нұрғазы да осы тірлігіне разы болып, мейірлене күлімсіреді.Қаны қашқан жүзіне ептеп шырай кірді. Сергіді.
Нұрғазы өзінің дер шағында Біржан салдың «Жоныпалдысын»:
Асынса күміс белдік –
белдің көркі,
Ер жігіт салдық қылса –
елдің көркі.
Жарасып өз сәнімен қыз-бозбала,
Аққу, қаз – айдын шалқар
көлдің көркі.
Асылға қызықпаңыз, кимеген соң,
Сұлуға көзің салма,
сүймеген соң.
Байларға сене берме,
малды екен деп,
Пайдасы қысылғанда
тимеген соң, –
деп, жан біткенді «Па, шіркін!» дегізіп, емірентіп шырқаушы еді. «Жоныпалдының» бала кезімнен жүрегіме өшпестей боп орныққан осы сөзін ұмытқам жоқ. Міне, Ілаға, өзіңіз індете зерттеп жүрген «Жоныпалдының» өз сөзі осы… осы! Мен осы сөзбен айтып, шәкірттеріме үйретіп жүрмін.Нұрғазыдай бағы байланған жойқын әнші Біржан салдың құдіретті әні «Жоныпалдыны» жылдар бойы өз жүрегінде бойтұмардай сақтапты.
Қайрат Байбосынов Біржан салдың өнерді, сұлулықты жасау­шы сал, серілерді көкке көтере ардақтап, азаматтық мәрттік пен адалдықты, өзінің әншілік парқын әуелете жырлаған философиялық толғанысын осылайша паш етті.

***

Нұрғазы Төлепбергенов 1905 жылы Қарқаралы уезі Бесоба ауылын­да туып, 1984 жылы қа­ра­­­ша айының жиырма жетісінде қайтыс болды. Жұбайы Ша­һида екеуі Жаңаарқада жерленген.

***

2018 жыл. Қараша айының он төртінде Нұрғазының Қарқаралыда тұратын немере туысы (аудан әкімінің орынбасары – І.Ж.) Сайлау Әлиұлымен әдеттегіше тағы да телефон арқылы тілдесіп:
– Сайлау, Нұрғазының домбырасы бар деп едің, соның мән-жайын айтшы, – деп сұрадым.
Қуанып кеткен Сай­лау:
– Сізбен жүздескенде ол домбыраның туысымыз Әлімхан Нұрғалиевтың үйінде екенін айтып едім, есіңізде екен, сол домбыра бүгінде біздің үйдің төрінде тұр. Нұрғазы әкеміздің ол домбырасы біле-білген жанға халық қазынасы ғой, амандық болса, бір сәті түскен күні музейге тапсыратын шығармын, – деді.
Мен осы домбыраны шерткен Нұрғазының ойлы жүзін елестетіп, Біржан салдың «Жоныпалдысын» ұйып тыңдағандай қиялым шартарапқа самғады.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір