«Жоныпалды»
03.09.2019
1191
0

Ілия Жақанов

(Эссе)

Біржан салдың отты шабытын жасындай жарқылдатып, ұланғайыр дала тынысындай еркін шалқитын «Жоныпалды» сонау отызыншы, қырқыншы жылдарда неше түрлі түртпекке түсті. Өзінің о бастағы сөзінен ажырап қалды. Есіл ән сол кездегі идеологияның солақай саясатына еріксіз көнген Иса Байзақовтың:
Өлеңді «айт» дегенде
тасып берем,
Мергендей көзден түзу
атып берем.
Ағалар басын қосқан мәжілісте,
Әніне «Жоныпалды» басып
берем.
Айтылса, көп өнердің қоры
бар-ды,
Мақамын келтіретін жері
бар-ды.
Айтылған сол көп өлең
мақамынан.
Аты бар бұл әнімнің
«Жоныпалды», –
деп келетін жеңіл-желпі сөзі­мен біраз айтылып жүрді.
Келе-келе «Жоныпалдыны» сұңқардай саңқылдататын Жүсіпбек Елебеков бұл сөзді айтудан бас тартты. Жүсіпбек өзі ерекше қадірлейтін Исаның әлгі сөзімен айтпай қойғаннан кейін радионың сол кездегі бас редакторы Мақсұтбек Майшекин (1939 жылы радиода музыка редакциясы құрылды. Бас редакторы болып Ахмет Жұбанов, орынбасары болып Мақсұтбек Майшекин тағайындалды. Кейін Ахмет Жұбанов Қазақ ССР ғылым академиясына ауысып, бас редактор боп М.Майшекин қалған еді.) «Жоныпалдыға»:
Аты еді бұл әнімнің
«Жоныпалды»,
Алғандай сұлу жонып өрім
талды.
Жасымнан сүйіп айтқан
ән болған соң,
Жаңылмай әлі күнге есте қалды.
Жан едім әсем әнді сүйіп айтқан,
Жағымды көпке бірдей
жұрт ұнатқан.
Келетін нақысына
жүз құбылтып,
Кейде өрлеп, кейде шалқып,
баяулатқан.
Кім сүймес көкке өрлеген
әсем әнді,
Көңілдің күйін шерткен
көркем сәнді.
Болғандай бойға – қуат,
ойға – азық,
Балқытып еріткендей
тербеп жанды, –
деп, жаңа сөз жазды.
Ән құдіретін қапысыз танитын зердесі мен кірпияздығы, тәкаппарлығы ешкімде жоқ, талғамы биік, ой-өрісі кең, паң көкірек Жүсіпбек Майшекиннің бұл сөзіне де иліге қоймады. Майшекиннің діттеген мақсаты – «Жоныпалдыны» өлтірмеу! Жү­сіпбекпен әр сөйлескен са­йын: «Менің ақындығымды мен­сінбесең де, Біржан салдың аруа­ғына тоқтағаның жөн. «Жоныпалды» көшкен елдің ошағында қалған қоламтадай бықсып-бықсып, бір күндері мүлде сөніп қалып, ұмытылса, ең алдымен өз жүрегің күйзелтеді сені, жаныңды жеп. «Жоныпалдыны» айта алмай зарығасың, құсалы боласың, Жүсеке. Өлтірмейікші, «Жоныпалдыны», – дей берді. Буынсыз жерге пышақ ұрғандай болған Майшекиннің осы сөзіне Жүсіпбек амалсыз көнді. Сөйтіп, «Жоныпалдыны» Майшекиннің сөзімен айта бастады. Жүсіпбектен кейін басқа әншілер, елдегі Мәдениет Ешекеев секілді өнерпаздар еш талғаусыз іліп әкетті. Солай айтылумен келеді.

* * *

1958 жыл. Қоңыр күз.
Жаңа әндерім шыға қалса, ең алдымен радионың музыка редакциясына қарай тартатын әдетім. Осы жолы әнші Тұрсынхан Әбдірахманова Мақсұтбек Май­шекиннің сөзіне жазған «Әнші қыз» деген әнімді және басқа да әндерді жаздырыпты. Соған қызығып, тыңдауға келдім. Мақаң кабинетінде әнші Рәбиға Есімжанова екеуі сүттей ұйып, тып-тыныш әңгімелесіп отыр екен. Сәлемдестік. Мақаң маған «отыра ғой» деп ым қақты. Рәбиға да бас изей күлімсіреп, жылы шырай білдірді. Өзінің биязы, ұяң қалпымен сөзін жалғай берді: – Мақа, көлеңке басы ұзарып, жас ұлғайып барады. Баяғы дауыс қоңырлап, бәсеңдейін деді. Еркін шырқайтын әндеріміз үн жетпейтін қиялға айналды. «Жоныпалдыны» Тұрсынхан сіңлім жақсы жаздырыпты. Жаңа сүйсіне тыңдадық. Кәусар үні – сондай таза. Әрі әнді биік шырқауы адамның қиялын көкке өрлетіп, мүлде шығандап кетеді екен. «Жоныпалдының» икеміме келмей жүрген қайырмасын жеріне жеткізіп қалай үйірген… қалай? Бұл әннің тылсым тілмен бейнелеп болмайтын ең бір нәзік иірімі осы қайырмада ғой. Мен «Жоныпалдыға» осылай қызығам. Бірақ… біз бар жанымызды салып, қалай айтсақ та, «Жоныпалды» Жүсіпбек секілді құштар сезімді ер көкірек шырқайтын ән ғой, тегі, біз осыған мән береміз бе, Мақа? Мені ойландыра беретін бір гәп осы. Көңілімдегі екінші бір түйткіл –«Жоныпалдыны» өз сөзімен қашан айтар екенбіз, Мақа? – деді.
Рәбиға өз сөзінен өзі қымсын­ғандай үні дірілдеп, іштей түйіліп, қоңыр көзі қарауытқан кеш сияқ­ты мүлгіді.
Майшекин шүңірек көзі те­рең­дей түсіп, томсырая ойланған күйі:
– Рәбиға, ішімде қоламтадай бықсып, талай сыр жатыр. Оны үрлесем, жалын шығады. Жалын өртке айналады, – деді демін ішке тартып, – «Жоныпалдының» о бастағы өз сөзін білетін едім. Ұмыттым. Оны сонау Жаңаарқада тұратын Нұрғазы ғана айтты ғой. Үкіметтің арнаулы қаулысымен сөзі өзгертілетін әндердің тізімінде «Жоныпалды» да бар еді, сол себепті Біржан салдың Нұрғазы білетін өз сөзін қозғамадық. Дәл сол бір кездерде Үкілі Ыбырайдың «халық жауы» атанып, ұсталып кеткені, аты аталмай, әндерінің әркімге телінгені белгілі. Сондай-ақ, сол тұста Ақан серіні «діншіл», «түрікшіл», Біржан салды «бай тұқымы» деп кінәлайтын күңкіл бықсып жүретін-ді. Мұндай жүйке тоздыратын қаңқу сөздер радиода, біздің күнделікті өзіміз «летучка» деп атайтын жиналыстарымызда да айтыла беретін-ді. Екі күннің бірінде сыналып жатамыз, оған да етіміз үйреніп кеткендей, – сол сөздерді үн-түнсіз тыңдап, іштей тынатынбыз. Халық арасына кең тараған әндеріміздің жаңа социалистік қоғамның насихат құралына айналуы күн тәртібінен түспеді. Ол насихат – ұлттар достығы, сауатсыздықты жою, әйел теңдігі, міне, осы шаралардың аясында жүзеге асуы керек болды. Ақындарға қатаң талап қойылып, жаңаша сөз жаздырды. Мен Біржан салдың «Ләйліміне», Ақан серінің «Балқадишасына» сөз жаздым. «Ләйлімді» өзің мөл­діретіп айтып жүрсің, Рәбиға, оған ешкім сөз келтірмеді. Ел жүрегіне әбден сіңді. Ол әнге қандай сөз жазсам да, бәрібір мен Біржан сал емеспін. «Ләйлімнің» сөзі таптырмайды, қазір. Ал, «Балқадишада» «Күйеуің сексен бесте шал Қадиша», – деген сөзім үшін көретін қоқайды көріп келем. Өмірімдегі бір қателігім осы, Рәбиға. «Қазақ қыздарының өз еркі жоқ, олар қалыңмалға, байлығы үшін қаусаған шалға сатылады», – деп жаздырған қоғамның сөзін сөйлеп, насихатын үгіттедік. Олай етпеуге шарамыз болды ма, біздің? Жалғыз мен ғана ма, өр мінезді асқақ ақын Иса Байзақов – «Назқоңыр», «Япурай», «Смет» әндеріне оп-оңай «жаңаша» сөз жазып, Жаяу Мұсаның «Көкаршын» деген әйгілі әнін «Қосқанат» деп өзгертті. Үкілі Ыбырайдың «Толқын» әні «Елім бар колхоз болып дүрілдеген», – деп колхоздастыру науқанын дуылдатып, жырлап ала жөнелді. Жаңа қоғамға «жат пікірі» үшін Әсеттің «Інжу-Маржаны» да өзгеріске ұшырап, Ілияс Жансүгіровтің сөзімен айтылды да кетті. Біржан салдың бірде «Қозыкөш», бірде «Бір ғана» деп айты­латын ескілікті әні «Бір бала» атанып (Бұл ән Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясында Біржан салдың Абай ауылына келетін сәттерінде керемет суреттеледі. И.Ж.), одан өзге халық әні «Ақбаян» да бар, міне, осы екі ән сауатсыздықты жою науқанының әні боп жел­піл­деді. Сол кез­дерде сонау Қорғал­жын­да дін-аман тірі жүрген Үлебайдың «Дударайы» қазақ жігіті Дүйсенді сүйген орыс қызы Мәриям Жагорқызының әні боп ұлттар достығын жырлады. Халықтың ділі мен діті, тарихы мен тағдыры болған әндеріміз осындай күйге ұшырап жатқанда «Кешіре гөр, Біржан аға!» деп жүрегімді қолыма алып, «Жоныпалдыға» да дірілдеп отырып сөз жазғаным өзге емес, өзіме ғана аян удай ащы өкініш. Осы жайды ойлағанда Абайдың «Мен ішпеген у бар ма?» дейтін налалы сөзі жүрегімді ұйытады да жүреді. Бұл сұмдық кезеңді бастан кешпеген жан қайдан білсін, біздің жайды…
Рәбиға үнсіз тынды.
Майшекиннің осы шаршау­лы сөзі көкейімнен кетпей қой­ды. Ойландырады да жүреді. «Жонып­алдының» өз сөзі… қан­дай сөз, ол?

* * *

1964 жылдың жазы. Жаңаарқа ауданының сол кездегі миллионер совхозы «Жеңіс» ауылына келдім. Мұнда ағайын-туыс, дос-жарандар бар. Аспандағы аққуға ән жалғаған асқақ үнді ән­ші Игілік Омаров осы ауылда тұрады. Орта мектепте орыс тілінен дәріс береді. Ол бастаған сері жігіттер жайлауы шалқыған кең жазира даланы, айдынында аққу-қазы қалқыған Сарысу бойын әнге бөлеп, дүрілдейді де жатады. Тек қана Жаңаарқа емес, күллі Арқа елі осы ауылдың салт-дәстүрі мен өнеріне, меймандостық ықылас-пейіліне ерекше қызығады. Осы жолы келгенімде Алматыда айтылмай жүрген біраз әндерім алдымнан шыға келді. Әнмен шалқып, әнмен тыныстаған сайран күндер басталды. Осындай бір думанды күні Мәрлен есімді жібектей сызылған көркем жігіттің үйінде болдық. Жиынның көркі – Игілік әр әннің тарихын майын тамыза балбырата шертіп, сел-сел әңгіме айтты. Соның бірі – Біржан салдың «Жоныпалды» әні. Игілік оны:
Созғанда әуелетіп сұлу әнді,
Сұлулар тағат таппай
күйіп-жанды.
Немене, бәрі-дағы
көрген түстей,
Бұлдырап, көз талдырып,
артта қалды.
Бозбала, бір гауһартас жанған оттай,
Бәйгіден ат келмейді
жарап шаппай.
Есікті қайта кірер
қатты жаппа,
Кетпессің, тірі болсаң, бір жо­лық­пай, –
деп келетін беймәлім шумақтармен тамылжытып, отыр­ған жандарды ойландырып тас­тады.
Әннің мына сөзіне елең етіп, Мақсұтбек Майшекин мен Рәбиға Есімжанова екеуінің «Жоныпалды» жөнінде ана жылдары мені аң-таң қылған әңгімесі қаз-қалпында есіме түсті. Игілік бір сәт дем алған кезде:
– Ике, «Жоныпалдының» жаңағы сөздерін білмейді екем, – дедім, ойлана іркіліп.
Игілік те тебірене қалып, былай деді:
– Е, оны айтам, қазір… біздің бағымызға бұл елде Алсай руының Битті атасынан – Сарыбас, Ақыш, Байжұман деген әншілер шықты. Құсайын, Жәмбек есімді әншілер тағы бар. Өз нағашым – Сейтмағамбет әншіні де ел жақсы біледі. Ал, осылардың ішінде сонау Көкшетаудан келген Мақай, Қарқаралы жағының бір әйдік әншісі Нұрғазылардың салған әндері мүлде өзгеше еді. Бәрін көрдік. Бәрін тыңдап өстік.
Кезінде академик Қаныш Сәтпаев Қаражал мен Жәйремді көп төңіректеп, кен орындарын зерттеп жүріп, кейде біздің осы ауылға келіп, анау ескі Жәйремдегі қариялардың ортасында болып, жаңағы әншілердің біразын тыңдады.
Бір жолы боз қырау түскен күз еді, Қаныш аға сол ескі Жәйремде біраз күн инженерлермен жұмыс істеді. Кеш болса болды, ел азаматтары Қаныш ағаны кезек-кезек үйлеріне шақырып, қонақ етіп, әнші-күйшілермен сұхбат құрып жүрді. Сол отырыстардың біріне мен де қатыстым. Келісті жиынның сол күнгі көркі – Нұрғазы әнші боп, әннің неше атасы айтылды. Нұрғазы көбіне Қарқаралы, Егіндібұлақтың ерен әншісі Ғаббас Айтбаевты алға ұстап, пір тұтып сөйлейді екен. «Ғаббастың Затаевичке жаздырған әні еді», – деп, Жарылғапбердінің «Ардағын» әуелеткенде, Құдай сақтасын, Нұрғазының тынысы… о, ол ұшы-қиыры жоқ кең дала ғой, кең дала! Сырт көзге өзін қыштап, зордың күшімен ышқынып айтқандай боп көрінеді. Бірақ үні – тенордың теноры зорға жететіндей, сондай биік, емін-еркін асқақтап, өрлей көтерілген бір қуатты кербез үн. Қаныш ағаның Нұрғазыға кірпік қақпай қадалғаны, күрсінгені, іштей тамылжығаны әлі күнге дейін көз алдымда. Нұрғазы Біржан салдың «Жоныпалдысын» біз естіп-білмеген әлгі сөзбен айтты. Нұрғазы терлеп-тепшіп, алқына тоқтады. Қаныш аға оған ыстық мейірмен төгіле қарап:
– «Жоныпалдыны» кімнен үйрендіңіз? – деді.
Нұрғазы да сынық мінезді ізетті жан, жайлап қана, жұмсақ үнмен сөйледі:
– Кезінде біздің Қарқаралы өңіріне әр кез Біржан сал келіп, Қоянды жәрмеңкесінің туын көтеріп, ашып жүреді екен (бұл оқиға композитор Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсында керемет суреттеледі. Операны құдіреттендіріп, көтеріп тұрған да осы көрініс. – И.Ж.). «Кейде бір себептермен Біржан сал келе алмай қалса, Қоянды жәрменкесінің туын өз еліміздің атақты әншісі Айтбай көтеріп, ашқан», – дейді үлкен кісілер. Айтбайдың көзін көргем жоқ, ал оның әнші ұлы Ғаббастан көп ән үйрендік. Соның бірі осы – «Жоныпалды». Жас кезімнен айтып келем, Қанеке.
Ертеде әнші Мұрат Толыбаев екеуіміз біздің Қарқаралыдан «әртіс боламыз» деп Алматыға барып, кәдімгі опера театрынан бір-ақ шықтық.
Театрда Күләш, Қанабек, Үрия, Құрманбектер ойнаған «Қыз Жібек» операсында хорға қатыстық. Концерттерге бірге шықтық. 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнерінің бірінші онкүндігіне бардық. Бірақ мен Алматыда тұра алмадым…
Нұрғазының осы сөзін Қаныш аға селт етпей ыждағатпен тыңдап: – Алматыдан кетуіңізге не себеп болды, Нұреке? – деді жылы лебізбен.
Нұрғазы біраз үнсіз түйіліп отырды да:
– Мұрат Толыбаев екеуіміз түртпекке түстік. Мені өз әріптестеріміз «байдың баласы» деп көрсетті. Опералық спектакльдерде тенор партиясын орындайтын рөлдерге мені маңайлатпай, хорға қосып қойды. Дауысым хор ішінде тұншықты. Хорда көптің бірі боп қағылып-соғылып жүрем бе деп… сол қиянатқа төзе алмай, өз елім Қарқарылыма бармай, осы Жаңаарқадағы қайын-жұртыма келіп тоқтадым. Осы елде біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей жақсы жайда жүріп жатырмын. Үкілі Ыбырай бір әнінде «Ханнан да қадірлімін туған елге», – дейді, Қанеке, осылай дегізгені әні ғой… әні! Менің де бар байлығым, бар ырысым – Ән! Бізді театрға сиғызбаған шіркіндер Мұрат Толыбаевтың да қыр соңынан қалмады. Бас дауысты әнші қайратты бола ма, қайдам, Мұрат шыдап бақты. Тіпті, ол өз әріптестерінен оза шырқап, «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі» деген атаққа да ұсынылатын боп, соған дәмелі күйде жүрді. Ақыры соғыстың алғашқы жылында Мұрат өз әріптестерінің жаласымен сегіз жылға сотталып кете барды.
Мұрат екеуіміз Біржан салдың «Жоныпалдысын» өз сөзімен айтып өстік. Мұрат «Жоныпалдыны» күндей күркіреген дауысымен қоңырлатқанда, мен әзілдеп: «Біржан салды сен қартайтып жібердің», – деуші едім. Сонда Мұрат миығынан күліп: «Біржан сал «Жоныпалдыны» – қартайған шағында да, тіпті өле-өлгенше айтты ғой. Соны елестеткен біздің Мақаң… Майшекин: «Жасымнан сүйіп айтқан ән болған соң, жаңылмай әлі күнге есте қалды» деп өзі жазған сөзінде, обалы нешік, әдемі қиыстырады ғой», – деп, өзін-өзі қорғаштап, бой бермеуші еді. «Енді бүгінде бұл «Жоныпалдыға да» түртпек түскен бе, біз білетін сөзі емес, Мақсұтбек Майшекиннің сөзімен айтылып жүр», – деп, Нұрғазы қабағын шытып бас шайқады.
Қаныш аға Нұрғазының бұл сөзін ойлана тыңдады.
Игіліктің осы әңгімесінен кейін «Жоныпалды» мені тағы да сарсаң ойға салды.

(Жалғасы бар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір