МОНШАДАҒЫ МҮШӘЙРА
23.08.2019
1707
2

Жақыпжан НҰРҒОЖА

(Әңгіме)

…Алдындағы бос шылапшынды ала бергені сол, артынан біреу шәңк ете қалды:
– Әй, қазақ! Тиме, тазик ме­нікі!
Бәрінен бұрын сөзі өтіп кетті. Басына қан шапшып шыға келді. Бұрылып қарап еді, серейген біреу екен. Басы жалтырап, мұрты жыбырлап тұр.
– Әй, дәйіс! Сен не тантып тұр­сың?!. Неге сенікі болуы керек? Бос тұр ғой!..
Анау айылын жияр емес.
– Қазақ, көріп тұрсың ғой, қасында мочалка жатыр. Значит, иесі бар тазиктің!..
Бұл да бой бермеді.
– Ей, көксоққан! Көрмесем, кінәлі ме екем?! Мен үшін шылапшын бос!..
Жұдырығын түйіп, тісін шықырлата берді. Кеудесіндегі Сталиннің суреті де түсін суыта түскендей. Осы сәтте мұның қасына Мұқағали келді.
– Оу, Тоқа, не болды? Неге дауласып тұрсыңдар?!.
– Е, мына шәңкілдеген неме шылапшынға жабысып!.. Тоқаш әлгіні сұқ саусағымен көрсетті. – «Менікі», – деп қой­майды. «Бос тұр ғой», – десем, көнбейді. Көзіне бәле көрініп тұр ма, қайдам?..
Анау: «Әй, қазақ! Мен…» – деп, өршелене бастап еді, Мұқағали қолын көтеріп, басу айтты:
– Жә, дауласпайық! Көп орыс­тың ішінде аз қазақ өзара қыр­қы­сып, масқарамыз шықпа­сын!.. Не­сіне таласасыңдар өкіметтің дү­ние­­сіне?! Құрып қалып па, түге, басқасы табылар…
Осы сөзді күткендей, бұларға жақын тұрған бір өрімдей жас жігіт:
– Аға, мынаны алыңыз, – деп, Тоқашқа жалт-жұлт еткен шылапшын ұсынды. Мынадай ілтипатқа Тоқаштың жүрегі жылып кетті. «Өй, айналайын, рақмет, өркенің өссін! – деді де, шылапшынды ала беріп, – Е, өзің ше?» – деп сұрады. Ол күлімсіреп: «Ала беріңіз, аға, мен анда… басқасын алам ғой», – деді.
Мұқағалидың сабырға шақыр­ған сөзінен кейін бе, әлде мына баланың ізетінен бе, Тоқаштың ашуы тез басылып қалды. Әлгі жынына тиген қазақ шылапшынын құшақтап, су алатын жаққа бұрылып кетіпті.
– Міне, бәрі де дұрыс шешілді. Тоқа, жүр, анау бұрыш жаққа барайық, мен жаңа екеумізге орын сайлап қойғам, – деп, Мұқағали өзі бастап жүрді…
Орындарына жайғасқасын Тоқаш себетінен сабын шығарып, иіскеп-иіскеп қойды:
– Әй, Мұқаш, сен мынадай иісті сезіне аласың ба? Шіркін-ай десейші!..
…Бұл күнде,
батыры біз болдық —
Ертегі, хиссаның!..
Моншаға қашан түсіп ек?..
Ұмытылды иіс май, иіс сабын…
Мұқағали да сабынын иіске­леп, риясыз күліп алды.
– Әй, бірақ өзіміздің баяғы қара сабынға не жетер дейсің?! Жарықтық апамдар иісін бұрқыра­тып қайнатушы еді…
Осы кезде сыртынан майда қоңыр дауыс естілді.
– Кешіріңіздер, ағалар, сіздер­дің жандарыңыздан орын табыла ма?..
Тоқашқа шылапшын берген манағы бала екен.
– Өй, айналайын, кел, келе ғой, – Мұқағали шылапшынын жылжытып, ортадан орын берді. – Мына ағаңды танисың ба? Тоқаш Бердияров деген майдангер ақын!..
– Танығанда қандай! Мен сіздердің аттарыңызға сырттай қанық­пын, ағалар! Сіз – Тоқаш Бер­дияровсыз, ал сіз – Мұқа­ғали Мақатаевсыз ғой! – деп, аға­ла­рының орын бергеніне мәз болған балаң жігіт шылапшынын ортаға қойды. – Керек десеңіздер, жырларыңызды жатқа білемін. Оқиын ба?..
– Оқи ғой, айналайын!.. Екеуі жарыса айтты.
– Алдымен Тоқаш ағаның жырын оқиын…

Жерден әлде шықты ма?
Көктен әлде түсті ме?
Қона қалды жас сәуле
Шоқылардың үстіне.

Езуінде күлкісі,
Етек, жеңін түрініп,
Шың басынан күн нұры
Келе жатыр жүгіріп.
Ойыстарға үңіліп,
Дөңестерге бір шығып,
Келе жатыр жүгіріп,
Алды – абад тіршілік!
– Ой, бәрекелді!..
– Жарадың, бала!..
– Мархабат, – деп, мақтауды жымиып қабылдаған жас жігіт моншаға жуынуға емес, жыр оқуға келгендей, сөзін жалғады. – Енді Мұқағали ағаның жырына кезек берейік.
Көктем келді ауылға,
мамырлап бұлт,
Таң-тамаша дүние,
дабырлап жұрт.

Көктем келді. Өмірдің келешегі,
Көкпен бірге дүркіреп төл өседі.
Сағым қыздың ап қашып
орамалын,
Асыр caп тентек
жігіт-жел еседі.

Көктем келіп ауылға
қыз көрікті,
Таң-тамаша дүние
жүзге еніпті.
Асқар ала таулардан асып әрі,
Аяз атаң барады мұз бөрікті.

Көктем, көктем!
Қыз-көктем ауылдағы!
Өлең-жыр, әзіл-күлкі –
ауыл маңы.
Тиянақ таппай ұшқан
көк көбелек,
Көк гүлге қонды-дағы
дамылдады…

– Ой, пәлі, бұл менің ертеректе шығарғаным ғой, – деді Мұқағали, риза кейіппен.
– Иә, аға, «Армысыңдар, дос­тар» атты жинағыңызға енген жырларыңыздың бірі, – деп, жас жігіт білімпаздығын байқатты.
– Ендеше, мен сиясы кеуіп үлгермеген жырымның бірін оқып берейін, –деді Мұқағали.
Батар күн,
Келер түн,
Атар таң,
Шығар күн,
Бәріңе, бәріңе, бәріңе құмармын!
Осы мен, осылай
мәңгілік тұрармын,
Осы мен, сірә да,
өлмейтін шығармын!

Жақындық сеземін –
Жерден де, аспаннан,
Жылылық сезінем –
Мұздардан, тастардан.
Өмірім, сірә да,
әріден басталған,
Әріден басталып,
мәңгіге тасталған.

Осы, мен, өлмейтін,
өлмейтін шығармын,
Сәл ғана мызғып ап,
қайтадан тұрармын…
– Мына өлеңіңіз терең мағына­лы, философиялық өлең екен, – деді жас жігіт, ойлы жүзбен.
– Иә, әркім өз шама-шарқын­ша пайымдайды, – деді, Мұқағали да байыптап. Артынша әлдене есіне түскендей, жаңа танысына бұрылып қарады. – Айтпақшы, сен баланың жөніңді сұрамаппыз ғой. Атың кім, қалқам?
– Ой, аға, кешіріңіздер, өзімді таныстырмаппын. Атым – Бекен, ҚазМУ-дің екінші курс студентімін. Филфакта оқимын.
– Өй, айналайын, өркенің өс­сін! Бәсе, әдебиеттің жас талап­кері екенің көрініп тұр. Қай жақ­тың баласысың?
– Қаскелеңненмін, аға.
– Қаскелең? Мұқағали ылдым-жылдым жуынуға кірісіп кет­кен Тоқашқа қарады. – Тоқа, есіңде бар ма, марқұм Төлеген Қас­келеңде тұрушы еді ғой? Бірер мәрте үйінде де болдық?..
– Иә-ә, оның о дүниеге аттан­ғанына екі жылдан асыпты ғой, – деді Тоқаш, қолындағы жөкесін суға малып тұрып.
– Тым жас-ақ кетті өмірден, – деп, Мұқағали басын шайқап қойды да, сөзін жалғады. – Артында шиеттей бес баласы қалды. Бірақ Үрниса ақылды әйел ғой, оларды жетімсіретпей, бағып-қағып, жеткізеді деп ойлаймын. Төлештің жылын бергенде айтқан бір әңгімесі есімде. Ертеректе ол Төлешке өлеңді қоюға өтініш жасапты. «Сонда біз қабырғамыз майланып, ауқатты өмір сүрер едік», – деп уәж айтқан ғой. Ақынға «өлеңіңді қой» дегеннен артық қорлық болар ма?! Ай, бірақ Төлеш те сырбаз емес пе, «мақұл-ақ» депті. Ертеңіне Үрнисаның үстелдің үстінде жатқан қағазға көзі түседі. Оқыса, сұмдық өлең екен. Қай өлеңі екенін айтқан жоқ. Төлештің бар өлеңі сұмдық қой түсінген адамға! Содан Төлеш кешке келгенде, одан кешірім сұра­ғандай: «Төке, байымасақ байы­майық, өлеңіңді жаза бер», – депті. Үрнисаның сұңғылалығына разы болдық сонда. Біз оған Тө­леш­тің мұрасына иелік етуін тіледік…
Мұқағали Бекенге мойын бұрды.
– Сен баланың Төлеген ағаң­ның поэзиясынан хабарың бар ма?
– Өй, аға, Төлеген Айбергенов жастардың сүйікті ақыны ғой. Төкеңнің сөзімен айтсам, оны «сүймеу не деген масқаралық».
О, адамдар, біргемін мен
сендермен,
Ықыласыңа ешнәрсені
теңгермен.
Сендер менің бақытымның
бұлағы,
Сендер менің дарыныма
жел берген.

Өздеріңмен өмір шыңын
бірге астым,
Жарты құртты бөліп жедім, сырластым.
Дүниеге келгенім жоқ
шет жүріп,
Рақатын ойлау үшін бір бастың.

Гүлстанға айналдырған
тақырды
Болат қолдар, алғыр милар
ақылды,
Сүйемін мен, сүйемін
мен сендерді,
Алар демім қалғанынша ақырғы.

Менің үшін бірдей тілің,
жынысың,
Көбің ана, көбің аға-інісің.
Достық өскен,
ерлік өскен ортаңа
Енген сайын кеңи түсер
тынысым.

Не кездессе – өздеріңмен
көрмекпін,
Қарапайым адамдары еңбектің.
Барлығын да бағыштар ем
сендерге,
Махаббатын маған берсе
жер-көктің.

Қолыңнан қала тұрса,
тас қаланып,
Құдіретіңе табынса аспан алып.
Сен жасаған бақытты
көріп тұрып,
Сені сүймеу – не деген масқаралық.

Алдымнан көрген емес
жол кесіліп,
Келемін демеуіңмен өрге шығып.
О, адамдар, ғапу ет,
шалыс бассам,
Кешіріңдер,
Менікі пендешілік.
Мұқағали риза болған кейіп­пен Бекеннің қолын қысып, То­қашқа сынай қарады.
– Тоқа, мына бала жарады, бата­сын беру керек. Филфакты бекерден-бекер қаламағаны көрініп тұр. Тоқа, сен де бір жырыңды ініңе арнап оқып берсеңші, кейінгі ұрпақ­қа айта жүрер…
Тоқаш мырс күлді. Ащылау бірдеңе айтқысы келгендей оқ­талды да, Бекен жаққа бір қа­рап: «Қой, Мұқаш, менің ондай артис­тігімнің жоқтығын білесің ғой. Жүр одан да парға барайық», – деді. Содан соң сыпырғысын судан шығарып, сілкіп-сілкіп жіберді де, бу бөлмесіне тартты. Мұқағали оның сыртынан бақылай қарап, басын шайқады. Артынша Бекенге бұрылып: «Қалқам, жүр, буланып қайтамыз ба?» – деп сұ­рады. «Аға, сіз бара беріңіз, мен суға шайынып алайын, соңыра барам», – деді ол.
Бу бөлмесінде адам көп екен. Шарт-шұрт еткен дыбыстан, дабыр-дұбыр дауыстан құлақ тұнады. Кәнігі моншашылар сы­пыр­ғыларын ұршықша үйіреді. Буды аямай қосыпты.
Мұқағали тұман ішінде адасып жүргендей бос орын іздеді. Төменгі жақтан бостау жерге жайғасты. Біреу ығысқандай болды.
– Мұқашпысың ба, ей?!. – деп, гүр ете қалды.
– Өй, Әнеш?!. Гулливерім сол менің. Түйедей боп отырған кім десем?.. Мұқағали қарқылдап күлді. – Жолыққан жерімізді қарашы, қызталақ!..
– Е, «көрген жерде ауыл бар» демей ме? Әсет ініміз екеуміз кеп қалдық тағы да. Өзі моншашыл. Мені моншаға үйреткен сол. «Әнаға, кеттік моншаға», – деп сүйрей жөнеледі…
– Өзі қайда, көрінбейді ғой?
– Жоғарыда отыр. Оған мына буың түк емес, былқ етпей, сағаттап отыра береді. «Бауырға жақсы», – деп қояды…
– Біздер Тоқаш екеуміз келгенбіз. Ол қатпаң да буға құмар. Жаңа ғана кіріп кеткен еді, жоғарыға зып берді ғой деймін…
– Мен ұзақ отыруға шыдай алмаймын. Қазір шығып, залға барам. Сыраға қалайсың, Мұқа?..
– Сыраға жоқпын, Әнеш. Ме­нің әдетім – бір үлкен дүниеге кірісерде, моншаға келіп, тазаланып аламын да, татып алмаймын…
– Ә, жақсы онда, Мұқа, мен шығайын…
Әнуарбекпен де, Әсетпен де көптен бері көріспеп еді. Әрі жерлес, әрі ағалы-інілі дерліктей екеуі жұп жазбай жүр екен ғой…
Әнуарбекпен алғаш таныс­қан­да, өзінен де дәу адам­ның тұлғасы­на таңғалғаны бар. «Лилипуттар еліндегі Гулливер», – деп әзілдеп ат қойған. «Балалар жазушысы» дегенге меңзегені. Балабақшаға барып, балалардың мінез-құлқын бақылайды екен. Соны айтқаны. Оған Әнуарбек ренжіген жоқ. «Әй, Мұқаш-ай, ат қойғышсың сен», – деп, алып денесін селкілдетіп, күліп алды. Әнуарбектің осы лақап аты жұртқа тез-ақ тарап кетті…
Әнуарбек бірде «менің өлеңде­рімнің кейіпкері – осы Әсет», – деп, Әсет Бейсеуовпен таныстырды. «Қалжыңы ма?» деп ойлаған. Шыны сол екен. Таныстарының есімін бала кейіпкерлеріне таңуға шебер-ақ. «Бәріміз де бір кезде бала болған жоқпыз ба?» – деп, жымиып күледі. «Рас-ау, бала болдық қой бәріміз:
Асау тайлақ, ақтайлақ,
Мініп келем қақпайлап.
Желеді ол тайраңдап,
Жұрт қарайды қайран қап, – деп, шауып жүргенбіз».
Мұқағали ойға шомып отыр. «Енді, міне, қырықтың қырқасына да шығыппыз. Зымыраған уақыт-ай десейші… Әй, осы Әнеш менімен түйдей құрдас емес пе? Ұмыт­пасам, күз айларында туған болса керек…»

Көктем кетті, күз, міне,
жуықтады,
Бармысыңдар, бауырлар,
қырықтағы?
Бәрің тірі қалдың ба, қарығанда
Қырқыншы жылдардың
суықтары?
Туылып ек айлар сап арамызға,
Айлар салып, әріге барамыз ба?!
Бұйырмасын, түсінсем, осы
біздер,
Шыныменен біреуге ағамыз ба?!

Кеше еді ғой, Құдай-ай,
кеше еді ғой,
Дүйсенбінің,
Мына дәу, шешегі ғой!..
Осы кезде ойын жоғарғы жақ­тан шыққан біреудің айқайы бөліп жіберді.
– Мужики, чо, если вертолет устроим?!.
– Давай, давай, чо спрашивать? – деп қостады оны біреу.
– Ну, если никто не против…
«Вертолёт» дегенді Мұқағали біледі. Сүлгінің бір ұшын түйіндеп алып, басынан асыра айналдырып, буды айдайды. Сонда төбедегі ыстық ауаның бәрі төменге лап беріп, құтырған құйынша құлдилайды. Шыдап көр сосын…
Булы құйын арқасын қарып түскен алғашқы сәтіне әрең шыдаған бұл орнынан атып тұрды. «Қой, құрысын, «вертолётіңе» рахмет!» – деп күліп, бу бөлмесінен шығып кетті.
Демалыс болғасын ба, адам көп екен. Біреуі кіріп, біреуі шығып жатыр. Кең залдың ішінде қатар-қатар тұрған биік шкафтардың қасындағы ұзын сәкілерде отырып демалып жатқандар көп емес. Кейбіреулері етбетінен түсіп, жатып алыпты. Сыра ішіп отырғандары да бар.
Солардың ара-арасымен жүріп жалғыз отырған Әнуарбекті тез-ақ тауып алды. Мол денесін қалай жасырарын білмегендей, баланың жаялығындай сүлгіні әрі-бері тартқылап қояды.
– Әнеш, Рәбиға қалай, балалар аман ба?
– Ә, Мұқаш, жақсы бәрі. Кел, отыр, – деп, Әнуарбек қасынан орын нұсқады. – Өздерің қалайсыңдар? Үй-іштерің аман-есен, денсаулықтың арқасында шапқылап жүрсіңдер ме? Келмей кеттіңдер ғой үйге? Таныс, жора-жолдастар сұрап қояды. Шығармашылыққа қатты беріліп, қол тимей жүр ме?
– Соңғы кездері аударма­шылыққа аңсарым ауып кетті, Әнеш. Уолт Уитменнің «Шөп жапы­рақтарын» шығардым. Шекс­пирдің «Сонеттерін» аударып бердім. Енді Дантенің «Құдіретті комедиясы» мазалап жүр. Шынымды айтсам, Дантемен «ауырғаныма» біраз болды. Оған кірісе алмай, көп жүрдім. Уитмен мен Шекспир дайындық іспетті болды. Басты жұмыс – «Құдіретті комедия». Оны аудару тау қопарумен бірдей. «Божес­твенная» деген сөздің баламасын әрең таптым, қызталақ…
– Ойпырмай, аударманың соң­ына қатты түсіпсің ғой, Мұқа. Өзің аударған Уолт Уитменнің «Шөп жапырақтары» мен Шекспирдің «Сонеттерін» сатып алғам. Мен аудармаларды жіті қадағалап жүрем. Өзің білесің, мен де тиіп-қашып аудармамен айналысамын ғой. Дантеге кірісер болсаң, жүрек жұтқаның. Менің ондайға жүрегім дауаламас еді…
– Қайтеміз енді, Әнеш. Данте мазамды алып бітті…
– Иә, Мұқа, ақын деген сондай халықпыз. Өз жанымызды жейміз…
Кенет Мұқағали анадай жерде тұрған Бекенді байқап қалды. Кетуге жиналғандай киініп алыпты. Бұлардың қасына келуге батпай тұрған сияқты.
– Оу, Бекен, мұнда кел, состимай. Мына Әнуарбек Дүйсенбиев деген ақын ағаңмен таныстырайын.
Әнуарбек басын көтеріп: «Бұл қай бала?» – деп сұрады.
– Әнеш, Бекен деген студент бала бұл. Байқауымызша, әдебиетке жұғымы бар сияқты…
Бекен «жұғымы бар» дегенді дәлелдегісі келгендей, лып ете қалды.
– Әнуарбек аға, мен сіздің бір өлеңіңізді оқып берейін…

Зеңгір көктен
Нұрын төккен,
Ортақ біздің күніміз.
Жайнап өскен,
Жайдары өскен
Біз – өмірдің гүліміз.

Бал достыққа,
Жолдастыққа
Шақырады әніміз.
Тыныштықта,
Нұр құшақта
Бақыттымыз бәріміз…

Әнуарбек «ой, айналайын!» – деп, жадырай күліп, оның қолын алды. Бекеннің нәзік саусақтары оның күректей алақанына күмп берді.
– Өз өлеңдерің бар ма, қалқам, оқысаңшы, – деп, Әнуарбек қолқа салды. Бекен, аққұба жүзі қызара түсіп, басын шайқады.
– Ой, жоқ, аға, сіздердей ақын ағалардың қасында шатты-бұт­ты ұйқас қуалап жүргендердің «ақынмын» деуге қалай дәті барады? Мен әдебиетші атансам да, соның өзін үлкен жауапкершілік санаймын…
– «Сөз тапқанға қолқа жоқ». Әне, көрдің бе, Әнеш, «арық сөйлеп, семіз шық» деген, мына баладан түбінде бірдеңе шығады, бәтшағар!..
– Ой, айналайын, өркенің өссін!..
Дуылдасып отырғанда, Әсет те келіп қапты. Қолындағы сыпырғысын тастай сала, құшағын жайып, әндете келді.

Көрмегелі айлар өтті,
Жұлдыз бардым, ай бардым…

Мұқағали да орнынан тұрып, оған қосыла кетті.

Ерке назың қайда кетті,
Қабағыңнан айналдым…

Әннің қайырмасына келгенде, Әнуарбек те қосылды.
Жаралғандай сағыныштан
Қайда сенің жақсы әнің?!
Жүрегімді жарып ұшқан
Дауысыңды аңсадым!..

Монша залын басына көтерген үшеуіне Бекен қызыға қарап қалды. «Қандай жарасымды достар кездесуі!» – деп ойлады ол…
Амандық-саулықтан соң Әсет: «Мұқа, мына кездесуді атап өтейік», – деп ұсыныс айтты. Мұқағали басын шайқап: «Жоқ, Әсетжан, айналайын, көңіліңе рақмет. Мен өзіме серт берген адаммын. Мына Әнеш біледі. Кейін бір сәті түсер. Бүгін мүшәйра да болды, ән кеші де өтті. Осы тойғанымызбен қайтайық», – деді. Әсет оған таңдана қарады да: «Мақұл, Мұқаш, қалауың білсін, біздікі көңіл ғой», – деп, маржандай ақ тістерін көрсете жымиды. Әнеш те басын шұлғып-шұлғып қойды: «Әй, расында да, «шығармашылық адамы ішпесе, шабыты келмейді», – деген былшыл сөз. Іше берсек, байғұс шабыт құсы да алқаш боп кетпей ме?» Оның сөзіне бәрі ду күлді.
Қоштасарда Мұқағали: «Үй-ішке сәлем айтыңдар. Айтқандай, көре қалсаңдар, Оспанхан дәуге де менен дұғай-дұғай сәлем ай­тыңдар», – деді көтеріңкі көңілмен.
Ыңылдай жүріп, жуыну залына қайта кірді. Манағы орнына келсе, Тоқаштың заттары көрінбейді. «Е, күтпей кетіп қалған екен ғой», – деп ойлады. Жұрттың қатары сирей бастапты. Бұл да тездетіп шайынып шықты.
Киімін ілген шкафқа жақындай бере, сәкіде отырған Тоқашты бай­қады. Түрси, мәйкісін киіп алған. Қабағы қатуланып, қолын­дағы блокнотына бір, төбеге бір қарап қояды. Ештеңені елең қылар емес. «Сабазың күй талғамайды өзі, бұрқыратып жаза береді, бәтшағар», – деді іштей. Оның ойын бұзбайын деп, үндеместен киініп алды да, Тоқашқа «мен кеттім» дегенді ыммен білдірді. Ол қаламсабын тісінің арасына қыстырды да, қолын созып, «түсіндім, жақсы» дегендей, басын изеді. Мұқағали да қол алысып, қоштасты да, бұрылып алып, жөнелді.
Сыртқа шыққасын кеудесін кере дем алды. Кешкі қоңыр салқын күздің келгенін паш еткендей. Тіліне ғажайып жыр жолы өзінен-өзі келе қалды. «Келіп қапты-ау сағыныштай сап-сары ала арман-күз…»

ПІКІРЛЕР2
Аноним 04.09.2019 | 12:41

осы неменин отиригине де сенсиндер мн

Аноним 04.09.2019 | 12:43

жылпос к… асаганкызылборик

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір