МАРКЕС ЖАЛҒЫЗДЫҚТЫҢ ҚАСІРЕТІНЕ ҮҢІЛЕДІ
21.08.2019
1449
0

Несіпбек ДӘУТАЙҰЛЫ,
жазушы

Жақсы шығарма адамның ойына қозғау салады. Конфуций де: «Ойланбай оқу – құр еңбек», – депті. Егер оқырман қандай да бір кітапты оқығаннан кейін оймақтай болса да ой түйе білсе, мұны үштік жеңіске бағалауға болады: жазушының жан дүниесін жарып шыққан шығарма да, оқушысына әсер ете білген қаламгер де, туындыны көз майын тауысып, сезініп оқи білген оқырман да – жеңімпаз. Сосын жақсы шығарма ұлт талғамайды. Әр оқырманның өз жазушысы болады. Өйткені әдебиет – әлемге ортақ қазына. «Талғам-таразы» айдарының бүгінгі «оқырманы» – жазушы Несіпбек Дәутайұлының ой-толғамы да осыған саяды. Ал өткен нөмірден бастау алған сауалнамамыздың сұрақтары мынадай:
Жиі оқитын жазушыңыз кім? Ол өзге қаламгерлерден несімен ерекшеленеді?
Сіз үшін жазушының шоқтығы биік шығармасы қайсы?

1. Төрт құбылада жарық көрген көркем шығармаларды азды-көпті оқыдық қой. Таң қалдыратын жазушылар, әрине, қай жақта да төбе көрсетеді. Солардың бірі –
Габриэль Гарсиа Маркес. Өзінің «Жүз жылдық жалғыздық» романымен алақандай Колумбияның даңқын шығарды. ХХ ғасыр­дың екінші жартысының сурет­кері әлемге оның «екінші бетін» көрсетіп, адамзаттың алдына үлкен сұрақ белгісін қоя білді.
Кейбір жағдайда, таң қалатыным, Маркестің балалық шағы осы ауылда туған бізге ұқсастау. Хатты 8 жасында таныған. Ең алғаш оқығаны – «Мың бір түн». Осы экзотикалық ертегіге әбден елтіген ол ақыр соңында Библиядан бастап адамзаттың бүкіл тарихын оқып шығады. Соның ішінде иесіз үйден тауып алған жұмбақ хат оның «Жүз жылдық жалғыздық» романының кілтіне айналды. Осы орайда, қандай да ұлы жазушы өзге бір ұлы жазушының тарих сахнасына шығуына септігін тигізеді. Бірде Маркес Кафканың «Құбылу» («Прев­ращение») деген шығармасын оқып қалады. Одан алған әсерін қай жерде де қайталап айтып жүреді. «Сайтан алғыр – деді өзіне өзі, – менің әжем де осыны айтып отырмайтын ба еді, демек, осылай да жазуға болады екен ғой, «Мың бір түндегідей» шөлмектің аузынан жын шығара алса, Кафка да солай ете білсе, оны әдебиет десек, онда мен де осылай жазамын».
Бір назар аударатыны, жазушы өз шығармаларында ауызша айтылатын әңгіме формасын пайдаланады. Қиялы мен қисыны шындық пен елестің біртұтас кеңістігімен көркемдік құпияларын құлпыртып әкетеді.

2. «Полковникке ешкім хат жазбайды», «Патриархтың күзі» және басқа да көлемді шығармалары, әңгімелері – концептуалдық жетістігі тұрғысынан кемел. Оның «Кеме сыртында қалған адамның әңгімесі» дейтін әдеби өңделген, матростың монологына құрылған дүниесі бар. Жан әлеміңді шайқайды. Қарапайым адам тағдыры қаныңды қыздырады. Қоғамның қоясын қазып айтқан протестік дабыл болғандықтан, қоғамында айғай-шу туғызған. Біздің қайсымыз сөйте алып жүрміз?!
Маркес жалпыадамзаттық өмір сүру салтының бұзылмауын көксейді. Соның ішінде Жалғыздықтың қасіретіне үңіледі. Оның жеке адамда да, тұтастай қоғамда да болмауын ескертіп бағады. Біздің ата-бабамыз «Жалғыздық Құдайға ғана жарасқан» дегенді бекер айтпаған екен. Басқаша айтқанда, қайсыбір замандарда жалғыздықтың жаманаты есті қоғамның жадынан шықпаған. Жанын жеген. Маркес адамның ішкі жалғыздығына терең үңілді. Ішкі жалғыздық кімді де аударып-төңкеріп әкетеді. Жалғыздану адамның алғашқы арман-мақсатын айналып өтіп, азғындай бастайды. Түңілудің түкпір-түкпіріне түсіріп, түйсігінің түте-түтесін шығарып түтіп жейді. Қазақ мұны «сырты бүтін, іші түтін» дейді. Егер осы қоғамдық қасіретке айналып кетсе, күллі адамзаттың болашағы не болады? Колумбиялық жазушының осы жанайқайы күллі дүние адамдарының, соның ішінде біздің де санамызға жетіп жатса, Маркестің даралығына, кемел­денген әдебиеттің көркем құдіретіне құлай жығылмай қайтесің? Өзіңде жоқты өзгеден көрсең, таң қалсаң, соған жақындай түсуді арман етсең, өз әдебиетіміз де күндердің күнінде өзгені таң қалдырар деп ойлаймын және соған соңғы буын жетер деп сенемін.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір