Гёте аралы
19.08.2019
1283
0

Соңғы айларда «ізденіс» атты кемеміздің басын Шығыс мұхитына бұрғанбыз. Фирдоуси жағалауынан жүзіп шығып, Низами аралына түсіп, Рудаки, Руми, Аттар түбегіне бой шалдырғалы ми ішінде лава алауы тасқындап, түйсікте жаңа құрлық ашылуда. Әсіресе, кемеміздің басы әйгілі Хафизға келгенде жүрек атқақтап, бір дүлейге тап болғанымыз хақ-ты. 

Хафиз жырларын жай оқып қана қоюды әбестік көріп, жаттауға бейіл бердік. Жүрек кесесіне рахим шарабын құюға асыққан сабаздың ойнақы тілі тіпті керемет. Бала күннен медресе оқып, мұсылмандық ілім-білімнен аздап хабардар болғанның пайдасы тиді. Хакім Абайдың неліктен Шығыс шайырларынан ағынан жарыла медет тілегені белгілі болды. Аз-маз сөз шығаруымыздың негізгі мақсұты бұл емес, алып кемеміздің кенеттен ғажайып Аралға бұрылуы еді.
Бұл – Гёте аралы. Еуропаны терең ойымен естанды қылған Гёте. Энгельсше айтсақ, «кейде орасан зор ұлы ақын, кейде жұпыны, кейде дүниеге пысқырмайтын, бас имейтін тәкаппар данышпан, кейде сақ, баршаға разы» – Иоганн Вольфганг фон Гёте. «Мені патшалықтар мен тақтардың ойрандалуы емес, қарапайым шаруаның құжырасы өртенгені қынжылтады», – деп күңіренетін Гёте.
Әңгімеміз ақынның ислам дініне қатысы хақында болмақ.
Бозбала Гётенің ерте кезден-ақ Шы­ғысты зерттеуге аңсары ауды. Алайда әкесі ұлының заңгер болуын қалайды. Әке тілегіне қарсы келе алмаған  ол 16 жасында Лейпциг университетінің заң факультетіне оқуға барады. Көп ұзамай жұтынған дерттің салдарынан үйіне оралып, оқуын бірнеше жылдан соң Страсбургте тәмамдайды. Осы жылдар ішінде ақын өзінің Шығысқа әм оның мәдениеті мен дәстүріне деген қызығушылығын  бір мысқал жоғалтқан емес. 1814-1815 жылдары өзінің «Диванын» жазарда,  арнайы шығыстанушы ғалымдар Паулюс, Лорсбах, Козегартен арқылы араб тілін меңгерумен терең айналыса бастайды. Ақын адамзатты осы әлемді Жаратушының құлы ретінде санады. Айнымас сенімді адам тіршілігінен, исламға мойынсұнудан тапты. Бұл жайлы өзі де әлденеше рет айтты, «Батыс-Шығыс Диванында» жазды. Ұлы ақын өміріндегі ерек бетбұрысты өзге тарихи құжаттардан да байқауға болады.
Шығыс мұнарасын темірқазық ете отырып жазған «Батыс-Шығыс Диваны» жайлы өз очерктерінде: «Жалғыз Аллаға деген сенім әрқашан рухты жоғары көтереді», – дейді. Алланы мойындап, оған мойынсұна отыра: «Міне, өзім мұсылмандықты танып, Алланың 99 есімін айтып, Алла атымен тасбих тартамын, бұл – ұлық ғибадат», – деп түйеді. Бір уақытта Жаратқанның бұлжымас бекіген заңын, оның мінсіз жаратылысын айтады, таңданып табынады, өлшеусіз кеңістігінен тыныштық табады. Мұның бәрінің кездейсоқтық әм жай ғана үйлесім екенін теріске шығарады. 1807 жылы Реймерге жазған хатында:  «…Терең сенімді, айрықша белгі мен сабақты адамға Алла береді. Адам өмірдің ерекше сәттерінде берілген күшті «кездейсоқтық» деп атайды, оның мәнісін білмейді. Сезіне алмайды… Бірақ бұл кездейсоқтық емес, Алла өзінің кеңдігін, құдіретін осындай ерекше жағдайлар арқылы танытады», – дейді.
1813 жылдың күзінде «Батыс-Шығыс Диванын» бастамас бұрын, бір неміс солдаты Испаниядан Қасиетті Құранның 114-«Ан-Нас» сүресі жазылған ескі араб қолжазбасын  алып келеді. Кейін өзінің иендік ұстазының жетекшілігімен оны көшіріп алып, сүрені тәпсірлеуге тырысады. Ақын мұны ылғи да өзіне келген Жаратқанның белгісі есебінде санайды. Жаратушыдан жеткен және бір белгісі – 1814 жылы қаңтарда болған оқиға. Ол белгі – ақынның жергілікті орыс армиясында қызмет ететін башқұрт мұсылмандарының намазына баруы еді. Ғибадат Веймардың протестандық гимназиясында өтті. «Саған бұдан бұрын айтпаған пайғамбарлық жөнінде айтуға тиіспін, бүгін бір оқиға болды, – дейді  1814 жылы 5 қаңтарда Требурге жазған хатында. – Бұрын, тіпті Пайғамбарларға да айтуға тиым салынған дүниелер бүгінде ашықтан-ашық болып жатыр. Біздің протестандық гимназияда Құдайға құлшылық жасалып, Құран сүрелері оқылады деп кім ойлапты?! Бір ғажабы, бәрі нақ осылай өтті, біз башқұрттардың ғибадатына қатыстық, олардың молдасын көрдік, кінәздарын театрда қарсы алдық. Маған естелікке садақ пен жебе сыйланды, оны бөлмемнің қабырғасына іліп қойдым. Ал біздің кейбір ханымдарымызға, тіпті кітапханадан Құранның аудармасына тапсырыс берілді», – дейді.
Жыл өткен сайын Гётенің Құдайға деген сенімі беки түскенін «Дивандағы» мына бір өлеңінен аңғаруға болады.
Егер мені Алла құрт қылып жаратса,
мен адамзат табалдырығындағы
құрт болар едім…
Осы іспеттес ойларды ақынның «Эгмонт», «Поэзия және Шындық» сынды өзге де еңбектерінен көруге болады.
1820 жылы 20 қыркүйекте Цельтеруге жазған хатында өз өмірінен әсерлі мысал келтіреді. Жақын адамы Кристианның өлімінен соң, өзін бақытсыз сезініп, Марианна фон Виллемерге нақты үйлену мақсатымен үшінші рет барады. Алайда жолда ойда-жоқта күймесі сынады. Мұны жаман ырымға балап, алғашқы тілегінен бас тартады. Хатын аяқтай келе: «Сонымен, біз Исламда қалуға тиіспіз… Бұған басқа алып-қосарым жоқ», – деп қорытындылайды.
Алла адамға Пайғамбар арқылы уахи жібергеніне Гёте ыждаһатпен сенім білдірді. 1819 жылы Блюментальге жазған хатында «Ибрахим» сүресінің 4-ші аятын мысалға алып, өзінің Мұхаммед (с.ғ.с.) Алланың елшісі екендігіне көзі жеткенін айтады. Әрі «Батыс-Шығыс диванында»  Пайғамбардың ақыннан айырмашылығын жазып, оның хақ пайғамбарлығын растайды. «Ол – ақын емес, Пайғамбар, оның Құраны – адамдардың көңілін көтеру, жалпы ілімін жоғарылату үшін жазылған кітап емес, бұл – ұлы заң», – дейді.
«Мұхаммед» өлеңінде Пайғамба­рымызды рухани күш алған сайын арнасы кеңіп, алып мұхитқа айналатын бұлаққа және Жаратқанның құдіретін әйгілейтін символға теңейді. 1816 жылы 27 қаңтарда «Жаратылғандардың ұлығы – Мұхаммед (с.ғ.с.)», – деп жазады.
«Дивандағы» бір өлеңінде ақын хрис­­тиан­дық түсінікке ашық қарсы­лық танытып, Мұхаммедтің (с.ғ.с.) елшілігін оған қарсы дәлел етеді. Өлеңнің жолма-жол аудар­ма­сына назар салалық:
Пәк (таза) Иисус тек жалғыз Құдайға ғана бағынды,
Иисусты Құдайдай жоғарылатқаны – Құдайды қорлағаны.
Бүкіл әлемді мойынұсынуға (құлшы­лыққа) шақырған,
Мұхаммедтің бізге жеткізген ақиқаты жарқырасын!
Ұлы ақын 70 жасқа толар жылы, Пайғамбарымызға Құран түскен ғажайып түнді ерекше атап өтетіні туралы жазады. «Ешкім бұл ұлы кітаптың әсеріне күмәнданбайды. Ол адам қолымен жасал­маған дүние екенін білгендіктен, оны мойындайды. Бұл кітап – мәңгілік күш пен қуаттың қайнар көзі ретінде қала бермек».
1771-1772 жылдары Құранды зерттеудің айқын нәтижесі саналған «Батыс-Шығыс Диванының» қолжазбалары әлі күнге дейін Веймардағы Гёте мен Шиллердің архивінде сақтаулы тұрғаны сөзімізге тұздық болмақ және ақын Құранның немісше аудармасын оқығанына Шиллер мен оның әйелі куә болған.
Гёте Құранның Ұлылығы мен үйлесім­ділігіне, оның терең пәлсапасына таңыр­қаумен өтті. Дүниенің жаратылысына ерекше көңіл бөлді. Құран аяттарынан жекелей аударма жасады. «Біз Алланың ұлылығын кішкене заттардан да байқауымыз керек», – дей келе, «Бақара» сүресінің 26-шы аятындағы масаның тәмсілін мысалға келтіреді. Қасиетті Құранның латынша, ағылшынша, немісше, французша аудармаларынан үнемі кемшіліктер тауып, жаңа аударма іздеуден жалықпай, ілімін қапысыз таныды. «Батыс-Шығыс Диванының» бір бөлімінде:
Құран ғасырдан пайда болды ма?
Ұға алар емеспін.
Шынайы мұсылман ретінде,
Құранды – кітаптардың кітабы санаймын, – дейді.
Ақын араб тілі оқулықтарын, өлең кітаптарын, Руми, Жәми, Хафиз, Сағди, Аттар қолжазбаларының араб тіліндегі нұсқасын, қасиетті Құранның тәпсірлерін, фикх сұрақтарына арналған материалдарды мұқият зерттеумен қатар терең түсіне білді. Зерделей білді. Хафиздің ақындық қуатына басын иді. Таңдай қақты. «Хафизге» атты өлеңінде былай дейді:
Қайран Хафиз!
қайтіп саған тең келем?
Мынау неткен сандырақ!
Ұшқыр қайық шырқар құстай желменен,
Айдын жарып жарқырап.
…Жайнашы таң, құдіретті пішінде,
Медет берші маған да.
Елестейді жарқын өлке түсімде,
Құмармын ол ғаламға!.. 
(Қ.Бекхожин аудармасы).
Гёте – қаншама жүректің Құдайды тануға деген тілегін оятты. Жолын ашты. Ертедегі мұсылмандардың бай кітапханасы қордаланған Андалусядағы (Испания) көне қолжазбаларды мейлінше көп пайдаланды.
Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың миссия­сын жан жүрегімен түсініп, қал-қадірінше жалғай білді. Мұсылмандар арасында Мұхаммед Иоганн Гёте болып  танылды. Ал сом тұлғаға бітпес қазына сыйлаған Шығыс шайырларының мол шәрбаты жайлы әңгімеміз мұнымен бітпек емес.

Батырхан СӘРСЕНХАН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір