Жалғасы бар ұтыс
Мағрипа Жылқыбаева,
физика-математика ғылымдарының
кандидаты, доцент
Сықақшы, физик Мағрипа Жылқыбаева найза қадар нысанын арыдан барлайды. Қай буын, қай салада болса да жаңаның ескіні есін тандыра есіктен қуып шығатынын астарлы сарказммен бере біледі. Қоғамда болып жатқан әлеуметтік өзгерістерді де тігісін айқын көрсетіп баяндайды. Билік басындағылардың уақыт тепкісіне орай ырғалатын ауыспалы тыныс-тіршілігі де ащы тілмен топшыланады.
Екі мысал әңгіменің де оқырманды ойға жетелер тұстары мол.
Түрі құлпырған текемет төр алдында керіліп жатып, жылдар бойы бөлменің сәні болған-ды. Оның бойындағы марқа күземіне тән жанға жайлы жылылықтың, табанға тиер жұмсақтық пен пісіру кезіндегі илеуі қанған ширақтықтың әлі де болса, талай жылды артқа тастар қоры мол екенін жұрт жақсы білетін. Соған қарамай, «Бұл неге төр алдына жабысып қалған?» – деп, қызғанушылар да әр жерден қылтиып көріне бастады. Күншілдікке көбелек құрлы қарамайтын нәркес текемет жанашырлардың ескертуін қысыр сөз деп білген. Ғұмыр солай өте берер ме еді, кім біледі, егер дүниеге жаңа палас келмегенде.
Паластың мүлік санатына қосылғалы бергі мақсаты тек төрден орын алу-тын. Өзі тәрізді жасанды талшықтан тоқылған сәнді бұйымдардың тіршілікке мол араласуы бұл жолда паласқа үлкен сүйеу болған-ды. Төрден өзін тапжылмас санаған қамсыз текемет шуақты күндер өткізіп, аяз лебі соққанда барып мәселеге мән беріп, паласты босағадан аттатпауға қамданды. Жылан жүрісті айқастар ұзаққа созылды.
Орын үшін таласта текеметпен тіреске тікелей кіріспей, Палас өрге жылжудың өзгелерге белгісіз, өзінің болмысына ғана тән ұтымды жолдарын іздеді. Жайнаған түрін көрер көзге көлденең тартып, сәті келген кездерде текеметтің табиғилығын кемістік деп бадырайтты. Орайын тауып, бірде жібінің жылтырлығын, бірде шаң жұқпастығын бетке ұстаған. Сол соқпақпен оның талай белестен аман өтіп алғанын өзгелер байқамай да қалған еді.
Қанша айтқанмен, пысықтың жөні бөлек қой.
Қызыл көздердің құртына айналған палас түріне қызығатындардың санын сағат санап көбейтті. Ал ыстық болса балқып, суық болса қоқиып қатып қалатынын және шаңын қағуға келгенде сіресіп, бедірейе қалатын мінезін тірі жанға сездірмеген. Онсыз да толып жатқан кемшіліктер паластың бойында қат-қабат еді. Дегенмен кем-кетігін шеберлікпен жасыра білу де әркімнің қолынан келе бермес іс емес пе? Паластың төрге өрлеген «талантының» көзі де содан десек қателеспеспіз.
Жайлы орнынан жылжи қою кім-кімге де оңай дерсің. Екі жақтың тартыстары аурудай созылып кеткенде текеметтің бар мүмкіндігі сарқылып тынған. Жаңаның аты жаңа, көрер көзге ілінгіш-ақ. Әріне сеніп, есіктен ентелей енген паластың екпініне төтеп бере алмаған текемет ақырында төрден төмен ығысуға мәжбүр болды. Құны ылдиға құлдырағандағы дәрменсіздікті бұл жалғанда ешкімнің басына бермесін. Әрден айрылған текемет босағаға қарай жылжып бара жатып, әлі де болса, әлсіз үмітпен, өзін қимас ескі көздерді іздеді. Бұған қадалған көп көздің ішінде бәрі де бар еді: «Қап, байқұс-ай!» деген аяушылық пен «Бізге жайлы еді» деген қимастық та, «өзіңе де сол керек» деп табалау мен «Құтылғанымыз жақсы болды-ау» деген қуаныштар да араласты.
Жемісі мол қызықты жылдарда етене жақын болып, үйлесіп келген үй мүліктерінен табан сәтте медет болар бір сабақ жіпке де зар болған Текемет: «Апырым-ай, құның кетсе, қасыңнан басы артық суыртпақ та табылмай қалады екен ғой», – деп ойлады. «Қарашы, анау үй жиһаздарын, бәрі түгел паластың төңірегіне жиналып, лезде жарастық таба қалғанын».
Қолы жеткеннің үйіне, жетпегеннің түсіне кіріп, жұртты өзіне өзеуретіп, аспанға ұшып тұрған сәтті ұтымды пайдаланған Палас келе сала төрге жайғасты. Құны өрлеп, қолпаштаудан жетілген ол алдымен айналасын тазартуға кірісті. Текеметті «жөнсіз жұмсақ», – деп сынап, көп тапталатын босағадан да ығыстырып тастады. Алашаны «тым тықыр», – деп, табалдырықтың алдына қуды. «Ширақ», – деп сырмаққа да кінә артып, сырғытып сыртқа шығартты. Кілемге де күн сайын тыныштық бермеген соң ол қашып барып, қабырғаға жабысып күнін көрді.
Төрді жеке билеп, мәңгілік орынға мықтап қонған сәнді палас, аяқ астында шаңға батып, иленген текеметтің оңып кеткен түрінен ләззат алып, аса бір рахатқа бөленді. «Бірер жылдан соң бәлем күндерің бітіп, шіріндіге айналып, топыраққа сіңесің де, жоқ боласың», – деп, ол керіле түсті. Көптің көңілінен ығардай үстемдікке ұмтылған жақсы күндер бірімен бірі ауысып, палас талай асулардан аман өтіп үлгерді. Шарықтаудың өзіне сай шегіне де жетіп көрді. Өткен күндер өз белгісін қалдырмай кете алған ба? Мәңгілік боламын деген паластың да жылдардан соң шаң жұқпас жылтыр беті жырымдалып, түте-түтесі шықты. Уақыт жеткенде төрдегі орнын сәнге енген жаңа кілемге босатып берді де, ығысып, босағадан сыртқа шықты.
Кезінде жайнап шыққан палас та ақырында суға батпайтын, топыраққа сіңбейтін жасанды талшықтар дүниесінің қалдығы үйілген қоқыстар арасынан орын тепті. Сол жерде жатып сағымдай алыстаған қадыр-құнын ойға алды. Әділетсіздікпен өзі ығыстырып шығарған үй жиһаздары да қаздай тізіліп, көз алдынан көлбеңдеп кетер емес. Талас пен тартысқа толы босқа өткен күндер де елес беріп кетті. Ол ойланып отырып:
— Уақыттың әмірінің мықтысы-ай! Өзгеге не істесең, өзіңе сол қайтып оралады-ау! — деп, күбірледі өзінен-өзі. — Бұрын мұны маған неге ешкім ескертпеді екен, ә?
Күрессіз күнің жоқ
Шашымды жүре тарап, ернімді жолда бояп, ентіге басып, алакөбеңде аялдамаға келсем, жұрт қарағұрым. Тас лақтырсаң, жерге түспестей боп, сіресіп тұрған халық. Жақындаған автобустың есігіне құмырсқаша жабыла кетеді. Аяғы ілікпей қалғандары жалма-жан келесісіне жөңкіледі. Тозаңның арасында тырпылдап мен де жүремін.
Ара-арасында ентігіңді басатын сәттер де болып қалады. Сондай бір кезеңде қасымда тұрғанға көз салсам, алда байқұс-ай, асыққанда шала жапсырған ба, жоқ әлде есік үшін күресте біреудің жеңі іліп кеткен бе, әп-әдемі келіншектің оң көзінің кірпігі салбырап, көлденең тұр. Оның сол жағындағы торсық бет маған тіпті үкіше бажырая қарап қалыпты. «Әдіре қалғыр, кісі көрмеген неме ме өзі!» – деп сырт айналдым.
Мінеки, тағы да штурм басталды. Кинодағы Рейхстагты алғандай екпінмен бірден автобусқа лап қойдық. Есікке жеткенде буған жүктей кептеліп, сіресіп қалғанымыз. Оң жағымдағы ұзынтұра әйел алдымдағы танадай тәлпек танауды төбеден қойып жібергенде жұрт шиебөрідей шулап кетті. Шаштасып қалғандары да бар, төбелес майданына енді айнала бастағанда жүргізушінің ысқырығымен милиция келіп, ішке ендік-ау, әйтеуір.
Сыртта қалған біреу шифон етегінің шетін жұлып алып, жылап қалған әдемі келіншекті көргенде шыт көйлегімді түріп алып, күреске алдын-ала дайындалған сақтығыма қуанғаным-ай! Дарияда малтыған жүзгіштей-ақ, қос шынтақтың көмегімен алдымдағының бәрін итере, ентелей барып бір орынды бас салғаным сол еді, аяғы жерге тимей салбырап тұрған ба, біреу етпеттей келіп, үстіме сұлай кеткені. Іштен екі түйдім де, «чо» дегенде «мә» деп тұмсықтан бір періп, байқұстың бауырын жазғыздым ғой. Ондайға келгенде ширақтығым жетеді-ақ. Бет-аузым әйелдікі болғанымен, көп жыл бойы еркектің қызметін атқарып, бөрік киіп жүріп-тұрғанның өзі де кісіге ер азаматтың мінезін жұқтырады екен. Қазақ айтады ғой, «Сынықтан өзгенің бәрі жұғады» деп. Рас.
Түзде тұрмақ, үйде де өзімді еркектей сезінетін кездерім көп. Отағасы «а» деп аузын ашса, ұшып тұрып, жұдырық ала жүгіремін. Содан қаймығып-ақ, ол байқұс өзін пәс ұстайды қашанда. Шамаң келсе, еркекке иық асыртпау. Мен өзім октябренок жасымнан есе жібермеске бел будым. Пионер болғанымда «К борьбе за власть всегда готов», – деп, тақылдап тұратынмын. Одан әрі күрестер хикаясымен хат танып, шыңдала бердім шетінен. Бәрі де есімде. Алдымен меньшевиктер мен большевиктердің күресі болды. Одан соң ақтар мен қызылдардың, крестьяндар мен кулактардың, кедейлер мен байлардың, пролетариат пен буржуазияның, феодолизм мен социализмнің күресі өтті. Олардың арасында халық жауы атанған интеллигенциямен күрес те қоса жүріп жатты.
Социализмде өмір сүрген бәріміз бірігіп, фашизммен күресте жеңіске жетіп, қуанышын тойладық. Одан соң бұзылған дүниені қалпына келтіру үшін күрестік. Тыным көрмей миллиард пұт астық үшін алыстық. Өзгелер атақ пен даңқ, орден үшін таласып жүргенде, мен өзім кресло үшін күреске түстім. Іле түйе мен биені жойып, аналар мен балалардың бақытты болашағы үшін күрестік. Нәтижесі – ауыз толтырып айтарлықтай. Осы мерзім ішіндегі табысымыз сырқаттар санын 85 пайыздан асырып жібереді.
СПИД-пен күреске түскенге дейінгі екі арада сәл тыныстап, үзіліс жасап, табиғатпен алыстық. Мақтанышпен атасақ, ол жағынан олжасыз емеспіз. Орманын отап, аң-құсын тонап, өзен-көлдің қайсыбірін төңкерілген астаудай қаңсытып, арамшөп атаулыны келмеске кетірдік. Жасыл алаң, көк жайлау дегенің тулақ сүйреткендей түске енді. Ол аз десең, жұмыр жердің ішін де үңгілеп, үстіндегі аспанды да ойып жібердік. Енді бір ракета мен түйе қақтығысынан соң Күннің бетін күйе басып, Жер орбитасынан тайып кетпесе болғаны ғой.
Бет бұрыста да бос қарап қалған ешкім жоқ. Жабайы табиғаттың жазасын беріп болған соң демократия үшін күрестік. Өз қолымызбен өсірген жүзім ағаштарымен белдесіп, біраз іс тындырдық. Ал енді арақпен болған күрес туралы айтсам, онда жеңген де жеңілген де болған емес. Бар болғаны, айын оңынан туғызып, алыпсатарлардың мұртын шылқа майға батырғанымыз болмаса.
Иә, күрессіз күнің жоқ. Адамзаттың жарқын болашағы коммунизм үшін күрес, коррупциямен күрес, лаңкестікпен күрес, дінсіздікпен күрес әлі де тоқтаған жоқ. Сол сияқты минфиннің шұлықтағы ақшалармен күресі де оңайға түспеді. Партияда жоқтардың партиямен күресі, партиядағылардың бір-бірімен ілік-шатысы да келер ғасырға аттайтын шығар-ау.
«Дін – апиын, миды улайды» деп, 70 жыл бойы риясыз күресіп келіп, нәтижесінде имансыздардың тәуір-ақ ұрпағын тәрбиелеп үлгерген атеистер өз еңбегінің жемісін енді көре бастағанда неге екені белгісіз жалт бұрылып, шіркеумен одақтасып, дінсіздікке қарсы күреске шығып кетіпті. Апырай десеңші!
Шүкіршілік, не болса да жеңіс біздің қолда. Жемісін жеп жатырмыз. Ет үйренген әдеттен бір мысқал да айнымай, «Ура!» демесе де өзіміз автобустың есігі ме, жоқ әлде бір шиша айран ба, сары май ма, әлде шекер мен сабын ба, әйтеуір театрдың билетінен өзгенің кез-келгенін бас салуға дайынбыз. Қанеки, осы екпіннен айрылмай, ынтымақ пен береке, бірлік үшін, тілімізге қатысты тірлік үшін күреске бір шығып көрейікші. Нәтижесі қалай болар екен?!
ПІКІРЛЕР1