Тама мен Тана
09.08.2019
1885
0

(Күншығыс елінің аңыз-әфсаналарындағы Алашахан бейнесі)

Аспан әмiршiсiнiң қызы Танабата ханшайым ғажап шебер едi. Бiрде ол әкесi екеуi ақбауыр бұлттардан Көк кездемесiн тоқып отырған-ды. Кенет шебер қыздың көзi сиыр бағып жүрген Бақташы жігітке түстi. Бақташы жігіт те Аспан аруынан көз алмай тұр едi. Қаһарына мiнген Аспан әмiршiсi екеуiнiң арасын Құс жолымен бөлiп тастады. Құс жолында көпiр болмағандықтан, ғашықтардың кездесуi мұң болды. Осы кезде бiр топ сауысқан ұшып келiп, қанаттарын жайып көпiр болды. Шебер қыз бен Бақташы жігіт кездестi. Бұл – жетiншi айдың жетiншi жұлдызы едi.

Осылайша Құс жолы айырған қос жұлдыз жылына бiр-ақ рет, шiлденiң жетiншi жұлдызында бiр-бiрiне жақындайды деседi. Аспан жұлдызы Танабата туралы аңыз бұл дүние жаралғалы берi айтылады. Бұл аңызға балалар ғана емес, үлкендер де сенедi. Өйткенi бұл аңызда тұнып тұрған тарих бар. Өнердiң, әдебиеттiң, астрономияның, тiлдiң, ұлттың тарихы. Жұлдызды түнде айтылатын ертегi, шертiлетiн шежiре Танабата хақында. Том-том поэмалар, сала-құлаш пьесалар, таң қаларлық аңыздар Танабата жайында шертіледі. Танабата туралы мұралар мұншалық көп болар ма?
Шикоку аймағының аңызында айтылады: Сонау ерте заманда қыш құмыра сатушы таудың iшiмен келе жатыпты. Жетiншi айдың алтысы күнгi түс кезi. Тауды айнала көл көрiндi. Ол жерде сұлу қыздар шомылып жүр екен. Сұлулығын сөзбен суреттеп жеткiзе алмайсыз. Ағаш бұтағына үлбiреген көйлектерін iлiп қойыпты. Қыш құмыра сатушы көйлектiң бiрiн алды да, себетiне салып, шаһарға барды. Күнi бойы құмырасын сатып, кешке қайтарда көлдiң маңынан тағы өттi. Кешкi көл жағасында бiр қыз жылап отыр дейдi. Көйлегi болмаған соң, қайта алмай тұр. «Қап», – деп өкiндi құмыра сатушы. Бiрақ қазiр қайтарып берудiң ыңғайы жоқ. Қызды жылатып қалай жалғыз қалдырмақ? Құмыра сатушы қыздың қасына келiп:
– Айналайын неге жылайсың? – дедi.
– Көлге шомылып жатқанда көйлегiм жоғалды. Аспанға қайта алмай тұрмын. Құрбыларым қанша iздесе де, табылмады – деп, қыз еңiреп қоя бердi. Құмыра сатушы аң-таң болды. «Бұл Аспан қызы болды ғой», – деп ойлады. Ол қызды үйiне ертiп әкелдi. Әйелi жоқ едi, қызға үйлендi. Келiншегiн Танабата деп атады. Балалы болды.
Баласы үшке келдi. Танабата емiзiп отырып, жоғарыға қарады. Көзi үйдiң төбесiндегi қарайған бiр нәрсеге түстi. Майлы қағазға оралған екен. Бұл не болды екен? – деген ой мазалады. Сатымен шығып алды. Өзiнiң перiште көйлегi екен.
«Осы кiсi ұрлап алып, жасырған екен ғой», – дедi. Танабата көйлектi жамылып едi, жан-жүрегi перiште болды. Үш жасар баласын қолтығына қысып, Көкке көтерiлдi. Әйел: «Егер менi сүйсең, мың варадзи (аяқ киiм) тоқы да, бақшадағы қауынның түбiне көм. Сонда ғана кездесемiз», – дедi Көкке көтерiлiп бара жатып. Перiште көйлек киген қыз көрiнбей кеттi. Құмыра жасаушы мың варадзи тоқуға кiрiстi. «Нешеуi жасалды екен?» – деп, санаса 999 варадзи тоқылыпты. Ендi бiреуi болса бiттi, Көктегi әйелiне жетедi. Бiрақ шыдай алмаған ол «осы да жетер», – деп, 999 варадзидi қауынның астынан ор қазып, көмдi. Қауын үлкейiп өсiп, Аспанға дейiн жеттi. Құмыра сатушы қауынның сабағымен өрмелеп, Көкке ендi бiр қадам қалған тұсқа да жеттi. Варадзидiң бiреуi кем болғандықтан, қауынның сабағы Аспанға сәл жетпей қалды. Құмыра жасаушы қолын созып, аспаннан ұстамақ боп тырмысып бақты. Оны Танабата көрiп тұрған. Ол кездеме тоқып отырған едi. Қолын созып, күйеуiн әрең дегенде аспанға шығарып алды.

Танабатаның ата-анасы бар едi. Құмыра сатушыны «Баламның әкесi мына кiсi», – деп таныстырды. Танабатаның әке-шешесi қуанбады. «Төменгi әлемнен қайдағы бiр еркектi әкелiптi», – деп, қызын iштей жазғырды. Бiрақ үндемедi. Екеуi құмыра сатушыны жек көрiп, тезiрек жерге түсуiн тiлеп, небiр қиын жұмыстарды жүктедi. «Ау, күйеу бала, мына себетпен үлкен құмыра толатындай су тасы», – дедi. Құмыра сатушы абдырап тұрғанда, Танабата: «Майлы қағазды себеттiң iшiне төсеңiз», – деп кеңес бердi. Құмыра сатушы үлкен құмыраны суға толтырды. Танабатаның әке-шешесi «Ендi мына ава дәнiн егiстiкке сеп», – дедi. Құмыра сатушы егiстiкке дән септi. Ата-енесi «Саған бұл жерге сеп демедiк. Қайтадан терiп алып, анау егiстiкке сеп», – дедi. Құмыра сатушы қапа боп тұрғанда, Танабата: «Оған уайымдамаңыз», – деп, қолын шапалақтап едi, көгершiн ұшып келдi де, шашылған аваны бiр талдап тұмсығымен терiп әкелiп бердi. Қап аваға толды. «Ендi қауын бақшасын күзет», – деп бұйырды ата-енесi. Танабата: «Бақшаға кiргенде қауын жегiң келер. Бiрақ шыда, жеушi болма», – деп үйреттi. Күйеу бiр күн күзеттi, екi күн күзеттi. Үш-төрт күн өткенде шөлден кенезесi кепкен соң, бiр тiлiмiн аузына салды. Сол сәтте қауынның iшiнен су атқылады. Сумен ағып бара жатқан күйеудi қуып жеткен Танабата: «Бiз екеумiз айына бiр рет қана кездесiп тұрамыз», – дедi.
Судың гүрiлiнен әйелiнiң сөзiн қағыс естiген құмыра сатушы «жылына бiр рет кездесемiз», – деп естiдi. Ерлi-зайыпты екеу Аспан өзенiнiң екi жағында қалды. Олар жылына бiр рет өзеннен өтiп кездесетiн болды. Танабатаның тарихы осындай.
Әр жыл сайын, жетiншi айдың жет­iн­шi жұлдызында әр үйдiң есiгi мен қақпасына бамбук бұтақтары шаншылып, тiлек жазылған қағаздар iлiнедi. Себебi, Аспандағы Танабата – жазу өнерi мен ақындықтың жебеушiсi. Бұл күнi оған арнап қағаздан кимоно ойылады. Өйткенi Танабата – қолөнердiң Пiрi. Дәл осы күнi бес түстi жiп (жасыл, қызыл, ақ, күрең, қара) әзiрленедi. Содан соң, егiншiлер мол өнiм тiлеу ғұрыптарын атқарады. Диқан­дарға қатысты құт-береке тiлеуден туған салт-дәстүрлер Танабата мерекесi кезiнде көрiнедi. Көнеден жеткен ұлы мерекенiң мәнi атауынан байқалады. Тана (нана) таңбасы 7-нi бейнелесе, бата – кеш деген ұғымды бiлдiредi. Жетiншi айдың жетiншi жұлдызында Шығыс халқы Танабатаны тойлайды. Дән себiлетiн та, да даланы, тана (кең, жазық) ұғымы арқылы түйсiнедi. Танаура (алақандай) аралда отырса да, танагйяу деп аталатын ғибадатты орындайды. Аспанда танагумо (жайылып жатқан бұлттар) тұрғанда да, танацумоно (дәндi дақыл атаулы) баданадай боп пiсу үшiн тер төгедi. Танахалы (шылбыр) атпен танаи (танап тарту) iсiн бiлдiредi. Танап тартуға қатысты Кагошима префектурасында мынандай аңыз сақталған:
Баяғыда Сацума (Кагошима префектурасы) елiнде күрiш болмапты. Бiрде Курано деген ауылда тұратын ер адам өзенге балық аулауға барыпты. Ол өзендi өрлеп келе жатып, терең көлге жетедi. Сол тұстан өзен Шығысқа бұрылып, тау биiктей бередi. Ер адам өзеннiң жоғары жағына қараса, бiр масақ толқындармен төмен ағып келедi екен. Масақ баданадай дәнге толы, сәуле шашып, жалтырайды. Бұндай дәндi алғаш көруiм деп таңданған еркек қараса, ергежейлi еркек бейнесiндегi Пiр-ие масаққа мiнiп отыр. «Кiп-кiшкентай Пiр қайда барады екен?» – деп қарап тұрса, әлгi ергежейлi көлге жетiп, ағыс оны шыр көбелек айналдырып әкеттi. Сол сәтте ерге­жейлi Пiр су бетiне шығып қалып, өзен суымен ағып кеттi. Жағада тұрған ер адам суға түсiп, батып бара жатқан Пiрдi шығарып алды. Ергежейлi Пiр: «Күрiш дәнiн ал. Ол – асыл дән. Адамзатқа азық болады», – деп айғай салды. Еркек жүзiп отырып, масаққа жеттi. Сөйтiп, масақты жағаға алып шықты. Ергежейлi Пiр: «Саған бiр ерекше күрiш дәнiн сыйлаймын. Ерте көктемде топыраққа көмiп, су құйып өсiр. Мың мен он мың аралығындағы дән өсiп шығады», – деп, күрiш егудiң жөн-жосығын түсiндiрдi. Келер жылы адам даланы жыртып, iрi-iрi күрiш дәндерiн ектi. Содан өте көп кө­шет алды да, сулы егiс даласына отырғызды. Күзде егiн жайқалып тұрды. Бұны естiген алыс ауылдардың тұрғындары да келiп, зор күреспен күрiш дәнiн алған екен. Осылайша күрiш төрт тарапқа тарап, Сацума елiнде күз түскенде ырыс тойын тойлайтын болыпты.
Ал Танабата кезi – егiннiң нағыз пiсер шағы. Бүкiл мура (ауыл) егiн мол болуы үшiн еңбек етедi.

Тама Мурасаки

Артына мол мұра қалдыруды мұрат деп бiлген Хэйан дәуiрiнiң көрнектi жазушысы, дүниежүзiндегi тұңғыш романның авторы Мурасаки Шикибу – жапон классикалық әдебиетiнiң, оның iшiнде проза жанрының бастауында тұрған тарихи тұлға екендiгi бар­шаға белгiлi. Мурасаки деген есiм гүл ат­тас. Токиодан 2004 жылы шыққан «Гогэнджитэн» этимологиялық сөздiгінде мурасаки гүлi шоғырланып өсетiндiктен, мурасаки (шоғырланып гүлдеу) деп аталғандығы жазылған. Ауыл (мура) да белгiлi бiр ру-тайпа адамдарының шоғырланып тұруы болса, қою бұлт – муракумо, қалың нөсер – мурасамэ. Кездеме орауын санауда қолданылатын «мура» сөзi де бұл заттың молынан жиналғанын бiлдiредi. Қазақ «мұра» деп ұсақ-түйек затты айтпайды, мыңжылдық маңызы бар дүниенi атайды. Тауда өсетiн және сән үшiн баққа отырғызатын мурасаки өсiмдiгi күзде күлгiн түстi күлтелерін ашады. Сондықтан оны мурасаки (күлгiн гүл) деп атаған. Ұлы жазушының есiмiне де «күлгiн түс» таңбаланған. Мурасаки Шикибуды өз заманында Тама Мурасаки деп атағандығы көне кiтаптар арқылы дәлелденiп отыр. 1837 жылы шыққан Эдо дәуiрiнiң он алты томдық «Яматохонсоухисэи» сөздiгiнде «Тама Мурасакидi Мурасаки Шикибу деп атаған», – деп жазылған. Бұндағы тама – асыл тас, шар, моншақ, домалақ ұғымын бередi.
Жапонияда тамамен байланысты жер-су атаулары аз емес. Нагасакиде Таманоура кентi, Кумамотода Тамана қаласы, Тамана уезi, Окинавада Тамагусуку ауылы, Миэ префектурасында Тамаки кенті бар. Бұл топонимдердiң барлығында Тама иероглифi таңбаланған.
Тана есiмiне келер болсақ, бұл да көр­нектi рудың аты. Тарихта генерал, мемлекет қайрат­керi Танака Гиичи (1863-1929) мен Танака Какуэй (1918-1993) деген саяси қайраткер болған. Танака Гиичи Ресейде әскери атташе қызметiн атқарған. Токио аймағында Танаши деп аталатын шаһар бар. Киотода Танабэ, Тамаки, Тамачи деген жер атаулары сақталған. Ватанабэ руынан шыққан әйгiлi тұлғалар да жапон тарихында аз емес.
М.Тынышпаев «История казахского народа» деген еңбегiнде Таман түбегiнiң ата­уын Тама есiмiмен байланыстырған (Алматы, 1993. 97-98-б.б.). Башқұртта алты рудың бiрi Тамянның арғы атасы туралы аңыз бар.
Жапон тарихындағы көрнектi тұлғаның бiрi – Мурата Дзюко. Нара шаһарында туып-өскен ақын, жазушы, суретшi, сан қырлы талант иесi ғұлама Иккюдiң шәкiртi болған Мурата Дзюко – вабичя деп аталатын шай демдеу рәсiмiнiң бастаушысы. Ол туралы көптеген тарихи еңбектерде жазылған. Ал Тама Мурасаки туралы тарихи еңбектерге сiлтеме жасасақ, 1709 жылғы «Яматохонсоу», 1775 жылы жарық көрген «Буцуруйшйоуко» энциклопедиялық сөз­дiкт­ерiнде жазушы есiмiне байланысты мәлiмет сақталған.
Тама таңбасы барлық домалақ нәрселер­ге қолданылады. Таманэги – пияз, тамаго – жұмыртқа, томато – қызанақ. Томат (томато) сөзiнiң этимологиясын португал тiлiмен байланыстыру дұрыс емес. Томат атауы – көкөнiстiң қызыл әрi домалақ болуынан туған көне Шығыс сөзi. Жоғарыда келтiрiлген сөздiң барлығы домалақтан (дома – тама) туған.

Сайтама сарындары

Жапонияның Сайтама аймағынан 30 мың жыл бұрынғы Дзйомон, Яйой дәуiрлерiне жа­татын мұралар археологиялық зерттеулер кезiнде көптеп табылған.
Сайтама – тарихи жырларға, аңыз-әп­са­наларға бай аймақ. Жапон мифiндегi бей­бiт­шiлiк әмiршiсi, Аспандағы төрт Пiрдiң бiрi Тамон туралы айтқанда Сайтама еске түседi. Будда философиясында Бишямон есiмiмен белгiлi Тамонға арналған Курама ғибадатханасы ел астанасы маңындағы тау қойнауына салынған.
Сайтама префектурасының бір аңызын­да былай дейді:
«Чичибудың Такахашино тауының баурайында дәулеті жұрттан асқан бай болыпты. Сарайының айналасындағы мың үй оған қыз­мет етіпті. Бай көктемде папоротник кестірмек боп, былай деп бұйырады: Мың үйдің бүкіл адамы бір күн ішінде Такашино тауындағы папоротниктің бірін қалдырмай отап, менің сарайымның маңындағы қораларға жинасын.
Мың үйдің бала-шағасынан бастап қария­сына дейін Такахашино тауына қаптайды. Бай таудың төбесінде тұрып, жұртқа әмір беріп тұр:
– Түгін қалдырмай кесіңдер, бірде-бір папоротник қалмасын.
Күн батқанша байдың бұйрығын орындау мүмкін емес еді. Таудың бір беткейінің ғана папоротнигі кесілгенде Күн батысқа қарай ауды. Бай батып бара жатқан Күнге паңдана қарады. «Әй, Күн! Шаруа бітпей жатып, неге батасың? Менің батқан Күнді қайта шығарар құдіретім бар».
Бай желпуішін желпіп «Ей, Күн, қайт кей­ін!» – деп айғайлады. Байдың даусы бүкіл тауды жаңғырықтырды. Осы сәтте батып бара жатқан Күн Аспанға қайта көтерілді де, айнала жап-жарық болды. Жұрттың таңданысында шек жоқ.
– Менің құдіретіме ешкім тең келмейді. Қане, папоротникті түгел отап бітіріңдер!
Жұрт жапа-тармағай оталған папорот­никті жинауға кірісті. Күн сәулесі түскенде тауды жалын шарпып өткендей болды.
– Папоротникті қораға тасыңдар, қане, жылдам!
Ағаш арқалаған жұрт байдың сарайына бара жатты. Қора папоротникке толғанда Күн де батты. Тау төбесіндегі бай асқақтана билеп жүр. Аспан қып-қызыл. Жұрт демін ішіне тарты. Көктемде көрінбейтін қызыл шегіртке Та­кашино тауына жосып барады. Мыңдаған қызыл шегіртке…
Кенет қорадағы папоротниктер аспанға ұша бастады. Күн ұясына кіргенде тау басында құтыра билеген бай да ғайып болды. Қоралардан ұшқан папоротниктер тауға қайта тігілді. Такашино тауы папоротник тауы ретінде белгілі боп, бүгінде Чичибу халқын асырауда.
Көктемде Такашино тауы қызыл арайға боялғанда таудың төбесінен өкірген байдың даусы естіледі деседі».

Таманың құдығы

Сонау бағзы заманда, Көк пен Жер жарал­ғанда, Көктiң жетi Пiрi, жердiң үш Пiрi ауысқан кезде болған екен. Жер Пiрiнiң төртiншi ұрпағы Хико-Хоходэминомикото бұл дүниенi билеп тұрыпты. Ой мен қырда оған тең келер аңшы болмапты. Ел оны «тау құты дарыған Ямасачихико» деп атапты. Оның ағасы Хикохэносусориномикото балықшы екен. Жұрт оны «теңiздiң құты дарыған Умисачихико» деп атапты. Бiр күнi Хикохоходэми ағасына айтады:
– Сiзден артық балықшы, менен асқан аңшы жоқ. Қызық үшiн бiр күнге кәсiбiмiзбен ауыссақ қайтедi. Мен теңiзге барып балық аулайын, сiз тауға шығып аң атыңыз.
Сөйтiп, Хикохоходэми ағасына садақ-жебе­сiн берiп, өзi қармағын ұстап теңiз жағасына барды. Бiрақ қармаққа бiрде-бiр балық iлiкпедi. Сөйтiп отырғанда қолындағы қармағы тереңге батып кеттi. Кеш түскенде үйiне құрқол оралды. Күнi бойы бiрде-бiр аң iлiктiре алмаған ағасы да бос қайтты. Хикохоходэми ағасына қармақты жоғалтқанын айтты. Ашуланған Умисачихико iнiсiн үйiнен қуып жiбердi. Теңiз жағасына қайтып барған Хоходэми қылышынан бес жүз қармақ жасады. Бiрақ ағасы бұл қармақтарды алмады. Өзiнiң ескi қармағын әкелудi талап еттi. Хикохоходэми теңiз жағасына барып қармақты iздедi. Осы кезде ақ сақалды қария келдi. «Не iздедiң, балам?» – дедi қария. Хикохоходэми ағасының қармағын жоғалтқанын айтты.
– Мен Шйодзучиноокина деген қариямын. Қармақты бiр балық жұтқан болар. Сен теңiз әмiршiсi Айдаһар сарайына бар.
– Қалай бармақпын? Айдаһар теңiздiң түбiнде ғой.
– Қамықпа, – деп, қария Хикохоходэмиге мэнашикаго (көзi жоқ себет) ұстатты.
Хикохоходэми себет тәрiздi қайыққа отырып, жүзе бердi. Көздi ашып-жұмғанша айдаһар сарайына да келдi. Сарай қақпа­сының үстi хрустальмен жабылған. Алдында кацура ағашы өсiп тұр. Кацураның бұтақтары Таманои мөлдiр сулы құдығын көмкерген тұр.
Сарай қақпасы жабық едi. Хикохоходэми кацураға өрмеледi. Бiр кезде сарай қақпасы сықырлап ашылды да, iшiнен қос сұлу қыз көрiндi. Екi ару құдыққа тақап, алтын ожаумен су алмақ болды. Қараса, су бетiнде көркем жiгiттiң бейнесi көрiнедi. Қыздар жоғарыға қарады. Хикохоходэми жерге түстi.
– Мен бiр жолаушымын. Кенезем кеу­iп кеттi, – деп, су iшуге ожауды сұрады. Қыздар алтын ожаумен су алып, нефрит кесеге құйып, Хикохоходэмиге ұсынды. Шыныдағы суды түгел сiмiрiп алған Хикохоходэми ыдысқа мой­нындағы таманы (моншақты) салып, қайтарды. Асыл моншақты көрген арулар аң-таң боп,
– О, бейтаныс жiгiт, кiм боласың? – деп сұрады.
– Жер Пiрiнiң төртiншi ұрпағы Хикохоходэми деген мен боламын.
– Аспан Пiрлерiнiң ұрпағы Хоходэминомикото сен болсаң, менiң есiмiм – Тойо­тамахимэ. Теңiз патшасы Айдаһардың қызымын.
– Ал менiң атым Тамайорихимэ, Айда­һардың кiшi қызымын.
Хикохоходэми ағасының қармағын теңiзге түсiрiп алғанын айтты. Айдаһар патшаның қыздары Хикохоходэмидi сарайға кiргiздi. Айдаһар Аспан Пiрi ұрпағының сарайға келгенiне қуанды.
Айдаһар сарайдағы қызметшi балықтарға қонақты қарсы алуға әмiр еттi. Өзi де тәжiн түзеп, әйелiмен бiрге Хикохоходэмидiң алдынан шықты. Хикохоходэмиге барлығы иiлiп, құрмет көрсеттi. Қызметшi балықтар үстел үстiн теңiз дәмі мен тау ырысына толтырды. Тостағандарға сакэ құйды. Содан соң, Айдаһар екi қызына кото шертiп, би билеудi әмiр еттi.
Той тарқаған шақта Хикохоходэми Айда­һарға келген шаруасын айтты. Айдаһар теңiз балықтарын шақырды. Әмiр берiлген соң, Тақырбас Будда дiндары Сегiзаяқ келдi. Дiни титулға жуырда ие болған Тарбақаяқ та жеттi.
Мемлекеттiк Кеңестiң мүшесi, Жоғары Сот Алабұға келдi, Тоса уезiнiң губернаторы Бонит та шақырылды. Жоғары Сот төрағасы Қосазу, Жер басқармасының бастығы Кочи, Сарайдың Батыс қақпасының күзетшiсi Жыланбалық, дiн жолындағы Медуза, сарай айдауылы Теңiз шаяны, тiптi күң Камбала да келдi. Әрқайсының сәнi бөлек, жүзбеқанаттарын жинап, қаз-қатар тұра қалды.
Айдаһар патша сөз бастады:
– Менiң сендердi шақырудағы мақсатым мынау: бiздiң елге жер Пiрлерiнiң төртiншi ұрпағы Хикохоходэми келiп отыр. Ол Жапон теңiзiнiң жағалауында қармағын жоғалтып алыпты. Қармақты кiм ұрлағаны белгiсiз. Осы отырған бiреуiң алғаның сөзсiз. Алғаның қазiр қайтармасаң, жаза қатал болады, – дедi өктем үнмен. Балықтар бiр-бiрiне қарасты. Сот Алабұға алға шығып, былай дедi:
– Жер Пiрiнiң қармағын Тай балық ұрлаған.
– Дәлелiң бар ма?
– Кешеден берi Тайдың тамағы ауырып, мазасы кеттi. Қармақ өңешiне тiрелiп қалған. Тайды жауапқа тарту керек.
– Расында, бұл жиынға жалғыз Тай ғана келген жоқ. Осыдан-ақ күдiктi екенiн бiлемiз. Тайды тiнту керек, – дестi өзге балықтар.
Айдаһар:
– Расында, мен шақырғанда кiлтшi Тай бiрiншi боп келетiн. Бүгiн неге жоқ? Келсiн жылдам! – деп қаһарын төкті.
Айдаһар айтып үлгермей жатып, Алабұға «Құп, тақсыр!» – деп, Тайды үйiнен шығарды.
Қызылшырайлы Тай ешкiм танығысыз өзгерiптi. Өңi көкпеңбек, қозғалысы да баяу. Бақырайған көздерi сығырайып қалыпты.
– Мен шақырғанда неге келмейсiң? – дедi Айдаһар.
– Кешеден берi тамағым ауырып, – деп, күмiлжiдi Тай. –Хикохоходэмидiң қармағы тамағыма тұрып қалып, не тамақ жеуге, не еркiн тыныс алуға мүмкiндiк бермейдi. Қармақ ұрлау менiң ойымда болмаған. Қас-қағым сәтте қалай жұтып қойғанымды өзiм де бiлмей қалдым. Менiң бiлместiгiмдi кешiрiңiз, – дедi Тай ауыр күрсiнiп.
– Қармақты шығар! – дедi, – Айдаһар Алабұғаға.
Алабұға Тайдың аузынан қармақты суырып алды. Жақсылап жуып, Хикохоходэмиге бердi. Су әмiршiсi Тайды жазалауға әмiр еттi. Қармағы табылғанына қуанған Хикохоходэми Айдаһардан Тайды жазаламауды өтiндi.
– Қармақты алғанмен, айыбын мойын­­дап, қайтарды емес пе?! Бұл – Тайдың бiлместiгiнен болған iс. Бәрiмiз кешiрейiк, – дедi, Хикохоходэми. Айдаһар Хикохоходэмидiң мейiрiмдiлiгiне тәнтi болды. Қуанған Тай алғыс айтып, жүзбе­қанаттарын қозғап-қозғап, жүзiп кете барды. Хикохоходэми қайтуға ыңғайланды. Айдаһар мен екi қызы оны жiбергiсi келмедi. Сарайда қалуды өтiндi. Хикохоходэмидiң Айдаһар сарайындағы әр күнi шаттыққа толы болды.
Күндер жылжып, айлар өттi. Арада үш жыл сырғып өте шықты.
Елiн сағынған Хикохоходэми Айдаһарға айтты:
– Мен сiздiң құрметiңiзге бөленгелi талай уақыт өттi. Жер бетiнiң әмiршiсi бола тұра теңiз тереңiнде қалғаным жарамас. Сәтiн салса, тағы да келермiн. Елге оралып, ағама қармағын қайтарайын. Менi босатыңыз.
– Ұлы Жердiң патшасы, Аспан Пiрлерiнiң ұрпағына қашанда бұл сарайдан орын табылады. Бұдан былай құрлық пен теңiздiң арасындағы байланыс нығая бермек.
Айдаһар осылай деп, Тойотамахимэ мен Тамайорихимэге екi домалақ асыл тасты әкелудi бұйырды.
Бұл қос тастың аты: мандзю және кандзю, Айдаһар сарайының атадан қалған асылы осылар еді.
– Осы бiр қарапайым сыйлығымды қабыл ал.
– Бұл жақсылығыңды қалай қайтара­рымды бiлмеймiн. Мандзю мен кандзю деген не екенiн айтасыз ба?
– Ал, тыңда. Мандзю су шақыратын тас болса, кандзю суды қайтаратын қасиетке ие. Екi асыл тасты қойнына тыққан Хикох­оходэми Айдаһар сарайынан шықты. Сарай қызметшiлерi Жер Пiрiне арнап қол­тырауынды ауыздықтап қойыпты. Хикохоходэми қолтырауынға мiнiп, Жапонияға оралды.
Елiне келген соң, Хикохоходэми бiрден ағасына барып, қармағын берiп тұрып, кешiрiм сұрады.
Алайда қатыгез Умисачихико Хикохоходэми теңiз түбiнде болған уақытта таққа мiнiп, ел мен жердiң әмiршiсi болыпты. Ол iнiсiнiң көзiн жоймақ болады. Бұны сезген Хикохоходэми мандзю тасты алып, жоғары көтердi. Қас-қағым сәтте барлық күрiш алқаптарын су басып, төңiрек мұхитқа айналды. Тасқыннан қорыққан ағасы жан даусы шыға құтқаруды сұрап жалбарынды. Осы кезде Хикохоходэми кандзюдi алып жоғары көтердi. Осы сәтте судың бетi қайтып, жер құрғады. Күрiш алқаптары қалпына келдi. Зәресi ұшқан ағасы Жапон жерiнiң әмiршiсi Хикохоходэмиге ешқашан қас­тандық жасамауға уәде бердi. Iнiсiнен ке­шiрудi өтiндi. Осы сәттен бастап жүрегiндегi зұлымдық жойылып, мейiрiмге ие болды. Хикохоходэми елдi билеп тұрғанда бұл елден құт-береке арылмапты дейдi.

Алты Алаштың айнасы

«Оокагами» (Ұлы айна) көне шежiрелiк кiтабында Алты Алаштың, Жапониядағы ежелгi алты мемлекеттiң тарихы жырланған. Жүз тоқсанға келген жырау туындысы – алтынға бергiсiз әдеби мұра. Тама таңбасы Шығыс тiлiнде 19 түрлi бейнеленсе, мадара – аланы айқындап, Алашты бейнелейдi. Алашахан есiмiнiң тура бiр мағынасына бойласақ, ала сөзi мадара таңбасымен байланысты екенi көрiнедi. Жапон тiлiнде сөз ашық буынға аяқталады және «л» дыбысы ра, ри, ру, рэ, ро болып дыбысталатын заңдылық бар. Мадара мен ала сөздерiнiң бiр ұғымды бейнелейтiнi анық көрiнедi. Мотивациялық байланыс тұрғысынан алғанда, мадарадан шығатын мурагиэнi (ала бұлт сияқты әр тұстан еруi) бейнелейтiн сөз мурамен де, аламен де байланысты. Мадара (ала) таңбасы кэсу иероглифiмен бiрiгiп, мура деп оқылады. Бейнелi сөз Алашқа қатысты әдеби, тарихи ақиқатты айқындайды.
«Оокагами» (Ұлы айна) шежiрелiк еңбе­гiнде жырланған тарих «Роккокуши» (Алты мемлекеттiң тарихы) кiтабының жалғасы болып табылады. Кiтап алты Алаштың тарихы болғандықтан, «Оокагами» (Ұлы айна) деп аталған. Алашахан, ала, мадара, мура таңбалары семантикалық бiрлiктi құрайды. Ала таңбасы алғаш рет мың жыл бұрынғы «Шинкокинвакашю» сияқты поэтикалық жинақта көрiнiс тауып, өлеңге арқау болған. Мадара таңбалық құрамына үңiлсек, оның үш символдың бiрiгуiнен тұратынын көремiз: Патша (хан), әдебиет (руханият), патша (хан). Ала таңбасының мадарамен қоса хан, фу, бучи деген оқылу варианттары бар. Алашаның алты Алашқа хан болғанын оның жапон тарихында таңбалануынан бiлемiз. Ала таңбасы жеке тұрғанда мадара деп оқылады. Басқа сөзге жалғанғанда хан деп дыбысталады. Ханмон (ала ою) да Алаша хан заманынан жеткен атау.
«Оокагами» кiтабының алты томы Нагояда сақталған. Бас кейiпкерлерi алты кiсi: Ооякэнойоуги (190 жастағы би); Нацуяманошигэки – көне дәуiр ғұламасы, жырда оның жасы 180-де екендiгi айтылады; Нацуяманошигэкидiң тоқалы; Отыз жастағы самурай; Ооякэнойоугидiң бәйбiшесi; Мен, яғни – автор. Жырау образы жырдың басында және аяғында көрiнедi. Абыз Алты Алаштың өз заманындағы тарихын баяндап отыр. Алты Алаштың iшiне кiретiн Тана мен Тама рулардың арғы аталары. Мұрын жырау жырлаған «Қарадөң батыр ұрпақтары» циклды эпостың құрамында «Тама» деген жыр бар. Байұлын құрайтын он екi рудың бiрi Тана туралы да «Қарадөң батыр ұрпақтарында» айтылады.
Алтын едi таяғы,
Күмiс едi кебiсi,
Бар едi ол күмiстiң әртүрлiсi.
Ежелден қалған бөркi бар,
Не қылса да патшаның
Қазынасында дүние көп (402), –
(«Бабалар сөзi. Батырлар жыры». 50-том. Фолиант: 2008) – деп жырланатын «Тана» эпосында бас қаһарманның хан болғандығы баяндалған. Хандар киген мұрақ ұлы роман қалдыруды мұрат деп бiлген Тама Мурасаки заманында болған. Қарасақал, Балғалы, Балталы батырлардан жеткен мұраның тарихы Ватанабэдей билердiң Сайтамада сақталған аңыздарындай айшықты. Танаис (Дон) түбiндегi асыл тастай құнды. Танахан дәуiрiндегi елдiң ұрпақтары Сайтамада бес дәндi (күрiш, арпа, тары, ава дәнi, бұршақ) танацумоно (дәндi дақылдар) деп, егiншiлiк кәсiбiн атадан балаға жалғап отыр.

Шарафат Жылқыбаева,
жапонтанушы,
Еуразия Жазушылар
одағының мүшесі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір