Қыз қылығы
Сайымжан ЕРКЕБАЕВ
Сықақшы Сайымжан Еркебаев әдебиеттегі жекешелендіруді ерте бастаған әзілкештердің бірі. Оның «Менің Қожанәсірім келді де…» дейтін бірнеше кітаптан тұратын қағытпа қалжыңдары сөзіміздің айғағы. «Менің», – деп өз Қожанасырын «тауып» алып, адам мінезіндегі қиямпұрыстықты, жемқорлық, мансапқорлық, маскүнемдік әрекеттерді, қоғамның «кемірілген» экономикалық-әлеуметтік мәселелерін аяусыз шенейді. Тотияйын тілді С.Еркебаев «Қарабала», «Сарыбала» сияқты тағы да бірнеше жасырын есімдермен де фельетондар, сықақ әңгімелер жариялады. «Қазақ әдебиеті» газетінің «Қожанәсірдің қоржыны» айдарын күлкі алаңына айналддырғандардың да бірі – осы Сәкең еді. Оның қаламынан құйылған «Қыз қылығын» да қызықтап көріңіздер.
Ақпанның аяқ кезінде Алматыдан Қарағандыға келген Қаңтарбай Алатаудың желсіз, күн сүйген аясында өмір сүріп дағдыланғандықтан ба, Арқаның аязды, боран-бұрқасынды қысына көндіге алмай екі-үш күн өткеннен кейін сырқаттанып қалды.
Қарағандыға ол командировкамен келген-ді, қайын жұрты да осында болатын, қонақ үй іздеп мазаланбай, соларға тоқтаған. Бірер күн тұмау деп елеңкіремей жүрген, арты насырға шапты, көп кешікпей қызуы көтеріліп, төсек тартып жатып алды. Сонда да шет жердің ауруханасына жолағысы келмей, не де болса, еліме жетейін деп ойлады да, асығыс жолға жиналды.
Ат ізін суытпай жылына бір рет қатынап тұратын күйеу баласын енесі қатты қадірлейтін. «Өз үйің, әбден сауыққан соң кетерсің», – деп, ол қанша бәйек болғанмен, Қаңтарбайдың тыңдамасына көзі жетті де, пединституттың екінші курсында оқитын кіші қызы Гүлгүлайға, – Жездеңді ауылына апарып сал, қысқы демалысың ғой, бой жазып қайт, – деді.
Самолет кешке ұшты. Екеуі салоннан кеп орын алғанда Қаңтарбайдың жағдайы тіпті қиындап кетіп еді. Қызу мен әлсіздіктің үстіне өкпесі қысылып, демін екі иінінен әзер алады.
Ол үш кісілік орынның терезе жағына жайғасты да, Гүлгүлайдан кейін бір егделеу адам отырды.
– Екі сағаттық жер ғой, шыдармын, сен маған көп көңіл бөле берме, жүргіншілердің мазасын алармыз, – деп ескертті Қаңтарбай балдызына.
Ол терең креслода сұлық жатыр. Денесі қорғасындай салмақтанып, әрі шым-шымдап креслоға батып бара жатқандай, бірақ қозғалуға шама жоқ, екі көзінің аңғалақтары да суырып, жасаурап, ашқызбайды. Мең-зең күйде қимылсыз.
Қаңтарбай ұшақтың жерден көтерілуін зарыға күтті. Сонда ғана өзін тәуір болып кететіндей сезінді.
Мызғып кеткен, оянғанда ауада келе жатқанын байқады, құлағына Гүлгүлайдың майда үні келді.
– Алматыда тұрасыз ба?
Бұл сұрақты қойған көршісі.
– Ие.
– Қай жерінде?
– Горький паркін білесіз бе… соның территориясында.
– Жалдап тұрасыздар ма?
– Жоқ, жеке өз үйіміз, жеті мыңға сатып алғанбыз.
Қаңтарбай өз құлағына сенерін де, сенбесін де білмеді. Гүлгүлайдың беті шіміркенбей өтірікті қардай боратып отырғанына таң қалды. Бірақ оның әңгімеге араласуға шамасы жоқ еді.
– Алматы сияқты әсем қаладағы жеке үйге не жетсін!
– Орталықта төрт бөлмелі үйіміз бар еді, күйеуім «табиғатқа жақындаймын», – деп, бау-бақшалы, іргесінен ағатын бұлағы бар жеке үй сатып алды.
– «Күйеуім» дейсіз, былай қарағанда тым жас сияқтысыз, тұрмысқа ерте шыққансыз-ау, шамасы.
– Он сегізімде шыққанмын.
– Өкінбейсіз бе?
– Неге өкінем…, екі балам…, сүйікті күйеуім бар. Бала мен семья адамды өкіндіре ме! Өзімді өте бақыттымын деп есептеймін.
– Ие, бұныңыз дұрыс… япырай, а, екі балам бар дейсіз!
– Неге күдіктенесіз, әйел адам бала тауып, семья күтуге жаралған емес пе?
– Әлбетте… Бірақ қазіргі жастар бұлай түсінбейді ғой.
– Әр адамның өз түсінігі бар емес пе?
– Әрине… Күйеуіңіз қандай жұмыста?
– Суретші… Медетбаев дегенді естуіңіз бар ма?
– Ой, біз суретшілерді не қылайық, жазушылардан да тек шалдарын білеміз… бірақ сіз ренжімеңіз, суретшіні қомсынып отыр деп…
(Толық нұсқасын газеттің №29-30 санынан оқи аласыздар)