МАЙЛЫ ЕТ
19.07.2019
1633
0

Дағжан БЕЛДЕУБАЙ

(әңгіме)

Қызылды-жасылды шыт, атлас, жылы да жұмсақ помази маталарға ықтияттап ораған сәбиінің үстіне төне еңкейді. Сұлқ қалған тұла бойы тұңғышы сұп-сұр. Буындары былқ-сылқ етеді. Әні-міні ің­гәлап, балапандай аузын ашып, тамақ іздейтіндей үміттене үңілді. Ғадетімен, арықтағаннан жасы келген әйелдей құр шандырға айналған емшегіне тие бере қолының сіңірі тартылғандай қарыса қалды.
«Аштан өліп, көштен қалған қазақ жоқ», «Аштан өлген адамның бейіті жоқ» дегендерді қай заманда қандай әңгүдік айтты екен. Тоқ кекірген бір тұстағы ерігіп отырғандағы кеп шығар-ау. Әлде «айдалада аштан өлгенді ит-құс жеп кетеді», – дегені ме екен? Оның бәрін саралауға, қия­лына ерік беруге күш-қуат қайда… Жамбасында қалың текемет, неше қабат сырмақ, көрпе, үстіне де үйіп-төгіп жамылып алған.
Жылы орнынан сырғып шығып, құн­дақ­таулы мұзға әлде тасқа айналған, сонда да көңілі суымаған бөпесін көр­пелермен қымтап жапты. «Тоңып қалма», – деп күбірледі. Ілбіп бай қайнағасының қасқыр ішігін иініне іліп, сыртқа беттеді. Тұлан тұтқан ақ боран. Ақшулан бұлт­тардың арасында дөңгеленіп Күн жүргені байқалады. Бас салып қойны-қонышын тінткілей жөнелген сумаңдаған жылан – жел. Қар қалыңдай түскені болмаса, күндегі көрініс. Алда он қадамдай жерде, қарайып қар астынан туырлық дөңкиеді. Дөңкиетіні – астында шаңырағы әлде­қа­шан ортасына түскен сол отбасынан қал­ған оны-мұны. Әр жерден ошағы мәңгілік­ке сөнген киіз үйлердің керегесі, уығы, көрпе-көншік, киім-кешегі қылтияды. Шет­керіректе өз үйінің орнында да әл­денелер қараяды.
Шамалауынша, қараша, желтоқсан, қаңтардан өтіп, ақпанның ақ түтек боранына төтеп беріп, сықырлап тұрған жал­ғыз үй – бай қайнағасының ақ ордасы. Сүрі қардың үстіндегі ұшпа ұлпаны ыш­қына гулеген жел бұрқыратып ала қашты. Ұлы таудың қойнау-қойнауы ықтасын. Сол ықтасын екеш ықтасында да орай да борай борап тұр.
Бәлшебек өкіметінің салған ылаңы­нан жалпақ жалған астаң-кестең. Мұнша тақаршылыққа жолығарларын білмеді. Білсе, қам-қарекет қылар еді. Ағайынды он бес шақты үй, Қаракемер адырына тамыздың соңын ала көшіп келген. Бала-шағасымен жүз қаралы жан.
Қасқыр ішікті қымтанып еді, ит-құс­тың иісі келді мұрнына. Арланы болар. Қанша жұмсартып иін қандырса да, кет­пейтін тағының ащы күлімсі иісі. Мұндай киімдерді ауыл иттері топтаса қалғанда, ортасына апарып тастай салсаң, қыңсылап жан-жаққа қашатын. Қыз күніндегі тұр­ғылас балалардың ермегі көз алдына көл­беңдеді. Жымиып күлдім деп ойлады, жылап тұрған…
Ошақта қар суы тигендіктен бырт-бырт етіп киіз үйдің керегесі ме, уығы ма, шаңырағы ма жанып жатыр…
Жаңа өкіметтің бай атаулыны «жау» деп жариялағанын түсінбеді. Өмірінде ауқаттылардың қалың бұқараға қаны қас қысастығын көрмепті. Пенде болғасын ұсақ-түйек дау-дамай болып жатады. Мың­ғырған малды қазақ ағайын-тума, құда-жекжатымен қандай ауыртпалық болсын бірге көретін. Торқалы тойда, топырақты өлімде бөлектенген емес. Бай қайнағасының малын бұлдап, жасы үлкендерді баса көктегені есінде жоқ. «Бай, кедей» деп бөлінгенді көргені – осы. Әр үйдің өзіне жететін ірі қарасы, қой-ешкісі, соғымға, күздікке жетіспей жатса, бары-нары болысатын.
Бұлардың Қаракемерге көшкенін күт­кен­дей, екі-үш күн өтер-өтпесте жұрт айта­тын «қызыл әскер» сау ете қалды ауыл­ға. Ішінде бірлі-жарым басшы-қосшы орыстары да бар, дені – қазақ. Өз айтыстарында «күні кешегі кедейлер», мылтық кезеп қоқаң-қоқаң етеді.
Бай қайнағасы тістеніп ширықты. Қолындағы дырау қамшыны білей ұстап, тізерлей кетті де қайта ұшып түрегеліп, қара жерді осқылап-осқылап жіберді. Қап-қара мұрт астындағы қалың еріндері дір-дір еткен. Албырт жігіттер айқай көте­ріп, тұра ұмтылысқан. Қатарласа қалған онқанша мылтық, бастарынан асыра тарс-тұрс еткізгенде барып шарасыз кейін серпілді.
Қаттап-шоттап үш мыңнан астам қой, бәлен жүздеген жылқы, сиырды айдап тайып тұрды. Тап бір ата-бабаларынан еншіге тиген малдай емін-еркін. Қатын-бала өлік шыққандай улап-шулаған. Әр ошаққа бес-алты жантық, сауын сиыр, мініс ат қалдырғандарын «үлкен қамқор­лық» атап кеткен.
Ертеңінде ауылдың үлкен-кішісі жиналып, мәслихат құрды. Ақылдаса келе ақсақалдар: «Сәбет өкіметінің беті қатты. Ешкімді аяйтын түрі жоқ. Жер-жерде мал­ды қазаққа шүйлігуі жаман. Малын тартып алуымен қоймай, алдын апарып қамап жатқан көрінеді. Бай қайнағасына үш отауымен бір жаққа тез із суытқаны жөн», – дескен. Өзгелер ауқаттылар санатында емес. Бай қайнағасы қабырғасы­мен ақылдаса келе, жылдам шешім қабылдады. Үш отауын Ташкент жаққа аттандырды. «Нағашыларыңды сағалаң­дар», – дегені. Өзі кенжесімен Сібір ормандарына сіңіп кетпек бұйыртса. Сән-салтанатпен артынып-тартынып жүретін заман қайда, өгіз арбаға ордасын емес, ет сақтайтын күркесін тиеп, шұғыл жолға шыққан. Тірідей айырылысқан ағайын­мен қоштасарда жыламаған пенде болмады. «Қайта айналып жолығамыз ба, қан­дай заманға тап болдық?» – деп еңірегенде етектері толған.
Қар бұрқаған күздің қатқағында қы­зыл әзірейілдер тағы да басып қалды ауыл үстін. «Кеңес өкіметіне мойынсұн­ба­дың­дар, ортаққа бірікпедіңдер», – деп кінәлай келген. Шылбырларына жабыса жалынған кейуаналар мен ақсақалдарды адам құрлы елемеді. Көздеріне көрінген мал атаулыны үйіріп айдап ала жөнелген. Өкіметтің тапсырмасы солай екен.
Сөзге тоқтамағасын ойланып тұруға уақыт қайда. Айқас бірден басталып кетті. Сауын сиырын бұзауымен, белдеудегі атын шешіп әкете берген белсендіні Құ­дайберген есімді жігіт аттан аударып түсірді. Тәуекел деп қарсылықты сол бас­та­ған. Кенет әлекедей жаланған келесі белсенді, Құдайбергенді маңдайдан атып салды. Дүрліккен жұрт тайсап, аңтарылып қала алмады. Жандәрмен әркім өзінің ма­лы үшін, қарулы топқа тайсалмай қар­сы ұмтылды. Ауыл азан-қазан, қан жауып кетті жалғыз сәтте. Қара жер тітіркенді мұншама қатыгездіктен. Кілең ер азаматтар, тіпті қыздар мен әйелдер де оққа ұшты. Бес қаруы сай тонаушылар жағынан тышқан мұрны қанаған жоқ. Зорлығын істеп, тігерге тұяқ қалдырмай әкетіп қалды. Ұлар-шу қатын-қалаш, бала-шаға өлгендердің бетін әрең жасырды қар аралас топырақпен. Бас көтерер азамат түгел опат болғасын, қауқарсыз кәрі-құртаң, қайласыз әйелдер мен бозөкпе балаларға қара түнек ажал аспаны төніп келе жатты…
Кешеден бері нәр татпаған бөбегі шы­рыл­дағанда жанын қоярға жер таппаған. Қысылғаннан ештеңе шықпасын білсе де, жүгіріп жағалай бірнеше үйге кірген. Ешкім жоқ, «Аштан бұралып өлгенше, «өлмегенге – өлі балық» десіп қар кешіп, беттері ауған жаққа босып кеткен болар. Келесі бір үйдің есігін ашқан мезет, қо­лын­да пышағы бар қайынсіңлісі, мүлдем танымайтын бөтен адамдай тап берді бұған. Тұра қашып үйіне келді де, есігін тас қылып байлап, бекітіп алды. Баласы жылай-жылай әбден сілесі қатқан. Өкпе­сінің сырылы естіледі әредік. Үзіліп кетуге шақ қалғаны анық. «Сенің орныңа мені неге алмайды Құдай Тағала?» – деп егілді. Сырттан дүрс-дүрс дыбыс естілді. Жабық­тан сығалаған. Бір-біріне сүйенген үшеу. «Бер балаңды бізге, жейміз» – дейді арсы-гүрсі ентігісіп.
Ашаршылық бірге туысқан пенделерді де мұнша жат қылып жіберерін кім білген. Тасбауырлық – қыс ортасына жетпей азықтары біржола түгесіліп қалғанда-ақ басталған. Кеңес өкіметі ашатұяқ қал­дырмай тартып аларын болжай алмаған аңқаулықтарын, бейқамдықтарын бірі­нен-бірі көрген басында. Кінәласқан. Түк таппағанда торғай, қарға біткенді тұзақ құрып ұстап жеген. Біртіндеп қанаттылар да таптырмайтын болды. Бұл маңайдағы­лар азайды әлде ауып кетті. Ауыл иттері оған дейін-ақ қазанға түскен. Қара суға қатқан тері, тулақ атаулыны қайнатып талғажау қылды. Шәрипа есімді етжеңді кемпір, ашынғаннан «Менің етімді жеңдер», – деп асылып өлді. Расында, адам жеу содан басталып кеткен. Тек аналар ғана өз балаларының етін жеуден бас тартты. Айдар, Айбар атты ағайынды бозбалалар бірін-бірі «жеймін» деп пышақтасып, екеуі де мерт болған. Олардың өлгенін анасы басқа үйде отырып білмей қалыпты. Қазанға түсіп кеткеннен кейін сезген. Жанталасып қарсыласқанда аш-арықтар қаптап байлап тастаған. Піскен етті қыл үстінде бөліп жегендерден анасы: «Болмағанда сүйегін беріңдер», – деп жалыныпты. Себебі, сүйекті қайта қайнатайық депті біреулер. Екі баласының сүйегін жинап алған бойда қарға апарып көмген де, төмпешіктің үстін құшақтап жатқан қалпы өзі де үсіп өліпті бейшара ана.
Әр үйде бірін-бірі аңдыған, шүңірейіп ішіп-жеген көздер…
Күнікей оларға араласпай өзінше күн көрді. Рас өзгелерден ширақтау. Күйеуін қызылдар атып кеткесін, атасы «Мен жасарымды жасап, асарымды асаған адаммын», – деп, тамақ атаулыдан тыйыла бастаған. Жұрт бауырластарының етін жеуге көшкен бір таңда, теріс қарап жатқан қалпы бақилық болды. Атасының мәйітін іргеге сүйеп, киім-кешек, анау-мынаумен жасырып қойды. Адамжегіш­тердің көзінен таса қылғаны. Ақ қар, көк мұзда көмуге шама қайда.
Марқұм көпті көрген, сұңғыла адам ғой. Өлерінен бірнеше күн бұрын, үй астын қазып жасырып қойған бір қарын сары майды және күйеуі көзі тірісінде таудан қазып әкелген бір қанар жабайы сарымсақты көрсеткен. Оны не істейтінін сұрағанда: «Ыстық күлге көміп жейсің. Сонда аш өзегіңе түспейді. Бірақ бас­қа­лар­ға білдірме. Түнде ешқайда шықпай­тын кезде же», – деп ұқтырды. Шоққа көмілген сарымсақ күш-қуат беретінін көріп таңқалды. Сары майды сәбиіне жалатты. Емшек сүті алапат аштық бас­талғанда-ақ тартылып қалған. Май таусылып қалғанда қойдың қарнын да тіліп-тіліп неше күн сорғызды баласына.
Сәбиінің демалысы сезілмейді, денесі салқындап барады. Ботадай боздап бауырына басты. Сөйтіп жатып қалғып кетті бір сәтке.
Жер бетінде қол жайған, ақтыққа оранған аруақтар қаптап кетіпті. Әлденені сұрайды үздігіп…
Ояна келсе, сәбиі сұп-суық. Еңіреді… Пенденің көз жасы түгесілмейді екен-ау. Өзі де өлгісі келді баласының соңынан. Бірақ бөпесін өзгелер алып кетіп жеп қоятыны есіне түскенде, ойынан айныды. Ұзақ өксіді. Бір замат сәбиінің жаялығын ауыстырып жатқандай бұрынғысын шешіп, өзге маталармен қайта орады. Бөпесінің тап-тастай созылыңқы денесіне, ып-ыстық жасы тамды.
Тыста не екені белгісіз, дүрс-дүрс… Сұлқ қалған сәбиін құшақтай алып ұзақ жатты ұйқылы-ояу. Періштесін құша­ғын­да жылытқысы келеді. Сонда тірілетіндей…
Көзі қарауытып, өзегі талуға жақын. Сарымсағы түскір де бітіп қалған. Азына­ған киіз үй, қалтыратып әкетіп барады. От жақты. Қар суы сақырлап қайнай бастаған. Ойланбастан қолына балта алды. Атасы оны өзі саптаған қайыңмен. Үстіне үйілген киім-кешекті ысырды. Мәйіт серейіп қатып қалыпты. «Кешіріңіз, ата, кеші­ріңіз!»……
Арада қанша күн мен түн өтті білмейді. Боран басылғанын сезіп сыртқа шықты. Күн айығыпты. Біраз бақылады. Адам болуы мүмкін үйлерден кірген-шыққан із жоқ. Қарға омбылап жүріп, құламаған киіз үйлерді түгел адақтап шықты. Кейбіреулері құшақтасып, көбі оранып жатқан қалпын­да жантәсілім етіпті.
Үйіне келіп бөпесіне сөйлеп отырды: «Ботам, білесің бе, сонша адамнан қалған тек екеуміз. Жарық дүниеде тек екеуміз қалыппыз… Бай қайнағаның үйіне көшпе­сек, біздің үйіміз де енді бір жел соқса, құлағалы тұр…
Әдірә қалған дүние-мүлік. Бай қайна­ғасының үйіндегі кезінде өздері қызығып жүретін небір қалы кілемдер, алтын сандықтар мен жүкаяқтар. Күміс піспекті торсықтар мен сары сабалар. Қызылды-жасылды желбаулар, бәрі-бәрі сонша жанның басына күн туғанда, біреуіне араша бола алған жоқ. Әлі тұр самсап. Мал, байлық жинап бекер-ау.
Ең аяғы қайнағасының алдынан кесіп өтпек түгіл, сыртынан атын атамай тер­гей­тін келіні, қасқыр ішігін жылылығына қызығып киіп алуы – заманның шынымен өзгергендігі шығар. Осылай ойлаған Күнікей: «Кешіріңіз, қайнаға!» – деп күбірледі.

***

Неше күнгі жарық жалғанды күңгірт еткен тұман ашылған сияқты. Әлдеқайдан торғай шиқылдады. Иә, торғай… Кенет бөпесіне көзі түскен Күнікей, «А-а», – деп шегініп кетті. Бөпесі жалғыз түнде қап-қара болып кетіпті. Үйдің іші жарық болсын деп есікті үлкенірек ашқан, көктемнің лебі енгендей. Есіктен басын шығарып қараған, жел үйген қардың ара-арасы еріп, қарайып қалыпты.
Бөпесіне қайта қарауға жүрексініп, төрдегі алтын сандыққа сүйеніп, бүрісіп отырды. Аруақтар келді айналасына қаптап… Атасын анық таныды… Ол да қолын жайып тұрды алдында. Нені сұрай­тынын ұқсашы… Қорқып бетін басып алды.
Кенет есік ашылып, домаланған бейтаныс еркек кіріп келе жатты. Күнікейдің көзіне ол майлы ет болып көрінген. Шың­ғырып тұра ұмтылды. («Езуінен қан аққан, шашы қобыраған албасты ма, не?» – деп ойлаған, зәресі ұшқан тоқ адам)
Күнікей төрден есікке дейін, неге екенін ұзақ жүгірді… Әлденуақ мылтық тарс етті… Алғаш бұл дыбысты жалғыз ағасын ақтар атып кеткенде естіген. Одан қызылдар… Солай ойлап үлгерді. Қара жерді құша, жоқ сәбиін құша құлаған…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір