АТА-ТАС пен АНА-ТАС
19.07.2019
3894
1

Сапарбай Парманқұлов

Қасиетті Қазығұрт­тың шығыс жағын­дағы биік жотаны жергілікті жұрт Ғайып ерен қырық шілтеннің киелі мекені санайды. Ондағы тас мүсіндердің арасында ерекше сыр бүккен Ата-тас пен Ана-тас тұр.

Қара шал құран оқыды, қиыршық тас үстінде тізер­леген күйі әдемі мақам­мен өрнектеле шыққан сүре­лерге ұйыған тыңдаушы толқып отыр. Сол мақамның әуені қасиетті Қазығұртты әлдилегендей, көз ұшында жарықтық Қазығұрт тербеліп тұрғандай әсер қалдырған, әлде тербелген сағым ба, әйтеуір шақырайған күн астында қалықтаған әуезді үн дір-дір жаңғырығатындай еді. Қара шал күбірге көшті, қол жайып бет сипадық. Тізерлеп отырған қалпы биік жартасқа қарағанмын, әжім торлағандай құж-құж кейпі­нен сыр суыртпақтардай ұзақ үңілдім. Маған төне түс­кендей еңкіш тартқан жартастан ақсақалдың бейнесін тапқандай болам, сақалы, маңдайы… ойға берілген сәт, жанымдағы кісілер орындарынан тұрып ілгері жылжыпты.
Ата-тас пен Ана-тас. Қазы­­ғұрттың шығыс жағын­дағы жота басында көзге сонадайдан шалынар биік жартас, жақындағанда байқайсыз, ортасындағы сызат екіге қақ жарып тұр.
Белгілі қаламгер, публицист Сапарбай Парманқұловтың еліміздегі аңызға толы тарихи мекендер туралы жазған сапарнамалық мақалалары танымдық-ақпараттық тартымдылығымен құнды. Саяхатшыларды өзіне баураған әйдік мекендер жайында тамылжыта жазатын қаламгердің «Ата-тас пен Ана-тас» мақаласы да талай туристі өзіне тартқан Түркістан облысындағы жұмбақ сырлы Қазығұрт тауының киелі жері туралы толғайды. Оқырман қауымға өзі мекен еткен Атажұрт туралы қызықты да тың деректер ұсынады. Мақаланы оқи отырып, автормен бірге Қазығұртты бір айналып шыққандай боласыз. Жаздық демалысын осы өңірде өткізгісі келгендер болса, міндетті түрде таңғажайып тастар әлеміне соқпай кетпесе керек.

– Өткеннің тұңғиығы,
Болашақтың биіктігі болмаса,
Бүгініміз де сүреңсіз болар еді…
Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ.

Алыстан білінбегенімен, дәл түбінде тұрғанда екі айырылған қос жартасқа таңдана қарайсыз. Табанында жіңішке жалғыз аяқ жол сорабы жатыр. Жергілікті жұрт киелі санап, қос жартасқа сыйынып, сол жол сорабымен арғы бетке өтеді. Қара шал бізге де «ойлаған мақсатыңа жетесің», деп түсіндіріп қойды. Қырыңнан тұрсаң әрең сиятын мына саңылаудан өту мүмкін еместей, сосын қол созымнан кейін жіңішке жол кілт бұрылып кетеді де, оның ұштығын да таппай қаласыз. Жүрекке қорқыныш ұялататыны да осы көрініс. Содан жартасқа тағы да көз салдық. Ата-тас пен Ана-тас тым биіктеп кеткен бе дедім. Қарсы алдымдағы саңылау бұрыңғыдан да қауіптілеу көрінді.
«Тәуекел», – деп, алға қадам бастым. Қышырлап табанымдағы қиыршық тас сусығандай болған. Оң иығымды Ата-тастың құж-құж қабырғасы сыдырып өтті ме деп қалдым, ал, Ана-тас кең құшағын аша түскендей.
Өң бойымды билеген қорқыныш бой тітіркентті, әлде алды-артымнан қаусыра қысқан жартас па, білмедім, аяғым жерге бір тиіп, бір тимей келе жатырмын. Тас қуысынан ентіккен демім қабырға бетке барып өзіме қайтады. Маңдайым тершиін деді, бусанып ыстықтап кеттім. Жаңа ғана қауқылдасып тұрған кісілердің дауысын іздедім. Саңылау жолға кіре берісте жаңғырыға естілген дабыр-дұбыр үндері ізім-ғайым жоғалған. Тек, мынау екі жартастың ортасында тыныс алғаным айрықша сезіледі, бір қырындап жүру де ебедейсіздеу екен, көз алдымдағы ұңғыл-шұңғыл қара тас жалықтырып жібергендей, басымды бұрып келген жағыма қарадым, саңылау жол қиястау бұрылған ба, жаңа ғана өзім енген босаға көрінбейді, жақпар тас бәрін жасырған, тоқтап артқа қайтсам ба деп едім, ол мүмкін емес-ау, біраз жол жүріп, енді кейін шегінсем жартас арасында кептеліп қалармын деген үрей санамды шарпыды.
«Е, Алла, өзің жар бола гөр», – деп күбірлеп ішімнен айттым десем, даусым қатты шығып кетті білем, қос жартастың қуысы жаңғырыққандай өзгеше үн естілді. Құдай-ау, жартастар бірімен бірі сырласқандай, күмбір-күмбір беймәлім әуен талып жетеді. Еппен жоғары қарадым, жақпар тастардың ұшар басында қияқтай көк аспан. Тас қоршауда қалғандай қиналған сәтте мөлдіреп, үзіліп түсердей көк аспан көңіл демдеді.
Әлгінде биікке өрлеп келе жатқандай ем, енді сәл еңіске түсе бастағандай әсердемін. Кейде аяғым қиыршық тасқа тиеді. Маңдайымнан сорғалаған тер шығар, көзіме құйылды. Ана-тасты сипалап келе жатқан оң алақанымның сыртымен жанарымды сүрттім. Борша-борша болып терлеп кеткенімді сонда ғана аңғардым. Алақанымды қайтадан қабырғаға тіредім. Арқамнан әлдекім қаққандай болды. Саңылау қуыста артыма бұрылып қарау қайда, мүмкін, бұдыр тас тиген шығар.
Қиналғанда, ебіл-дебілім шығып қысылған кезде демеген болып арқадан қаққан сен бе – Ата-тас;
Алақан тірей алға жылжығанда қанат бітіргендей көңілмен әлпештей арқадан сипаған сен бе – Ана-тас;
Қырындап мынадай қуыстан өту қандай қиын, оң аяғымды ақырын көтеріп қозғап едім, кеуде тұсымды тас қысып тұр екен.
Жақпар тас кеуде мен арқадан қысып жібермейтіндей, жаным мұрнымның ұшына келді. Екі тастың арасында ілініп қалдым.
Бұл өңірді Ғайып ерен қырық шілтеннің киелі мекені деп, бекер атамаса керек-ті. Батырлар жырында баяндалатын, ғашықтық дастандарда айтылатын, аңыз-әңгімелерде жиі қайталанатын Ғайып ерен қырық шілтен – жаудан беті қайтпаған, бірақ аңғалдық опық жегізіп, зынданда жатып істерге айла таппай қиналғанда Алпамыс батырға дем берген;
Періштедей пәк күйі көрде туып жабыққан, дүниеге келмей жатып жалғыздықтан жаны жабырқаған Көрұғлыға медеу болған;
Көкірек тырнаған қызғаныштың кесірінен сандыққа салынып, суға лақтырылғанда ештеңеден қаперсіз қос сәби – Мұңлық пен Зарлықты жерге түсірмей алақанына салып жебеген – өзің емес пе?!
«Е, Ғайып ерен қырық шілтен, өзің қолда!»
Қос қапталдап қысқан жартас киімдерімді сыдыра жыртып барып, оң табаным жерге тиді. Қайтадан ақырын ілгері жылжи бердім. Қос алақанымды Ана-тасқа тірей, терге көміле басымды жоғары көтердім. Төбемде қияқтай көк аспан, тым биікте – қос жартастың ұшар басында мөлдіреген көк аспан, мынау құзар тастардың қоршауында қалғанда көңілге сеп сен екенсің ғой.
Сосын, алға қарай ақырын жылжи түсемін. Құдай-ау, тас арасында кептеліп қалсаң, қол ұшын берер кім, самбырлай, тау-тасты жаңғырта әңгіме айтар Қара шал қайда, «киелі жерге барғанда жалаңбас жүруге болмайды», – деп жасыл тақиясын басыма кигізіп, бүкіл жұмысын тастап осында ертіп келген сазгер Сүгірәлі ағам қайда – ың-шыңсыз дүние, тек құжар тас, қияқтай көк аспан, жанталаса ілгері ұмтылған мен ғана сияқтымын. Сәлден соң, беймәлім сәуле жарқ ете қалғандай болды, енді бір қозғалғанда, жап-жарық дүние – кең дала құшағын ашты.
Ұзақ болып көрінген аз ғана уақыт, қиналған сан сағаттай сезілген қас-қағым мәуріт артта қалды. Өзімді бір түрлі жеп-жеңіл сезіндім. Сол екпінмен әудем жерге барып тоқтадым. Киімімді қағып жатырмын, әйтсе де түйір шаңның жұқпағанына таңданып қоямын. Содан жаңа әзірде тас сыдырғанда пыр-пыр жыртылғандай көрінген киімдерімді шешіп айналдыра көріп шықтым. Сызаттың да ізі жоқ. Қайран қаласыз.
«Дастарқан» тастың басына тізе бүктім. Төмендегі үш бұлақтың бастауында әлдекімдер жүр. Суы қасиетті саналатын үш бұлақ – көз бұлақ, өңеш бұлақ, құлақ бұлақ. Әрқайсысының аты айтып тұрғандай, бірі жанарыңызды шәйдай ашады, екіншісі тыныс жолдарына таптырмас ем болса, үшіншісі – есту қабілетін арттырады деседі.
Бұнда келген кісі сол бұлақтардың жиегімен жоғары көтерілетін жалғыз аяқ жолдың қос қапталында жатқан «Қақпа» тастан бастап тәу етеді. Ғажабы сол, Ғайып ерен қырық шілтеннің қасиетті мекені саналатын жота беткейінде бәрі бар, бірақ бәрі – тас мүсін.
Қара шалдың әңгімесіне сенсеңіз, Нұх пайғамбардың өзі соққан тас ошақ – «Пайғамбардың ошағы», сосын «Дастарқан» сынды жап-жалпақ тас, одан былайғы жерде «Пайғамбардың жайнамазы» жаюлы жатыр. Беткейде қаннен қаперсіз жайылып жүрген жануарлардың тас мүсінін көріп тағы таңырқайсыз. Ойсыл қараңыз, Зеңгі бабаңыз, Шопан атаңыз осында, қос «Пілді» де кездестіресіз. «Бақа» деген және бар. Бұлардың ортасында биіктен қарап Ата-тас пен Ана-тас тұр. Жанында «Бесік» тас. Әсерлі өрілген әңгіменің ауанына, тас мүсіндерге қарап, иланбай көріңіз. Ертегідей бір әлем.
Қасиетті мекенге зиярат етушілер мен науқасына ем іздеп келушілер көп, оған себеп «Емдік тас», «Шілде тас», «Түсік тас» болса керек. Мәселен, «Емдік тастың» үстіне жатқызып, сырқаттың жайын анықтайды. Қай жеріңіздің мазалап жүргенін дәлме-дәл айтады. Ал «Шілде тас» – беліңіз сырқырап, балтырыңыз сыздаса, таптырмайтын ем. Шілденің ыстығында күн астында әбден күйіп қызғылт тартқан жайпақ тас үстінде жатып қыздырынсаңыз құлан таза сауығып кетесіз. «Түсік тас» – бір перзентке зар болып, Алладан нәресте сұраған, бала тоқтамаған аналардың жиналатын жері. Ерекшелігі де сол, науқасынан айығып, жанына шипа тауып жатқаннан ба, аталмыш тастарды да жұрт қастер тұтады.
Ата-тас пен Ана-тас.
Күнгей бетте қасиетті Қазығұрт қараған қалпы замананың ыстық-суығына, от-жалынына, дауыл-боранына қайсарлықпен төтеп бере білген ұлы бабаларымыздың белгісіндей, беті шұрқ тесік әжімделген – Ата-тас дерсің;
Таң рауанын тағатсыздана тосып, мейірім мен шапағатқа өн бо­йын шуақтандырып, ізгілік пен ізеттің инабаттылық пен ибалықтың діңгегі бола білген ұлы әжелеріміздің белгісіндей, бесігін бауырына басқан – Ана-тас дерсің.
Жотадан төмен түсіп, Қазығұрт тауының баурайынан Леңгірге бағытталған тас жолға шықтық. Көліктің реті келмеген соң, жаяу аяңдадық. Қара шал әңгіме бастаған:
«Бағзы бір заманда төрткүл дүниені топан су шалғанда, жарықтық, Қазығұрттың басына Нұх пайғамбардың кемесі тоқтаған деседі… Содан жер бетінде тіршілік қайта жалғасын табады. Көне мен Жаңа дүниенің куәсі болып ғұмыр кешкен Адам-ата мен Хауа-ана, төрт түлік пен жан-жануарлар өздері бастауында тұрған жаратылыстың мәңгілік күзетшісіндей болуды арман тұтып, осы жерде өз еріктерімен тасқа айналған деседі…»
Алыстан биік жота басына қайырылып көз салғанда, қара шалдың әңгімесін мақұлдағандай, Ата-тас пен Ана-тас бұрынғысынан да айрықшыланып тұрды.

ПІКІРЛЕР1
Қажы мұқамбет қаракедей 21.07.2019 | 13:06

Ата — ананы құрметте
Міндет санап əлбетте
Қазығұрттан басталған
Қайта барлық үмбетке
Наурыз атты жаңа күн
Нұхтан болар ескертпе
Нау дегені кеме деп
Енді сөзді жөндет те
Осындағы қауымды
Өркендетің үмбетке

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір