Мақпал жыр
12.07.2019
1177
0

«100 жаңа есім» жобасы осымен екінші рет ұйымдастырылды. Жобада ерекше көзге түскен жастар аз емес. Соның бірі – белгілі ақын, Жазушылар одағының және Журналистер одағының мүшесі Мақпал Мыса. Ақынның «Алтын тобылғы» байқауында бас жүлде алған және үш тілге аударылған «Шоған Абыз» поэмасы туралы мақаланы назарларыңызға ұсынамыз.

Қазақ қызының бойындағы биязылық­пен, қайсарлық, сезімталдықпен ұлттық нақышта «өлеңдерін бұрымындай өрген», лирикалық жырларымен өз оқырманын тез тапқан ақын қыздың өрнекті ой ұшқын­дарымен баспасөз бетінен, әлеумет­тік желі­лерден таныс едім. Кейіннен «Аспантау­дың көктемі» деп аталатын жұқана жыр жинағын оқып, Мақпалдың қазақ поэзиясының көші­не ұлттық өрнегімен, өзіндік талғамы­мен, бой түзеген сән-салтанатымен келіп қо­сылған талантты жас екеніне шүбә келтірмедім.
Махаңдардың сарқыты Мұхаңдардың шекпен жапқан қасиетті өнерін жаңғырта зерлеген, ауыз әдебиетінің қайнарынан құймақұлақ қарттардың тізесінде отырып сусындаған, «қара өлеңнен мойнына тұмар таққан» ақын Мақпал Мысаның тарихи танымнан туған шабытты эпикалық жыры – «Шоған абыз» поэмасы – 2017 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры ұйымдастырған «Алтын тобылғы» әдеби жүлдесінің «Туған ел» номинациясы бойынша Бас жүлдесін алған шығарма.
Бабалар рухына бас иіп, Майқы би, Бұхар жырау, Бекет атадан медет тілеп, абыз бабасына жыр арнап топқа түскен Мақпалдың:
Арда мекен, ақ мекен,
Басымдағы бақ па екен?
Баһадүрлер, батырлар
Жазып кеткен хат па екен? –
деп поэмасының кіріспесінде шешендік сауал тастауы ғасырлар қойнауынан ескен саумал сарын ер түріктің сайын даладағы еркін жан тынысын танытар аңдатпа. Поэманың алты алаштың ардағына айналған абыз, би-шешендеріне арнаумен басталуы – арысы ұлттық әдебиетіміздің қормалы бір жанры тарихи жырларынан, берісі Мағжан, Ілияс, Мұқағали поэмаларындағы аңыздық, мифопоэтикалық дәстүрді жаңғырта жырлап, «қара жолға қара өлеңді салып», «Қаратаудың басынан көрінген көштің» зары мен наласын оқырман есіне қайыра бір түсіріп, өткеннің өкінішті сабағын пысықтауында. Адамзат жаратылысының тылсым құпияларының бірі – түс көру, аян беру болса, көшпенділердің көрегендік ілкі қаситеті – түс жору болса, авторлық идеяның темірқазығы да – Шоған абыздың өз түсін жоруы. Хан Тәңірінің қыран самғар тұсынан кеңістікті бетке алған алтын қанат құстың иығына келіп қонғанын оң жорыған Шоған абыздың сәуегейлігі – халқымыз ғасырлар бойы армандаған бүгінгі тәуелсіздігіміздің биік тұғыры. Ақынның Шоған сайымен тілдесуі – қасиетті, құт мекеніне, табиғатқа табынған түріктік, тәңірлік түсінігіміздің нышаны.
Ақын поэмасын романтикалық асқақ пафоспен бастап, лирикалық шегіністермен өткен тарихты таразылап, танымдық, пәлсапалық ойлар ұшығын ұсынады. Еңсегей бойлы ер Есімнің тұсында ел билігіне араласқан абыздың өсиет сөздері мен келелі кеңестерін келісті өрнекпен кіріктіріп поэманың тарихи-деректік сипатын да арттыра түскен. Жаугершілік аласапыран кезеңде өзбек жұртынан пана іздеп Бұхар асқан Айт пен Бозымды іздеп, «жанымды да, қанымды да өзгенің өлең жері мен өгейлік ортасында қалдырғым жоқ», – деп, жолға шыққан абыздың, жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған ұлтымыздың ұлт болашағы мен ұрпақ жалғастығын ту көтерген ұлы ой-арманы – ұрпаққа ұлағат. Ел сүйсініп айтатын Үмбет пен Мәмбет әңгімесі де – ғибратты ойға құрылған көркем мотив, ұлттық ұстанымымыздың өн бойында тұнып тұрған елдік пен ерлікті ту көтерген рухымыздың беріктігін паш ету, көркем рухани қазынаны жұрт игілігіне жаратудың жасампаз үлгісі.
Алашқа абыз аты ардай қазақ,
Ардай қазақ болғасын – нардай қазақ!
Мәмбеттен төмен қарай Алжан тарап,
Айналған рулы елге, қандай ғажап!
Сюжеттік желіге арқау болған аңыз сарыны, десек те, «Аңыздың бізге жеткен түбі нұсқа», – деп тұжырмдайды ақын. «Ақын сөзіне жұрт рухының сәулесі түспей тұрмайды» (А.Байтұрсынов). Үмбет пен Мәмбеттен тараған ұрпақтан Хангелді, Түкі, Райымбектердей қолбасшы қаһармандар, Албан Асан, Мұқағали, Еркіндердей ақын, «бала өлгенше шал өлсін, уа ағайын», деп кешегі он алтыншы жылдың қысылтаяң кезеңде бастарын оққа байлаған күрескер рухты Жәмеңке мен Ұзақтай батырлар шықса, оны «өлеңімен өткенге өткел салып жүрген», «қарашығы қара өлеңге тұнған қыздың» тебірене жырлап, жаңғырта санамызға сіңіруі – ақындық, азаматтық парызы…

Сайлау Қажыбекұлы

(толық нұсқасын газеттің №28 (3662) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір