ЖАЗ
12.07.2019
311
0

Мырзан Кенжебай

Жалғанның жақпар-қатпарын
Қарһәлләзи қарық қып,
Бояуын алуан ақтарып,
Жаз-дағы келді-ау, жарықтық!

Күркіреп көкте күн тіптен,
Түйсе де қабақ тас қылып,
Теңселер бүкіл гүл біткен,
Жан- тәнін жазға тапсырып.

Кешкі көл шуға шақырса,
Аптаптың қайтып жалыны.

Бұрқырап жатар тақырда
Бұлдырықтардың мамығы.

Сарыала қаздар сұңқылдап,
Шарият айтқан шалдардай.
Думанға толар бұлбұл бақ,
Шырқаусыз ешбір ән қалмай.

Еске алсаң адыра арманды,
Үрзада көңілің үздігіп,
Қылымсып дүние жалғаның
Көрсетер небір қыз-қылық.

Алтынға шомып жатсаң да,
Адамға жастық шақ қызық.
Аңсатар соны аспанда
Аққулар сызған ақ сызық.

Бал шақты іздеп белдерге
Кетсем-ау дейсің, құдірет!
Тулайды сол сәт кеудеңде
Торғайдай ғана жұмыр ет.

Осылай жаздың күні өтер,
Күнбатыс нұрға малынып.
Шікәмшіл жүрек шым етер,
Сонау бір жазын сағынып!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован.

Пікір