АЛАКӨЛГЕ БАРДЫҢ БА?
05.07.2019
806
0

Еліміздің байтақ даласы төрт маусым бойы саяхаттауға арналған туристік орындарға толы. Мейлі, сіз таза табиғатқа шыққыңыз келсін, асқар тауларды аралап, бой сергіткіңіз келсін немесе шипалы суы бар көлдерге барғыңыз келсін, Қазақ жерінің киелі топырағындағы туристік орындар қашанда сіздің қажетіңізден шыға алады.

Жаз айларында еліміздегі және шетелден келген саяхатшылар Алакөлге барып демалуға асығып жатады.
Бұның бірнеше себебі бар.
Біріншіден, Алакөлдің суы дертке шипа болатын, еш жерде кездесе бермейтін ерекше қасиетке ие.
Екіншіден, оның табиғилығы, орналасқан өңірінің өзгешелігі алыс-жуықтан келетін саяхатшыларды өзіне тарта алады.
Алакөл (түрлі түсті көл) – Қазақ­стан­дағы сирек көлдердің бірі. Ол Шығыс Қазақстан облысы мен Алматы облысының шекарасында орналасқан. Жаз айларында, әсіресе маусымның ортасынан қыркүйектің аяғына дейін бұл өңір демалуға барған саяхатшыларға лық толады. Тері ауруларына, жел-құз секілді т.б. сырқаттарға ем іздеген ел-жұрт бұл көлдің шипалық қасиетке ие екенін жиі айтады.
Біз биылғы маусым айының ая­ғын­да Алакөл көлінің Ақши жаға­лауына барып, 7 күн демалдық. Алакөл бұрынғыдай емес, туристерге ерекше көңіл бөлетін орталыққа айналыпты. Сәнді қонақүйлер мен ойын-сауық орталықтарының көптеп салынғаны, қызмет көрсету сапасы жыл санап жақсарып келе жатқаны қуантты.
Алматы қаласынан келіп, демалып жатқан Айғаным Пірәсілова: «Жыл сайын осы көлге келіп, отбасымызбен демаламыз. Жаз айларындағы демалыс жоспарымыз ең алдымен осы өңірден басталады. Туған жеріміздегі ең керемет көлдің қасиеті мен шипасы туралы өзіміз көп біле бермейміз. Бірақ бұл өңірге шетелден арнайы келетіндердің қарасы мол. Көлдің қасиеті өзгеше болмаса, шетелдіктер бұл араға жиі келмес еді ғой. Сол үшін Алакөлдің өзіне тән тынысын танып, оның рөлін арттыруға көп болып күш салуымыз керек», – деді.
Шынында, Алакөл біз үшін тек туристік орын ғана емес, тарихы терең мекеннің бірі. Себебі, оның бойындағы ұлан-байтақ далада ата-бабаларымыздың ізі қалған. Ондағы әрбір түйір тас небір батыр бағландар жайында сыр шертеді. Бұл мекен өзге жерде кезікпейтін аңыздар мен әфсаналарға толы.
«Алакөлге бардыңыз ба?» деген сұраққа әркім «иә» деп жауап беруі мүмкін. Ішкі туризмді дамыту – ел тұрғындарының өз қолында. Алакөлдің Антальядан несі кем? Сыртқа шабылып, ақшаңызды ысырап еткенше, осы көлге барып тынығыңыз. Бұл өзіңіз үшін денсаулығыңызға пайдалы болса, еліміз үшін экономикалық өсімге қосқан азғантай үлесіңіз болмақ. Шуақты жазда Алакөл атырабында демалу өзгеше ғанибет.

Дина Жандәулет

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір