Жан азасы
03.07.2019
2126
0

ЖҰЛДЫЗДАЙ ЖАРҚЫРАЙТЫН ЖАҢА ЕСІМ

Әлиханның әңгімесі маған Бауыржан Бабажанұлының электронды поштасы арқылы жетті. Ақтөбелік «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Бауыржан досымның кеңдігіне, талант көрсе тамсанып қол соғатынына бұрыннан куәмін, осы жолы да оның дарынды бір жасты тауып ала қойғанына күмәнім болған жоқ. Ол дарынның есім-сойы – Әлиxан Нұрбергенұлы екен! Тәңірімізге тәу ете сөйлейін, енді бірер жылда бұл есім қазақ әдебиетінің көгінде жұлдыздай жарқырайтын болады. Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Саралжын аулында 1998 жылы бірінші айдың бірі күні дүниеге келген (01.01) Әлихан қазір 21 жаста. Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ-дің 3-курс студенті. Қазақ жазушыларын ғана емес, Батыс-Шығыстың үздік туындыларын тауысып оқып тастаған Әлихан осы күндері алғашқы романын жазуды бастап кетті. Біз бүгін «Жас тұлпар» қосымшасының тұтас бір нөмірін арнаған «Жан азасы» әңгімесі Әлихан Нұрбергенұлының жазуға үлкен дайындықпен келгенін әйгілесе керек. Ол қазақ әдебиетінің дәстүрлі мектебі қалыптасқан кеңістікте отырып-ақ жаңалыққа, жаңашылдыққа бет түзеп алыпты. Жаңашылдыққа бет түзеген түлектер – туған әдебиетіміздің көшін баянды белге көтеретін ендігі буын – «Қазақ әдебиетінде» әңгімелері жарияланып жатқан Досхан Жылқыбай («Квант»), Арман Әділбек («Жоғалған бөлмелер») және осы Әлихан Нұрбергенұлы деп білемін. Бұлар біздің үкілі үмітіміз, мен бұл жігіттердің болашағына бек сенімдімін. Ал Әлихан Нұрбергенұлы туралы қысқа қайырып айтар болсақ, ол – Жүсіпбек Аймауытовтан басталған қазақтың көркем шығармасындағы психологизмді жаңа контексте дамытатын, орыстың заңғар жазушысы Достоевскийдің биігіне алып баратын Төлен Әбдіктің «төл баласы». Шіркін, бүгінгі заманның Атымтай жомарты – Ислам Салжанов сияқты жігіттер қамқорлығына алса, біздің Әлихандар алаңсыз жазуға ғана отырып, әлемді аузына қаратар еді. Бәлкім бұл тілегіміз қабыл болып та кетер…
…дей келіп, жалғасты сөзімізді Әлиханның әңгімесіне берейік. «Жан азасы». Оқыңыз, құрметті оқырман! Әңгіме сізді ойдың қара тереңіне салып, «қамау теріңізді» алады. Ал автор өз ортасынан баяғыда ұзап кеткен. Жорытқанда жолы болсын!

Дәурен Қуат


Әлихан Нұрбергенұлы

Әңгіме

О, дүние-ай, бір кеудемде екі жан,
Тартысады екі басты жыландай.
Бірі жерді ұнатады жанындай,
Жер бетінің бар қызығы оған тән.
Екіншісі лапылдайды жалындап,
Жоғарыға сүйрелейді бағынбай.

* * *

Періштелер

(Фаусттың өлмес рухын көте­ріп, биікте қалықтатып ұшып келеді)
Ізгі рухы бұзылғанның
Босаттық, кешіп кінәсін,
«Үнемі алға ұмтылғанның
Жуа аламыз күнәсін».
Мәңгі адал махаббаттың
Мейіріне бөленді.
Тиді биік шарапатың,
Еңбегіміз төленді.
Иоганн Вольфганг Гёте
«Фауст»

Менің жазумен айналысатынымды білетін бір досым жұмыс орныма осы жазбаны әкеліп берді. Жазбаны оқып шығып, ұзақ уақыт ой қамауында қалдым. Кейіпке­ріміздің ішкі толғамы адамзат баласының мүдде-мақсатын ойлаудан туған секілді. Рас, жан-дүниемізде біз білмейтін өзімізге мәлім емес қаншама сырлар жатыр. Адал­дық пен арам­дық, жақ­сылық пен жамандық, мейірім мен тасбауырлық кейде айтысып, өзара тартысып жатады. Тағдыр жазуы деп өмірі­мізді өзгелер­мен байланыстырып, басқалар­дың пікірімен ғұмыр кешетінімізді жоққа шығара алмаймыз. Тағды­рымызға қай адамның қандай ықпал жасап жатқа­нынан мүлде хабарсызбыз. Сіз де пікіріңіз­бен бөлі­серсіз. Кейіпкері­міздің жазбасын өздеріңізге ұсындым.

* * *

– Жарайсың! Жарайсыңдар! – деп, көрермендер тұс-тұстан түрегеліп, сахна­дағы актерлерге қошемет көрсетіп жатыр.
– Режиссер! Сен де жарадың! – дейді енді біреулері.
Мен спектакльден алған әсе­рімді көрер­мен­дердей шулап, сыртқа шығарып жібергім келмеді. Орнымнан қозғалмадым. Гам­леттің қайғысы, өзгеріске ұмты­лысы, жанталасы, Шекспирдің шеберлігі, патша тұқымының күйініші көз алдымда тұрды. Саралап, ой елегінен өткізе бастадым. Көрермендер қошемет пен пейіл-құрметін Гамлеттің рөлін сом­даған актерге білдіріп, іле-шала әлдебір жаққа асыққандай, екі қапталдан ашылған есіктерден шығып тарқаса бастады. Аяңдап мен де шықтым.
Көктемнің құбылмалы кеші. Тау жақтан салқын леп еседі. Көшені бойлай тізіле жанған шамдар сығырайып, көлеңкені көбей­теді. Көлеңкеме қарап келе жатып ойланамын, жанымда дәл осылай бірге қимылдайтын, жасаған ісімді қатесіз қайталайтын адамдар болса деп.
Соңғы екі аптада күйзеліске түстім. Ширақтығымнан айрылдым. Мезгілдің әсері болар деп жобалаймын. Жұмыстың берекесі қашып тұр. Әріптесім:
– Саған демалыс керек, әйтпе­се, ауруханадағы өзің емдеп жүрген науқастар­мен бірдей боласың, – деп кекете мысқыл­дайды. Мені шаршатып жүрген жел сөздер емес, жұмысымдағы аурулар. Дәлі­­­рек айтатын болсам, жындылар. Ғаділ деген жасы қырыққа тая­ған кісі бір ай бұрын біздің ауру­ханаға түскен еді. Mенің қара­уымдағы науқас.
Күні бойы есімді шыға­рады, арақ сұрайды, темекі сұрай­ды, одан қалды көк­мылжың, әңгі­ме бастаса, тоқтату мүмкін емес. Ұйқыға жатқанша не шын­дық жоқ, не жүйе жоқ ертегі­лерін айтады. Ол аздай, «серуендегім келе­ді», – дейді. Ауладағы баққа апарсам, «қаланың ортасын­дағы сая­бақ­қа апар», – дейді. Қысқасы, тілегі көп, қайсыбірін орындайын. Ол адам­ның сандырағы­нан әбден шаршадым. Дәрісін артық беріп, өлтіріп тастар ма еді. Құдай сақта­сын! Бірақ, Ғаділ енді тағы бір ай ауруханада болатын болса, мен оны…
Ертеңіне жұмысқа барып, кабинетімдегі ақ халатымды киіп, бастыққа кірдім. Менің соңғы кездегі түрімнің солғын тартып, жү­деу көрініп жүргенімді ол бай­қағандай еді.
– Отыр, келгенің дұрыс болды. Әріптес­терің сені жұмысқа құлқы болмай жүр дейді. Бір аптаға босатамын, тауға бар, демалы­сыңды жақсы өткіз, – деді бастығым.
– Иә, аздап демалсам, жақса­рамын, – дедім ауырсына сөйлеп.
– Айтпақшы, Ғаділдің жағдайы қалай? – деді. Лезде ашуым келе қалды.
– Өлтіремін оны! – дедім түтігіп.
– Жә, сабыр! Ең алғашқы жылдары жұмысыңды тыңғылық­ты жауапкершілікпен атқарушы едің. Сенен үлкен үміт күтуші едік. Бұл бетіңмен кете берсең, сен де сол аурулардың қасыңда жатасың, – деді даусын көтере.
– Мен олармен бірге ем қабыл­дауға қарсы емеспін, басеке, – деп күле сөйледім.
– Түсінемін, олармен жұмыс істеу өте қиын. Жақсы, бара бер, реттеліп келетін бол, – деп, мені шығарып салды. Бастығым менен үш-төрт жас үлкен. Қатар құр­дастай әңгімелесе береміз. Жұмыс бабына келгенде, өзге қызметкер­лерге қатал. Бүгінгі сөзде­рі маған жағымсыз болғанымен, басқа қыз­мет­керлерге айтса, еркелеткенмен бірдей болар.
Түске таяу үйге келдім де, ас ішіп, ауқат­танып алдым. Бір апталық демалыс деген сөз бойымды сергітіп жібергендей. Көңіл күйім көтеріліп, жақсарып қалдым. Кітаптар мен медициналық журналдарды жиыстырып жүріп, тауға да, қала сыртына демалуға да бармайтын болып шештім.
Өзім де түсінбеймін, кей уа­қытта бо­йымда өзге күш пайда болады да, мені қауіпті істерге итермелейді. Міне, демалысыма кедергі келтіріп тұрған – сол белгісіз тылсым күштің әсері. Бұл жолы қарамағым­дағы ауруды өлтір деп бұйрық бермеді, мені әбден қаныма сіңген құмар ойындарына сүйреді. Кеудемді еріксіздік билеп, үйден шыға көше бойын жағалай самсаған құмарханалардың біріне кірдім. Қабырғада ілінген жарқ-жұрқ еткен теледидар экрандарында ойын сандары, бәс коэффи­циенттері, ақша мөлшері көр­­се­­тілген. Қаз қатар тізілген ком­­пьютерлерде – джокерлер мен жасы­рылған карталар. Бәсіңді кассирге төле де, жасырылған карталар арасынан джокерді тапсаң, ұтқаның. Келесі мониторда айналмалы сандық үстел. Дюжинаны дәл тапсаң, үш коэффициентке салған бәсіңді көбейт те, ала бер. Баюдың ең оңай жолы – осы. Шынымды айтсам, жұмысқа орна­лас­­қалы айлық жалақымның бір рет болса да рақатын көр­меппін. Қолыма түскен күні құмар ойындарға жұмсаймын. Ұтысқа ілік­кен күндерім де болды, әрине, ал қарыз­дарымды есептесем, шаш етектен, мазам қашады. Күндіз бас сұқсаң да құмархананың іші күң­гірт тартып, қараңғылық басып тұрады. Бірнеше сағат бойы айналама қарағыштап, үрейленіп отырамын. Ол қылығымның себебін де түсіндіріп бере алмаймын. Бел­гісіз күш үнемі мені опа бермес құмар кеңсесіне аяқ бастырады. Сол күні түстен кейін кіргеннен таңғы сағат бес жиырмада шық­тым. Көзім бұлдырап, мо­нитор­ларға қарап отырып басым қатты ауырды. Үміт пен күдіктің күресі аяқталып, бір тиынсыз қалдым. Қарапайым ақымақ ойын, әншейін сандарды не карталарды дәл табу, ойлап тұрсаң, нағыз ақымақтарға арналған ойын. Құмар ойын­дарға құштар ақымақтар арасынан екенімді сезінсем, өзімнен қатты жиірке­немін. Мені бар ақшадан айрылып қалған­дығым күйзе­ліске түсірмейді, мені ашулан­ды­ратыны – ессіз­дерге арналған ойынды ойнауым.
Үйге келген соң кірпіктерімді айқас­тырып жатқаныммен, ұйқым келмеді. Көзім ісіп, жүйкем ауыра бастады. Ертеңіне күндіз таныстарымнан, достарымнан қарыз алдым. Үлкен сомаға да ұрындым. Екі күн тағы дюжина мен джокерге бар үмітімді артып қойып, дымсыз қалдым. Демалысым­ның қалған үш күнін де солай өткіздім. Қарыз алдым. Кеш түсіп, қараң­ғылық жайласа, бойымды алабөтен бір күш билеп алады да, құмарха­наға апарады. Мен солай құрдымға кете бердім, қарызға бата бердім.
Қырсық атқан күндер болды. Өшімді кімнен алу керектігін жақсы білетін сияқ­тымын. Апта­лық «демалысымнан» кейін жұ­мысқа асығып келдім. Ғаділдің жанын жаһаннәмға аттандырып салып, өзімді тыныштандыратындай сезіндім. Кабинетіме кіріп, халатымды кидім де, іште отырған медбикеге:
– Бүгін Ғаділге дәріні өзім саламын, – дедім қатқыл үнмен.
– Жақсы, бірінші бастыққа кіріп шы­ғарсыз, сізге айтары бар екен, – деді әлде­неге алаңдаған адамдай.
«Әуелі Ғаділге екпе жасайын, одан соң бастыққа кіріп шықсам, осы уақыт аралы­ғында ол жынды­ның демі бітпей ме?» – деп ойладым. Сөйтіп, медбикенің беріп жүрген күндегі дәрісін нормасынан асыра құйдым да, Ғаділдің бөлмесіне бардым. «Жеттім-ау осы күнге, бір жындыдан құтыла­тын уақыт та келді-ау», – деп, өз өзіме күбірлеп қоя­мын. Науқастың бөлмесіне кірсем, тере­зенің пердесі ашық тұр, бөлме іші жап-жарық. Төсек орнын тап-тұй­нақ­тай етіп жинап қойыпты. Ғаділ болса жоқ. Дәлізге шыға бере қарсы бөлмеге кіріп бара жатқан екінші қабатты тексеретін медбикеден Ғаділді сұрап едім:
– Демалысқа кеткен күннен бастап сізді күні-түні сұрап, шарқ ұрып іздеп, жаны байыз таппай, бір жерде отырмады. Қолы­мыздан ештеңе келмеді. Тек сізді сұрай берді, сұрай берді. Есіміңізді айтып, «ол бүгін келуі керек еді», – деп, күтіп жүрді. Бе­сін­ші күні безгек ұстаған адамдай қалшыл­дап барып құлай кетті. Бас дәрігер де қарады, қайтыс болды, – деп, маған көзін төңкере қарады. Мед­бикенің жүзінен кейіс аңғардым. Төбемнен жай түскендей болды. Қатты қапаландым. Мен Ғаділге жаман­шылық қана ойладым, емдеп жазайын деген ынта-жігерім де болмады. Оны өлтірмек болып қаншама рет оқталдым. Ал, ол науқас болса да мені іздепті, келеді деп күтіпті. Ақыл-есі кем болса да мені сұрапты, жақын санап, бауыр басыпты. Дәрігерін қорғанын­дай көріпті. Не деген жексұрын едім! Өзімді, жанына жақын тұтқан адамды жек көріп, көзін құртуға дайындалып келдім. Өзімнің қылығымнан қатты ұялып, тағы да жиір­кендім. Дәрі құйылған инені еденге лақты­рып жіберіп, дәліздегі орындық­тардың біріне отыра кеттім де, еңкілдеп жыладым. Неге жыладым, кеш түсіндім. Ол енді қайтіп келмек емес. Қай адамның да, қай жақын­ның да қадірін жоғалтқан соң түсінетініміз қандай қасірет десеңізші. Қанша уақыт жылағаным есімде жоқ, бір мезетте басымды көтеріп қарасам, әріптестерім жиналып қалыпты. Қызметкерлер жұбатып, көңіл айтты.
– Аға-інідей мұнша жақын болып кет­кендеріңді білмеппіз. Қайғырма, бауырым, – десті.
– Тағдыр жазуы, мұңайма, – деді, біреулер.
– Басқа да науқастар жетіп жатыр, – деді енді біреулер жұбат­қан сыңай танытып.
Бірақ ешкім менің қателігім мен қатыгездігім үшін жылаға­ным­ды түсінген жоқ.
Біраз уақыттан соң орнымнан тұрып, бастықтың кабинетіне кірдім.
– Кел, отыр. Естіген боларсың. Сені шақырғымыз келді. Тауда не қала сыртында болса әуре қылар­мыз деп… Ол сұрай-сұрай қоятын шығар дедік. Не де болса, кеш болды бәрі. Шынымен қайғырып тұрсаң, көңіл айтамын, – деді, көзілдірігін шешіп, үстел үстіне қой­ып. Бастығымның сөзін мұ­қият тыңдап отырып қаным басыма тепті.
– Қайғырып тұрсаң? Қайғы­рып тұрсаң дейсіз бе? – дедім ашуланып.
– Тоқта! Неге ашуланасың? – деді ол да шаптыға сөйлеп.
– Мен оны әуелгі келген күн­нен бастап жек көргем. Бүгін қат­ты өкініп отырмын. Осы міне­зіме, осы адам сүймес жиіркенішті ісіме, жаман ойларыма, зұлымды­ғыма… Өзімді кешіре алмаймын. Қандай өкінішті еді! Неге оның өлімін мақсат тұттым? Неге? – деп үстелді жұдырығыммен қойып қалдым.
– Кінәлі сен емес. Тағдыр.
– Ең жаман қасиетіміз, адам­ның ең жаман сылтауы – тағдырға кінәні арта салу, – дедім, көзімді шарасынан шығара бақы­райтып.
– Тағдыр екенін дәлелдеудің еш қажеті жоқ. Сенің де мына күйің – тағдырдың ісі. Өзіңнің зұлым екеніңді білесің, жаман қа­сиет­те­ріңді білесің, бірақ өзіңді жеңе ал­майсың. Қаныңа сіңген зұлым­дықпен арпалысып көрдің бе? – деді, менің осал тұсымды тапқан­дай қулана.
Қателігімді мойындамасқа шарам жоқ еді…

(Толық нұсқасын газеттің №26 (3660) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір