КЕЛІНШЕКТАУ
03.07.2019
2238
0

Қазақ даласы сырға, сұлулыққа толы. Әр өңірінің тасқа түскен немесе ауыздан-ауызға аңыз болып көшкен тағдыры мен тарихы бар. Сол құндылықтарды насихаттау, туризм саласын дамыту мақсатында ашылған «Жерұйық» айдарын бұл жолы Келіншектауға арнаймыз.

Басынан талай ел көшкен қабырғалы Қаратаудың әр қапталы, әр шыңы шежіре. Сонда да Келіншектау деген ат тым жақын да тосын естіледі. Осы таудың жанынан талай рет әрі де, бері де өттік. Сонда өркеш-өркеш тауларға қарап, келіншек бейнесін іздейтінмін. Иә, алыстан қарағанда сән- салтанатымен сауық-сайран құрып бара жатқан іркес-тіркес көш көз алдыңызға келеді. Алдындағысы бос кетіп бара жатқан түйеден аумайды. Одан кейін басында сәукелесі бар қалыңдықтың сұлбасы. Тасқа айналып кеткеннен соң ба, жүзін толық көру мүмкін емес. Тек сәукелесінен ғана ажырата аласыз. Құда жақ айттыра келгенге дейін оның бетіне ешкім жел болып тимеген де шығар-ау. Соған сай еркелігі де, өжеттігі де болғаны анық. Бәлкім, қыңыр ма екен?
Қалай еді өзі? Бағзы бір замандарда Қаратаудың қойнауы мен жазиралы жазығын емін-еркін жайлаған бір бай болыпты. Сол байдың ерке де сұлу қызы бар екен. Қыз болған соң бойжетеді, ұзатылар күні де келеді. Байдың қызы бір жігітті ұнатып, сөз байласыпты. Кей деректе бай өзі ұнатқан жігітке қызын еркінен тыс берген деседі. Әкесі де қыз таңдауына қарсы бола алмайды. Баяғыша айтқанда, отыз күн ойын, қырық күн то­йын жасап, тоқсан түйеге жасау-жабдығын тиеп, қызды ұзатып салады.
Жол ұзақ еді. Ауылдан ұзап шыққан ерке қыз көшті тоқтатыпты. Ондағысы қыз жасауын тағы бір қарап шығу керек болса керек. Тоқсан түйеге артылған қыз жасауында не жоқ десеңізші. Қымбат матадан тігілген көйлектер көздің жауын алады. Оларға алтын мен гауһар қадалған. Барлық бұйымдары түгел алтындалған болып шығады. Қос жанары жақұттай жарқы­раған қалыңдық әкесі берген жасауға сүйсіне қарап ұзақ тұрады. Бір кезде қыздың көзі итаяққа түседі. Әкесі оны да ұмытпаған. Бірақ итаяқты алтынмен аптатып, күміспен күптеткізбепті. Нәйеті итаяқ қой десе керек, ағаштан ойдырыпты да қойыпты. Қалыңдық қыңыр мінезін осы арада танытыпты. Жау шапқандай әкесіне хабаршы шаптырыпты. «Әкемнің мұнысы несі? Саф алтыннан жаңа итаяқ жасатып берсін. Көш содан кейін ғана қозғалады» деген сөзін шегелеп тапсырады. Кілтетпе қыздың ерке мінезін хабаршы құйтырқылықпен құбылта жеткізеді.
Жан дегенде жалғыз қыздың мына қыңыр мінезі әкесінің жүрегіне шаншудай қадалыпты. Жаны күйзеліп тұрса да әкесі қатал үкім шығарыпты дейді сонда.
– Ата-ана мейірімін ұғынбаған бұл нет­кен тасжүрек қыз еді? Осыншама мәпелеп өсіргенде бойына қарыз бен парызды еге алмағанымыз ба? Сол көшің тоқтаған жерге тас болып қатып қал. Тас болып қатып қал! – деп әке байғұс күңірене қарғыс айтыпты.
«Әке қарғысы – оқ» дейді қазақ. Сән-салтанаты келіскен көш сол бойда тасқа айналып шыға келіпті. Ауылға жіберген хабаршысы алыстан қарауытып көрінген тұсы екен бұл. «Соңымыздан алтын итаяқты алып жетер» деп, қыз көшті енді қозғалта бастаса керек. Сол күйде көш түгел тасқа айналып кеткен ғой.
Келіншектаудың тұсынан өткенде осы аңыз ойға оралады. Алыстан бұлаң-бұлаң етіп кетіп бара жатқан тоқсан түйелі көшті көргендей боламын. Қайдағы бір итаяққа бола әкесіне өкпелеген қыздың қыңырлығы еске түседі. Осы шектен тыс еркелігі болмаса, мынадай халге түсер ме еді деп ойлаймын.
Бүгінде әке-шеше мейіріміне риза емес жастар кездеспейді емес, бар. «Олай ете қоймадың, бұлай ете қоймадың» деп әкесіне өкпелеп, өз үйінен өзі безген бір бойжеткен­нің тағдырын да білеміз. Алайда қыздарын үлде мен бүлдеге бөлеп қоюға кей әкелердің шамасы жете берер ме? Сонды­қтан әке-шеше мүмкіндігіне қарай қадам жасау керек қой.
Жуырда бір әңгімеге еріксіз куә болдық. Бір байшыкештеу кісінің қызы ұзатылыпты. Әке-шешесі қыз жасауын барынша жұтындырса керек. Әйткенмен, қыз қалауындағы бір қымбат көлік қыз жасауына қосылмай қалыпты. «Машина мініп келген келін» деген сөзден қашты ма, әлде басқа да себептері болды ма, ол арасын өздері біледі, әкесі қолында бар бола тұра қызына сол автокөлікті мінгізбеген. Ал бауыр еті баласы не істеген десеңізші. «Мені ұялтты» деп әке-шешесіне хабарласпай қойған. Әрине, кеткен қыздың тастай батып, судай сіңгені жақсы. Бірақ мәпелеп өсірген әке-шешесін өкпеге қалай қияды деген сауал көкейімнен бір кетпей-ақ қойды. Осындай мейірімсіз қыздарды қалай тәрбиелейміз? Әлде біз ұрпақ тәрбиесін осалдатып алдық па?..

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі

(Толық нұсқасын газеттің №26 (3660) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір