ІЗ
28.06.2019
1274
0

Желтоқсанның алғашқы қар жауған күні болатын. Аппақ даланы, тап-таза сұлулықты өз көзімен көрсін деп, үш жасар ұлымды ертіп, сыртқа шықтым. Дүниені тануға құштар кішкентай тіршілік иесі алдымен ұлпа қарды нәзік қолдарымен шөкімдеп алып, абайлап қана дәмін татып көрді. Әрлі-берлі жүгірді, секірді. Сосын қар бетіндегі ізіне таңғала қарап: «Анашым, мынау не?» – деп сұрады. «Бұл – із». «Із? Із деген не? Ол жоқ болып кетпей ме?» Біз, үлкендер, әдетте өмірдің көп өткелінен өткен соң өзімізді білгіш санап, баладан ақылды сөз күтпейміз. Әрі тосылып, әрі ойланып қалдым. Расымен, із деген не?

Терезе алдында мұрты енді тебіндеген жас жігіт пен айналасына наздана қарайтын бойжеткен қыз отыр. Сыртта жапалақтап қар жауып тұр. Бозбаланың аузын ашып, бірдеңе дегенінен қысыла жымиғаны көбірек. Өңінен бір мазасыздық сезіледі. Ішіне бүккен әлдеқандай сыры бар секілді. Соны қалай жеткізерін білмей қиналатындай. Ал ару еркін де өжет. Жігітке: «Түу, далаға шығып, қойны-қоны­шыңды қарға толтырып, өзіңді жақсылап жуындырар ма еді?» – деп сықылықтай күледі. Кенет ол буланып тұрған терезе әйнегіне демін шығарып, үрледі де, әнтек шүртите қойған шиедей еріндерін тигізіп, із салды. Сол-ақ екен, жігіт те әлдебір ұлы іске бекінгендей, сонша­лықты шапшаңдықпен оймақтай ғана ізді сүйіп алғаны. Енді шыны бетіндегі қаймыжықтай қыз ернінің үстінде дүрдіктеу жігіт ерні жатты. Жүзіне тура қарай алмай, именшектей беретін момын бозбаладан мұндай батылдықты күтпеген қыз қып-қызыл боп ұялып, төмен секіріп түсті де, қолына ілінген кітапты парақтай бастады. Екеуінде де үн жоқ. Мазаны алған осынау тыныштыққа өзін кінәлі сезінген жігіт киімін киіп, қоштаспастан сыртқа шығып кетті. Далада жапалақтап қар жауып тұр. Ол жабырқау қалыпта аяңдай басып барады. Соңында – шұбалған із. Дегенмен, істеген ісіне өкінуінен қуануы басым. Қыз демінің жылуы тұла бойына тарағандай, жүрегі атқақтай соғып, тәтті бір сезімге елтіп, көзін жұмып, тұра қалды. Іле-шала «Бұл соңғы кездесуіміз емес пе екен?» – деген суық ой да келіп үлгерді. Толғанысын баса алмаған күйі «тым болмаса үйін сыртынан тағы бір көрейін» деп, кері бұрылды. «Құдайым-ау, өңім бе, түсім бе?» Өз көзіне өзі сенерін білмей, состиған тұрысы мынау енді. Мұның ол дегенде шығар жаны ғана басқа екенін іштей білетін, әйтсе де, бәрін ойын-күлкіге айналдырғанды жақсы көретін қыңыр қыз жол бойында өзі қалдырған ізбен жүріп келеді екен. Әрбір ізді дәлдеп басуға, сыртқа шығып кетпеуге тырысатыны байқалады. Қастерлі нәрсенің үстімен келе жатқандай аяғын еппен басады. Міне, ә дегенше жақындап та қалды. Өне бойы өз-өзінен ыси жөнелген жігіт пальтосы­ның түймесін бір ағытып, бір салып, ыржиып күле берді. Көптен күткен жақсылықтың өміріне енгелі тұрғанын сезетіндей. Әне, қар бетіндегі ізі аяулысын өзіне қарай жетелеп келеді…

* * *

Із кескен аңшыдай қар бетіне түскен іздерді қалт жібермей, бақылап келемін. Байқаймысыз, мына із ешқайда бұрылмай, тура түсіпті де отырыпты. Анық әрі бедерлі. Сірә, өз-өзіне сенімді, мақсаты айқын, табанды, батыл адам-ау иесі… Ал мұнда адам ізімен қатар таяқ ұшының да ізі жатыр. Аяғынан күш қайтқан, таяғына сүйенген жан екенін біле қойдым. Иә, ғаріп жанға таяқ та бір серік, тірек қой. Ал жандүниең қаңыраған қу даладай бос қалып, азынап, аңыраса ше? Өміріміздің ондай сәттері сүйеу, алданыш, жұбаныш іздеп, ой мен қырға шапқылаған шиыр-шиыр іздерге толы…
Ана тұста екі адамның ізі қалыпты. Бірі аяғын нығарлай басып, алшаңдай жүрсе, екіншісінің ізі көмескілеу. Бейнебір иесі аяғының ұшымен жүргендей. Сосын тура бағыты жоқ. Біресе оң жақтан, біресе сол жақтан көзге шалынады. Өзінен шені жоғарыға жалпақтаған әлдебіреу-ау, сірә?! Мырс еттім.
Кедесі із тек алға жылжи беріпті. Арасында қарға омбылап, ішіне дейін батып кетіпті. Бірақ үзілмеген. Жалғаса берген. Бар ауыртпалыққа тәуекелмен иығын тосқан қажырлы адам болды ғой. Енді бірі қар бетімен жортақтап өте шыққан. Ізі білінер-білінбес. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруге дағдыланған біреу болмаса-нетті…
Сәл әрірек екі адамның ізі қатар түсіп келе жатып, кенеттен екі айырылыпты. Бірі солтүстікке, бірі оңтүстікке қарай бағыт алыпты. Енді қайтіп тоғысар ма екен… Қос із бір-бірінен ажырап қалса, бірін-бірі қайта табуы қиын-ау… Иә, ізіміз бөлініп кеткендіктен, қанша­мыз бұл өмірде сүйіктімізді, досымызды, қым­бат адамымызды жоғалтып алдық десеңізші…

* * *

Джон Стейнбектің «Қайнаған ашу» романы ә дегеннен өрге тырмысқан тасбақаның тырбаңдаған жүрісін суреттеуден басталады. Тасбақа бейшара неше рет кедергіге кезігіп, жүрісі мандымай, орта жолда тұрып қалады. Аяғының астына қарамайтын менменсіген әлдекімдер қағып кетіп, аударылған күйі де аз жатқан жоқ. Енді бір сәтте оның қайтадан алға жылжып бара жатқанын көресіз. Ақыры діттегеніне жетеді. «Тасбақа жолға шықты да, әрі қарай тырбаңдап жүре берді. Соңында ирек-ирек ізі жатты».
Адам баласы да өмір бойы көздегеніне жету үшін тырбанады. Оны жол үстіндегі іздерімізден аңғарамыз. Өкініштісі, бір жолда із орта тұстан, не жете бере, тіпті, бастамай жатып кілт үзіліп қалады. Мұндайда оның себебін көбіміз түрлі жағдай­лардан көруге етіміз өліп кеткен. Шын­дығында, ерік-жігеріміз бен табандылы­ғымыз жетіспегенін мойында­ғымыз келмейді.
…Жаңа бір сапарымды бастарда әркез әлгі тасбақаны есіме аламын…

* * *

Халед Хоссейнидің «Батпырауық қуған бала» романы кім-кімнің де қателесетінін, шалыс басатынын, сүрінетінін еске салады. Бәрі-бәрі Әмірдің есінде… Алдымен ол көре тұра Хасанды бұзақылар тобынан арашалап алуға ұмтылмады. Бұққан күйінше тығылып отыра берді. Сосын оны өзі сырттай тамсанатын, үлгі тұтатын әкесінен қызғана бастайды. Ақыры кішкентайынан бірге өскен досын ұры атандырып, үйінен кетіріп тынады. Бірақ Әмір бұдан кейін әкесінің бар ықыласы өзіне ауғанымен, іштей бақытты бола алмайды. Жылдар бойы азап шегеді. Өйткені жүрегінде өткен күннің ізі қалады. Сол із ар-ұятына маза бермейді. Ол қанша уақыт өтсе де, өшпейді. Керісінше, тереңдей түседі…
Иә, адам жүрегі сан алуан ізге толы. Оның ішінде өзіңнің де кеше, бүгін… әлдекімге жасаған қиянатыңның қаншама куәсі жатыр… Оны өшіруге, тіпті, құдіретті уақыттың да әлі келмейтін ең қасіретті із де – сол із…

* * *

Лев Толстойдың «Аршын ала» хикая­тының мазмұны көзіқарақты оқырманның бәріне таныс. Шығарманың түйіні кім-кімнің де жүрегінде терең із қалдырғанына да күмәнім жоқ:
«Бір аптадан соң кірпіш сарайдың сыртында жылқының үлкен бас сүйегі мен екі жілігі ғана жатты, қалғаны ит-құстың аузында кеткен еді. Жаздыгүні даладан сүйек жинаған мұжық бұл жіліктер мен бас сүйекті де алып кетіп, іске жаратты.
Жарық дүниеде жер басып жүрген, өзіне бұйырған ризығы таусылғасын дүние салған Серпуховскийдің денесі әлдеқайда кейінірек жерленді. Оның терісі де, еті де, сүйегі де ешкімге керек болмады».
Иә, соңыңда қалдырған ізің тірілердің көңілінен өшпесе, кейінгілердің кәдесіне асса, ең ұлы парызыңды өтей білгенің. Ал, із-түссіз өту – өмірге келмегенмен бірдей.

* * *

Кобо Абэнің философиялық астары терең «Құм құрсауындағы әйел» шығармасынан құм-қыстақтағы көрнекті жерге үлкен етіп жазып қойған мына сөз бірден назарымды аударды: «Отанға деген махаббат рухына адал бол!». «Бір күні бір күнінен аумайтын, кеш батса, жоғарыдан сусып түскен құм астында көміліп қалмас үшін құм-үйлерін құмнан тазартуға көшетін мына өмірлері неткен мағынасыз?! Қыстақ тұрғындары құм құрсауынан босауға ұмтылып, неге өркениетті әлемге кетпейді екен?» дейтін сауал кім-кімді де мазалайды. Өз түсінігімде, олар­дың бәрін де осынау бейнетке еріксіз байлап қойған тірліктің бір ғана басты себебі – туғалы із қалдырып келе жатқан туған жерге деген махаббат. Мұндағылар бірін-бірі ізінен-ақ таниды. Әрқайсысының өзіне тән ізі бар. Құм құрсауындағы Әйел қанша сүйгенімен, бәрібір Ер адамның ізінен кете алмас еді. Өйткені мұнда оның құмның аяусыз құшағында тұн­шы­ғып, демі үзілген күйеуінің, балала­рының ізі жатыр. Егер ол басқа жаққа кетер болса, қимастарының ізі бірте-бірте көмескі тартары сөзсіз. Ал, із өшсе, көңілден бейне де көшеді…
Басына әлдеқандай күн туып, туған елінен, атамекенінен із жасырған, шетте жүрген адамдардың өмірі қандай аянышты десеңізші… Басқа жерде оның ізіне ешкім де үңіліп қарамайды, ешкім де оның ізіне қарап кім екенін тани алмайды. Оның ізі олар үшін бөгде. Басқа жерде оның ізі жоқ.

* * *

Бүгінде әке-шеше мен бала бір-біріне жау болған, дүние-мүлік үшін таласқан оқиғаларды жиі естиміз. Сыртқа сыйлы болғанымен өз балаларына қадірі жоқтар қаншама… Меніңше, олар – перзенттерінің жүрегінде із қалдыра білмегендер не уақыт өте ізін өшіріп алғандар. Сол себепті де, кешегі бауырмалдықтың орнын безбүйректік, жанашырлықтың орнын тасбауырлық басады. Жер бетін қатыгездік жайлап бара жатқаны да әр адамның ең алдымен өз балаларының жүрегінде із қалдыру мұратын ұмыт қалдырғанынан болып көрінеді. Өйткені із барда – сағыныш, сағыныш барда – елжіреген көңіл, ал кіршіксіз көңіл барда мейірім мен махаббат бар емес пе?!

* * *

Адам алғаш тәй-тәй баса бастағаннан жер бетіне ізі түседі. Сол із бақилық болғанымызда кенеттен үзіліп қалардай көреміз. Шынында, ол жалғаса береді. Жоғалмайды. Бұл дүниенің шегіне жеткен ізіміз әрі қарай жұмбақ әлемге өтеді. Бәлкім, ол бізді әлдеқашан жоғалтып алған, көзден кетсе де, көңілден кетпеген қимастарымызға жетелеп апаратын шығар. Өйткені жүректе солар салған із сайрап жатыр. Сол із адастырмайтынына сенемін де…

* * *

Тасқындаған талантымен, жанкешті қайраткерлігімен, дүниені дүбірлеткен ұлы істерімен тарихта ізі қалған тұлғалар аз емес. Мұндай ұлан-ғайыр бақ миллиардтардың арасынан таңдап алынған санаулыларға ғана бұйырған. Әйтсе де, бұдан қарапайым пенделердің өмірі мәнсіз боп қалмақ емес. Ең бастысы, жүректердегі ізіңізді өшіріп алмаңыз, жүрегіңіздегі ізді өшіріп алмаңыз. Уақыт желі өшіре алмайтын, замана жауыны шая алмайтын ең қастерлі із – сол із…

Мәдина СЕЙІТМАҒАМБЕТОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір