КІЛТ
18.06.2019
1519
0

Оспанхан ӘУБӘКІРОВ

Сусыған құмша сырғып жөнеп жатқан уақыт. Жолында ешбір кедергі жоқ, аялдамайды. «Керек болсам, өзің есептеп ал» дегенін үнсіз ұқтырады. Өзінің қымбат екенін «пұлдайды». Бірде, 1978 жылы болар, қаламдас бес-алтауымыз шүйіркелесіп отырғанымызда, әңгімемізге уақыт шіркін «келіп килікті». Қағылез Қайрат Жұмағалиев қолсағатына қарап, лып етіп тұрып: «Қой, аяңдайын, біраз уақыт өтіпті-ау», – деді. Алакөздеу Әсет Бейсеуов мол денесін бір ырғап: «Таң атса, күн батады», – деді. Есіктен мұрны бұрын кіретін Сабырхан Асанов мырс етіп: «Бізге «уақыт – алтын» дегенің бе?» – деді. Мырс етуге «ұятты» кеңкілдегіш Оспанхан Әубәкіров: «Уақытты алтынмен өлшеген адамда арман жоқ шығар», – деп ду күлдірді.
…Оспанхандай жайдары, кішіпейіл жанды сирек кездестірдім. Прозасында да, поэзиясында да әзіл-сықақтың теңдессіз әдемі көрінісі: өрімі келіскен оқиға, құнары мол көркем тіл, тайталасып тұрған не түрлі теңеу – соның нәтижесінде төгілген күлкі бар ондаған өлең-әңгіменің, пьесаның авторы, анау «Тамашаның» кіндік атасы, анау «Сүзеген сөздің» («Лениншіл жас» – «Жас Алаштағы») әкесі де шешесі, Алты Алашқа мәлім Осекең жаңа жазып жүрген жастардай именшектеу еді (алайда ол жастарымыздың арасында мұрныңды иегіңнің астына түсіріп жіберердей «жалаңтөстер» болып тұрады).
Туғанына 85 жыл енді ғана толған қайран Осекеңнің қытықтауыш сөздерін өз аузынан естімегенімізге 33 жыл…
Осекеңнің оқырмандарға ұсынылған шығармалар жинағы төрт том болған. Жұбайы Нұрсұлу тыным таппай іздеп тапқан, баспа бетін көрмеген әзіл-сықақ әңгімелері мен өлеңдері, пьесалары екі кітаптың о жақ, бұ жағы. Мұны айтуын айтсам да, баспаларымыздың бірі ала қойып, «Екі томдық жинақ» етіп шығарып бере сала ма деп те «зәрем жоқ».
Сонымен, қазақ сатирасының классигі Осекеңнің мына әзіл әңгімесін 85 жылдығына арнап ұсындым.

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ


Газ деген – жалқау жұртқа таптырмайтын тамаша отын болды. Қара сіріңкені қарнынан тартып жіберіп, тақай қойсаң болғаны, спиртше жанады. Сосын қазаның пышақ қайрағандай қайнайды. Көбігін қалқып кел де, жата бер.
Еңбектеп жүрген ұлдың бұтына анда-санда бір үңіліп қоймаса, әзілқой иіс шығарып қоятыны секілді, газ пешке де мұрныңды айтақтап жүрмесең, бөгде иіс шығарып қояды екен.
Біздің қазақы мұрын сорпаның иісін сонадайдан сезеді ғой. Біздің үйдегі бала-шаға бір күні сорпаға қоса қапталдасып жүрген бір иісті ұстапты. Бірақ ненің иісі екенін ешқайсысы білмейді. Көмекке менің мұрнымды шақырды. Мен де жүгіріп келіп, мұрнымды ілгері-кейін пысылдатып көріп едім, шынында, бөгде иіс жүр. Бірақ ол иттің иісі ме, әлде идің иісі ме, біздің үйдің мұрны ажырата алмады.
«Не де болса осы газдың өзінен келген пәле болар» деп тұспал жасадық та, ертесіне сол газ мекемесіне телефон жүгірттік.
– Әлөу, горгаз ба?
– Иә, горгаз.
– Ендеше, мәселе де – сол газ…
– Иіс шыға ма?
– Иә, иіс шы­ға­ды.
– Ненің иісіне ұқсайды?
– Оны өзіңіз келіп иіскеп көрмесеңіз, күлімсі деу­ге болмайды, жылымшы деуге болмайды, әйтеуір, бір естімеген иіс.
– Түсінікті, адресіңізді айта қойыңыз.
Тақпақ айтқандай тақылдатып айтып салдым.
– Ертең кісі жібереміз, қаңғып кетпей, үйде біреулеріңіз болыңыз.
– Апыр-ай, бәріміз жұмыстағы жұрт едік…
– Ендеше кілтіңізді кісісі бар көршіле­ріңіздің біріне қалдырып кетіңіз. Кемпір-шалы бар үй бар ма еді?
– Бар ғой, бірақ… Иіс іздеймін деп келген кісіңіз иесіз үйде басқа бірдеңе іздеп жүрмей ме?
– Үйіңізде алтын шашылып жатыр ма еді?
– Апыр-ау, енді алтын-күміс домалап жатпаса да, қашып-пысып жүріп жинаған көр-жер бар ғой.
– Сіздің көр-жеріңіз кімге керек?
«Бұларға керегі алтын екен. Ондай алтын бізде жоқ. Ал көр-жерге тимесе, кілтті қалдырайық» деп келістік.
– Әлөу, ендеше кілтті қарсымызда тұратын қара шалдың мойнына кигізіп кетеміз.
– Құп!
– Құп болса, құп!

Осекең кенже ұлы Беделмен

Горгазбен құптасып болған соң, бала­лардың басына бір ой келді:
– Папа, телевизор Мос­кву ловит, а Алмату не ловит. Давай, телевизордың да кісісін шақы­райық, – деген мұң айтты.
Ойлап қара­сақ, бұл да ақыл екен. Үйді ақыры иесіз қалдырған соң, бір адам ша­қыр, он адам шақыр – бәрібір.
Үйде ақаусыз дүние жоқ. Анау су келетін кран таң атқанша мыңқылдап тамады да тұра­ды. Радиоқа­былдағыштың ішінде біреу май шыжғырып жатқандай, таза дыбыс жоқ, әкеңді әңгіртіп жібереді. Осы «көкжөтелдердің» бәріне үшкіріп дем сап кетсін деп тағы үш адам шақырдық. Бұларға да кілттің қара шалдың мойнында екенін ескерттік те, жөн-жөнімізге жөнелдік.
Кешке қарай сүріне жығылып үйге келсем, абыр-дабыр болып жатыр.
Қалтаңдап қарсы шыққан біреу:
– Хозяин жоқ, – дейді.
– Мен хозяин, – дедім.
– Ә, сәлеметсіз бе, жоғары шығы­-
ң­ыз… Біз сіздерді күтіп… кішкене…
– Как это кішкене? – деп мен аң-таңмын.
Қызыл кеңірдек болып айтысып жатқан асүйге бұрылсам, әлгіндей қал­таң­даған жігіттің тағы талыстай үшеуі отыр. Жаса!
Түпкі үйде біреу сөйлеп отырғандай болған соң, көңілсіз бұрылып солай бар­сам, көптен көрмей кеткен Ләскер іні­шегім қыздай боп өзіміздің Алматыдан сөйлеп отыр. Жаса!
Кабинетімде біреулер жүрген секілді. Есігімді ашып қалсам, өмірбақи май шыжғырып жататын «Жайдарман» деген радиоқабылдағышым мен білмейтін бір елдің тілінде төпеп тұр. Жаса!
Көңілім орнына түсіп, асүйге келсем, әлгі көп жасағыр жайсаңдарым абыр-дабырды доғарып, соңғы қызыл шишасын тең бөлісіп отыр екен.
– Кешіріңіз, мана кетіп қалатын едік, кілтіңізді осында қайда қойғанымызды білмей, жоғалтып алып, үйіңізді иесіз тастап кетуге болмады. Сосын қарап отырғанша деп, мынадай… Ептеген газ шығады екен, соны бітеп… Мыналар да ақау-сақаудың бәрін түзеп… – деп шұбыртқан соң, рахметімді айттым да:
– Ал, енді, жігіттер, «өтірік айтқан жерде көп жүрме» деген, қазір әйел келу керек… – деп ескерттім.
Бұл ескертуді «жау келді» деп түсін­гендей, төрт жігіт есікке ұмтылды. Таудан тас домалатқандай төртінші этаждан құлдилаған төртеу бүкіл үйді дүбірлетіп барады.
Ал «жоғалтып алдық» деп жүрген кілті бауы салбырап есіктің сыртында тұр. Жаса!

1967 ж.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір