Қашқынның зары
18.06.2019
220
0

Сәуле ДОСЖАНОВА

(Әңгіме)

«Мен – Қазақстанның халықаралық іздеу жариялаған қашқынымын. Елден безгеніме биыл он жыл болады. Жасым Пайғамбар жасына толады. Отаныма деген сағыныштан от оранып жүрген жайым бар. Сағыныштың сар запыраны толған зарымды Сізге жолдап отырмын.
Жалғыз жаныңның амандығын ойлап, қарабасың қаңғымалап қашып жүргеніңмен, жан дүниең туған еліңнен бөлініп кете алмайды екен. Жаныңның бір бөлшегі сонда қалып, әркез есіңе түсіп, ет жүрегің езіле ойлай бересің. Ұйқы қашқан, күлкі дегеннің өзі көңіліңнің тоқтығында, жаныңның жайлылығында ғана екен. Соңғы кездері сөткелеп ұйықтамаймын. Көзім ілінсе болды – туған жерімді, өскен елімді көремін.
– Халыққа өкпең болмаса, билікке өкпелі шығарсың. «Мында» дегенің қайда? Бұл жер сенің Отаның емес пе? Кезінде саған сенім жүктеп, елдің тізгінін берді. Азды-көпті, жақсылы-жаманды дегендей биледің. Мәңгілік ештеңе жоқ! Дүние кезек деген. Енді келесі азаматқа бер тізгінді! – деген әкемнің әмірінен шошып оянамын.
«Байтақ мекенім  Қазақстаным! Туған жерім! Сенің қасиетің, сенің құдіретің, сенің «тартылыс күшің» осын­дай ма еді?! «Тасжүрек, қашқын» ұлың осыны енді ұғынып, енді сезініп жатыр. Кешіре гөр!..» – деп күбірлеймін. Бірнеше рет осылай қайталанды. Жаралы жүрегім сыздап, көңіліме неше түрлі күдік оралып, содан таңға көз ілмеймін.
Сағындым, қатты  сағындым кіндігімнің қаны тамған, анам аузыма сүт дарытқан, жалаңаяқ жүгірген  атамекенімді! Иә, кіндік қаның тамған жер қайда болса да ыстық, қасиетті де қастерлі. Көксейсің, бір көрсем деп армандайсың. Жасың ұлғайған сайын дүниенің қызығынан безініп, тек туған жеріңді ойлайды екенсің. Ол сағындырады, ол аңсаттырады. Жиі түсіңе енеді. Түсіңде соның қасиетті топырағын басып жүресің….Ал оянған кезде… жат жерде, жат топырақты жастанып жатқаныңды сезгенде – ішің удай ашып, бағанағы түсім өңім болса екен деп, көзіңді жұма түсіп, ұзақ тілейсің. Мейлі, қай шетінде болса да тек соның бауырында жатсам екен дейсің. Егер уақытты қайта айналдыру мүмкін болса, маған мына Еуропаның жүрегі дейтін Праганың ғажаптарының да, балаларым тамашалап жүрген әлемнің кереметтерінің де керегі жоқ. Еуразияның жүрегі атанған өз Отаныма құстай ұшқым келеді. Сені ешқашанда ештеңеге де айырбастамас едім, туған елім. Шіркін, шыр етіп жерге түскен, балалық бал шағым өткен туған жерімді бір көрсем, арманым бар ма?! Влтава өзенінің әдемі жағасында жалғыздан-жалғыз отырып, елге деген сағынышым тербетіп, көзімнің ыстық жастары қалың тас төсеуіштерге таматын кездері де болады…
Қаланы кезіп, қанша сандалсам да, жүрегіме жақын бейне, жарқын жүз көрмеймін. Қазақтың қой көзін, қысық көзін, сығыр көзін, тіпті, сықсиған көзін де сағындым. Мейірім төгіліп, бетіңе тіктеп қарамай, ұяла қарайтын қара көздерді сағындым. Не айтса да күліп айтатын, не айтса да күлдіріп айтатын жағасы жайлау ақжарқын бауырларымды сағындым. Мына жердегі адамдар бетіңе бағжия қарап, шарасы үлкен көздерімен тесіп жібере жаздайтындай болады. Жүздері де суық. Шанда бір Шығысқа тән бет-әлпет кездесіп қалады, оның өзі – қытай не жапон болып шығады. Олар мені де жапонға ұқсатады. Көзіме көзілдірік, басыма шләпі киіп, спорт кәстөмімен жүремін, жұрт көзіне түспеу үшін.
Кейде-кейде Карловы-Варыға барып қайтамын, қазақтарды сыртынан болса да көрсем деп. Қазақтың асын іздеп Батысты шарлайтынымды айтпай-ақ қояйын… Бүгінде Қазақстанның атын әлем біледі, қазақтар баяғы мен қызмет еткен тоқсаныншы жылдардағыдай емес, ауқатты тұрады. Олар бала-шағаларын ертіп алып, әлемнің ең жақсы демалыс орындарында жүреді. Карловы-Варыға да келеді топ-тобымен, бала-шағаларын ертіп.
Жасы менімен шамалас ерлі-зайыпты дәл алдымдағы үстелде тамақтанып отырды, қазақша сөйлеген дауыстары маған анық естіліп тұрды. Мына үн, мына сөз жүрегіме жағып, жаным еріп, егіліп естіп отырмын. Мен үшін жарық дүниеде қазақ тілінен артық тіл жоғын, сол сөздерден тәтті сөз жоғын жан-дүниеммен енді түсініп отырғандаймын. Менің туған елімде қызмет істейтіндер мен зиялы қауым өкілдері көбіне орыс тілінде сөйлегенді мәртебе тұтады. Ата заңдарында «мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп жазылғанымен, Кеңес дәуірінен мұраға қалған дәстүр солай. Орысша сөйлемесе – дәуір көшінен қалып қоятындай. Мен де сөйтіп ойлаушы едім. Елдестеріммен кездескенде ғана ана тілімде сөйлеп, қызмет бабында ресми тілде сайрайтынмын. Соның зарын енді тартып жүрмін. Өзіңнің ана тіліңде сөйлеу, ана сүті, әке күшімен қаныңа сіңген сөздерді айту қандай бақыт! Өз Отаныңда, өз ана тіліңде, өз шаңырағыңда қатын-балаңмен абыр-дабыр болып сөйлесіп жүру қандай бақыт! Бақыт дегеннің ортасында жүріп бағаламай, бастан ұшқанда ғана біледі екен пенде.
Баяғы кезім болса, сол үлкен кісілермен танысып, жөн сұраса кетпес пе едім. Қазақтың әлемдегі барлық ұлт пен ұлыстан ерекшелігі – жүзге бөлініп, ру сұраса жөнелетінінде ғой. «Қай атаның баласысың?» дегенде, еркек екенің шын болса, ата тегіңді түгендеп сайрай жөнелесің. Жеті атасын білмеген жетесізден безетін біздің қазақтар ғана шығар. Дүниенің қай түпкірінде болсын, елінің оңтүстігі мен солтүстігі, шығысы мен батысы бірін-бірі тіл қатысқаннан ұғатын қазақ қана. Басқа қай ұлтты алсаң да, тұрған жері мен өскен ортасына қарай диалектісі, сөз айырмашылығы болады. Қытайлар тіпті бір мекеннен шыққаны екінші мекеннің адамының тілін қытайша сөйлеп тұрып та ұқпайды. Әріптері де солай.
Карловы-Варыда бірде дос-жар болған жігіттерді де сыртынан көріп қалдым. Тани кеттім. Алдымнан шаға келгенде аузыма бірден «Ассалаумағалейкүм!» – деген сөз түсе кетті. Аузымды аша бере тілімді жұта қойдым, сорлы басым. Дереу бұрылып кеттім…
Сондағы жүрегімнің соғысын сезсеңіз ғой. Ойпырмай, жүрек, байғұс жүрек те ана адамның өз бауыры, өз қандасы екенін біліп, мені сүйрей жөнелгендей. Әрине, жақын бармадым, қашқын деген атым бар емес пе, қайтейін. Демалысқа келетіндердің көбі зиялы қауым ғой, олардың біразы мені танитынына сенімдімін. Бір кезде арыстандай ақырып қызмет үстелінде отырған мен жат жерде сорлап, еркек басыммен, дыбысымды шығармай, егіліп жыладым…
Алғашқы жылдары «бөтен жерге қалай сіңіп кетем, қайтсем қаржы табам…» деп, жанымды жеп жүріп уақыттың зымырап, он жылдың өте шыққанын да байқамаппын. Алпыстың асқарына шыққаннан жанымды жалғыздық айналдыра бастады. Тәнімде сырқырап не шаншып, не буындырып алып бара жатқан ауруым жоқ. Санамның бір түкпірінде, жүрегімнің сонау-сонау бір тереңінде бір нәрсе сыздап тұрады. Елден, жерден жырақ кетіп, сағыныштан сартап болып ауырғанда өмірдің де керегі болмай қалады екен. «Туған жердің топырағын бір басып, ауасынан бір жұтып өле кетсем!» – деген арман туады. Менің мына ауруым нағыз сұрап алған ауру болды. Халық айтқандай, «Сұрап алған аурудың емі жоқ»…

(Толық нұсқасын газеттің №24 (3658) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован.

Пікір