Жырымен кесте «тігіп», сөз-сойылымен тасты «үгіткен»
17.06.2019
769
0

Зәки Ахметов,
академик

Қажытай Ілиясұлын дүйім жұрт біледі десек, онша қателесе қоймаспыз. Мәселен, қаламгерлер мен оқырмандар қауымы ақындығын мойындаса, өнер саласындағылар оның өзі шығарған әндері мен күйлерінен ләззат алатындарын растайды. Қаж-ағаның жеті аспапта бірдей шебер ойнайтынын өнерсүйер жұртшылық таңдана сөз етіп жатса, сахналық сатирасына (интермедия, эпиграмма, пародия, сықақ өлеңдеріне) көрермендер күлкіге бата отырып тамсанады. Ал, атбегілігі мен саятшылығын өз тұрғысынан үлгі тұтатын қазақтар баршылық.
Академик Зәки Ахметов ертеректе жазылған, баспасөзде бұрын жариялан­баған төмендегі мақаласында Қ.Ілиясұлы­ның сегіз қырын жеткізе дәлелдей отырып, ауыздыққа көнбейтін асау мінезін де жыр өрнегімен айшықты танытқан. Зерделеу – ақынның сөзбен салынған портреті сынды. Түйсіне оқып, сүйсінерсіздер.

Тағдырдың адамзат басында сирек ұшырасатын неше алуан тауқыметiн тартып, өмiрге деген құмарлық құдiретiмен ғана ғұмыр кешкен ақын туындысының денi «Тоқырау жылдары» деп аталатын кезеңмен тұспа-тұс келедi. Ал, шығармашылық жолы – өзiнiң күрделi тағдыры iспеттi сан тарау. Ендеше, Қажытай Iлиясұлының жырларын бiр заманның көзқарасы тұрғысынан бағалап, саралауға хақымыз жоқ. Себебi, «Дастархан» деген өлеңi алғаш рет «Шыңжаң газетiнде» осыдан жарты ғасырдай бұрын жарияланыпты. Қажытай ақын сол өлкенiң Тарбағатай аймағындағы Емiл өзенiнiң төменгi сағасында дүниеге келедi. Ат жалы, түйе қомында ес бiлiп, көшпендiлердiң күнелту салтын, сауық-сайранын, дәстүр-дағдысын, қайырым-мейiрiмiн бойына сiңiрiп өседi. Қиссашылдықпен, домбырамен, айтыспен, суретпен, спортпен, бимен жастайынан айналысады, келе-келе синкреттi өнердiң барлық түрiн еншiлейдi.
Үрiмшiде Шыңжаң Тiл институтының қытай тiлi факультетiн, Алматыда Қазақ Ұлттық университетінiң журналистика факультетiн бiтiрiп, 40 жылдан астам баспасөз саласында қызмет атқарады. Сол саланың iс-сапарымен ондағы, мұндағы қазақ иiсi бар облыстарды тегiс аралайды.
Өз тұсынан iзденiп, 5 ұлттың тiлiне қоса үнiн (музыка аспабын) өз ұлтының аспабындай меңгередi. Қазақтың қара домбырасы қаршадайынан ұстаған жан серiгi болса, кейiннен балалайка, сырнай (гармон), дутар, гитара сияқты аспаптарды да емiн-еркiн ойнаған. Жүре келе өңменiне үйiрiлген жаңа әуендi жүйелеп, ән-күй шығарумен шұғылданатын әдет бiтедi өнерпазға.
Насихатқа жiберiлгенi, жiберiлмегенi бар, қазiрге дейiн Қажытай Iлиясұлының 23 ән, 3 күйi нотаға түсiрiлген екен.
Барлық саналы өмiрiн өнер жолына арнаған ақынның талғам тазалығы, өнер, оның iшiнде өлеңге деген жауапкершiлiгi оны жеңіл-желпi дүниеге жетелеген жоқ. Қасиеттi өнердiң атына қылау түсiрмей, кiрпияздығына басты. Кездескен кедергiнi сатирасымен жасқап, лирикасын басына жастап, әнiн айшықтап, күйiн көпшiктеп, тек өзiн iштей жетiлдiрудi ғана мұрат тұтқан сияқты. Кiтапқа енген өлеңдерiн оқу үстiнде осындай ойға келiп, ақынның iшкi әлемiндегi көзiмiз шалған әсемдiктi, өнер өрiсiндегi жаңа нышанды өзгелердiң де танып, бiлуiне септескендi жөн көрдiм.
Арғы бетте оқу бiтiрiсiмен, газетке бөлiнген Қажытай әжептәуiр ел көрiп, жер көрiп, дала дәстүрi мен қала мәдениетiне әбден ысылып-төселген кезiнде келген­дiктен, жаңа қоғамды жатырқамай, думанды ортаға кiрiгiп, бiрiгiп кетедi.
1976 жылы оның «Туған жер» деген тұңғыш әнi қалың жұртшылыққа күйтабақ арқылы тарапты. 1967 жылы Қазақстан Жазушылар одағы мен «Лениншiл жас» (қазiргi «Жас Алаш») газетi бiрiгiп жариялаған ең алғашқы жыр мүшәйрасында бiр шоқ лирикасымен Қажытай Iлиясұлы бас бәйгенi жеңiп алады. Өкiнiшке қарай, Қажытайдың бәйге алғаны туралы баспасөзде ешқандай хабар-ошар берiлмейдi әрi өлеңдерi де жарияланбай қалады.
Қаймағы бұзылмаған қазақ арасында мiнез-құлқы қалыптасып, құлағына әуелi өнер, сонан кейiн «обал-сауап» деген сөзден басқа жөндi ештеңе кiре қоймаған, ақкөңiл ақынның көкейiне күдiк ұялатқан кейбiр келеңсiз жәйттердi ендi жасырудың қажетi жоқ шығар. Өйткенi, автордың шығармашылық өмiрiмен кiндiктес жаралған әр өлеңiнiң өзiне тән тағдыры бар.
Қажытай 1965 жылы оқуға түсерде жетi шектi гитарамен «Керуен» деген күй ойнап келедi. Маңайындағы кiшiгiрiм кiтап шығарған, қоспа жинаққа енген студент ақындардың тiршiлiгiне қызығып жүргенде, «Жастар поэзиясын құрастырып жатырмыз, өлеңдерiң болса, берiңдер», – деп келген жоғарғы курстың бiр студентiне көлемi бiр жарым баспатабақ мөлшерiнде өлең жазылған дәптерiн ұсынады. Бастырып беруге қаражаты жоқ екенiн айтады да: «Егер жеке кiтапша болса, аты – мынау», – деп, дәптердiң сыртына әлгi күйдiң атын жай қаламмен жаза салады. Бiрақ сенiмi ақталмай, дәптерi сол бетi үштi-күйлi жоғалады.
Қажытай осы кiтапқа енгiзген «Бозтор­ғай» деген өлеңiн былай аяқтайды екен:
Жапалақ, ең осалы кәрi құмай,
Саған бұл тырнақтының бәрi «құдай».
Кетесiң қандай сұмның шеңгелiнде,
Үмiттей шырылдаған жарығым-ай!
Өлеңнiң астарлы мағынаға бай еке­нiн осыдан-ақ аңғарамыз. 1972 жылы «Тасжарған» деген атпен баспаға тапсырыл­ған көлемi бес баспатабақ қолжазбаны рецензиялаған ақын Жарасқан Әбдiрашев тiлi жеткенше мақтап, ойының соңын: «Қысқасы, Қажытай Iлиясов жаман өлең жаза алмайды», – деп түйiндептi. Расында, Жарасқан бұл сөздi өте көрегендiкпен айтқанын Қажытайдың мұндағы өлеңдерi­нiң кез келгенi дәлелдеп отыр. Бiрiншi бөлiмi – лирика, екiншi бөлiмi сатирадан тұратын аталмыш жинаққа кезiнде жақсы-жақсы пiкiр жинақталып, дәл шартқа отыратын сәтте, неге екенi белгiсiз, баспа тарапынан қолжазбаның «Тасжарған» аты өшiрiлiп, орнына автордың келiсiмiнсiз «Жастық» деген ат қойылады. Ал кiтапта еңбекқорлықты, төзiмдiлiктi, ерлiктi, тазалықты дәрiптейтiн «Тасжарған» деген өлең, «Серт» деген поэма бар. Тiптi, осы атқа кiтаптың бүкiл рухы үйлеседi. Арада қаншама жылдар өтсе де, алғашқы сөзiнен айырылмай, Қажытайдың бұл атқа қайта соғуында, мiне, осындай қисын бар.
«Ақын ажалы» деген өлеңiнде Қажытай поэзиялық туындыға көп жағдайда әдiл баға берiле қоймайтынын айтып, осы бiр келеңсiздiктiң жер-жебiрiне жетiп, өтiмдi үн, өткiр тiлмен өрнектелген өлеңi арқылы адамды амалсыз күрсiндiрiп, тазалыққа бағыттайтын үлгi-өнеге нұқсайды:
Шырайы шығар күннiң бүйiрiндей,
Айбаты Абылайдың дүбiрiндей.
Бар едi-ау бiр шоқ ақын Алматыда,
Аяулы алтын балық үйiрiндей.
Сопыдай сөнген екен соның көбi,
Аузына жырдан өзге үйiрiлмей.
Өмiрi өттi өкiнiп екi ортада,
Өлеңiн жұрт, қадiрiн үйi бiлмей.
Күмiстен күн орнатсаң, көз жұмған соң,
Бiр минут тепсiнер ме тiрi күндей?!
Көрiп отырсыздар, ылғи жарқ-жұрқ еткен бейнелi теңеу, құнарлы оймен ұйқаса­тын алғашқы шумақтың құйыны осылай ұйытқыса, келесi тармақтарында ащы да болса ашығына тартады:
Ой, пiрiм-ай, қазақ мұндай емес едi,
Озғанды оңдырмайтын не кеселi?!
Жақсыны жатырқаса жаман-жұтық,
Қайда жүр жөн айтатын ересегi?
Әлемдi айнасынан көрсететiн,
Бақастың баспадағы көп есебi…
Өзiңе қимаушы едi-ау өзiңдiкiн,
Барғанның бардай соған берешегi.
Шыбыны шырқырамай қайтсін ақын,
Күншiлге байланған соң келешегi?!
Мұндай өлеңдерден бiз ақынның жеке басының өкпе-назы, көрген қиянатын ғана емес, «тоқырау жылдары» әдебиет аясында орын алған әдiлетсiздiктiң көрiнiсiн айқын аңғарғандаймыз.
Сол жылдары жарық көрген жастар поэзиясының «Жас керуен» атты құрама жинағына Қажытайдың бәйге алған өлеңiнiң басқы екi шумағы ғана енгiзiлiп, қалғанын қиып тастайды.
Балалықты барлық ақын басынан өткергенмен, әркiм өзiнше сезiнiп, өзiнше жырлайды емес пе?! Қажытайдың осы өлеңдегi тауып айтқан тамаша шумақтарының түп-түгел қысқаруын, ең алдымен, «өлеңдегi ойды аяқтатпау үшiн әдейi жасалған қиянат емес едi…» деуге шараңыз жоқ. Өйткенi, көшпендiлер өмiрiндегi екiнiң бiрi сезiнбейтiн балалық шақтың нәзiк белгiлерiн кестедей терiп, ең соңында Қажытай:
Алдың – қызық, балалық,
артың – қалай?..
Түнердiм баяғыша жарқылдамай.
Жүгiрiп өзiм жүрмiн өз кеудемде,
Дыбыссыз қайта көрген картинадай… –
деп, бұл тақырыпқа жазылған жырларда кездеспеген бейнелi түйiн түйедi.
Мұншалықты ұтымды шумақтарының берiлмей, бүтiнiн бүлдiру қызғаныштан туатынын аңғарған ақын ондай пендешiлiктi көзге шұқиды. Неше алуан пародия, сықақ, мысалмен әуелi олардың күлкiлi портретiн жасаса, онан кейiн оның лирикалық туындыларынан да ақындық позиция, оларға деген iшкi қарсылық айқын бiлiнедi. Мысалы, «Ашу», «Жымқырма ақынға» сияқты өлеңдер – сол кезеңнiң жемiсi.
Бойымды лепiрте алса асқан жiгер,
Ол менi биiгiне бастай жүрер.
Үйренгем жоқ көдектеп, көлгiрсудi,
Шамдансаң, аспаныңды тастап жiбер!
Мiне, бұл – бiз сөз етiп отырған «Ашу» деген өлеңнiң соңғы шумағы. Сонау 1968 жылы жазылған осы шумақтан әуелi Қажы­тай ақынның бұл өнерге қандай дайын­дықпен келгенi аңғарылса, ауқымды ой, алымды шендестiруден айтқанынан қайтпайтын азаматтық мiнез, тап-таза ақын келбетiн көресiз. Расында, оны үлкен өрiске жетелеп, күннен-күнге ширықтырып, жылдан-жылға биiктеткен күш сыртқы сүйенiште емес, iшкi сенiм мен ағысқа қарсы жүзетiн бiрбеткей жаратылысында жатыр. Сондықтан, оған жасалған жолсыздықтың бәрi қырын сындырғанды былай қойып, тек автордың Қасымша қасқайып, өжет өлеңдер тудыруына түрткi болғандай. Б.Момышұлына арнаған өлеңдерiнiң бiреуiнде:
Осы «ойында» намыссыз жауым жамаған,
Жиiркендi ме, жарықтық, ауыр жаладан?
Арыстандай ақырып, сөзiмдi бөлгендi
Таяқпен тарта жаздаған Бауыржан ағам,
– дейдi.
Онысы рас екен. Бұрынғы аты өзгерiп, «Қайран жастық» деген атпен жарық көрген Қ.Iлиясұлының кiтабына С.Мәуленов, М.Әлiмбаев бастаған ақындардың баспасөз бетiнде жақсы-жақсы пiкiрi қалыптасып, ел құлағына әбден сiңiстi болған кезде, 1976 жылы аяқ астынан жалалы пiкiр ұйымдастырылады.
Қолдағы дерекке сүйенiп, осы қия­нат­ты әшкерелеген ақын Бауыржан Момыш­ұлының қолдауын өлең тiлiмен масаттана жырлайды:
Бiрiн-бiрi өңшең қырт асыра мақтап,
Жақсы өлеңдi жабатын қасына қаттап.
Үлкен-кiшi көзiнше осындайлардың
Ит терiсiн кетiп ем басына қаптап, –
деп, Қажытай ақын өзiне жасалған қат-қабат қарсылықтың бiр түрiн өлеңге осылай қосады.

Қ.Ілиясұлы, Ш.Мұртаза және У.Қалижан

Кiтапта «Жұбайымды жұбату», «Бас жаққа барысқанда», «Жолықтырма» тәрiздi ақынның күрделi тағдырынан туған көп көркем жыр ұшырасады. Жеке тағдырды өлең өрнегiмен үлкен өреге көтерiп, адам­ның сай-сүйегiн сырқырататын, ерiксiз ойландыратын, ойландырып қана қоймай, жаман-жұтық дағдыдан жиiркендiретiн тағылымын айтсаңызшы!
Қажытай өмiрде көп қиналғанымен, өлеңде көп қиналмайтын секiлдi. Ненi жырласа да, ұйқас үйiрiмiн төгiлдiрiп, өзiндiк ен-таңбасын түсiрiп отырады. Ең әуелi оның жайшылықта юмор араластырып сөйлейтiн әдетi, айтыскерлiгi, онан соң, бiлiмдарлығы Қажытай ақынды кез келген тұйықтан шығарып, емiн-еркiн жосылуына кең жол ашқандай.
Бiрақ, қайда барса да оның адымын аштырмайтын белгiсiз кедергi көлеңкесiндей ерген сияқты. «Хатқа жауап» деген ұзақ толғауында Қажытай өзiнiң айтыстағы қарсыластарын бойына тоғытпай, озғанды шегерiп, осалын оздыру үшiн неден болса да тайынбайтын жiкшiл сыбайластықты сынайды: 80-жылдардың орта шенiндегi бiр үлкен айтыста Қажытай бiр-екi әрiптесiн жеңiп, қазылар алқасының шешiмiмен бәйге алатын сәтте оны ұнатпайтын құ­зырлы орынның бiр шенеунiгi араласып, Қажытайды «жеңiлген сыңар» етiп, хаттаманы қайта жазуға зорлағанда, атақты ақын Қадыр Мырзалиев бастап, қазылар төрағасы Мүсiлiм Базарбаев қостап, қазылықтан бас тартып, айтыс жүрiп жатқан залды тастап кетедi. Белгiлi ғалым Сұлтанғали Садырбаев «Лениншiл жас» газетiне бұл реткi айтысты кең ауқымда талдап, Қажытайдың басым күшпен жеңгенi туралы көлемдi мақала жариялатқан. Бiрақ қолы ұзын шенеунiк айтқанын iстетiп, Қажытайдың ұтып айтқан жерлерiн қысқартып, домбыра шерткен жерiн монтаждамай, қасақана ұзартып, (сөз таба алмай отырған болып көрiнуi керек қой) оны телеэкраннан бергiзедi. Сондықтан, ол телехабарды көрген бiр журналист «Қазақ әдебиетiне» керiсiнше жазады.
Қажытайдың:
Ол кезең жаңылған қой күйiсiнен,
Сондықтан тiзгiн тартпай тиiсiп ең.
Жеңiлiп, ат мiнетiн қай жөнiң бар,
Сүйеушiң үй тiкпесе үй iшiнен?!

Ұстазын ұмыттырған балалық-ай!
Сиқырлы, сып-сыпайы амалың-ай!
Бәйгенi мен алатын сен алдың-ау,
Айғырдың жемiн жейтiн жабағыдай, –
деп тiсiн батырыңқырап жiберетiнi, мiне, осы себептен болса керек. Өткен кезеңнiң зардабын, иық езер салмағын осылай өрнектеп, ешкiмдi бет қаратпайтынын сезген әлгi сыбайластардың ендiгi амалын ақырын ғана жылт еткiзедi:
Тынбайтын тату досты атыстырмай,
Кiм тұрған арамызда тақыс тұрмай?!
Сүрiнбей тiрi жаннан жүрсем-дағы,
Айтысқа қойды емес пе қатыстырмай, –
дей келіп, жауабының соңын былай аяқтайды:
Жазған соң, жазбайсың ба жан бiтiрiп,
Самалдай сарай ашқан таңғы тұнық.
Мүлгiтiп мұсылманды мұнарада,
Қалатын ай сияқты мәңгi тұрып!
Салмақтап отырсаңыз, мұндай өлең ақын көңiлiнiң мұнарадай биiк деңгейде екенiн танытқандай. Сондықтан да, жауапқа жастап, көп нәрсенiң бетiн ашқан. Осы өлеңiн тағы бiр жерiнде:
Шәмшiнiң аты шықса Алты Арысқа,
Өзiмдей жүрген шығар қалтарыста.
Қас өнер қамалыңа қарамайды,
Бiреудiң бағын байлап, арпалыспа!.. –
деп, әрiптесiне ақылын айтà отырып, шығармасының көпшiлiкке әлi жетпей жүргенiн еп-елеусiз теңеумен тасқа қашағандай айқын түсiндiредi. Осы екi шумақтағы қуатты ой, бейнелi сурет қандай сыйымды?!
Қажытай – ең алдымен, жалпақ елге азулы сатирик ретiнде танылған қа­ламгер. 1999 жылы «Атамұра» баспасынан оның «Қалақай қамшы» атты сатиралық өлеңдерiнiң бiр томдығы жарық көрдi. Мерзiмдi баспасөз беттерiнде уытты фель­етондарымен, арагiдiк сазды әндерiмен ғана көрiнiп, өткен «Мәдениеттi қорғау» жылында ғана араға 34 жыл салып, жыр-бәйгеге қайта қосылды. Қосылды да алды. Атап айтқанда, оның бiрiншiсi – халықаралық «Сорос-Қазақстан» қорының, ал екiншiсi – Бауыржан Момышұлының 90 жылдығына арналған жыр мүшәйрасының Таразда тартылған бәйгесi. Ендi үшiншiсi – кәдiмгi Қазақ радиосының әнге жариялаған бәйгесi. Алатын жөнi бар. Өйткенi, Қажытайдың қайсы өлеңiн оқысаңыз да, жүзiктiң көзiнен өткендей, мүлтiк жоқ. Қазiргi кезде дарынды ақын, атбегi, сазгер, сатирик ретiнде қалыптасқан көп қырлы өнер иесi бойын пендешiлiктен әмәнда биiк ұстап, кейде тылсым дүниенiң дiрiлiн үнсiз тыңдаса, кейде жалтағы жоқ жүрегiне салмақ салатын алуан түрлi сезiм толқындарын жiк-жiгiмен қағазға қапысыз түсiрiп, тек соның буына ғана жылынған тәрiздi. Мейлi, кез келгенiн алыңыз, адамгершiлiктi, адалдықты ту еткен ақынның пәк ниетi, көркемдiктi түйсiну, түсiну қабiлетi, жан сұлулығы жайнап көрiнедi.
«Өнерпаз болсаң, арқалан» деген Абай атасының сөзiн эпиграф етiп, өзi туралы толғауын «Келешекке кеңес» деп атапты.
Келешек, менi түбi түсiнерсiң,
Жалғыздың топқа қайтып күшi келсiн?!
Жұлдызым жүйткiмедi, ит бiледi,
Өнердiң өкше iзiне түсiп ем шын… –
деп басталатын автопортрет бiр өңкей үйiрiмдi ұйқаспен өмiрге деген уәжiн, наз, пайымын екпiндетiп, үдетiп келедi де:
Күншiлдiк кәусарға да құм құйғызған,
Кәусарды жаны кәусар кiсi көрсiн!
Күйiмдi құйқылжытсаң, әнiмдi айтып,
Арбамай, аспаннан құс түсiрерсiң.
Тұлпардың тұқымынан тусаң анық,
Көргенде-ақ тұяғымды кiсiнерсiң, –
деп, келер ұрпаққа үлкен үмiтпен қарайды. Асылдың ұрығы үзiлмейтiнiне риясыз иланады. «Қазақ әдебиетiне» жарияланған өлеңдерге шолу жасағанда, сыншы-ғалым Тұрсынжан Шапай осы өлеңдi жоғары бағалап, жақсы лебiз бiлдiрдi. Алып-қосары жоқ, сыншының онысы көрегендiк болды.
Кiтаптың басты ерекшелiктерiнiң бiрi – ақындық шеберлiктiң шырқау биiгiне көтерiлiп, қазақ поэзиясында жаңаша түр пайда болуы дер едiк. «Емiл» (8 шумақ), «Нүсiпхан-хисса» (12 шумақ), «Төл мен төр» (16 шумақ), т.б. өлеңдердiң жаңағы сияқты басынан аяғына дейiн бiр ұйқаспен төгiлiп түсуi поэзияның биiк талабына толық үйлеседi. Қазақ поэзиясында бес-алты шумаққа дейiн бiр ұйқаспен келетiн үлгi бар.
Алайда мәселе осы дәстүрдi жалғастыра отырып, маржандай тiзiлген көркем ойдың ұйқасы, iшкi, сыртқы үйлесiмiне дақ түсiрмей, өзiнше қолдана алатын шеберлiкте. Өзiнше өрнек табу жағынан ақынның бұдан басқа олжасы да жеткiлiктi.
Бiрыңғай теңеумен ұйқасатын бiрлi-жарым шумақ ауыз әдебиетiнде де, жазба әдебиетiнде де кездеседi. Кiлең теңеумен жазылған өлең де жоқ емес. Мысалы, кейiнiрек танылған тамаша ақын Жұматай Жақыпбаевтың «Кенежирен» атты өлеңi басынан аяғына дейiн теңеумен ұйқасады. Сөз жоқ, жақсы өлең. Оның тәсiлi төрт жолдан тұратын бiр шумақтан кейiн теңеу өзгергенде, ұйқасы да өзгерiп отырады.
Ал Қажытайдың аяқ алысы басқаша. Образ ашу үшiн қолданылатын теңеулердiң өзi жеке-жеке жолдың өзiнен ұйқасып келедi де, кейде алты жолға дейiн ұйқасып, кейде тiптi ұзақ өлең бiрыңғай ұйқасқа құрылады. «Момышұлы», «Қабдеш хақында» деген портреттер 6 жолдан кейiн басқа ұйқасқа ауысса, «Араша» деген өлеңi (5 шумақ) ең соңына дейiн бiр ғана ұйқаспен бiтедi. Мысалы:
Мүлiктей мiнсiз, күлiктей күйсiз
күн қақты,
Мамықтай ұлға тамұқтан
ауыр мұң батты.
Мектепке сiңген күзетшi күйшi атанып,
Балықтай үнсiз, батырдай
құнсыз кiм жатты? –
деп кете бередi. Басқасын былай қойған­да, осындағы теңеулердiң ұйқасы да ойнап тұрған жоқ па?!
Тағы бiр назар аударарлық жаңалық – Қажытайда жолдың екi жағынан бiрдей ұйқа­сатын өлеңдер де кездеседi. Сөзiмiзге дәлел келтiрелiк:
Бұрылмай, құрылса да қандай қақпан,
Құрымдай тер сыпырдың маңдай жапқан.
Сәбидей өз кiндiгiн өзi кескен,
Мәдидей бағыңды аштың
жанбай жатқан.
Мiнеки, бұл – әр шумағының өзi 12-14 тармаққа дейiн екi жағынан ұйқасып, топ-топқа бөлiнген тұтас өлеңнiң жылтыраған шетi ғана. Сонда мұны керi оқысаңыз да мазмұны бұзылмайды. Ал керiсiнше оқып көрелiк:
Қандай қақпан құрылса да бұрылмай,
Маңдай жапқан тер сыпырдың құрымдай.
Өз кiндiгiн өзi кескен сәбидей,
Жанбай жатқан бағыңды
аштың Мәдидей.
Ауыспалы мағынада алынған нәрлi сөз тiркестерi, тың теңеулер лирикалық геройдың кесек келбетiн жан-жақты ашуға қызмет еткен. Ұлттық бояудың қанықтығы да жырдың шырайын шығара түскен. Осы әдiспен жазылған «Ағаға арнау» деген өлеңiнде екi қырын көмкеретiн ұйқас, теңеумен салынған образ да, ырғақ та, үндестiк те бұзылмай, өлеңнiң ең соңғы түйiнiне дейiн кiдiрiссiз жүрiп отырады. Өлең өрнегiн түрлендiрудегi мұндай iзденiс, жаңа нышан қалай да құптарлық.
Ал пафосқа мысал келтiрсек, соның өзi де көп жағдайды аңғартатын шығар. «Түркiстан топырағы» деген өлеңiнде ата-бабамыздың кесек мiнезiн, ұлттық тарихи тұтас­тығын, елдiң ендiгi береке-бiрлiгiн ау­қым­ды ой, айшықты тiлмен бейнелей келiп:
Жаңылмай жарлық берсе бас денеге,
Көзiңе тебiренбей жас келе ме?
Аруақ, менi көтерме әуреленiп,
Мен сендердi көтерем тас төбеме, –
деп аяқтайды ақын.
Ендеше, мұны талдап, тәптiштемей-ақ, үнсiз ұғынуға оқырманның қауқары қаптал жетер.
Қорыта келгенде, халықтың ғажайып қасиетiн, тiлдiк қорын, дәстүр-дағдысын автордың жетiк бiлетiндiгi өлеңдерінiң қай-қайсына да өз сәулесiн түсiрiп тұр.
Кiтап ұлттық рухтағы өршiлдiгiмен де, сыршылдығымен де, шыншылдығымен де бағалы.

ПІКІР ҚОСУ