ЖҰБАНЫШ
17.06.2019
2201
0

Өмірлік қосағыммен бас қосуыма оның «Кешіктің неге сен?» деген әні себеп болды. Қажекеңнің рухани ағасы, Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов үнемі айтып жүретін мынадай бір әңгіме бар: «Ақынмын, атым – Әсет, арындаған, Арындап сөз айта ма дарымаған?!» деп небір асқақ әуенімен аспан мен жерді тілдестіретін Әсет Найман­баев бір байдың қызына ғашық болады. Бірақ салт атты, сабау қамшылы қолы қысқа жігітке қызын бергісі келмеген бай оның өнерін де қимай, Шығыс сюжетінен бір әңгімені баяндап: «Осыны өлең ғып жырлап шық», – дейді. Содан Әсеттің «Ағаш ат» деген поэмасы туады. Сол кезде бай: «Ау, бәйбіше, жасауыңды дайында, қыздың құны – бір дастан», – депті.

Екінші тура осындай жағдайды Қажекеңнің басынан көрем», – дейді жазушы басын әнтек шайқалақтатып. Қажытайдың:
Сыңсыған тырнаның
Тыңдадым сырлы әнін.
Қозғады-ау қоңыраулатып,
Жанымның ырғағын.
Қайырмасы:
Өзіңде назарым,
Жабырқау ажарым.
Аңырдым аспанға,
Жас толы жанарым,
Сағыныш еңсені басқанда, – деген өлеңін мысалға келтіріп: «Ауыздығымен алысқан төрт ағасы бар тобықтының бір мықтысын бір өлеңмен түсірген», – деп, қазірдің өзінде Қабдеш ағамыз Қажекеңнің өнерін масаттана отырып баяндап береді. Осылайша тарихта қалдық. Десе де, Қажекең қазақы жөн-жосыққа жүйрік адам ғой, ағаларымнан жасы үлкен болса да, бірде-біреуінің алдынан кесе-көлденең өтіп көрген жоқ. Олар да ауылға барғанда төбесіне көтеріп, төредей сыйлай білді.
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын, сазгер, сатирик, этнограф, атбегі Қажытай Ілиясұлы 1939 жылы маусым айының 21-жаңасында, ҚХР-дың Тарбағатай аймағына қарасты Дөрбілжін ауданындағы аяғы Алакөлге құятын Еміл өзенінің төменгі сағасында, көшпенді қазақтың қараша үйінде дүниеге келеді. Азан шақырып қойған аты Қажыкәрім болғанымен, ағайын-туған, ел-жұрты еркелетіп, ол атын мүлде атамай, Қажытай атандырады.

Ақынның жастық шағы

Қажекеңнің бала күнінде шешесі қайтыс боп кеткендіктен, әкесі оны 16 жасқа келіп, ес біле бастағанда үйлендіріп, екі қарындасымен бөлек шығармақ болады. Атастырып жүрген қызы қол-аяғы балғадай толық қыз екен. Оны көргенде Қажекең ат-тонын ала қашады. Әкесінің көнбейтін сыңайын байқағаннан кейін өзі мініп жүрген астындағы жүйрік атын сатып, Шәуешектен Үрімжі қаласына қашып кетеді. Мұнда Советхан нағашысының тұратынын біледі, бірақ үйінің қайда екенін де, жұмыс орнын да білмейді.
Үрімжі қаласында жолаушылап келген жағдайы төмен адамдар тегін түнейтін барақ типтес арнайы орында түнеп шығып, көбіне көше кезеді. Келесі күні таңертең ертемен қаланың біраз жерін аралап, жолдың жиегінде отырса, алдында велосипедке мінген Советхан нағашысы кетіп барады екен. «Советхан аға» деп артынан тұра жүгіргенде, ана кісі велосипедінен құлап қала жаздайды. Сөйтіп, көктен іздегені жерден табылған Қажекеңнің қуанышында шек болмайды. Нағашысы – көзі ашық, оқыған адам. Ол кісі Қажекеңнің Шыңжаң педагогикалық институтына түсуіне мұрындық болады. «Тас жарған» атты өлеңдер жинағындағы «Қанат қағуыма қамқор болып, ерекше еркелеткен нағашым Советхан Жарылғапұлының аруағына арнадым» деген сөздің осындай мағынасы бар. Сөйтіп, «Шың-Жаң Тіл университетінің қытай тілі факультетін 1959 жылы бітіріп, төрт тілде (қытайша, ұйғырша, қазақша, моңғолша) шығатын «Шың-Жаң газеті» редакциясына аудармашы болып қызметке орналасады. Қытай тілінен бастап, алты ұлттың тілін біліп, музыка аспаптарында еркін ойнайды. «Дастархан» деген ең алғашқы өлеңі, «Керуен» деген очеркі, қытай тілінен жасаған аудармалары осы газетке өзі барған бетте жариялана бастайды. Әрі қарай тілшілер бөліміне ауысып, Алтай, Іле, Тарбағатай аймақтарында тілшілік қызмет атқарады. «Ұты бойында», «Қарғалы қалашығында» деген жолжазба очерктері өзі істеп жүрген газетте, «Ғалым», «Түз түлегі» деген көркем очерктері облыстық «Іле» газетінде жарық көреді…

Руда ЗАЙКЕНОВА,
жары, Қазақ Ұлттық
Қыздар педагогикалық
университетінің
профессоры

(Толық нұсқасын газеттің №24 (3658) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір