«ХАН ҚҰДЫҒЫН» КӨРДІҢ БЕ?
Батыс Қазақстан облыстық Хан Ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығында Жәңгір хан қаздырған, Хан Ордасын сумен қамтамасыз еткен «Хан құдығы» мен «Ханның мөрлі жүзігі» қайта қалпына келтіріліп, пайдалануға берілді. Бұл жұмыс Бөкей Ордасын зерттеушілер мен туристердің қызығушылығын туғызады деген сенім бар.
Жәңгір хан құдығының қайта қалпына келтірілген нұсқасы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, этнограф ғалым Т.Қартаеваның жетекшілігімен жасалды. Хан құдығының құрсаулы ағаш шелегінің сабын, су ішетін саптыаяғын қайта қалпына келтірген – ағаш шебері, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының Сәндік қолданбалы өнер кафедрасының аға оқытушысы, реставратор Мақсат Мағзумов.
Қазақ жеріндегі ежелгі қала-қоныстардан табылып жатқан құдық іздері, дәстүрлі қазақ ауылының бір бейнесі іспетті көне құдықтар байырғы халықтардың гидротехникалық білімдер жүйесінен ғана емес, құрылыс ісі білімінен де мәлімет береді.
Дәстүрлі әдіспен құдық қазу жүйесі сақталған аймақтың бірі – Бөкей Ордасы. Бөкей Ордасында дәстүрлі құдықтың қабырғасын шегендеудің үш түрі қалыптасқан: тал (шілік) буманы орай отырып, спираль түрінде өріп шығару; тал шыбықтарынан шарбақ жасап, төрт бұрыштап бекіту; қарағай ағаш кесінділерімен төрт бұрыштап немесе бес бұрыштап қалап шығару.
«Хан құдығы» атанып кеткен Жәңгір ханның құдығы жергілікті қарағай ағашынан сұрыптау әдісімен, 1827 жылы Жәңгір сыздырған карта-схема негізінде бұрынғы орнынан қайта жасалды. Жәңгір хан Хан сарайының құрылысымен бірге екі құдық қаздырған. Хан құдығының суы Нарын құмдарының табиғи суының дәмін жоймаған, мөлдір, тұнық әрі тұщы. Қарағай ағашы адам ағзасына пайдалы, қарағайдың пайдалы қасиетін қазақ халқы «балқарағай» деген теңеумен жеткізген.
Қазіргі таңда Қазақстан музейлерінің көбінде су сақтауға, су ішуге арналған ыдыстар саны шектеулі, кей музейлерде мүлдем жоқтың қасы. Әсіресе, көне шелек, тері шелек, мес қауға, тері қауға сияқты теріден жасалынған сыйымдылығы үлкен шелектердің мүлдем сақталмауы, олардың тарихи реконструкциясын шығару мақсатын алға қояды. Музей қоры үшін тапсырыспен жасалған ағаш шелектің қайта қалпына келтірілген нұсқасы – осы мақсаттың нәтижесі.
«Хан Ордасы» кешеніне Бөкей ханның мөрінің (1812-1815), Шығай сұлтанның мөрінің (1816-1824) қайта қалпына келтірілген нұсқалары тапсырылды.
Өз кезегінде осынау жәдігерлер мен көненің көзі болып табылатын рухани және материалдық құндылықтар облыс көлемінде туризмді дамытуға септігін тигізеді деп күтілуде.
Г.МЫРЗАҒАЛИЕВА,
Батыс Қазақстан облыстық
«Хан Ордасы»тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық
музей-қорығының ғылыми
хатшысы